Жеке тұлғаға ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие беру
Қостанай политехникалық колледжі
Бексұлтанова А.Қ
Бүгін де оқушыларға әлемдік деңгейде өркениетті негізде білім мен тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақ бойына сіңіру ғаламдық мәні бар проблемаға айналып отыр. Тіпті бүгінгі қоғамның талабы, адам тәрбиесіне мазмұнмен қарауды талап етеді. Яғни, мектепте де, колледжде де оқушының жан-жақты дамыған тұлға етіп тәрбиелеу міндеті тұр.
Бүгінгі ғаламдану процесінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен өзінің бет-бейнесін, ізгі дәстүрлерін сақтау жолындағы күрес ұлттық сананы сақтау күресі екенін түсіну. Ұлттық тәрбие деп жеке тұлғаның ұлттық сана- сезімі мен мінез-құлқының ана тілін, ата тарихын, төл мәдениетін және ұлттық салт-дәстүрлерді меңгеруі негізінде қалыптасуын айтамыз.[1]
Ұлттық мәдени құндылықтар дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда ұлттық мәдени құндылықтар – белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән зат, адами қадір-қасиет, яғни халық ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар.
Өзімізді өзіміз бағалай білуге бет бұру – ұлттық байлығымызды игеру, ұлттық санамызды дамыту. Ұлттық құндылықтарды іріктеп, оқыту процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, отбасында да, колледжде де ұлтжандалылық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын тұлғаларды тәрбиелеп шығару. Өз ұлтын қадірлеп-қастерлеген, ұлт қадірін білген азаматтың бірі Ж.Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын.Оны үзе алмаймын.Үзу қолымнан келмейді» – дейді. Сырым Датұлы: «Мен ағайынды екеумін:бірі -өзім, екіншісі-халқым» – дейді.Қазақ халқының осындай дәріптеуге, қастерлеуге, дамытуға тұрарлық ұлттық рухани және материалдық құндылықтары туралы ұлағатты, құнды ойларын халық игілігіне, келешек ұрпақты, ел-жұртқа ие болар азаматтарды тәрбиелеуге неге қолданбасқа?
Жеке тұлғаны ұлттық тәрбие арқылы дамыта отырып, нақты әрекет арқылы оқытуда төмендегі құндылықтардың болуы қажет:
• белсенді қарым-қатынас: оқушы мен мұғалімнің әрбір мәселеде өз көзқарастарын білдіріп отыруы;
• индивидтік: мұғалімнің әр жеке оқушының ерекшелігін дамытуы, қоғам алдындағы жауапкершілігінің болуы;
• өзіндік тәртіп: өзіндік бақылау мен бағалауды, шешім қабылдауды үйрену және оны дамыту;
• шыдамдылық: әр түрлі пікірлерді қабылдай алу, бір-бірінің пікірлері мен ерекшеліктерін құрметтеу, қабылдау. [2]
“Ел болсам десең, бесігіңді түзе” – дейді ұлы жазушы Мұхтар Әуезов. Біздің халқымыздың тәрбие тәсілдері мен тәжірибелері көп. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып үлгілері мен өнегелері соның айғағы. Елін сүйген адам сол елдің салт-санасын, мәдени мұрасын қастерлеп, өнеге тұтуы тиіс.
Қандай мемлекеттің де ертеңі еңселі, бала-шағаның баянды болуы жастардың тағдыр-талайының қалай қалыптасқанына байланысты. Сондықтан колледж бен өзге де оқу орындарының басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды игеруге қабілетті, ғылым мен тәжірбие жүзінде терең білім ала отырып, жеке тұлға болып қалыптасуға дайын ұрпақ тәрбиелеу.
Жастарымыздың бойына елжандылық, азаматтық, жоғары ізгілік пен адамгершілік сезімдерді жан-жақты жетілгенде ғана Қазақстандық патриотизм сезімі асқақтай түседі. Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің бағдарлы идеялары еліміздің Президенті Н.Назарбаев мемлекеттік идеология мәселесін ұдайы есте ұстауымызды ескере келе былай деп жазады: “Бес арыстарымызға арналған тарихи зерде кешенінде мен Қазақстандық отаншылдық сезімін тәрбиелеуге көңіл бөлген едім. Қазақстанда тұратын әрбір адам осы елдің перзенті ретінде сезінбейінше, оның өткенін біліп, болашағына сенбейінше біздің жұмысымыз ілгері баспайды…”. Осы қағиданы әр ұстаз басты мақсат етіп алдына қойса, оқу тәрбие үрдісін ұйымдастыруда әр ата-ана колледжге көмек берсе, сонда ғана Президентіміздің қойған мақсатының бәсекелестікке сай 50 елдің қатарына кіруге еңбек ететін XXI ғасырдың азаматын тәрбиелейміз.
Олай болса, қазіргі кезеңде колледж табалдырығынан бастап білім беруде ел тарихын терең қозғап, тәрбие сағаттарында қазақ зиялы қауымының еңбектерін, қоғам дамуына қосқан үлесін айтып түсіндіру арқылы жастардың адами құндылық қасиеттерін қалыптастыра аламыз. Сондай-ақ ұлттық салт-сананың өмірдегі қолданылмалы көріністері: рәсімдер, рәміздер, ырымдар, тыйымдар, жөн-жоралғылар, діни уағыздар, сенімдер, кісілік рәсімдері, перзенттік парыз, адамгершілік борыш, ұрпақтық міндет арқылы іске асырылып, ұлттық қасиеттерге айналады. Жастардың ұлттық қасиеттері: меймандостық, кісілік, сыйласымдылық, имандылық, кішпейілділік, кеңпейілділік, салауаттылық, тіршілікке бейімділігі, өнерпаздық, шешендік, ақынжандылық, сыпайылығы, мәдениеттілігі, т.б. қасиеттері арқылы ерекшеленеді.
Осыған орай мұғалім (тәрбиеші, топ жетекшісі, ата-ана) қазақ жастарының келбетін қалыптастыруда колледж тәрбие жұмысында төмендегідей қасиеттерді қалыптастыру керек:
• өзгеріп жатқан өмір жағдайларына бейімделе білу;
• әлеуметтік-саяси жағдайда, өз көзқарасы мен сеніміне, идеалына және ізгіліктік құндылықтарға сүйене отырып мақсат қоя білуі керек;
• ұлттық санасы, азаматтылық отангерлік қасиеттері болып елінің экономикалық және мәдени дамыған, әлемдік қоғамда сай орны бар зиялы мемлекет болып қалыптасуына қатысуға талпынуы керек;
• заңды сыйлап және әлеуметтік жауапкершілікті болуы қажет, азаматтық ерлігі, ішкі еркіндігі мен өзіндік ар-намысы болуы керек;
• өзін объективті бағалайтын және өзін дамытатын қабілеті болып, өз потенциялын (қабілеті, мүмкіншілігін) сезініп, оны іске асыра білуі керек, өздігінен шешім қабылдап, оны шеше білуі керек, алдына мақсат қойып қажет және не нәрсенің алдын ала білуі қажет;
• өмірде бар жағынан жоғары әлеуметтік белсенді болуы керек, жаңаны іздеуге өмірлік және кәсіптік мәселелердің стандартты емес шешімдерін табуға, әлеуметтік-экономикалық жағдайда бәсекелестікке қабілетті болуы керек;
• жанашыр, өнегелі, парасатты, басқа ұлтты, басқа діндегі, басқаша ойлайтын адамға шыдамсыздық пен жаугершілік көрсетпейтін қабілеттері болуы керек;
Ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті тұлға тәрбиелеу үшін:
• оқушылардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру;
• жас ұрпақ санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерін ұялату, ұлттық рухын дамыту;
• ана тілі мен дінін , оның тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін, рухани-мәдени мұраларды қастерлеу;
• жас ұрпақ бойында жанашырлық, сенімділік, намысшылдық тәрізді ұлттық мінездерін қалыптастыру сияқты міндеттерді орындағанда ғана басты мақсатқа жетеміз.
Ұлттық тәрбие қазір елімізде орын алып отырған көптеген мәселелерді: ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, «қиын» балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқаларды бірте-бірте жоюдың және олардың алдын- алып, болдырмаудың негізгі жолы. Ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өседі. Сондықтан да ұлттық тәрбие – ел болашағы.
Қазақ халқының ғасырлар тұңғиығынан бері тарихымен біте қайнасып келе жатқан ұрпақ тәрбиелеудегі тәжірибелері бізге сол рухани мәдениет, этикалық, эстетикалық құндылықтарын құрайтын ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер, әдеби, музыкалық, кәсіби, тұрмыстық фольклорлар мазмұны арқылы жетіп отыр. Сонымен бірге ұрпақ тәрбиесіне, жалпы халықтың рухани дамуына байланысты ұлттық тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерді: Қорқыт ата, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Асанқайғы, т.б. ақын- жырауларының мұраларынан, билер мен шешендердің тәлімдік сөздерінен көреміз.Әр адам өзінің ұлттық тамырын, әдет-ғұрпын, мәдениетін түсіне алады. Өз халқына деген сүйіспеншілігі, өзінің туған жеріне өз халқы өмір сүретін ортаға деген сезіммен ұласып жату керек. Халықтық әдет-ғұрып, салт-санасының байлығы, патриоттық сезім Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастырады.
Бала бойына ұлттық құндылықтарды дамытудағы негізгі құралдарға мыналарды жатқызуға болады:
• топтағы тәрбие сағаттары
• баспасөз және қабырға газеттері
• бұқаралық ақпарат құралдары
• тәрбие шаралары (пікірталас, әңгіме-сұхбат, дәріс, конференция, кездесулер, үйірмелер
• саяхат жасау
• кітап оқу
• шығармашылық жобалар
• колледжден тыс және топтан тыс жұмыстарды ұйымдастыру
Әр колледжде өзінің тәрбие жүйесі бар. Өзінің бағыт бағдары бар. Өзім Қостанай политехникалық колледжінде, қазақ тілі және қазақ әдебиетінің ұстазымын. Өз сабақтарымда халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерімен және әдет-ғұрып үлгілері мен өнегелері арқылы жас ұрпақтың бойына рухани, ұлттық құндылықтарды қалыптастыруды өзімнің негізгі міндеттерімнің бірі деп санаймын.
«Өмірден қымбат нәрсе бар ма адамда,
Орындыға жұмсасаң өлмес дәрі.
Қасиетін өмірдің білу керек,
Басында ми бар болса, бетінде ары», – деп Шәкәрім ақын жырлағандай, біздің жастарымыздың өз өмірлерін бос өткізбей, білімге жұмсауды, артында өшпейтін із қалдырып, мәнді де, сәнді де бақытты өмір сүруге ұмтылуына көмектесуіміз керек. Біздің ұлттық өнеріміздің, мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің алдыңғы қатарлы үлгілерін, тіліміздің орасан зор байлығын жас жеткіншектердің жан дүниесіне сіңіріп, сол арқылы әлемдік рухани өркениеттің өріне шығып, нәр алу – бүгінгі күн талаптарының маңыздысы. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұрпағына азық болған ақыл-кеңес, өсиеттері, асыл мұрасы ұлттых рух, ұлттық мақтаныш, ұлттық намыс, ана тілі мен ұлттық мәдениетін қалыптастыру сезімін ояту – баршамыздың парызымыз. Сонда ғана ұлттық сана-сезімі толыққанды жетілген, туған тілін еркін білетін, ұлттық сипаты мен ұлттық рухын жоғалтпаған ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Сонымен қорытындай келе, осындай халқымыздың маңдайына біткен ұлттық құндылықтарымызды, сонау өткен ғасырлардан өшпес мұра болып қалыптасып келе жатқан дархан халқымыздың таратқан үлгі насихаты асыл мұраларымызды өздеріңіздің талмай, қажымай еткен еңбектеріңіздің арқасында дарынды да тәрбиелі оқушылардың бойына сіңіріп, ұлттық мәдениетімізді әлемдік деңгейдегі мәдениетке жеткізіп сақтауға деген патриоттық сезімді қалыптастыруға бір кісідей атсалысайық!
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Қ.Бөлеев «Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге кәсіби дайындау».Алматы, 2004.
2. Ж.Ж. Ізбасарова. «Жеке тұлғаны ұлттық құндылықтарға бағыттап оқыту». Тараз
3. Н.Бижанова «Ұлттық құндылық қасиеттер».Алматы, «Қазақстан мектебі», № 3, 2007
4. С.Ғ.Тәжібаева. Тәрбие жұмысын ұйымдастыру тұжырымдамасы. Алматы, «Қазақстан мектебі», № 3, 2007
5. С.Әбішқызы, Ж.Сарманов. «Ұлттық тәрбие – құндылығы мол дүние». 2008