ЗАМАН ҮЛГІСІ АҒЫМ ТҰРМЫСТА

ЗАМАН ҮЛГІСІ АҒЫМ ТҰРМЫСТА

Заман кетіп барады ағындаған,
Дауасы тіршіліктің табылмаған.
Кәрілік өлімменен бір зеңгір тау,
Өзінің жүрісінен жаңылмаған.
Жаралған күллі мақұлық адам жаны,
Бар ма екен екеуіне бағынбаған.
Болса да тілің бұлбұл, аяқ дүлдүл,
Сұм заман қояр ма екен сағымданған.
Болған екен пәлен молда, пәлен қажы,
Нәпсіге кім бар екен бағынбаған.
Өнері кедейлердің босқа кетіп,
Тұлпардай ұлы топта шабылмаған.
Туған ел, өскен жерден бір кеткен соң,
Артына бір оралып қайрылмаған.
Тең болған аз бенен көп заман келді,
Пәлен жыл іздегенге табылмаған.
Тең деген кедей менен бай деген сөз,
Бұ дағы анығы әлі табылмаған.
Бір күні жанның бәрі таразыда,
Қайықтай толқындағы қалтылдаған.
Ақ жүрек, адал еңбек азамат бар,
Қарлығаш қанатындай жарқылдаған.
Ағайын алыс жүрсең иісің жұпар,
Жұпарды кім бар екен сағынбаған.
Әулие болсаң дағы ауыл қонсаң,
Басыңа өсек қалмас таңылмаған.
Дегендер: «Мен жақсымын», — толып жатыр,
Жақсылық өз басынан арылмаған.
Алаштың адамының бәрі малғұн,
Кім қалды таразыға тартылмаған.
Қаңқылдап сахарада көшкен қазақ,
Заманың енді келмес салқындаған.
Қанды көз, қасқыр жүрек, қасқыр мінез,
Жегенін үзіп-жұлып ар қылмаған.
Ақ көңілдің аты арып, тоны тозбас,
Жақсылық денесінен арылмаған.
Азамат, алаңғасар, әулекі бар,
Бар-жоғын шаруаның айырмаған.
Бетімен бейшара боп жүргендер бар,
Баласын жалғызым деп қайырмаған.
Бос белбеу, босаң туған бозбала бар,
Киіздей шала пісіп қарпылмаған.
Еңкілдеп ет аңдыған шалдар да бар,
Телміріп бір тойғанын ар қылмаған.
Ұрлықпен кісі өлтіріп мал жинаған,
Өкініп өткен күнге зар жылаған.
Еліріп елге симай жүргендер бар,
Үкімет әміріне кім шыдаған?
Бітсе де мың сан қара өзімшілге,
Өзінен өзге жанға қайырылмаған.
Қайырсыз неше түрлі байлар өтті,
Кісідей топ негізі жарылмаған.
Бай, кулак анық қойған ат шығып жүр,
Болса да кісілігі арылмаған.
Телміріп ағашына өнерпаздар,
Пышақ пен балта сапқа жарымаған.
Кедей кербез болатын кезі келді,
Кісілік өткен күнде дарымаған.
Дүние – көшіп жүрген бір керуен,
Қырманда малшы айдап табындаған.
Жалғанда мұңсыз, мінсіз кім бар екен?
Іздесең күн астынан табылмаған.
Тең келетін табиғаттың таразысы,
Бар ма екен топырақпен жабылмаған.
Көрген күн, өлшеген жыл аз өмірің,
Бір күні қалар сөніп жалындаған.
Тіріде парыз – уәжип, мін қылмаңыз,
Өлген соң оған дауа табылмаған.
Қосылған ер мен әйел тең болмаса,
Қырсығы маңдайынан арылмаған.
Алғаны азаматтың жаман болса,
Даусында тыным болмас дарылдаған.
Тигені әйелдердің тең болмаса,
Істелмей шаруасы арындаған.
Қосылса екі жаман ұя жасап,
Үйінде ыдыс қалмас жарылмаған.
Қосылған қосағымен тең болғандар,
Көңілі өл-өлгенше тарылмаған [6].

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *