БАПАН МЕН ЖАНБОТА

БАПАН МЕН ЖАНБОТА

Қалың Қуандық руының Алтай арасынан шыққан Жанбота деген бай қолына ұры-қарақшы ұстаған адам болса керек. Бір жылдың күзінде Жанботаның ұрылары Ішпектен (Сібірден) оралған малдарын айдап келе жатып Ерейменнен өтеді. Ереймен елінің төрт үйір жылқысын да ұрлаған малдарына қосып кете барады. Ереймен елінің қуғыншылары ұрылардың ізімен жүріп отырып, олардың еліне келеді. Ауыл иесі Жанботаның алдында мал дауын бастайды. Мұндай дауларға еті үйренген Жанбота:
— Кез-келген даугерге бас ұратын мен емес, дау керек болса еліңнің басты адамын әкеліңдер. Тапқан екенсіңдер жоғалған малдарыңды кімнен іздейтіндеріңді. Аман-сау елдеріңе жетуді олжа қылыңдар, — деп қуғыншылардың өздерінің зәресін кетіреді.
Ереймендіктер елдеріне оралған соң, өздерінің Жанбота алдынан нәтижесіз оралғандықтарын айтады. Бұл дауға Бапанның араласуын өтініп, көмек сұрайды. Бапан қасына бір топ адам өтіп Жанботаға келеді. Сөз басталады. Бапан би:
— Ей, Жанбота, атаң Алтай еді, анаң менің апам Аққоян еді. Алтайдың аузын асқа тигізген, тақымын атқа мінгізген апам Аққоян емес пе еді? Сондай анадан кем боп туған өзің болмасаң, қанжығалының кем боп туған қызы жоқ еді, — дегеніне шамданған Жанбота:
— Е, жеріңнен жерім кем боп па? Еліңнен елім кем боп па? Еріңнен ерім кем боп па? – дейді. Сонда Бапан би:

Жағалай ел қонбаса,
Суы тұщы болмаса,
Мал мен елің сусындап,
Мейірі одан қанбаса,
Көл дегенің немене?
Ынтымақ, бірлік болмаса,
Елдікке мойын бұрмаса,
Үлкеннің айтқан сөздерін,
Кіші қостай тұрмаса,
Ел дегенің немене?
Елде қорған болмаса,
Абырой, бедел қонбаса,
Ағайын, туған халқы,
Бәлен-ау деп тұрмаса,
Ер дегенің немене?
Шұрайлы шөп болмаса,
Мал секіріп тұрмаса,
Қатар өсіп мал басы,
Қайырлы қоныс болмаса,
Жер дегенің немене?
Желге пана болмаса,
Қарға бөгет қылмаса,
Түлкі, аңға толмаса,
Қадірі жоқ бір қырлы,
Бел дегенің немене?
Адал жүрек болмаса,
Сөзіне опа қылмаса,
Түзулікті бұрмалап,
Өтірікті шындаса,
Би дегенің немене?
Арыңды сатпа, малың сат,
Жалған айтып, болма жат.
Жат болдым деп жындансаң,
Жүрегіңде қалар дат.
Тегінде жөндеп берерсің,
Бекер айтты деп жүрме,
Түбінде бір сенерсің, —

деп атына мініп жүріп кеткен екен.
Қалың ойда қалған Жанбота есін жиып, Бапан бидің артынан кісісін жіберіп, қанжығалылардың малдарын түгел қайтарып, оған қоса ат-шапан айыбын беріп, Бапан биді еліне риза етіп аттандырыпты [1,147-148-б].

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *