БАЙСЕРКЕ МЕН БАПАН
Қанжығалы руының бас биі Бапан терең ойлы әділ би болса керек. Оның осы қасиетін қыпшақ Байсерке абыз:
Шығарайын кесектеп,
Ішімдегі қапамды.
Салмақтадым тұсымда
Әр таптан шыққан адамды.
Оқшау жаралған адам ғой,
Ішіме қарай тартайын,
Қанжығалы Бапанды, –
деп бағалаған екен. «Мынау Бапандай екен» дейтін мақтау сөз осы кезде таралыпты [1,146-147-б].
БАЙСЕРКЕ МЕН ШЕШЕН ЖІГІТ
Шоң мен Торайғыр барған жердегі құдалар сөзге жүйрік бір шешен жігітті шақыртып, Байсеркемен сөз сайысына түсіріпті. Қандай сөзге келсе де Байсерке абыз ел шешенінің аузын аштырмай «шоқ басқандай» етіп ықтыра беріпті. Соған намыстанған шешен жігіттің әйелі күйеуіне жанашырлық білдіріп «Байсеркенің кедейлігін бетіне бас, бұйырса сонда бір сүрінер», — дейді.
Әйелін тыңдаған жігіт:
— Абыздың сөзі сайрап, өзі жайнап тұр екен, үй-күйі, сән-салтанаты да сай шығар, — депті. Байсерке мүдірместен:
— Иә, үйім бар,
Адам айтса нанғысыз.
Алпыс үйрек қамаса,
Бірін ұстап қалғысыз.
Сіздің үйді көрген жан,
Біздің үйге барғысыз, —
депті. Сөйтіп кедейлік те абыздың бетіне шіркеу бола алмай, ол қарсыласын дерге қаратқан екен