ӘБУ-НАСЫР МҰХАММЕД ИБН МҰХАММЕД ИБН ҰЗЛАҒ ИБН ТАРХАН ӘЛ-ФАРАБИ АТ-ТҮРКИ


ӘБУ-НАСЫР МҰХАММЕД ИБН МҰХАММЕД ИБН ҰЗЛАҒ ИБН ТАРХАН ӘЛ-ФАРАБИ АТ-ТҮРКИ
(870ж. Отырар қаласы (Қазақ Елі) – 950ж. Дамаск, Сирия)

— қазақ жерінен шыққан әйгілі «Екінші-Ұстаз», әмбебап, математик, философ, музыка зерттеушісі, тарихшы, энциклопедист-ғалым.
Аристотель шығармалары сол кездің өзінде-ақ араб тіліне аударылып үлгерген-ді. Араб Шығысында Аристотельдің кейбір құнды ойлары бұрмаланып көрсетілді. Бірақ көп еңбектері тәржімаланбағандықтан ұлы грек философиясының ойын түсіну қиын болды. Сондықтан да, көп тілдерді жетік білген ұлы ғалым жерлесіміз Аристотель шығармаларына араб тілінде түсіндірме жазуды ұйғарды. Сөйтіп, ол ұлы философтың мұраларын жаңсақ пікірлерден тазартып, өз қалпында дұрыс түсіндіре біліп, өзінің бірінші ұстазға деген ғылым саласындағы үлкен адамгершілік, азаматтық іс-әрекетін таныта білді. Сондықтан да, шығыс философтары оны «Әл Му’алим Әс-Сани» — «Екінші ұстаз» деп атаған.
Әл-Фарабидің түркі тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққаны бізге мәлім, бұған дәлел оның толық аты жөнінде «Тархан» деген атаудың болуы. Әл-Фараби 870 жылы Сыр бойындағы Арыс өзені Сырға барып құятын өңірдегі, Фараб қаласында дүниеге келді.
Кеңінен мәлім екі дерек бар: 1218 жылы моңғолдар қаланы қиратты, бұл «Отырар апаты» деп аталды; онаң соң 1405 жылғы ақпанда мұнда Әмір Темір қайтыс болды. Отырар жайында біздің қолымызда Ибн Хаукальдың, Абул Фиданың, қытай деректемелерінің мәліметтері бар. Отырар жөнінде Птоломейде де айтылған. Отырардағы кітапхана, ел ауыздағы аңызға қарағанда, кітабының саны жағынан атақты Александрия кітапханасынан кейінгі екінші орында болған.
Қазақ топырағынан шыққан ғалымдар Әбу-Насыр Әл-Фараби, Исхақ Әл-Отрари, Исмаил Әл-Шаухари, Жемал Әл-Түркістани, Әл-Сығнақи, Әл-Қыпшақи, Қадырғали Жалаири және басқалар жазған еңбектердің белгілі бір мәдени негізде дүниеге келуі әбден табиғи нәрсе. Осынау саңлақтардың ішінде жалпы әлемге әйгілі алып тұлға ретінде көзге көрінетін әл-Фарабидің орны ерекше.
Білімге, ізденуге деген құштарлықтың жетелеуімен ол, жас шағында, дүниедегі құбылыс біткеннің бәрі кісіге әрі ғажап, әрі таңсық көрінетін кезде саяхат жасап, сол замандағы мәдени әлемнің көптеген орталықтары: Хорасанда, Бағдадта, Дамаскіде (Шам), Алеппода, Каирда (Мысыр) болған.
Өз өмірінің көп жылдарын ол, Араб Халифатының саяси және мәдени орталығы болған, Бағдадта өткізді. Мұнда ол өз білімін әбден тиянақты меңгеріп, толықтырады, көрнекті ғалымдармен байланыс жасайды, сөйтіп өзінің білімдарлығы, ақылының алғырлығы және асқан байсалдылығы арқасында көп ұзамай олардың арасында үлкен абырой-беделге ие болды. Бірақ өресі тайыз, кертартпа хадисшілер оны жек көріп, күндей бастаған, әсіресе, олар Әл-Фарабидің бүкіл ойының негізгі мәніне қарсы шыққан, өйткені, оның дүниеге көзқарасы шынайы болмысты танып білуге, адам бақытын о дүниеден іздеп табуға мезгейтін еді. Ақыр соңында Әл-Фараби лажсыздан Бағдадтан кетеді. Өзінің «Фусул ал-мадани» («Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері») деген соңғы шығармасында ол: «Адам ғылымға түрліше тосқауыл жасайтын мемлекеттен кетіп, ғылыми өркен жайған елде тұруға тиіс», – дейді. Әл-Фараби Александриялық (Мысырлық) ғалымдар, яғни бір кезде Александриядан ығыстырылған несторианшыл христиандар тұратын Хоранға келіп қоныс тебеді. Өмірінің соңғы жылдарын Алеппо мен Дамаскіде өткізеді, мұнда ол Солтүстік Сирияның жетекшісі әрі саяси қайраткері Сейд Ад-Дуаль Хамданиге аса кадірлі болды. Әл-Фараби 950 жылы 80 жасында қайтыс болды.

Философиялық шығармалары:

«Ғылымдардың шығуы», «Ғылымдар энциклопедиясы немесе тізбегі», «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Музыканың үлкен кітабы», «Философияны аңсап үйрену үшін алдан-ала не білу қажеттігі жайлы», «Ақылдың мәні туралы», «Әлеуметтік-этикалық трактаттар», «Философиялық трактаттар», «Құдыретті Платон мен Аристотель көзқарастарындағы ұқсастық», «Жан туралы», «Птоломейдің Алмагесіне түсініктеме» және т. б. 100-ден астам философиялық еңбектер жазған. Фараби ғылымның философиялық-логикалық іргетасын дұрыстап қайта қалап шықты. Ол музыка жайлы күрделі зерттеулер жүргізді. Фарабидің метафизика, тіл ғылымы, логика, психология, география, этика т.б. ғылымдар жайлы жазған еңбектерінің мәні ерекше зор.
Әл-Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика», «Топикасы» мен 4 сопылық еңбектеріне түсініктемелер жазды. Ол еңбектері күні бүгінге дейін де мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Сөйтіп, Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін таныстыруда зор рөл атқарды.

Философиялық көзқарастары:

Философияда идеалист болғанымен құдайға сенсе де, әл-Фараби ғылыми жұмыстар жүргізіп, оны материализмнің пайдасына шешті. Ол дүниені алты бөлшектен тұрады, деді. Олар жәй бөлшектер, минералдар, өсімдіктер, жануарлар, адамдар, аспан денелері. Ол дүниені тануға болады, ал танымды тудыратын сезім мүшелері, деді.
«Мұсылман Ренессансы» деген атауға ие болған сол заманға тән белгілері оның шығармаларымен белгілі бір дәрежеде өз орнын алады. Әл-Фарабидің шығармаларында көне замандағы дәстүрдің және «Бірінші Ұстаз» деп Шығыста аталып кеткен Аристотельдің тарих барысында қалдырған әсері, неоплатонизмнің, несторианшылдықтың әсері және исламның әсерімен Аристотель идеяларының өзгеруі айқын көрінеді. Әл-Фарабидің Аристотельге бас игені сөзсіз. Сол сияқты ол Аристотель идеяларының ең жақсылары мен бағалыларын әрдайым таңдап ала бермейтіні де даусыз. Бірақ біз үшін ерекше бағалы жағы да сол – ол Аристотель ілімінің формальдық жағымен ғана шектелмейді, диалектика элементтеріне, мәселені қарама-қарсы қоюына белгілі дәрежеде көңіл бөледі, сыртқы дүние мен сезім мүшелері арқылы жүзеге асатын байланыс таным логикасының іргетасы болып табылатынын дәлелдейді.
Сондықтан да, XI ғасырда өмір сүрген Фарабидің ізін қуушы атақты Әбу Әли Ибн-Сина (980–1037) тек Әбу Насыр түсіндірмелері арқылы ғана Аристотель еңбектерінің ойын ұғып, қуанғанынан қайыршыларға садақа үлестіргені жайлы жазған екен.

Философиялық афоризмдері:

 Ар-ождан алдындағы адалдық – өз қадір-қасиетіңе, ізгі іс-әрекетіңе байланысты.
***
 Шыншылдық адалдықпен ағзалас.
***
 Өрге жүзген өнегелі ісімен,
Таңда адал дос өз теңіңнің ішінен.
***
 Тіршілікте құрыштай бол төзімді, Сан мәрте ел алдаса да өзіңді.
Тағдырыңды еш уақытта жазғырма, Кезде дағы әзәзілдер азғырған.
***
 Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді.
***
 Мінез-құлық міні – рухани кеселге жатады.
***
 Бейқамдық сәтсіздікке бастайды.
***
 Жүргендер көп достық атын малданып, Қалмағайсың сен де бірде алданып.
***
 Өз бойында жоқ қасиеттерге құмар кісі көлгір келеді.
***
 Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу.
***
 Білім қуған жанның ойы күнделікті күйбіңнен көп алыста жатады.
***
 Шын білім – ақиқат, анық білім.
***
 Ғылым адам санасына болмысы бөлек, ерекше ұтырлы ұғымдарды орнықтыру арқылы ғана терең ұялайды.
***
 Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері – зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт. Жәй ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет онда болмасқа керек.
***
 Мінез – жанның айнасы.
***
 Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты.
***
 Мінез бен ақыл жарасса – адамгершілік ұтады.
***
 Сұлу саз жан сергітеді.
***
 Тән ауырса, жан да ауырады.
***
 Тәрбиелеу – дегеніміз адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту.
***
 Адамның тоқмашы не хатшы болып тумайтыны тәрізді, қайырымдылық пен қайырымсыздық та жаратылыстан бойға бітпейді.
***
 Адамның тәндік жаратылысының дамуының негізгі көрсеткіші – деннің саулығы.
***
 Ізгі және қажетті шаруа атқарған адамның бәсі де жоғары болуы керек.
***
 Адам кез-келген жұмысқа жарамды бола бермейді.
***
 Өз ісіңнің білгірі һәм шебері атану үшін жақсы жұмыс істеп, жетік білуге ұмтылу керек.
***
 Қандай әрекет жасап, қандай іс істер болсаңыз да – игілігін көріп, рахатына бөленуді мақсат тұтқан жөн.
***
 Адамның жақсы әрекеттер жасауға да, жаман әрекеттер жасауға да туабітті мүмкіндігі мен қабілет-қарымы жетеді.
***
 Дұрыс әрекет – мақсатқа жеткізер жолды дұрыс таңдаудан басталады.
***
 Ең тамаша әрекет – бақытқа қол жеткізетін еркіндік.
***
 Талпыныс тәжі – табандылық.
***
 Өнер біткеннің бәрі бірдей – бір адамның құшағына сыймайды.
***
 Поэтикалық шығармалардың қай-қайсысы да бір нәрсені қиялмен жақсы бейнелеп шығуға ғана арналады.
***
 Өнердің теориясын меңгеру – дегеніміз өнерге қатысты мәселелерді ақыл арқылы ұғыну және талғам қабілетін игеру.
***
 Бақыт, қуаныш және ләззат сезімдері асқан сұлу, ең әсем және аса көркем дүниелерді қолмен ұстағандай айқын және кемел дүниелер ретінде танып-білу арқылы ғана пайда болып, толық болмысқа ие болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *