БАЙСЕРКЕНІҢ ИСАБЕК ИШАНҒА АЙТҚАН ЖАУАБЫ

БАЙСЕРКЕНІҢ ИСАБЕК ИШАНҒА
АЙТҚАН ЖАУАБЫ

Байсерке абыздың жасы жүзге толғанын естіген Ақкөл-Жайылма жерінің ғұламасы Исабек Ишан абыздың хал-қуатын біліп сәлем беруге, оның Жарлықақта жайлауда отырған аулына келеді. Әңгіме үстінде Исабек ишан:
— Абыз ата, көп жасадыңыз, көпті көрдіңіз, абыздың өз аузынан естіген едік деп айта жүрейік, бір жақсы сөзіңізді айтыңыз,- деп сұраған екен. Сонда қарт абыз:
— Не айтайын, мен айтып тауыстым ғой – деп жауап берсе керек.
— Абыз, дүниеде не артық болады? – деп сұрағанда:

Тобылғылы шұбардан,
Панасыз таудың несі артық?
Қадіріңді білмес жақыннан,
Құныңды таныр жан артық.
Білмей шалқып сөйлеуден,
Сөйлемеген бес артық.
Қу қанжығалы жүйріктің,
Тұғырдан жуан несі артық?
Жаңбырсыз өткен қу тақыр,
Қайырсыз жаздан қыс артық.
Қызықсыз қайғы өмірден,
Ұйқыда көрген түс артық.
Әр нәрсенің жайында,
Аңғырттықтан еп артық.
Шаппайтын алмас қылыштан,
Қолдағы қамшы көп артық.
Суы ащы теңізден,
Томар да болса көл артық.
Арық малдың етінен,
Бір тостаған сөк артық.
Тар жол тайғақ кешуден,
Ерлердің еткен ісі артық.
Қайырсыз болған алтыннан,
Қайыры бар мыс артық.
Сипаты бірдей болса да,
Адамнан адам ісі артық.
Лақпа шешен кісіден,
Аузы сараң кісі артық.
Көз алартып, күш айтқаннан,
Базына келген наз артық [4].

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *