БАПАН БИ МЕН ТАШКЕНТ БЕГІ
Бапан бидің бір жақын туыстары Ташкент бегінің қолына түсіп қалады. Бір кісі барады, босатпайды, екі кісі барады, босатпайды, үш кісі барады, босатпайды. Әлгі бек мақтағанды жақсы көреді дегенді естіп, Бапан би үйіне барып:
Бір кезде алтын тақтан Батый өтті,
Қаһарман адам қанып судай төкті.
Ызғары көрген жанды тітіркентті,
Ол да сіздей болған жоқ өтті, кетті.
Бір кезде Әмір, Темір сұлтан өтті,
Дүниенің төрт бұрышына даңқы жетті.
Өргізді де алдына би мен бекті,
Ол да сіздей болған жоқ, өтті, кетті.
Кім түссе де егеске,
Өзіңнен артық емес-ті.
Ағайынды кешпесең,
Әділдікті шешпесең,
Рақымсыз бек демес-ті!
Бапан би осылай деп орнынан тұра бергенде Ташкент бегі:
— Құп болады, Бапан, деп туыстарын босатып жіберіпті.