ӘБУ ХАМИТ МҰХАММЕД ИБН МҰХАММЕД АТ-ТУСИ ӘЛ-ҒАЗАЛИ(1058ж. Тус, Иран – 19 желтоқсан, 1111ж. Тус, Иран)

ӘБУ ХАМИТ МҰХАММЕД ИБН МҰХАММЕД АТ-ТУСИ ӘЛ-ҒАЗАЛИ
(1058ж. Тус, Иран – 19 желтоқсан, 1111ж. Тус, Иран)

— мұсылман дүниесінде беделі мықты, Мұхаммед пайғамбардан кейінгі екінші мұсылман деген атаққа ие болған ойшыл.
Мұсылмандық Шығыс жұртының әлеуметтік-тарихи дамуы Ибн-Сина кезеңінен соң құлдырай бастады, бірақ мұсылмандық оқу орындары көбейді. Солардың бірінде, селжұқ сұлтаны Мелик шахтың уәзірі Низам әл Мүлік Бағдатта ашқан теологиялық академияда әл Ғазали ұстаздық етті әрі онда басшылық жасады. Ол үнемі ізденіс-күдік процесін басынан кешті, ақиқатқа Августин Аврелий секілді қиын жолмен жетті, фикх-мұсылмандық құқықтан дәріс бергенімен, өмірінің соңында таза сопылық жолына түсті.

Шығармалары:

Әл-Фараби мен ибн-Синаны көп зерттеген әл-Ғазали өзінің пікірлерін «Философтарды терістеу» еңбегінде баяндады.

Философиялық көзқарастары:

Әл-Ғазалиді ғылым мен философияны мүлдем теріске шығарушы деп санауға болмайды. Мысалы, ол математика, физика, медицина, логиканың практикалық пайдасын мойындайды, бірақ белгілі бір шекара болуы қажет, ғылыми тұжырымдарды теологиялық сұрақтарды шешу үшін пайдалану дұрыс емес, себебі философтардың бәріне сенбеу және құдайсыздық тән дейді. Әл-Ғазали философтарды үш категорияға бөледі:
 Дахриттер – Эмпедокл, Анаксагор, Демокрит және тағы басқа ежелгі философтар. Олар жаратушыны мойындамайды, дүниені мәңгілік деп есептейді;
 Жаратылыстанушылар – бәрін табиғи себептер арқылы түсіндіреді, о дүниені жоққа шығарады;
 Метафизиктер – Сократ, Платон, әл-Фараби, ибн-Сина-«философ-мұсылмандар».
Әл-Ғазалидің пікірінше, олардың үш қателігі бар: біріншіден-дүниені мәңгілік деп есептейді; екіншіден-олар Алла тек универсалды нәрсені ғана біледі, жеке нәрсені білмейді деп Алланың мүмкіндігіне шек қояды; үшіншіден-таза рух мәңгілігі қайта тірілту, жазалауды жоққа шығарады.
Әл-Ғазали себептіліктің обьективті сипатын мойындамайды, заттардың арасын байланыстыратын Алла деп есептейді. Адам Алла алдында дәрменсіз деген әл-Ғазали таза өмір сүремін деген адам сопылық жолына түсуі қажет деп қорытынылайды және өзінің сопылыққа жету тәжірибиесін баяндайды:
«..Маған кімде-кім тақуалық өмір сүрсе және дүние қызығынан бойын аулақ ұстаса, сол ғана о дүниеде масайраудан үмітті екені, ..күйбің тіршілік мекенін тастап, мәңгілік мекеніне бет бұрып және өзіңнің бар ынтаңды ұлы мәртебелі Аллаға аударып, жалған дүниемен қосақтаған жіпті үзу қажет екендігі, оны жасауға құрмет пен байлықтан бас тартқандар, жалған күйбің және онымен байланыстан бойын аулақ салғандар ғана жете алатыны аян болды. Сонда мен өз жанарымды өз жағдайыма аудардым. Байқасам, менің өзім жан-жағымнан шырмап алған жалған байланысқа белшемнен батып тұрмын. Өзімнің қызметіме және ондағы ең жақсы, ізгі дегенге: лекция оқу мен дәріс беруіме көзімді тігіп едім, мені өзін о дүниеге сапар шегуге даярлаған адам үшін не маңызы, не пайдасы жоқ ғылымдардың еліктіріп келгенін көрдім. Өзімнің ұстаздық қызметімде жетсем деген мақсаттарым туралы одан әрі ойлана келіп, мен осы мақсаттарға қатысты ойларымның тұтасымен жалғыз Аллаға арналмағанын, құрмет пен даңққа жету болғанын білдім. Мен өзімнің жар жағасында тұрғаныма және жағдайымды түзетуге шұғыл кіріспесем, сөзсіз тамұққа баратыныма көзім жетті. …Ұзақ ойландым.
…Он жыл.
…. мәртебелі жасаған Алла жолымен жүрушілер дәл осы сопылар екені, олардың тұрмыс-салты ең жақсы тұрмыс-салты екені, олардың жолы-ең дұрыс жол екендігі мен үшін мейлінше айқын болды.
… Сопылардың барлық харекеттері, барлық құпия және жария ойлары – пайғамбар хұзырынан құйылған нұрдан, ал жер бетінде адамдар өз бағытын түзейтін пайғамбар нұрынан өзге еш сәуле жоқ».
Осылайша пайымдаған әл-Ғазалидің ойынша, Алланы білмеу – у, жүрекке зиян ауру. Алланы білу – у-ға қарсы ем, жүрекке дәрі. Адам пайғамбарлардың айтқанымен жүруі керек, олар құдайы қасиеттерге ақыл-ойдың көмегімен емес, Алланың нұры арқылы жеткен. Ақыл-ой пайғамбарлықтан, даналық сенімнен әлсіз деп қорытқан Ғазали дінді философиядан жоғары қояды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *