ӘЛ-ФАРАБИДІҢ «МИН ӘСИЛӘТИЛ ЛӘМИҒА ИЛӘ ӘЖУӘӘБ ӘЛ-ЖӘМИҒА» (СҰРАҚТАРҒА ЖАУАПТАР) ТРАКТАТЫНДАҒЫ ЕЛШІЛЕРДІҢ (РАСУЛ) ХАБАРЛАРЫ ЖАЙЫНДАҒЫ ХИКМЕТТЕРІ

Айдынгүл ХАВАН,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ізденушісі

ӘЛ-ФАРАБИДІҢ «МИН ӘСИЛӘТИЛ ЛӘМИҒА ИЛӘ ӘЖУӘӘБ ӘЛ-ЖӘМИҒА» (СҰРАҚТАРҒА ЖАУАПТАР) ТРАКТАТЫНДАҒЫ ЕЛШІЛЕРДІҢ (РАСУЛ) ХАБАРЛАРЫ ЖАЙЫНДАҒЫ ХИКМЕТТЕРІ

Әл-Фараби: «Адам өзіне тасыған қуаттың арқасында хакім, философ және толығымен ақылмен пайымдаушы болады, өзінің қиялдаушы күшіне тасыған нәрсенің көмегімен ол адам келешекте болатынды болжаушы (ескертуші) және қазіргіден хабардар етуші пайғамбар болады. Бұл адам болудың ең жетілген мәртебесі және бақыттың дәрежелерінің ең биігі»,- дейді [1.130]. Ойшылдың келтірген көзқарастарының айқындығы, тереңдігі уахилік түсінік пен пайғамбарлық шабытты түсіндірудегі ұтымды жауабы екені сөзсіз.
Ибн Синаға келсек, «Адам жанының рухани әлеммен және періштелер жанымен байланысты немесе жан өте қуатты болғандықтан, оны сезімтал, дарынды адамдар бір мезгілде сөйлей, тыңдай және жаза алатындығына ұқсас, сондай әрекеттен ұстап тұра алмайтындығынан пайда болады. Осындай жан түсінде не көрсе, соны өңінде көре алады» дейді. Мұнда Ибн Сина ой қуатының арқасында төменнен жоғарыға дейін жете алатындығын және жанға жоғарыдағымен байланысқа түсуге болатындығын айтады.
Әл-Ғазали «Адасушылықтан құтқару» атты кітабында: «Мәртебелі жасаған Алла жолымен жүруші дәл осы сопылар, олардың жолы ең дұрыс жол және олардың жан дүниесі ең таза екендігі айқын. Олардың барлық харекеттері, барлық құпия және жария ойлары – пайғамбар хұзырынан құйылған нұрдан, ал жер бетінде адамдар өз бағытын түзейтін пайғамбар нұрынан өзге еш сәуле жоқ»,- дейді [2.143].
Пайғамбарлық туралы теория орта ғасырда шығыс және батыс ғұламаларының ең маңызды зерттеу тақырыптары бола отырып, әл-Фарабиді де философия тарихында үлкен бір белеске көтерді.
Ойшыл өзінің «Китәбул милласында» /Дін кітабы/ қалауға қатысты «Парасатты дінде қабылданған көзқарастар…» деп басталатын бөлімде «Екінші қалауға қатысты көзқарастарға өткен замандарда бірінен соң бірі жіберілген пайғамбарлардың, парасатты қағандардың, жақсы басшылардың тура жолды сілтеген көсемдердің сипаттары, әрбірінің ортақ келісімге келген мәселелер мен әрбіріне тән жақсы амал-істердің түсіндірмесі тән» [3.14],- деп сипаттама береді.
Аталмыш көзқарастардың пайғамбарлар мен бұрынғы өткен патшалар туралы хабарлардан, тарихи еңбектер мен қиссалардан алынғандығы анық. Ахмед Атеш ең бірінші болып, өзінің «әл-Фараби шығармалары» атты мақаласында «Әбу Насыр Әл-Фарабидің сұрақтарынан….Таңдамалы» деген атаумен берілген Айя София мешітіндегі (қолжазбаның кітапханадағы сақталған № 4855) қолжазбаға сілтеме жасайды. Фарабитанушы Мухсин Маһди: «Бұл еңбекпен 1961 жылы жазда Стамбул қаласында таныстық. Еңбекте Адам (а.с.) нан Мұхаммед (а.с) ке дейінгі бұрынғы пайғамбарлар туралы мағұлматтар келтірілген. Жинақтағы мәтіндер «Кутуб әл-ахбар» мен «Пайғамбар қиссаларынан» таңдалынып алынған. Кітапты оқи отырып, еңбектің әл-Фарабидікі екендігіне көз жеткізуге болады. Бірақ, әл-Фараби шығармалары мен ол туралы жазылған еңбектердің ешқайсысында «Сұрақтарға жауаптар» деп аталатын трактаттың атауы кездеспейді. Бұл – бірден-бір қолжазба. Мәтін: «Әбу Насыр әл-Фарабидің жарқыраған сұрақтардан жалпы жауаптары. Таңдамалы. Адамдар мен жындарды өзіме ғибадат ету үшін жараттым…» деп басталып, «жасыл жемістердің орнына жыңғылдар мен арам шөптерді бастырды. Сәбә халқы сусыздық пен аштықтан қырылды» деп аяқталады. Беттерінің қатары 17-19 қатардан тұрады» [3.24] дейді.
Осы мақаламызда әл-Фарабидің аталмыш трактатының арабшадан аудармасын беріп отырмыз.

1. «Адамдар мен жындарды өзіме ғибадат ету үшін жараттым» (Зүрият сүресі, 26-аят). Тәпсір ғалымдары сөйлемдегі «ғибадат ету үшін» сөзін «бірігу үшін» деген мағына береді деп санайды.
2. «Біреу, жалғыз» (аһад) сөзі «бірінші» (уааһид) сөзінен жоғары. Өйткені, «аһадтың» көптікке қатысы жоқ әрі оның көзбен де, жүрекпен де ұқсасы қабылданбайтын «уаһиид»( жалғыз).
3. «Мүмін» құлшылығы тек Аллаһына болған, дүниеге қызықпайтын, азығы тақуалық және сөзі зікір етуден тұратын адам.
4. Дана ілім үйренуден ұялып, оны тәрк етпеңдер әрі оны үйретуде менменсінбеңдер!- деген.
5. Ілім – жоғары, төмен болу оған тән емес әрі ол жоғарылықпен жүзеге асады, төмендікпен емес деп айтылады.
6. Тіл ғылымдары: «Ақыл» сөзі араб тілінде «ұстап қалу, ұстап жібермеу» деген мағына білдіретінін айтады. Сонда «ақылды» деп «әр нәрсені өз орнында ұстаған» және өз орнына қойған кісіні айтады. «ақала лисанаһу» сөзіне келсек, ол «тілін қажетсіз сөзден тыйды» және «тілін өзіне қатысы жоқ әңгімеден ұстап қалды» дегенді білдіреді.
7. «Табиғи әлемге» ай ғаламшары мен жер кіндігінің арасындағылар жатады.
8. «Ас-сабыр» – жан қалауына қарсы күресу.
9. Хакімнен: «Қожанасыр деген кім?»- деп сұралады. Ол (хакім): «Қожанасыр – болмысынан көңілді адам. Оның мінез-құлқы, іс-әрекеті міндеттен тұрмайды», — деп жауап берген.
10. Күн «күн» деп, ал «ай» ай деп аталады. Өйткені, күн жазда жақындайды, ал, қыста алыстайды. Бұл «қыңыр аңға» ұқсатылады. Бұл хайуан кейде жақындайды, бағынады, кейде, қашады, алыстайды. Ай /қамар/ болса, бірде ұзарады, бірде қысқарады. Сондықтан да, «ойынхана» (казино) /мақаамир/ «ойын алаңы» /мақаамир/ деп аталады. Өйткені, онда бірде ақша ұтасың, бірде ұттырасың.
11. Кім ысырап жасауды азайтса, сол рақатта күн кешеді.
12. Тәпсірде: «…жасыл ағаштан от жаратты»,- деп айтылады (Ясин сүресі, 80-аят). Сондықтан «Юбба ағашынан» басқа от шығаратын ағаш жоқ.
13. Хакімнен «өсиеттердің ең абзалы қайсы?» — деп сұралады. Ол (хакім): егер науқас адамға баратын болсаң, оның жанында көп отырма, адамдардың бәрі ауырады. Біл және түсін!-деген.
14. Былай айтылады: «Жаннаттағы жаннаттың жеті қайырлысы – ата-аналарына, туысқандарына зиярат ету және пайғамбарларға зиярат ету, періштелерге қызмет ету, Аллаһтың нығметіне бөлену, Аллаһты зікір ету, Аллаһқа сәлем беру, Аллаһты елестету».
15. Былай айтылады: Әдеп /адаб/ – өзінің қалауын шектейді, яғни иігілікті істерді атқарып, харам істерден аулақ болуы дәріптейді. Шынайы әдеп – жақсылықтың игіліктерінен тұрады. Мысалы: ма’дуба – түбірі адаба – банкет, жиын-той дегенді білдіреді. Мұндай кезде дәмді әрі тәтті тағамдар қойылады яғни жақсы игіліктер жинақталды.
16. Хакімдер айтады: Шын мәнінде, Аллаһ тағала елшісіне өзіне дейінгі болған елшілер мен пайғамбарлардың (нәбилердің) хабарларын және бұрынғы өткен тайпалардың хикметтері туралы жеткізетін пайғамбарлықты аяқтауды бұйырды.
Бірінші: пайғамбарлығы мен міндетінің белгілерінің көрінуі. Өйткені, оған (Мұхаммед с.а.с.) өзіне дейін жіберілген пайғамбарлар мен елшілер туралы хабарларды Жебірейіл періште арқылы (Аллаһтың оған салауаты болсын!) Аллаһ үйретті.
Екіншіден: жүрегін тасбит ету, көңілін орнықтыру – Аллаһ тағаланың сөзі. «(Мұхаммед ғ.с.) саған пайғамбарлардық қиссасын көңіліңді орнықтыру тұрғысынан баян етеміз» (Һұд сүресі, 120-аят).
Үшіншіден: Оның зікірі мен дәрежесін айқындау. Аллаһ тағаланың (азза уа жәлла – бәрін білуші әрі ұлы) сөзі – «Мұхаммед (ғ.с.) өстіп, саған кейбір болып өткен уақиғаларды баян етеміз. Сондай-ақ, саған өз қасымыздан Құранды бердік» (Таһа сүресі, 99-аят).
Төртіншіден: үмбетінің өнеге боларлық ақыл иелерінен болуы– Аллаһ тағаланың сөзі «Әрине, пайғамбарлардың қиссаларында ақыл иелері үшін өнеге бар» (Жүсіп сүресі, 111-аят).
Бесіншіден: пайғамбарлар туралы қиссаларды уахи арқылы хабарлайды – Аллаһтың (азза уа жәлла) сөзі — «(Мұхаммед ғ.с.) міне, бұлар білінбеген әңгімелерден. Оны саған уахи етеміз. Бұдан бұрын оны сен де, қауымың да білмейтін еді» (Һұд сүресі, 49-аят).
Алтыншыдан: шын мәнінде, Аллаһ тағала оған (пайғамбарға) дұрыс әрі салих үлгі-өнеге болу үшін елшілер мен салих пайғамбарларға лайықты мінез-құлық туралы айтты.
Жетіншіден: Оған және оның үмбетіне нығыметтер жайында баян етті. Аллаһ тағаланың сөзі – «…сендерге көрнеу, көмес нығметтерін толықтастырды» (Лұқман сүресі, 20-аят). Көрнеу нығыметтер – шариғатты жеңілдетеді. Ал, көмес нығыметтер –нығымет жасаушының сауабын арттырады.
Расул мен нәби арасындағы айырмашылық
17. Былай айтылады: расул (елші) мен нәбидің (пайғамбар) арасындағы айырмашылық мәселесіне келсек, расул шариғатпен келеді, ал нәби алдынғылардың заңын (шариғатын) сақтайды. Расул адамзат пен періштелерді қамтиды (ортақ).
18. Былай айтылады: расулдарды жіберудің пайдасы – шариғатты таныту. Ал, кітаптарды түсіру – Хаққа ғибадат жасауды тану.
19. Былай айтылады: «нақты шешім» /азм/ жүрек қалауымен іс-әрекетті орындауға шешім қабылдау. Сондай-ақ, ол белгілі бір «мақсат» /қасад/ емес, ол іс-әрекеттің алдында келетін «қалау» /ирәдә/. Өйткені, мақсат – іс-әрекетпен бірге келеді, ал нақты шешім – іс-әрекеттің алдында болады. Сол сияқты «ниет» те іс-әрекетпен бірге емес, оның алдында келеді. Былай айтылады: «нақты шешім» – бір нәрсеге деген қалау және оны жүзеге асыру. Құранда: «(Мұхаммед ғ.с.) пайғамбарлардан майталмандар (сабыр еткендей сабыр ет!)» (Ахқаф сүресі, 35-аят) деп келеді. Мұндағы «русул» (елшілер) сөзі туралы бір риуаятта жетеуінің атын атайды. Олар: Нұх (а.с.), Ибраһим (а.с.), Исхақ (а.с.), Аюуб (а.с.), Яқұб (Жақып) (а.с.), Жүсіп (а.с.), Шұғайып (а.с.), ал, келесі бір риуаятта төртеуінің аты беріледі – Нұх (а.с.), Һұд (а.с.), Ибраһим (а.с.) және Мұхаммед (с.ғ.с.). Тағы бір риуаятта бес расулдың атын келтіреді – Нұх (а.с.), Ибраһим (а.с.), Мұса (а.с.), Иса (а.с.), Мұхаммед (а.с.).
20. Шариғат иелерінен болған пайғамбарлардың саны алты (қалғандары – бұлардан кейін келгендер) – Адам (а.с.), Нұх (а.с.), Ибраһим (а.с.), Мұса (а.с.), Иса (а.с.), Мұхаммед (а.с.).

 

4-Адам (а.с.)
21. Ән-нәбидің (а.с.) «Аллаһ тағала Адамды өзінің (Адамның – А.Х.) бейнесінде жаратты» сөзінің мағынасы – Адамның бейнесінен басқалары бір түрден екінші түрге өзгереді, алмасады дегенді білдіреді деп айтылады. Адам (а.с.) Аллаһтың /аззә уә жәллә/ адамзатқа байланысты айтқан «Расында адамды нағыз балшықтан жараттық. Сонан кейін оны жатырда тұратын тамшы қылдық» (Мүминұн сүресі, 12-13 аят) сөзіне сәйкес ана құрсағында болып, одан дүниеге келіп, балалық, ержеткен шақтарды басынан өткерген жоқ.
22. Адам (а.с.) ның мұғжизасы періштелер де білмеген әлемдегі барлық заттардың аттарын білуі. Пайғамбарларға келген мұғжизалардың басы – Адам (а.с.) ға түссе, соңы Мұхаммедпен (а.с.) аяқталады. Ендеше, екеуінің де мұғжиасы – сөйлеуден тұрады (Адам (а.с.) әлемдегі барлық заттардың аттарын білген болса, Мұхаммедке (а.с.) түсірілген мұғжиза Құран, бұл да – сөзден тұрады – А.Х.).
23. Былай айтылады: Аллаһ тағала Адамға (а.с.) әлемдегі заттардың аттарын Өзінің құлдары сөйлейтін барлық тілде үйретті.
5-Ыдырыс (а.с.)
24. Ең алғаш рет қаламмен жазу жазған және ең алғаш киім киген Ыдырыс (а.с.) деп айтылады.
25. Хабарларда былай айтылады: Оның Ыдырыс аталуының себебі, ол Аллаһ туралы кітаптарды көп оқитын еді. Бұл кітаптар Адам (а.с.) мен Шиис (а.с.) ға түсірілген парақтар болатын. Оның есімі Ахнух деп аталды – [Адам ұлы Шиистің ұрпағына жатады – Аллаһ тағала оны күпірлік еткен Қабылдың әулетіне оларды иманға шақыру үшін шариғатпен жіберді].
26. Былай айтылады: Ыдырыс көктің төртінші қабатына көтерілді. Кейбір хабарларда алтыншы қабатқа дейін көтерілді дейді. Тағы бір хабарларда оның мүмін сәбилердің рухымен бірге жаннатта екендігі айтылады.
6-Нұх (а.с.)
27. Хабарларда былай айтылады: Нұх – пайғамбарлардың шейхы деп айтылады [Ахнұхтың ұрпағына жатады].
28. Хабарда: Нұхтың кемесі суда алты ай қалған. Оның алғашқысы Аллаһтың ережеп айының он күні, ал соңы – аш-шура айының соңғы күндері. Және оның шариғаты қалпына келтірілді,- деп келеді.
29. Хабарда: Қабыл мен Шиистің ұлдары бір-бірімен некелесті, сөйтіп, барлық жағдайларды ластады. Шиистің ұрпақтары жақсы амалдардың бәрін тәрк етіп, Қабылдың ұрпақтарының артынан азғындады. Осылайша, Аллаһ тағала оларға Нұхты жіберді,- деп келеді.

7-Һуд (а.с.)
30. Былай айтылады: [Нұхтың ұрпағынан] Һуд – Аллаһ тағала оны тура жолдан тайған Нұхтың қауымына Нұхтың шариғатымен жіберді.

8-Салих (а.с.)
31. Хабарда былай келеді: [Нұхтың ұрпағына жатады] – Аллаһ тағала оны Сәмуд тайпасына жіберді [Өйткені, олар Аллаһтың әміріне қарсы келіп, Аллаһтан басқаға ғибадат етті. Оның (Аллаһ тағаланың) көптеген мұғжизаларын көре тұра Оған сенбеді] – Шын мәнінде, олардың «Сәмуд» деген атауды – судан тапшылық көргендеріне байланысты берген. «Әс-сәмд» араб тілінде «аз су, суға тапшылық» деген мағына береді.

9-Ибраһим (а.с.)
32. Былай айтылады: шын мәнінде, Ибраһимді (с.а.) «Халил» деп атаған. Өйткені, ол үнемі Хақтың әміріне ықыласпен тағзым етіп, ғибадат қылатын. Адамдарға қонақжай еді әрі олардың өмірін молшылыққа кенелуге тырысатын [Ол Нұх ұлы Сәмның ұрпағынан]. Тағы былай айтылады: Оның «Халил» деп аталуының төрт себебі бар: (Оның «Халил» деп аталуы төрт нәрсеге байланысты) өзін оттан аямауы, жүрегімен Рахманға берілуі, баласын құрбандыққа қиюы, мал-мүлкін туысқандарына таратуы. Аллаһ тағала оны Нұх ұлы Сам ұлы Ирм ұлы Каус (Кауш) ұлы Намрұттың қауымына жіберген; олар пұттарға табынатын еді.


10-Лұт (а.с.)
33. Былай айтылады: Лұт – арабша есім. Түбірі: әлуат – байланысу, байласу деген мағына береді. Әлуат сөзі әл-лизуқ (жұғу жабыстыру дегенді білдіреді) сөзімен да мағыналас. «Лұт» деген атауды оның Ибраһим (а.с.) ға деген ыстық ықыласына қатысты берілген. Бір хадисте: «жүрегімен берілген бала» деп те айтылады. Харан ұлы Тарих ұлы Ибрахимнің ағасының ұлы Лұт. Аллаһ оны Иордания жерінде орналасқан «муғтафиқат» деп аталатын бес қалаға жіберген (Дадума, Амура, Сеуам, Садум және Суғар – А.Х.). Қауымының ешқайсысы Лұтқа мойынсұнбады әрі жаман іс-әрекеттерінен тыйылмады.

11-Исмайыл және Ысқақ (а.с.)
34. Көпшілік тәпсіршілер: құрбандыққа шалынған Ысқақ дейді. Ал, кейбірі – Исмайыл деп айтады. Дұрысы – Исмайыл, өйткені ән-нәби (а.с.): «әнә ибни зәбихәйни» («мен екі құрбандықтың ұлымын»),- деп айтқан. Бірінші құрбандық – Исмайыл. Мұхаммед (а.с.) – Исмайылдың ұрпағынан. Ал, екінші құрбандық – Мұхаммедтің (а.с.) әкесі Абдолла. Бұл оның нағашы атасы Абдмүтәліптің нәзірі бойынша.

12- Яқұб (Жақып) (а.с.)
35. Оның тегі Ысқақ ұлы Яқұб (Жақып).
36. Былай айтылады: Жақып «Исраил» деп аталады. Бұның себебі, иср – көне еврей тілінде құл деген мағынаны береді. Ал, ил – Аллаһ тағаланың есімдерінің бірі. Мағынасы – Абдуллаһ яғни, Аллаһтың құлы.
37. [Сұрақ: Жақып Жүсіптің түсі арқылы ағаларының оған қастандық жасайтынын біле тұра, неге оны ағаларымен бірге жіберді? Жауап: Өйткені, ол, тағдырына жазылса, қара жердің де оймақтай болатынын білмеді] .

13-Жүсіп (а.с.)
38. Көпшілік ғалымдар былай айтады: Жүсіп – көне еврей тіліндегі ат. Кейбір ғалымдар бұл арабтардың асифиһу – оны кейітті яғни ағдадүһү – оны ашуландырды деген сөздерінен келіп шыққан дейді. Аллаһ тағала: «Сөйтіп олар бізді кейіткен кезде, олардың тиісті жазасын бердік…» (Зухруф сүресі, 55-аят).
39. Былай айтылады: Шын мәнінде, нәбидің (а.с.) сахабалары «Бізге әмір пен тыйым туралы айтылмайтын әрі оқыған кезде жүрегімізді тыныштыққа бөлейтін (тыныштандыратын) бұрынғы ғасырлар туралы хабарларды баяндайтын сүре керек» деп айтты. Аллаһ тағала осы сүрені түсірді. Былай айтылады: яһудилер Омар Ибн Хаттабқа: «Сендер, біздің кітабымызда барлық нәрсе бар деген едіңдер. Қалайша, Жүсіп қиссасын білмейсіңдер?»-деді. Осыған байланысты Аллаһ тағала: «Ұғымын Алла біледі. Бұлар ап-айқын Құранның аяттары» (Жүсіп сүресі, 1-аят):,- деген сүрені түсірді, яғни, Аллаһ біледі әрі қайғы жұтқан шейх (Жақып (с.а.) пен қайғыға душар болған Жүсіпті өзінің қамқорлығына алды.
40. Нәби (а.с): «Сәби кездерінде тіл бітіп, сөйлеген төрт бала бар. Олар: перғауын қызының қызметшісінің баласы, Жүсіпке куәгер болған сәби, Жариһ әр-Рахибтің иесі және Иса»,- деп айтты.

14-Айюб (а.с.)
41. Айбю Ысқақтың ұрпағынан болды. Ол Ибраһимнің шариғатымен келді. Тегі – Рум елінен еді. Аллаһ тағала оны Шам жеріне жіберді.

15-Шұғайып (а.с.)
42. Былай айтылады: Шұғайып Нұайып ұлы, Анқа ұлы Мудайын ұлы Ибраһим ұлы (а.с.). Аллаһ тағала Оны аһл ал-мадианға Мадиан еліне жіберді. Мадиан елі – ну ағаштар мен төбешіктердің арасында орналасқан.
43. Риуаят етіледі: қашан Аллаһтың елшісі Шұғайыпты есіне алса, оның мәнерлі әрі шешендігіне тәнті болып, «бұл пайғамбарлардың шешені» деп айтатын.
16-Муса (а.с.)
44. Мусаның тегі туралы былай айтылады: Ол Имран ұлы Язһар ұлы Қаһас ұлы Лауий ұлы Жақып ұлы. Бұл туралы Қаһас риуаятында баян етіледі.
45. [Шын мәнінде, Муса ағасына пайғамбарлық келуін тіледі. Әрі солай болды да. Мұхаммед (а.с.) Мусаның мәртебесін көрсету үшін Мусаның нағашысына Аллаһтан иман сұрады. Пайғамбарлықтың дәрежесі – ең жоғары дәреже. Ал, иманның дәрежесі одан төменірек. Бұның басқа қандай баяны бар?] .
ж) Аллаһтың ілімінде Харун пайғамбарлардан болды. Әрі Муса дұға жасады. Аллаһтың ілімі бойынш, Әбу Тәліб мүмін болған жоқ. Аллаһ тағаланың сөзі: «(Мұхаммед ғ.с.) расында жақсы көргендеріңді тура жолға сала алмайсың. Бірақ, Алла кімді қаласа, оны тура жолға салады» (Қасас сүресі, 56-аят).

17-(әл) Қыдыр (а.с.)
46. [Былай айтылады: «Қыдыр» деп аталуының себебі, ол намаз оқыған жерінің бәрі жап-жасыл болып кететін].
47. Айтты: «Жердің бәрі жап-жасыл болып кететін».
48. Мусаның қайтатын уақыты келген кезде Қыдырға: «маған өсиет айт» деді. Қыдыр Мусаға: «артық сөз сөйлеме, қажетсіз жерге барма, қателескендерге күлме, оларға ұрыспа, сен де қателік жасаушылардансың, ей, ибн Имран» деді.

18-Ілияс (а.с.)
49. Ілияс Харун (а.с.) ның ұрпағы еді.
50. Былай айтылады: ол теңіздерге жіберілді. Ал, Қыдыр сахараға жіберілді. Екеуі де сүр үрленген уақытқа дейін мәңгілікте қалды. Екеуі жыл сайын маусым айларында кездесетін. Оларды кейбір салих, дұрыс адамдар көрген болуы керек.
51. Ілиясқа қауымы бойсұнбаған кезде, олардың арасынан кетіп, биік тауға шығып, онда Аллаһқа ғибадат етіп отырды. Жердің өсімдіктерін, ағаштың жемістерін жеді. Онда бес жылдан артық тұрды. Кейін, қауымынан қашып шықты. Бұдан кейін оны оттан жаратылған құлан (ат) бейнесіндегі жануар кездестірді – арыстан бейнесінде деп айтылады – оған мінді, желден де басып озды. Аллаһ оны адам әрі періште сипатында жаратты – яғни адам бейнесінде және періште табиғатынан етіп жаратты. Ілияс үңгірден шығуды қалаған кезде Әл-Ясағты көрді.

19-Әл-Ясағ
52. Әл-Ясағ үңгірге кіргенге дейін оның шәкірті болды. Оның ізімен жүретін еді. Оған суфтан /жүннен/ жубба /кең жеңді киім/ беріп, өз қауымына халифа етіп тағайындады. Кейін жануарға мінді де, ғайып болды. Әл-Ясағ қауымына барып, оларды Аллаһқа шақырды.

20-Зүлкафил
53. Оның уақыты жақындаған кезде Ілиястың ғибадаты мен дағуатындағы уазаифтерінде әмір еткеніндей өзінен кейін мұрагер етіп Зүлкафилді қалдырды. Шын мәнінде, оған Зүлкафил есімі Әл-Ясағты ілімге үйретуді өзіне міндеттеп алғанына байланысты берілді. Оның ілімі күндіз ораза ұстап, түнде тұрып, адамдардың арасында болу және ашуға бой алдырмау, асығыстық жасамау болатын.

21-Ишмуил (а.с.)
54. с) Аллаһ тағаланың сөзі: «(Мұхаммед (а.с.)…… Израил ұрпақтарының бастықтарын көрмейсің бе? Сол уақытта олар өз пайғамбарларына: «Бізге патша сайлап бер, Алла жолында соғысамыз» десті» (Бақара сүресі, 55-аят). Кімді сайлады: нәбиді ме, әлде патшаны ма?
ж) Тәпсіршілер: Ол — Ишмуил Һалқана ұлы /Һалқаза/ және патша Талут. Ол екеуі Жақыптың ұрпақтары деп айтады.
55. с) Аллаһ тағаланың сөзі: «…. оны періштелер көтереді …» (Бақара сүресі, 248-аят), яғни, табыт және сәкина /тас/. Табыт деген не? Сәкина деген не?
ж)Табыт Адамнан кейін алдыңғылардан соңғыларына мұраға қалған. Оның ішінде Мусаның аса таяғы, Харунның сәлдесі мен аса таяғы, Ысқақтың белдігі, тақта бөлшектері – бұл сынған тақталарды Муса кездестірген еді. Сондай-ақ, оның ішінде Тәуратта айтылатын екі тақта, Израил нәбиіне түскен өлшеу құралы, Жүсіптің са’асы /сусымалы денелерді өлшейтін құрал/ және пайғамбарлардың жүрегін жуған табақ, Сүлейменнің мұғжизасы болған сақина болды. Сәкинә – мысықтың басына ұқсас бір зат деп айтылады, екі көзді, екі қанатты, беті адамдың бетіне ұқсас, одан өлім күні одан дұшпанының зәресін алатындай арыстанның дауысына ұқсас дауыс шығады. Оның дауысымен соғыста жеңіске жететін деп айтылады.
56. Былай айтылады: Аллаһ Талут патшаны жіберді. Олар нәбилерінен патша жіберуді сұраған еді. Оларға нәбилері: «Оның патшалығының белгісі; Раббыларының тарапынан көңілге тоқтау болатын табыттың келуі»,- деді. (Бақара сүресі, 248-аят). Табыт Жалуттың тобынан болған кәпірлердің пұтханаларында еді. Аллаһ тағала періштелерге табытты Талут патшаға алып келуге әмір етті. Олар оны алып келді.

22-Дәуіт (а.с.)
57. Былай айтылады: Дәуіт Жақып ұлы Яһуданың ұрпағынан еді.
58. Былай айтылады: Аллаһ оған пайғамбарлық пен даналықты және патшалықты берді (Аллаһ оны пайғамбарлықпен, даналықпен және патшалықпен ерекшеледі). Тауларды оған бағындырды құстар онымен бірге мадақ айтатын, оған жақсы дауыс берді әрі темір илейтін өнер үйретті [сауыт жасау өнерін үйретті – ол өз еңбегімен тапқанды ғана қорек ететін] қарапайымдылықты, әділдікті, шындық пен жалғандықты ажырата білуді үйретті – осылайша, алдау мен арандатушылық пайда болған еді. Аллаһ тағала осы заңды /силсәлә/ түсірді – ғибадат ету үшін қуат, мықты ижтиһад берді. Дәуітке ибрани тілінде жазылған жүз елу аяттан тұратын Забурды түсірді. Мұнда халалды, харамды, нені істеу керек, неден аулақ болу керек т.б. хикметтер туралы жазылмаған. Онда тек уағыздар берілген. Оның он жеті ұлы болды.

23-Сүлеймен (а.с.)
59. Дәуіт ұлы Сүлеймен Дәуіттен де ұлы патша, Дәуіттен де әділ қазы болды /Дәуіттен де артық қазылық ететін/. Ал, Дәуіт болса, Сүлейменнен де артық ғибадат ететін.
60. с) Мұхаммед (а.с.): «Шын мәнінде, пайғамбарлардың салықтарын мұрагерлікке қалдырмаймыз және қалдырылмаймыз»,-деді. Ал, Аллаһ тағала: «Сүлеймен, Дәуіт (а.с.) ке мұрагер болды да»,- деп айтты. (Нәміл сүресі, 16-аят). Мұның мағынасы қалай?
ж) Хадис сахих: шын мәнінде, пайғамбарлар дирһамдер мен динарларды мұраға қалдырмайды.

24-Жүніс (а.с.)
61. Былай айтылады: Жүністің (а.с.) анасы Мәттә – пайғамбарлардан Оның қауымында өтірік сөйлегендерді өлтіретін әдеті болған. Қауымына Жүніс уәде еткен азап уақытында келмеген кезде, Жүніс өзін өлтіре ме деп қорқып әрі ашуланып, олардың арасынан әмірге келмей әрі күреспей шыққан еді. Қауымына сабыр етпей, олардан жасырынды. Аллаһ тағала Мұхаммедке тыйым салып: «Балық иесі (Жүсіп Ғ.С.) құсама»,-деді (Қалам сүресі, 48-аят).

25-Ғұзайыр (а.с.)
62. Былай айтылады: Ғұзайыр Бәйтул-Мұқаддастағы ауылдардың біріне есегімен келіп жеткен кезінде онда сусын, жүзім мен інжір салынған себеті болған еді. Ол есегінен түскенде ауыл тұрғындарының бәрінің өлі екендігін көрді. Ол : «Аллаһ бұны өлгеннен кейін қайтып тірілтеді?»,- деп айтты. (Бақара сүресі, 249-аят). Мұнда Ғұзайыр Аллаһтың құдіретіне қарсы келіп немесе таңданып айтқан жоқ, тек Аллаһтың өліні қалай тірілтетінін көргісі келді. (Ол «әннани?» – яғни «қалай?» деді) – «Аллаһ оны жүз жыл өлтіріп, сосын тірілтті» (Бақара сүресі, 259-аят).
63. Былай айтылады: Аллаһ оны жіберген кезде бір дауыс естілді: «Қанша жаттың?» (Бақара сүресі, 259-аят), ол айтты: «Бір күн» (Бақара сүресі, 259-аят), кейін күнге қарады, батайын деп қалған екен. Сосын айтты: «немесе күннің бір бөлімі жаттым» (Бақара сүресі, 259-аят) Оған сөйлеуші былай «Жүз жыл жаттың» деді. (Бақара сүресі, 259-аят). Сусыны да, жүзімі де, інжірі де өзгермеген – Аллаһ тағаланың сөзі «Есегіңе қара» (Бақара сүресі, 259-аят), есегінің сүйектері ағарып, буындары бөлініп кетіпті: «Ей, шіріген сүйектер! Мен сендердің жаратушыларыңмын және сендерге рух беріледі (барлығы өз орнына)»,-деген дауыс естіді сөйтіп олар жиналып, барлығы орнына келгенінше жинақталды. Осы жердегі «сүйектер» (Бақара сүресі, 259-аят) Ғұзайырдың сүйектері еді деп те айтылады. Өйткені, Аллаһ ең алдымен оның басындағы көздерін тірілтті, содан кейін өзінің сүйектерінің етпен қалай қапталғанын көзімен көрсін деді. Аллаһ тағаланың сөзі: «Сені адамдарға үлгі үшін өстідік» (Бақара сүресі, 259-аят), яғни өліні тірілтудің белгісі еттік.
64. Былай айтылады: Таңғаларлығы, Ғұзайыр қырық жаста еді, ал баласы жүз жиырма жаста. Кейбір хабарларда: ол екеуі ағайынды еді, тату-тәтті болды, екеуі бір ананың құрсағынан туды әрі екеуі бір күнде қайтыс болды. Ол екеуінің біреуі қырық жаста, ал, екіншісі, жүз қырық жаста еді,-деп айтылады.
26-Зәкәрия (а.с.)
65. Былай айтылады: Зәкәрияның әкесі Азан болды – Масан ұлы Жақып және Бәни Израил патшаларының ұлдарының бірі болған Мәсан ұлы Имран. Аллаһ тағала оны Израил еліне олар Бәбал жерінен Бәйтул-Мұқаддасқа келгеннен кейін жіберді.

27-Яхия (а.с.)
66. Былай айтылады: Яхия деп аталуының себебі, Яхияны (хаийа – араб тілінде тірілу, өмірге келу дегенді білдіреді. Яхия осы түбірден туындаған зат есім – А.Х.) өмірге әкелу арқылы анасы әйел атанды (жатырына жан бітті), себебі ол бедеу еді.
67. Тарихшылар:[Яхия мен Исаның туыстық байланыстары туралы] Мәриям Яхияның нағашысының қызы әрі Исадан алты ай үлкендігі бар еді. Яхияны патша өзінің қалаған нәрселеріне қарсы болғаны үшін Иса аспанға көтерілгенге дейін өлтіртті,- дейді.
68. Былай айтылады: Төрт адам: Жүсіп, Сүлеймен, Яхия және Иса жас кездерінен пайғамбар болды.

28-Иса (а.с.)
69. Былай айтылады: Шын мәнінде, Иса Мәсіх Мариям ұлы Имран қызы Масан ұлы Дәуіт ұлы Сүлеймен ұрпағынан еді. Оның мәсіх деп аталуы ол ауруларды сипау арқылы емдейтін еді (мәсіх – араб тіліндегі «масаха» сөзінен шыққан – сипау, жағу деген мағына береді). Бұл аурулар емделейтін аурулар еді (емделмейтін аурулардан еді). Мәсіх сөзі – араб тіліндегі «فعيل» үлгісімен жасалып тұр. Бұл «رحيم» /рақым етуші/, «عليم» /бәрін білуші/ атаулары сияқты «فاعل» үлгісіндегі мағынаны береді, яғни «ماسح» (жағушы/. Басқа бір деректерде «мәсіх» сөзіне қатысты: «Иса аяқты алақанымен сипаған кезде бәрі теп-тегіс болып жазылып кететін»,-дейді. Мұнда «أمسح» сөзі «مفعول» үлгісіндегі мағынаны беретін «فعيل» үлгісімен жасалып тұр. Аллаһ оған анасының құрсағында жатқанда-ақ хикмет пен Тәуратты үйретті.
70. Бір деректерде Иса анасының құрсағында бір сағат жатты десе, басқа бір деректе үш сағат дейді. Ал, тағы бір деректе жеті сағат, келесі бір деректе толық бір күн жатты дейді. Тағы бір дерек бойынша, тоғыз ай деп айтылады. Әһл әл-хикмалар /даналар/: ол анасының құрсағында сегіз ай жатты. Өйткені, сегіз айлық балалар туылғаннан кейін шетінеп кетеді (яғни, сегіз айлық бала болмайды, не жеті ай, не тоғыз ай – А.Х.). Бұл тек Исаға ғана берілген Аллаһтың кереметі еді,- дейді.
71. Былай айтылады: Аллаһ тағала оны ерекше құрметпен Аллаһ рухымен жаратты, яғни Аллаһтың үйі сияқты құрметті етті [Жебірейілді осы үшін рух-ул амин, рух-ул-қудс деп аталған /шыншылдық рухы, қасиет рухы/]. Хабарларда: Оның бар болуының себебі Жебірейілдің үрлеуінен болған. Аллаһ тағаланың сөзі: «Сондықтан рухымыздан үрлеген едік…» (Тахрим сүресі, 12-аят); тағы бір деректерде: Аллаһ ол арқылы өлілерді тірілтті,- деп айтылады. Басқа бір деректе: Исаның Аллаһтың сөзімен жаратылды деп айтылуының мағынасы – ол Аллаһтың «Бол!» (Мариям сүресі, 35-аят) деген сөзімен бар болғандығы үшін. Анасы оны басқа сәбилер сияқты дүниеге әкелген жоқ (яғни оның дүниеге келуі басқа сәбилерге ұқсамайды),- деп келеді Басқа бір деректерде: Аллаһ оны «… әрі Мәриямға жалғастырған сөзі…» (Ниса сүресі, 171-аят), бірақ, мұның қандай сөз екендігі белгісіз,- деп айтылады.

29-Мұхаммед (а.с.)
72. Былай айтылады: Пайғамбарымыз (а.с.) Мұхаммед Абдуллаһ ұлы Әбдулмүттәліб ұлы Хашим ұлы Әбдүлманап ұлы Құсай ұлы Киләб ұлы Мурра ұлы Кәғб ұлы Лууай ұлы Ғалиб ұлы Фәһр ұлы Мәлік ұлы ән-Надыр ұлы Кәнәна ұлы Хазима ұлы Мудрикә ұлы Ілияс ұлы Мадар ұлы Нәзаар ұлы Магадд ұлы Ғидман ұлы Әдд ұлы Әдәд ұлы Әл-Һамисиғ ұлы Ясшаб ұлы Нәбат ұлы Хамал ұлы Қайдар ұлы Исмайыл ұлы Ибраһим ұлы. Аллаһ тағала оны жарқын болашаққа, күшті дәлелдермен жіберді.
73. «Расында Біз Перғауынға пайғамбар жібергендей сендерге де күә ретінде пайғамбар жібердік» (Мүззәмміл сүресі, 15-аят).
ж) Былай айтылады: Мусаның бес дұшпаны болды. Олар: Перғауын, Хаман, Мусаның бөлесінің ұлы Қарун, Самри және Ауж ибн Ұнқ. Аллаһ тағала олардың әрбіріне бәле жіберіп, опат етті. Мұхаммедте де бес дұшпаны болды. Олар: Әбу Жәһил, Аса бин Уаил, Асуад бин Әбд Яғус, Асуад бин Әбд Мүттәлиб және Харис бин Қайыс. Аллаһ оларға әртүрлі опат жіберді.
74. Тарихшылар былай дейді: шын мәнінде, Мұхаммед піл жылының он екінші түнінде, көктем айының басында, дүйсенбіде, таң сәріде дүниеге келді. Ол төрт немесе бес айлық болған кезінде әкесі қайтыс болды, бірнеше күндерден кейін анасы дүниеден өтті. Сөйтіп, оны атасы Әбдмүттәліп асырап алды. Кейін Бәни Сағдтан бала емізуші іздеді. Хауазин тайпасынан Бин Бәкр деген кісінің әйелі Халима бинт Әбу Зуайбқа баланы емізуге берді. Мұхаммед оларда бес жасқа дейін болды. Мұхаммед (а.с.) тың сөзі: «Мен шешендік сөзді арабтардың қолында болып үйрендім. Өйткені, мен құрайыш тайпасынан едім. Және Бәни сағдтық Бин Бәкрдің қолында өстім. Енді, қалайша, мен арабша сөйлеуде қателесемін /қалайша арабша судай сөйлемеймін/». Кейін Аллаһ оған елшілік міндетті жүктегенге дейін ағасы (әкесі жағынан) Әбу Тәліптің тәрбиесінде болды.
75. с) Неге Аллаһ тағала

30-Һарут және Марут
76. Һарут және Марут деген екі періште Вавилондағы үңгірдің ішіндегі құдықтың су тартып шығаратын арқанына айқасқан күйлерінде жабысып тұрған. Бұл екі періште Ыдырыс заманында өмір сүрген – күндіз екі періште адам бейнесінде адамдардың арасында болып, түнде періште бейнесінде аспанға оралатын. Ол екеуі жүгенсіздікпен болған нәпсіқұмарлыққа лайықты азап әкелуге міндеттелген періштелер еді Бір деректерде: Ол екеуі Зуһра есімді әйелге бірдей ғашық болған. Сол себепті олар о дүниедегі азаптың орнына бұ дүниедегі азапты таңдады. Осы таңдаудан кейін Аллаһ оларды ана жақта азапқа салды,- деп айтылады.

31-Кәлиб
77. Кәлиб бин Юфна. Бұл туралы Кәлуб риуаятында баян етіледі.
78. [Былай айтылады: Ол халифа Мусаның ізбасары (халифасы)– яғни Юшағ бин Нун бин Ифраим бин Жүсіп бин Жақып]. Ол дүниеден өткеніне дейін ең жақсы халифалардан болды. Қайтыс болғанына дейін шариғат әмірлері бойынша ұлы Юсақұсты Бәни израилдықтарға өзінің мұрагері етіп қалдырды.

32-Хазқиал
79. Аллаһ одан кейін Хазқиал (а.с.) ға уаһи етті. Ол өлімнен қорқып, үйлерінен шыққан мыңдағандарды Аллаһтың жіберген дұғасы арқылы тірілткен адам. Бұл, Аллаһ тағаланың мына сөзі: «(Мұхаммед ғ.с.) ол мыңдағандардың өлімнен қорқып, жұрттарынан шыққандарын көрмейсің бе?» (Бақара сүресі, 243-аят).
80. Былай айтылады: Шын мәнінде, оба ауруы келіп жеткен кезде олар жерлерінен жүгіре шығып, үйлерін тастап қашты. Бәрі де өлді.
81. Былай айтылады: олардың жандарынан Хазқиал өтіп бара жатып, оларды иманға шақырып, өзінің дұғасымен тірілтті.

33-Асхабул кәһф
82. Былай айтылады: Асхабул кәһф (үңгір иелері) Самадтағы Дақиянус патшаның кезіндегі бір патшаның жас балалары еді. Олар Дақиянус патшаның қарапайым істерді атқарудағы әлсіздігі мен үй жануарынан қорықандығын көріп, өздерінің тәңірлерін іздеу үшін қашып кетті. Олардың біреуі ит еді. Бір деректерде бұл иттің оларды қорғау үшін жіберілгені туралы айтылады. Олар үңгірді кездестіріп, оның ішіне кірді. Ит үңгірдің есігінің алдына ұйықтады. Олар онда ояу адам күйінде ұйықтап жатты. Аллаһ оларды ұлылық киімдерімен киіндірді.


34-Асхабул рақим
83. Былай айтылады: Әр-рақим – асхабул-кәһфтің (үңгір иелері) аттары мен олардың қиссалары туралы жазылған, қорғасыннан жасалған тақта – бұл «мафғуул» мағынасындағы «фағиил». Деректе: әсхабул рақимда үңгірдің айналысындағы оазис тұрғындарының да аттары жазылған,- деп келеді.
84. Былай айтылады: әсхабул рақим үш адамнан тұрды және олар отбасыларын зерттеуге шықты. Аспан бұлттанған кезде үңгірге барып тығылды. Таудан жартас құлап, үңгірдің есігін жауып тастады.

35-Асхабул фил
85. Асхабул фил (піл иелері). Былай айтылады: Хабаши патшасы адамдардың тауаф әрі зиярат ететін үйлері Қағбаны қиратуға шешім қабылдады. Ол Әбраһа Бин Сабахты әскер басы етіп, көптеген пілдерді қосып беріп, қарулы әскерлерді аттандырды. Олар Тихама тауына келіп жеткен кезде Мұхаммедтің (а.с.) атасы Абдул Мүттәлібке Абраһаның келгені туралы хабар жетті. Ол (Абдул Мүттәліб) оларды кездестіруге шығып, оларға: «Шын мәнінде, бұл үйді иесі сақтайды, маған біріншісін қалдырыңдар»,- деп уағыз айтты. Ол оның сөзіне көңіл бөлмеді. Абдул Мүттәліб кеткен кезде олар серіктерімен бірге Қағбаны қиратуға аттанды. Аллаһ оларға «топ-топ құстар жіберді» (Філ сүресі, 3-аят) – яғни бірінің артынан бірі топтасқан тізбекпен – «Құстар, оларға балшықтан жасалған тастар атып; (4) Сонда оларды желінген топан тәрізді қылды» (Філ сүресі, 5-аят, яғни сының), яғни егінін жеп қойған егістік әрі жайлау тәрізді етті. Сондай-ақ дәнін жеп, қабығы қалған тұқым сияқты деп те айтылады.

36-Асхабул раса (яһуди тайпасының аты — А.Х.)
86. Былай айтылады: олар Хұд және Салих қауымынан қалғандары еді. Олар Аллаһтың Құранда зікір еткен (есіне алған) құдыққа түсірілген еді. Аллаһтың сөзі «… иен қалған құдық….» (Хаж сүресі, 45-аят), Бір деректе: барлық құдық сусыз әрі елсіз қалды, өйткені, ол иесіз еді. Әрбір құдық таспен және кірпішпен бекітілген. Ол – олар құдықтарды жөндеп, сонда тұрақтап, бұзылған сарайларды (қорғандарды) тұрғызды. Олар абыройлы (пәктігінен айырылмаған) қыздар мен күңдерге табынатын. Олардың жасы отызға келгеннен кезде өлтіріп, басқасына айырбастайтын еді. Аллаһ оларға бір айда отыз нәби жіберді, олар бұлардың бәрін өлтірді. Аллаһ оларға тағы бір нәби жіберіп, ол жеңіске жетті. Ол кек алғанша Аллаһтың қолдауында болды. Кейін олардың жайылымдарына жан-жақтан жел жіберіп, оларды быт-шыт етіп, қиратты. Сосын барлық құдықтарға Жебірейіл арқылы құрғақшылық жіберді,- деп айтылады.
87. Былай айтылады: Олардың саны алты жүз мың еді, барлығы да шөлден қаза тапты.

37-Асхабул ухдууд
88. Асхабул ухдууд. Әл-ухууд бұл қазылуға әмір етілген шұңқыр [Иемен жақта орналасқан Нәжран қаласында]. Патша ор қаздырып, ішіне от жағып, кім Аллаһты дәріптесе, отқа лақтыратын еді. Бір сәби Аллаһты мадақтап, патшаға қарсы шықты. Сәби садақпен атып өлтірілді.

38-Лұқман (а.с.)
89. Былай айтылады: Лұқман хакім хабашилік бір ұстаның құлы болған. Иесі оған бостандық берген. Ол ұйықтап жатқан кезінде оған хикмет берілді. Оянған кезінде хикметпен сөйлей бастады.
90. Бір күні бір ер адам адамдарды жинап, уағыз айтып отырған Лұқманды көрді. Ол: «Хабашилік құл сен емессің бе?»- деп сұрады. Ол айтты (Лұқман): «Иә»,- деді. Ол: « Бұл дәрежеге қалай жеттің? (Менің көріп тұрғаныма қалай жеттің?)»,- дегенде, ол (Лұқман): «әңгімеде шындықты айттым, аманатты орындадым, маған қатысы жоқты тәрк еттім»,- деп жауап берді.

39-Зүлқарнайын
91. Былай айтылады: ол Рум патшаларының ұлдарының бірі болды. Аты Ескендір бин Филфус Айса бин Ысқақ бин Ибраһимнің ұрпағынан еді. Оның Зүлқарнайын деп аталу себебі, оның басының алдынғы жағында итбалықтың мүйізіне ұқсас екі мүйізі болды. Басқа бір деректе: өйткені, ол жердің екі мүйізін, яғни Батыс пен Шығысты айналып жүрді деп айтылады. Бір деректе: онда екі әдемі зу’абасы мүйізі болды. Зу’аба «қарн, мүйіз» деп аталса, тағы бір деректе: ол жарық пен қараңғылыққа кіргендіктен Зүлқарнайын аталған дейді. Оның пайғамбарлығы туралы талас бар.

40-Аллаһтың Антакияға жіберген үш расулы (елшісі) туралы
92. Аллаһ тағаланың сөзі: «Оларға екі елші жібердік» (Ясін сүресі, 12-аят): олардың аттары Туман, Булис [үшіншісі Шамғун].
93. Былай айтылады: Олар Антакияға кіріп, адамдарды Аллаһқа шақырған кезде олар туралы хабар патшаға жетіп, патша ол екеуін түрмеге жапты (қамауға алды). Хауарилердің (Иса пайғамбардың қасына ергендер – А.Х.) басшысы Шамғун біліп, ол екеуіне көмектесуге келді. Шамғун патшадан оларды босатуын өтінді. Ол оның кітаптарды білетіндігін біліп, олардың сотына қатысуды сұрады. Шамғун патшаның алдында ол екеуінен «мен Исаның өлілері тірілтетіндігін естідім. Екеуіңде осыған дәлел бар ма?» деп сұрады. Олар: «иә» деді. Сөйтіп олар әлі жерленбеген мәйітті алып келді. Бұл ұста Ибн Хабиб еді – Хабиб бір Құдайға сенетіндерден еді – Аллаһ ол мәйітті олардың дұғасымен тірілтті. Хабиб онда кіріп, патшаның алдында (патшаның көзінше) ұлынан сұрады: «Балам не көріп тұрсың?», ол айтты: «аспанның төртінші қабатында бәйтул мағмурдың (аспандағы мешіт) есігінің алдында жас жігітті көріп тұрмын. Ол бұл үшеуін шақырып тұр әрі Аллаһтан олардың амандығын сұрап тұр». Патша Шамғунның олардан екенін біліп, оларды босатты. Олар патшадан шыққан кезде, адамдар оларды өлтірмекші болып, оларға: «….әлбетте сендерді таспен атқылаймыз» (Ясін сүресі, 18-аят) деді, Хабиб келіп, оларға қарсыласты. Аллаһ Тағаланың сөзі «Қаланың шетінен біреу жүгіріп келіп…», яғни Антакияның шетінен (Ясін сүресі, 20-аят). [оларға Хабибтің сезімдері арқылы иман келген кезде, олар оны өлтірді]. Бір хадисте нәби: «Жебірейіл кірпік қаққанша, Аллаһқа күпірлік етпеген үш қауым бар: перғауын кезіндегі мүмін, Ясін сүресінде айтылатын мүмін — ұста Хабиб, Әли бин Әбу Тәліп. Соңғысы басқаларынан абзалырағы»,- деген.


41-Асхабул даруан
94. Былай айтылады: Иса қауымынан шыққан бір салих (өнегелі, дұрыс) адам Даруанда өмір сүретін еді. Даруан – Сана мен Иеменнің ортасында орналасқан жер. Даруанда әлгі адамның жыл сайын ұшыр (салық) төлеп тұратын бақшасы бар еді. Ол ұлдары үшін де салық төлейтін еді. Бұл адам дүниеден өткен кезде балалары өздерінің нығыметтерінен ешкімге бермеуге келісіп, кедей-кепшіктер жиналмай тұрып, таң сәріден барып, барлық жемістерді жинап алуды шешті. Аллаһ тағаланың сөзі -«Сол уақытта олар таң сәріден оның жемісін жинап алуға ант-су ішті» (Қалам сүресі, 17-аят). Олар осыны мақсат етіп, сонда түнеді. Таң алдында азапты көрді. Аллаһ тағаланың сөзі -«Сонда олар таң сәріден дабыстады» (Қалам сүресі, 20-аят) яғни бақша қара түтінге айналып кеткен екен. Бір хабарда «қараңғы түн сияқты» деп айтылады.

42-Сәбә қауымы
95. Былай айтылады: «Сәбә» деген ер адамның аты. Оның атымен Палестинадағы бір елдің аты аталады. Сәбә елі халқы көп, тегіс жерде орналасқан еді. Бұл халықтың су мен жаңбыр суы жиналатын үш су қоймасы бар еді. Су қоймаларында шегелермен бекітілген қалқандары бар еді. Бұл қалқандар арқылы Сәбә халқы қажеттерінше су алатын еді. Және оларда бақшалары мен жүзім алқабтары бар еді. Олардағыдай ауқатты тұрмыс ол жерде ешкімде жоқ еді. Олар Аллаһтың нығыметіне шүкіршілік етпей, күпірлікпен айналысып, осы су қоймаларымен, оның суымен менменсіп, астамшылық жасап, нәбидің дағуатына еш құлақ аспайтын еді. Аллаһ оларға «…күшті сел…» (Сәбә сүресі, 16-аят) жіберіп (сайл – сел су қоймасының суы, ғарим – тышқандар) – олар қалқандарды сындырып, шегелерін бүлдірді. Әлі су қоймаларынан сел ағып, олардың үйлерін, бақшаларын жерлеріндегі өсімдіктерінің барлығын талқандап, ағаштар мен райхан гүлдері және жасыл жемістердің орнына жыңғылдар мен арамшөптерді бастырды. Сәбә халқы сусыздық пен аштықтан қырылды.

 


Пайдаланыған әдебиеттер

1. Әл-Фараби. Әлемдік философиялық мұра. Жиырма томдық. Әл-Фараби мен Ибн Сина философиясы. – 4-том. Алматы. 2005. – 130-б.
2. Есім Ғ. Фалсафа тарихы. – Алматы: Раритет, 2004. – Әл-Ғазали.
3. Әбу Насыр Әл-Фараби. Китәәбул миллә уа нусус әл-ухра. Бейрут, 1991.
4. Баранов Х. Арабско-русский словарь. Ташкент, 1994.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *