XX- ҒАСЫРДАҒЫ ШЫҒЫСТЫҢ ФИЛОСОФИЯСЫ
Егер, қазіргі заманғы Шығыс философиясы өркениеттің бесігінде, оның бастауында тұрған елдерде философия ғылымы жан-жақты даму үстінде болса да, евроцентристік көзқарастарды ұстанушылардың немесе солардың жетегінде кеткендердің кесірінен осы уақытқа дейін бізге белгісіз болып келді. XX — ғасырдағы Шығыс философиясы қатарына – қытай, үнді, жапон және сондай-ақ мұсылман елдері философиялық ой жүйелерін қосуға болады.
XX-ғ. ғылыми-техникалық революция, соның негізінде пайда болған орасан зор өндіргіш күштер, мемлекеттер арасындағы экономикалық, мәдени, саяси қатынастардың күрт өсуі Шығыс елдерінің ахуалын «батыстандыра» бастады. Шығыс елдері заманның талабына сәйкес келетін жауаптар іздей бастады.
Бір жағынан, әрине, олар өздерінің өндіргіш күштерін Батыстың дамыған елдеріндегідей қылып дамытып, халықтарының өмір сүру деңгейін өсіргілері келеді.
Екінші жағынан, Батыс елдеріндегі рухани тоқыраушылық оларды үрейлендіріп, мыңдаған жылдардағы жиналған мәдениет құндылықтарына, өмір салтына, әдет-ғұрпына соққы тигізе ме деген алаңдаушылықты тудырады (Мырзалы С. Философия/ XX-ғас. Шығыс діни философиясы. «Бастау», — Алматы-2008. 386-бет).
Шығыс елдеріндегі мыңдаған жылдар ішіндегі философия саласындағы қалыптасқан дәстүр – ол сенім шеңберіндегі ойлау мен тебірену. Сондықтан Шығыс философиясын діннен бөліп алып қарау тіпті мүмкін емес (Сонда. 387-бет). Сонымен, қазіргі заманғы философиялық бағыттардың ерекшеліктерін, ғасырымыздағы жетістіктерін олардың жүріп өткен тарихи кезеңдерімен салыстыра отырып баяндауды мақсат етіп, тек ең басты деген философиялық тұлғаларға тоқталуды жөн санадық.
XIX-XX ғасырлар аралығындағы Үнді философиясының дамуына Үндістанның ірі ойшылдары: Рамакришна, Свами Вивекананда, Шри Ауробиндо, Джидду Кришнамурти және басқалары елеулі үлес қосты. Жаңа заманның үнді философтарының қатарына Үндістан мәдениетіне жатпайтын, бірақ философиялық дәстүр мен философиялық жаңашылдықты берік ұстанған философтарды да жатқызуға болады. Мысалы, Раджниш (Ошо деген атымен белгілі), теософияның негізін қалаған Е.Блаватская мен Рерихтар отбасылары сияқты ойшылдар мен қоғам қайраткерлерінің есімдерін атауға болады. Рерихтар «Агни Йога немесе Тірі Этиканың Ілімі» деп аталатын үлкен еңбек жазды. Бұл философтар мен рухани қайраткерлер Үндістанның дәстүрлі даналығын жаңартып қана қоймай, үнді философиясы мен мәдениетіне белгілі бір дәрежеде жаңалық болатын біраз нәрсені енгізу арқылы оның ауқымын кеңейтіп, анық күшейтті (Шығыс философиясы. «Мәдени мұра» сер., ОҚ. «Жазушы», — Алматы: 2009.74-бет).
Жалпы, Үнді елінде философия қандай да бір ғылымға немесе өнерге қосымша ретінде болмаған, бірақ әрдайым көрнекті, тәуелсіз жағдайда болды.