ДОМАҚ ШЕШЕН
(ХІХ-ХХ)
Керей Домақ шешен жиырма сегіз жасынан қолына қалам алып, іркілмей
сөйлейді. Оның сөздері көбінесе, шешендік толғаулар, шешімдер болып
келеді. Бұл шешенді Ресейдің Қорған, Түмен, Обы өңірлеріндегі көне көз ақсақалдар ішінде білмейтіндері кемде-кем. Көпшілік өз орталарынан шыққан Домақ шешеннің сөзін ұнатып жоғары бағалаған.
Домақ шешен ұлттық салт-сананы қатты ұстанған, ислам дініне адал болған адам. Өз заманындағы қазақ тарихын жақсы білгендігі, жалпы мұсылман халықтарының да ескілігіне қанық болғандығы шығармаларынан байқалады.
Шешен өлеңдерінің тілі ұғымды, қарапайым. Өлең түріндегі үлгі-өнегесі де баршылық. Төкпе жырдың, термелетудің шебері.
Домақ аз сөзге көп мағына сыйғыза білген шешен. Оның мақалға айналып кеткен қанатты сөздері мораль, этика, тәрбие мәселелерін көбірек қозғайды. Қоғамдық ортадан көріп-білген, сезгендерін елеп-екшеп, жақсы-жаманын ажырата отырып, келешекке үлгі-өнеге етеді.