АБЫЛАЙ ҚАЛАЙ ХАН БОЛҒАН?
Бөгенбай батырдың төртінші буынындағы Саққұлақтың немересі Нұралы баласы Олжабайдың жазғаны.
Қазақ деген түріктің руы еді,
Алтын Орда қарауында тұрып еді.
Шыңғыс хан немересі Береке хан,
Еділде зор мемлекет құрып еді.
Тоқай, Темір, Береке бір туысқан,
Орыс халқын қаратып, жерін қосқан.
Әмір Темір билеген жері еді,
Түркістан, Үндістан мен Қырғызстан.
Сұлтан Баязит түріктің сұлтаны еді,
Бүкіл Балқан патшалығын сол биледі.
Тоқтамыс Алтын Ордаға хан болғанда,
Түріктің дәуірлеген кезі еді.
Баязит, Әмір, Темір, Тоқтамыс хан,
Бір туыстас түрік руына болған сұлтан.
Он төртінші ғасырдың мезгілінде
Түрік жұрты дәуірлеп асып шыққан.
Әр кәмелдің зауалы болған кезде,
Үш қошқардың сүзіскен болған кезі.
Діні исламның бәрінің ханы түрік,
Майданда бірін-бірі қырған кезде.
Әскер ертіп жүрісіп бірін-бірі,
Күші асқан Әмір Темір болған ірі.
Алтын Орда соғылып быт-шыт болып,
Құтырды құлдық еткен орыс елі.
Әр әулет бөлек-бөлек хан боп кетті,
Сонымен Алтын Орда күші бітті.
Қырым, Татар, Қапқаз бен Башқырстан,
Ноғайлы, Қырғыз, Қазақ, Бараба ұлты.
Шеркеш, Мешер олар да хандық құрған,
Қазанда татар ханы болып қалды.
Бытырап бет-бетімен әрбір ұлттар,
Өз еркі өзінде боп кете барды.
Сол кеткеннің бірі біз қазақ едік,
Арқаға көшпек болып тарап едік.
Алашаны ортаға хан көтеріп,
Үш жүздің баласы оған қарап едік.
Үш жүз демек үш жүз ұл болғандықтан,
Хан көтеріп кезінде толғандықтан.
Асылы үш арыстың баласымыз,
Қазақ елі тараймыз бір ұлттан.
Беріректе Абылай хан болған екен,
Қоныс қып Көкшетауды қонған екен.
Тұсында ханға жолдас батыр болып,
Сол кезде біздің қазақ болған екен.
Мың жеті жүз қырқыншы жыл хан көтеріп,
Батыр, би серік болған әрбір елден.
Сүйіндік, Бұқар жырау бас уәзір боп,
Аты қазақ Абылайдың соңынан ерген.
Би тұтқан Қаракесек Қазыбекті,
Әм батыр Қошқарұлы Жәнібекті.
Қанжығалы Бөгенбай бір батыры,
Қаракерей Қабанбай найман текті.
Кіші жүз Арал батыр жеті рудан,
Тама Есет әруақты биі болған.
Бөгенбай табын топтан шыққан батыр,
Абылай хан қарауында бәрі тұрған.
Ұлы жүзде Төле би болып еді,
Жаныс батыр Болтайдан шығып еді.
Үш жүздің баласына ортақ хан боп,
Абылай қарауында тұрып еді.
Сол Абылай ортамызға қайдан келген,
Қалайша қазақ елі хан көтерген?
Ескі сөзді ескерген жан азайды,
Сөзі еді ұмытылмай қалсын деген.
Өз атасы болады Көркем Уәли,
Қан ішер Абылай оның балалары.
Таласып Уәлименен хандықты алып,
Әбілмәмбет Орта жүздің қылған ханы.
Хан болмай Уәли ауды Түркістаннан,
Нағашысы хан болып тұрған Қайып ханға.
Енді шапқан қалмақтың ауыр қолы,
Торғауыт қалмақ елі қаптағанда.
Өлтірді Уәли ханды сол соғыста,
Қаны қас қан төгісте талай тұста.
Қолға түскен ерлерді қырып-жойып,
Апат тиген күн болды мал мен құсқа.
Сонда Абылай жиырмаға келген жасы,
Сау қалған әркім қашып қорғады бас.
Абылай сол қашқаннан қашып шығып,
Жаяу-жалғыз жөнелді аш-жалаңаш.
Жөнелді бетін түзеп Балқаш жаққа,
Үш жүз Үйсін деген көп қазаққа.
Неше күн арып-талып елсіз жермен,
Жетіпті қалың ауыл бір халыққа.
Ордада бір ордалы үйге жиылған жұрт,
Бірі шығып, бірі кіріп қайнаған жұрт.
Сол үйге кірейін деп ойлады да,
Тегін үй ермек қой бұрады бет.
Сәлем беріп есіктен кіріп келді,
Үйдің іші сығылысқан жанды көрді.
Үсті жыртық басында сең-сең тымақ,
Кір басқан шашы ұзарып өскен еді.
Кірген үй ұлы жүздегі Төле би үйі,
Үш жүздің орда қылған бір үйі еді.
Үй тола жұрттың бәрі балада боп,
Көз тігіп жұрт таңырқап қарай берді.
Кең иық төстек келген ұзын бойлы,
Қыр мұрын шоңқақ келген кең маңдайлы.
Жылтыр көз тікірейген сұрғылт жүзі,
Денесі қыран құстай өте ыңғайлы.
Төле би жөн сұрады ол баладан,
Келгенін біліп тұрды түз даладан.
Бұл маңның адамына ұқсамайтын,
Атың кім, қай баласың, қай рудан?
Атым да, жөнім де жоқ бір баламын,
Дәм айдап тентіреген бір баламын.
Әке-шешем, ел-жұртым туғаным жоқ,
Атымды кім қойсаңыз құп аламын.
Есітіп үйсін Төле би деп келдім,
Қазаққа орда болған үй деп келдім.
Қолыңызда тұрамын бала болып,
Қазақ елін елім деп іздеп келдім.
Алынбай көптен бері шашы өскен,
Сабалақ сең-сең тымақ көзге түскен.
Кір болып өне бойы тұнғаннан соң,
«Сабалақ» мұның аты болсын деген.
Сабалақ бала болып жүре берді,
Мал бақты биге жақты жүре келе.
Отырысы туысқанның бәрі де жат,
Бұл қандай жан болар – деп сынап жүрді.
Әйелі биге айтты: «байқайсыз ба?
Тегін адам емес қой жас болса да.
Бір түн ояу отырса қисаймайды,
Қалғымас екі көзі жайнап және.
Шөліркеп ыстық күні малдан келсе,
Аяқты тауыспайды аз-көп берсе.
Астына нәрсе салмай отырмайды,
Ешқайда қыдырмайды үйде жүрсе».
Ас болып би бір жаққа барып еді,
Балаға сарқыт алды сынамаққа.
Түйе баққан Сабалақ ұйықтап жатыр,
Төрт борбайы жайылған төрт тарапқа.
Би келіп тамашалап қарап тұрды,
Екі жұмырық түйілген қолды көрді.
Төрт борбайын төрт жаққа созып жатыр,
Тегінде билейді екен оң мен солды.
Тегін емес бұл шығар асыл тектен,
Шамалап жүруші едік сынап көптен.
Оянған соң қой басын қолына бер,
Деп тапсырып жолдасын тастап кеткен.
Сабалақ оянған соң басты берді,
Жанына бақташының бәрін жиды.
Біріне құлақ, біріне көзін беріп,
Құйқадан бір жапырақ өзі жеді.
Төле бидің жолдасы сөз сұрайды,
— Басқаға бәрін бердің, деп сұрайды.
— Би бергенін ырым қып өзің жемей,
Аш қалып, бұл мырзалық кімге ұнайды.
Сабалақ айтты бидің жолдасына:
Мен тойдым би берген соң ықыласына.
Жолдастың бірі – құлақ, біреуі – көз,
Дұрыс па оларға бас қимаса.
Жатырмын соларға сеніп мен де ұйықтап,
Мал баққан жолдасымыз біздер бір тап.
Өзімшілдік жолдасқа жараса ма?
Тойдырсам өз тамағым жаным сақтап.
Би жолдасы көргеннің бәрін айтты,
Би баланың шындығын анық білді.
Мал билігін, жан билігін соған беріп,
Күннен күнге Сабалақтың қадірі артты.
Сабалақ бір күн түсте малға барды,
Бақташылар көрісіп мәз боп қалды.
Сабалақты сыйлады жұрттың бәрі,
Бауырындай көрісіп ортаға алды.
Алқа қотан далада отыр еді,
Қарулы үш жолаушы жүріп келді.
Екі қызыл, бір баран атқа мінген,
Ат та жат, кісі де жат жандар еді.
Қарасұр жуан тұмсық, еңгезердей,
Нарқызыл астындағы тұрған пілдей.
Дулыға, сауыт-сайман, жақ пен қылыш,
Құрсанған көк темірді көтергендей.
Ат жақты, кең маңдайлы сары ала көз,
Кең иық, салалы қол, жаурыны дөңес.
Мінезі тәуекелшіл, көпшіл екен,
Шықпайтын батырмын деп қыңыр-кеңес.
Бұл адам – қарт Бөгенбай батыр еді,
Бұл күнде елу жастан асып еді.
Ертістен ауа қашқан қалмақ елін,
Шабуға қуып келе жатыр еді.
Еңкіштеу көкше қызыл, құдия біткен,
Тар мықын, бөктеріншікті тұяқ кетпен.
Қысқа мойын, ұзын бас сүйектей боп,
Көзі жайнап, аузынан көбік төккен.
Жар қабақ, қара торы, қыр мұрынды,
Қайқы төс, өткір көзді, салпы ерінді.
Мұның бәрі сауыт-сайманы бәрі түгел,
Құрсанған өне бойы көк темірді.
Бұл адам Қанжығалы Жантай еді,
Нияздың абызынан шыққан батыр.
Бөгенбай Төле биге амандыққа,
Көп қолын кейін тастап келе жатыр.
Үшінші қара кер ат келген қайқаң,
Сырты қысқа, бауыры жазық талтаң.
Ақсары, қызыл шырайлы толық келген,
Бұл адам Мәбетұлы батыр Атан.
Бақташы бұларға кеп сәлем берді,
Танысып қал-жағдайын сұрап білді.
Бөгенбайды Сабалақ естуші еді,
Басшы боп Төле биге алып келді.
Төле биде отырып қонақ болды,
Мәжіліске жиналды, қарық болды.
Екі күндей Төле би жібермеді,
Шыңғыртып батырларға бие сойды.
Той көріп, жүрек тулап, қызды Сабалақ,
Құдай жазса жауды жеңіп кегін алмақ.
Оңашада жалынды Бөкеңе кеп,
Биден рұқсат әперсе болды бармақ.
Аттанарда сұрады Бөкең биден,
Мен келдім амандыққа алыс жерден.
Сабалақ балаңызды көмекке бер,
Өткір жігіт көрінеді қайтпас берен.
Төле би амалсыздан қосып берді,
Баласынан Сабалақ сүйікті еді.
Аттанып амандыққа бата алып,
Кейін Бөген тастаған қолға келді.
Мың шамалы кісі екен іріктелген,
Мойын талып келеді алыс жерден.
Қашқан қалмақ сезініп, үрейі ұшып,
Талқы асумен Құлжаға бет түзеген.
Қара теңіз, Алтай тауы, Ертіс басы,
Талқы, Құлжа, Оңтүстік қабырғасын.
Арғы жағы қалмақтың қалың елі,
Соған жету қашқанның жанталасы.
Сол қашқан мың шамалы қалмақ екен,
Құба қалмақ жауынгер бір топ екен.
Қол құрап жиналғанша арасы ұзап,
Көп қалмаққа олар да жетіп қалған екен.
Жөнелді қазақ қолы сүрлеуменен,
Ішінде Сабалақ бар жаңа берен.
Талқы-Құлжа асқанда қуып жетіп,
Қолға түскен қалмақты қыра берген.
Сабалақ атақ алды қамал бұзып,
Қайда қиын жерлерге кетеді озып.
Кірген жері есік болып қала берді,
Қанды көз қырандай-ақ шалқып сүзіп.
Қалмақты тас-талқан қып шауып алды,
Қалың қол қарық олжаға батып қалды.
Он нарға тоғанақтай жасау артып,
Сабалақ Бөкеңе әкеп тарту салды.
— Мынау он нар сізге арнап алып келдім,
Жасаулар жеңгеме берер сәлемдемем.
Мен олжаңды алмаймын, батаңды бер,
Бір сапар соңыңызға еріп едім.
Бөкең айтты:
— Олжаға талай тойдым,
Әлі мүйіз шыққан жоқ бәрін көрдім.
Осы жолы еңбегің жұрттан асқан,
Өзің ал, жауды жеңген тырнақ алдың.
Сабалақ: «алмаймын» , -деп безектеді,
Басым жас тағы келер кезек деді.
Алғашқы сапарыма батаңды бер,
Көпшіліктің батасы керек деді.
Бөгенбай қолын жайып бата берді,
Көпшілік қолын жайып «амин» деді.
— Жылқышының тұлпары еді, — Нарқызылым,
Шырағым, ырым қылып сен мін, — деді.
Шырағым, уақытты, отты бала екенсің,
Мінезің, құлқың таза, дана екенсің.
Жазғытұры үш жүз боп жиналамыз,
Сол жиылысқа керекті жан екенсің.
Мың жеті жүз жиырма үшінші жыл еді,
Осы жыл болды «Ақтабан шұбырынды» .
Қалың қалмақ қазақты қойдай қырған,
Уса Серен дейтұғын қоңтажы еді.
Қоңтажы деген қалмақша – хан деген сөз,
Қалмақ шауып шұбырған қазақ елі.
Сол жылы ауған елге жұт килігіп,
Қарсы тұрар қазақта қалмады ел де.
«Ақтабан шұбырынды» болғанына,
Он жеті жыл сол апатқа толғанына.
Қалмақтан ұлы кекті алмақ үшін,
Келер жылы жиналамыз осы араға.
Әбілмәмбет ханымыз өзі келмек,
Үш жүздің де адамды соңында ермек.
Қыл құйрықты аты бар қалмасын деп,
Үш жүздің баласына хабар бермек.
Шырағым таза сақта Нарқызылды,
Есіңе ал кек алатын келер жылды.
Бар күшін қазақ қосып бір түйіспек,
Қор қылмай тәңіріміз ашса жолды.
Бөкең қонды Төле биге қайта келіп,
Сабалақты мақтайды алғыс беріп.
Тегін бала демеңіз, таза текті,
Жүр шығарсыз өзіңіз сырын біліп.
Қалмақтан аттаныстан бұл қалмасын,
Күш көрсетер осындай ел қалмасын.
Ұрықсат бер балаңызға келер жылы,
Қазақ жұрты беріп тұр ықылысын.
Келер жылы барсын деп уәде берді,
Амандасып Бөкеңмен қала берді.
Жар салып Әбілмәмбет батырларға,
Алты ай қыс даярлығын қыла берді.
Атқаратын іс болған соң жігіт жинап,
Қару-жарақ, ат-тонды жұрт даярлап.
Балқашқа жиылған жұрт даярланып,
Үш жүздің адамдары уәде байлап.
Орта жүздің Бөгенбай, Жәнібегі бар,
Қошқарбай, Жәнібегі, Жантай, Қазыбегі бар.
Төле би, Малай сары, Баян батыр,
Түлек, Тулақ, Қабанбай найман тегі.
Кіші жүздің басшысы – Арал батыр,
Тама Есет қолын бастап келе жатыр.
Ұлы жүзден Жанысқа қол жиналмай,
Аякөз өзенінде тікті шатыр.
Орта жүзден оң мың қол бәрі саңлақ,
Он мың қол кіші жүзден келді таңдай.
Жеті мың Ұлы жүзден Жаныс бастап,
Сауыт-сайман асылған қару-жарақ.
Балқашқа батыр біткен басын қосты,
Тынықтырып аттарын, артын тосты.
Қалмақтың жай-жапсарын білмек үшін,
Сенімді адамын сайлап жіберісті.
Сабалақ ер қосылып Бөкеңе ерді,
Нарқызыл қатып қалған сүмбідей боп.
Сауыт киіп, сайманды белге байлап,
Екі көз жайнап кеткен қып-қызыл боп.
Барушыға епті бір адам сайлап,
Бөкең де Сабалақты ыңғайлады.
Бір топтан қырық жігіт, қырық тұлпар,
Әбілмәмбет бәрін де таңдай алды.
Қалмақ жайын білуге барша кетті,
Талқы асумен бұрылып әрмен кетті.
Оралып қиын таумен әрмен асып,
Биік таудан баспалап ел қарасты.
Қалмақтан қарауылшы он адамы,
Жөнелді кез боп қалып, тұра қашты.
Ұстауға жабыла қуды қырық батыр,
Жан сауғалап қашыпты қалмақ бытыр.
Нарқызыл шу дегенде жеке шығып,
Айқасып он қалмақпен бара жатыр.
Найзаны артқысына салып өтті,
Алдыңғысын түсіріп қағып өтті.
Бір сау қалмақ жаяулап ағашқа енді.
Өлгені өліп, қалғаны қолға түсті.
Қырық батыр тірісін байлап алды,
Жөнелді қалың қолға қайта салды.
Жаяу қалмақ бергенше елге хабар,
Талқының асуынан асып қалды.
Қалмақтар хабар алып тұрады екен,
Қазақтың жиылғанын біледі екен.
Қалмақтың қоңтажысы Уса Серен,
Әскер жия Тұрпанға кетеді екен.
Ұстап алған қалмақты алып келді,
Хан қайда, қалмақ жайын қанып білді.
Уса Серен түгендеп күш жиғанша,
Айқасып қалу жайын мақұл көрді.
Бір мың қол мың басына тізгін беріп,
Әбілмәмбет хан өзі бірге келді.
Қазақтар асығыстап ерте жүрді,
Қалмаққа тимек болып шеру жүрді.
Қалмақтар мұны көріп қатты састы,
Қарауылшы қалмақтар елге қайтты.
Бекініп ерте бастан тау қапталын,
Қорған қылып қалаған ірге тасты.
Ар жағы биік таулы берік қорған,
Ар жағында қалмақтың қолы тұрған.
Қазақтар биік тауға тура бармай,
Екі ашық шетке шықты күшін жиған.
Қалмақтар соғысуға тура келді,
Бар арманы соғыс қой осы жолы.
Майданға жекпе-жекке ер шақырып,
Қалмақтың бір батыры келіп еді.
Ұлы жүз аға елге кезек келді,
Жаныстың Шақан деген інісі еді.
Өзі мықты, майданға талай түскен,
Батырлық, атақ алған бір кісі еді.
Жөнелді бата алып Шақан батыр,
Қан майданға бара жатыр жанын қиып.
Қара қасқа аты бар бурыл сақал,
Еңгезердей айқасты қалмақ кәпір.
Екеуі кезек-кезек найзаласты,
Қалмақтың Шақан ерден қаруы асты.
Қылышымен кәпір қалмақ ұрған кезде,
Домалатып түсірді жерге басты.
Сүйекке екі жақтан шауып келді,
Денесін қазақ жағы алып еді.
Басын қалмақ әкетіп найзаға іліп,
Қуаныш қып айғайды салып еді.
Бағанағы қалмақ тұр ер шақырып,
Қазақтың суы қайтты, батыры өліп.
Еш адам бармайтұғын болғаннан соң,
Сабалақ ұрықсат сұрады көпке келіп.
Бата бер, хан мен қара, мен барайын,
Құдай жазса қалмақтан кек алайын.
Өлсем – шәһит, өлтірсем – қазамын ғой,
Қазақтың намысы үшін жан қияйын.
Қазақ қолы шуылдап бата берді,
Қалмаққа Нарқызылмен тарта берді.
Екі батыр майданда қарсы шауып,
Найзаларын шанышты қарсы барып.
Қан қайнап, дене зулап, күшін жинап,
Айбатты арыстандай басымырақ.
Қақтырмай көк найзаны қалды салып,
Алақтап құлады аттан кәпір қалмақ.
Қалмақтар сүйегіне шауып еді,
Сабалақ сұрағанын алып еді.
Сүйреткен бойыменен жаны шықпай,
Қалың топ ортасына барып еді.
Сабалақ жекпе-жекке тағы тұрды,
Қара ала атты дүмбілше қалмақ келді.
Садақпен жақын жерден қалмақ атты,
Шарайнадан оқ өтіп тоқтап еді.
Сауыттан өтіп оғы қалмақ атқан,
Кеуденің етіне еніп кеп дарып еді.
Сабалақ та садағын тартайын деп,
Қорамсаққа қол салып қалып еді.
Шіреніп, ашуланып тартып өтті,
Оқ зуылдай сауытын бұзып кетті.
Денені талқан қылып, ағып өтіп,
Жүз қадам ар жағында тасқа батты.
Сүйегін алып қайтты қалмақ жағы,
Сынбай тұр, құдай сүйеп ердің бағы.
Сары атты, жарқабақты иір келген,
Қалмақтың бір батыры келді тағы.
Бұл келген Уса Серен інісі еді,
Қалмақта майданда ажал жеткен ажалды өлер.
Уса Серен інісі – Қырыс деген,
Қазақты талай қырған сен белгілі ер.
Екі батыр ашуға мініп алды,
Мінген атқа борбайлап найза салды.
Дарытпай денесіне найзасының,
Қылышпен көк найзаны салып қалды.
Ұмтылды қылышпенен шабайын деп,
Тірідей бұл баланы алайын деп.
Қылышты қылышпенен қаққаныңды,
Қылыш кетті жетесінен шорт үзіліп.
Атуға қорамсаққа қол салғанда,
Ұмтылды Нарқызылмен аттармауға.
Омыраулап атының артын соқты,
Айналды сары арғымақ жығылуға.
Енді атын бұрғанынша қалды салып,
Басы түсті қалмақтың домаланып.
Шуылдай қалмақ тобы жылағанда,
Қазақ тобы:«Әруақ!» — деп айғай салды.
Сүйегін тағы бермей қазақ алды,
Жекпе-жекке енді келмей қалды.
Қамалдан қалмақ шықпай жан сауғалап,
Сабалақ қалың топқа қайта барды.
Шулады қазақ қолы алғыс беріп,
Сабалақтың кетіпті түсі өзгеріп.
Ішке қанын тартқан сұрғылт түсі,
Қандыбалақ қырандай үңірейіп.
Бір жұма қазақ қолы жатып алды,
Қамалға жолатпайды ешбір жанды.
Қалай әдіс қолданып қарысса да,
Бұза алмай бас қамалды бос сандалды.
Жақындаса атады тастан бұғып,
Талай ат, талай ерді оққа жығып.
Қпазақ енді ала алмай кейін қайтса,
«Жеңілгені» деп атақ кетеді шығып.
Сабалақ айтты қазақ батырына:
Беріңіз көпшіліктің ақылына.
Бүгін аман қалдырсаң, ертең шабар,
Тағы да біз қалармыз тапырына.
Құдай жазса, қалмаққа шабу керек,
Ескі кекті осы жолы алу керек.
Жан-жағынан асудың жол қарайық,
Қамалын жау қалмақтың алу керек.
Бұл сөзін Сабалақтың мақұл көрді,
Жүз батыр Сабалақтың қасына ерді.
Түні бойы таудан асып қияменен,
Таң ата тау шыңында жатып еді.
Мың батыр келесі күні тағы шықты,
Қалмақтар сеніп жатыр, қамал мықты.
Таң ата Абылайлап айғай салып,
Қалмақтың бір шетіне барып жетті.
Қалмақтар тұтқиылда қалды сасып,
Қорыққанынан ақылынан қалды адасып.
Дүркіретіп қалмақ қолы шегінгенде,
Батырлар жай шебіне араласты.
Асудан қазақ қолы асып өтті,
Қалмақтар ес жиғанша бәрі жетті.
Тұс-тұстан «Абылайлап» ұран салып,
Айғаймен жер-дүниені күңірентті.
Күндіз-түн, үш күн ұзақ соғыс болды,
Жарқылдап садақ пенен найза, қылыш.
Жеңіліп қалмақ қолы селдіреді,
Осымен қазақ қолы алды жеңіс [7].