Беташар
Беташар(дәстүр). «Уә әлеумет! Енді беташар тыңдайық!». Жаңа түскен келінді «беташар» дәстүрі жасалмай ешкім көре алмайды. Оны көру үшін әдейі «беташар» жасалады. Оған тойға жиналған туыс туғандар тегіс қатынасады. Жас келіннің екі жағында екі көргенді келіндері тұрады. Мұнда «Беташар» жыры айтыла отырып, келінге оның атасы, енесі, оның басқа туыстары таныстырылып, келін оларға сәлем жасайды. Сәлем жасаған адамдар «көрімдік» береді. Бет ашатын жігіт ән жырды желдірте, көңілді көтере жыр төгуі керек.
Келін келді көріңіз,
Көрімдігін беріңіз.
Анау мынау демеңіз,
Түсін айтып қойыңыз,
деп бастаған әнші жігіт жас келіннің аталған жақындарына лайық әзіл қалжыңдарын араластыра «көрімдік» сұрап, жұртты көңілді күлкіге қарқ қылады. «Беташар» тойдың басы әрі сәні, жас келіннің жаңа өмірге бет алғанын білдіретін қызықты, салтанатты, ажарлы дәстүрлердің бірі. Осы заманғы үлгісі деп Қазақстан Республикасының халық ақыны Қонысбай Әбілевтің Торғай жерінде Жасұлан мен Ұлбосынның үйлену тойындағы беташарын беріп отырмыз.
Құлағың сал көпшілік,
Домбыраны қолға алып.
Тереңінен жүректің,
Тебірене толғанып.
Беташарға қам жасап,
Әсем жырды толғалық,
Қадам басты екі жас
Ақ тілекті жолға анық.
Атасы мен анасы,
Айналады толғанып.
Той тамаша басталды:
Куә соған бол, халық!
Шын көңілден қуанып,
Шаттанға не жетсін,
Ақ көңілден лебізді,
Ақтарғанға не жетсін.
Сыйластығын көңілдің,
Сақтағанға не жетсін.
Той біткен соң риза боп,
Аттанғанға не жетсін.
Келін ойдан шықты деп,
Мақтанғанға не жетсін!
Көпшіліктің үміті,
Ақталғанға не жетсін!
Басқа орманның бағында,
Пістім деме келінжан.
Қай ортаға топ етіп,
Түстім деме келінжан.
Айдынынан айрылған,
Құспын деме, келінжан.
Қай өзеннен енді су,
Іштім деме, келінжан.
Не боларын кім білген,
Істің деме, келінжан.
Ахаң мен Жахаңның,
Елі болған, бұл Торғай.
Әбдіғаппар, Әлидей,
Ері болған – бұл Торғай.
Амангелді, Кейкінің,
Жері болған – бұл Торғай.
Ән мен жырдың қашанда,
Кені болған – бұл Торғай,
Талай-талай тарихқа,
Желі болған – бұл Торғай.
Таңатқан палуан Нұрханның
Төрі болған – бұл Торғай!
Қадіріне елінің
Жете алғайсың, келінжан.
Жаңалыққа бірден-ақ,
Бет алғайсың, келінжан.
Талай сыннан сүрінбей,
Өте алғайсың,келінжан.
Қызуы мол ошақтан
От алғайсың, келінжан.
Жүрегіңнің жылуын,
Қопарғайсың, келінжан.
Ел-жұртыңды ырза ғып,
Бата алғайсың, келінжан.
Жас отаудың бүгінгі,
Тірегі сенде, келінжан.
Атаң менен енеңнің,
Жүрегі сенде, келінжан.
Жиналған мына халқыңның.
Тілегі сенде, келінжан.
Ертеңгі тарар ұрпақтың,
Легі сенде, келінжан.
Артымда әкем қалды деп,
Күйзеліп іштей налыма.
Қинала көрме, келінжан,
Үйіме барып келем деп,
Әкемнің жүзін көрем деп,
Жинала көрме, келінжан.
Қанша жыл білім жинаған
Жазушы, ақын, әрі ұстаз
Таланты бойға сыймаған,
Сегіз қырлы, бір сырлы,
Ортасында сйлы адам,
Алысқа кеткен атағы
Дуалы аузы баталы
Азамат қылып өсірген
Алты бірдей ботаны.
Бар байлығы – баласы,
Дүние артық жимаған.
Сол үшін де халқы оны,
Көтеріп көкке сыйлаған.
Қайын атаң да, әрі әкең
Секеңе жаса бір сәлем.
Артымда анам қалды деп,
Жанарын жасқа малды деп,
Қинала көрме, келінжан,
Үйіме барып келем деп.
Анамды күнде көрем деп,
Жинала көрме, келінжан.
Анаңдай етіп сыйласаң,
Қызына сені тең деген,
Сөздерің шықса бір жерден,
Қиындық қалмас жеңбеген.
Келінді болдың дегенде,
Өз құлағына өзі сенбеген.
Көңілге кірбің түскенде
Ақ пейілмен емдеген,
Қисық тісті түзетіп
Ақылымен жөндеген,
Мінезі жібек, жайдары
Самалды күндей майдағы.
Сабырменен салмақты,
Бітірген ісін ойдағы
Тұрсын сынды енеңе,
Келінжан, жаса бір сәлем!
Қызмет етіп халқына,
Мойнында парыз өтелген.
Керек кезде тайсалмай,
Нардың да жүгін көтерген
Аталы сөз айтуға,
Топқа бір түсіп төселген.
Соңдарынан сеніммен,
Елінің бүкіл көші өрген,
Осында бүгін отырған
Азаматтарға бір сәлем.
Шеттерінен ақ көңіл,
Жүздері гүлдей жайнаған.
Құлақта жалғыз сырғасын,
Көрімдік етіп сыйлаған,
Мінезі қандай биязы,
Көркіне көзі тоймаған,
Жанында тұрған ағайдың
Аяғын басып ойнаған,
Жеңгейлерге бір сәлем!
Жарғақ шалбар борбайда,
Мойынға гитар асынған,
Сұлу көрсе сұқтанып,
Күшіне қуат қосылған.
Жалбырап ұзын шаштары,
Кездесе қалса тосыннан
Сондай бір кезде түрінен,
Көрген бір адам шошынған.
Қайын інілерге бір сәлем!
Ұйқысы қанбай оянбай,
Жұмысқа ерте бармаған.
Той болса бұрын жиналып,
Кешігіп одан қалмаған.
Секіріп-қарғып билесе,
Тұрған жері шаңдаған.
Қолдары босай қалғанда
Өзіне серік таңдаған,
Қайын сіңлілерге бір сәлем!
Қуанышты бөлісіп,
Шаттықтан жайнап түлеген,
Ақ көңілден қашанда
Сендерге бақыт тілеген,
Жақсы болсаңдар қуанып,
Төбесін көкке тіреген,
Жапырағы жайқалған
Тамыры терең бір емен
Көпшілікке бір сәлем!
Манадан бері өзіңе,
Ақылын айтып қақсаған.
Ақталып елдің үміті,
Болсын деп келін жақсы адам.
Не керек, нөсер жырларым
Шашу ғып бүгін шашпаған.
Өзіңнен басқа, келінжан,
Ешкімнің бетін ашпаған,
Маған да жаса бір сәлем!