XIX- ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ АҒАРТУШЫЛЫҒЫ КЕЗЕҢІ

XIX- ҒАСЫРДАҒЫ
ҚАЗАҚ АҒАРТУШЫЛЫҒЫ КЕЗЕҢІ

ХІХ-ғасырдың адамзат тарихында ерекше орны бар. Ресей империясының бодандығына өткен елде, сол алып мемлекеттің шеңберінде жаңаша, негізінен, жерде отырып өмір сүру жолдарына икемделу, осы күрделі де қиын жағдайда халықтың өзін-өзі сақтап қалу мәселесі өмірдің алғышарттары ретінде тарихи сахнаға шығады. Қазақтың тарихында бұрын-соңды болмаған мұндай өткір бетбұрыс философия саласында ағартушылық ағымды тудырды.
Отандық ағартушылықтың негізгі ерекшеліктерінің бірі – рулық, одан әрі асса, ерте феодалдық қарым-қатынастағы, көшпенділік өмір салтын ұстаған халықты жаңа әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық жағдайда, болуы мүмкін апаттан аман сақтап қалып, оның сана-сезіміне жаңа құндылықтарды енгізу арқылы оны жерге тұрақтандыру болды. Өйткені көшпенділік өмір салтының негізгі факторы – жер көлемі кедейленген орыс шаруаларын қазақ жеріне әкеліп отырғызу саясатының негізінде жылдан-жылға қысқара бастады. Ал мұның өзі күйзелісте тұрған көшпенділік мал шаруашылығын толығынан күйретіп, елде аштықпен қатар мыңдаған жылдар бойы созылып келген өмір салты, әдет-ғұрып құндылықтары адамдардың жан-дүниесінен ажыратыла бастады. Бұл біздің ата-бабаларымыздың мыңдаған жылдардағы тарихында болмаған «зар-заманды» тудырып, адамдар өз өмірінің мән-мағынасын жоғалтып, қазіргі тілмен айтқанда, экзистенциалдық вакуумге келіп тірелді. Қазақтың өзін-өзі жоғалту қаупі туды. Мұндай ахуалда көп жыраулар бұрынғы өткен өмірді көкседі.
Алайда Тарих өткен жолдарын қайталамайды, сондықтан өткенді көксеу – тарихи тұйықтыққа әкеліп тірейді. Мұны түсінген қазақтың ағартушылары – Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев секілді ұлы тұлғалар қазақты жаңа өмірге баулып, оны сауаттықты ашуға, білімге, еңбекқорлыққа, белсенді өмір салтына, жасампаздыққа шақырды (Мырзалы С. Философия/ XIX-ғас. Ағартушылық философия. «Бастау», — Алматы: 2008. 321-322 беттер).
Көптеген елдерде революциялық-демократиялық қозғалыстар етек алды. Сол кезде басқа ұлт-аймақтардағы сияқты, қазақ жерінде де білімге, прогреске ұмтылған алдыңғы қатарлы ойшылдар шыға бастады. Біз оларды революционер-демократ, социалист-утопист демейміз. Олар қазақты революцияға шақырған жоқ, социализмді де армандаған емес. Әрине, мұнда жағдай басқаша болатын. Дегенмен, олар ағартушы-демократ ретінде тарихтан өздерінің лайықты орындарын алды (Кішібеков Д., Сыдықов Ұ. Философия. «Қарасай», —Алматы: 2008). Және де, бүгінгі күндері олардың философиялық көзқарастары тек ғылымда аты қалмай, саясатымыз бен мәдениетімізде де айтарлықтай қызығушылықтар туғызып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *