ӘБУ–БӘКІР МҰХАММЕД ИБН ЗӘКӘРИЯ ӘЛ-РАЗИ
(865ж., Теһран маңындағы Рея, – 925ж. немесе 934ж., сонда Иран)
– ирандық энциклопедист-ғалым, дәрігер әрі философ; рационалист және еркінойлаушы (вольнодумец).
Алғашқыда Рейде, сосын Бағдатта емханада жетекшілік етті. Рази антикалық ғылыммен, соның ішінде медицина және философиясымен де әбден қанық еді; Оның еңбектері Европада латын тіліне тек X-XIII ғасырларда ғана аударылды.
Шығармалары:
Жалпы көлемі 184-жұмыс жазды, біздің заманымызға дейін жеткені — 61. Әл-Разидің шығармашылық мұрасы философия, этика, теология, логика, астрономия, физика, алхимия, медицина («әл-хави», яғни «медицина жөніндегі құнды кітап» және 10-томдық «Мансұрға арналған медициналық кітап») мәселелеріне қатысты туындылармен айқындалады. Оның онтология мен гносеология мәселелері бойынша идеялары ғылымда ерекше бір қызығушылық тудырды.
Философиялық көзқарастары:
Ол онтологияда бес мәңгі бастау туралы идеяны негіздейді: жаратушы, жалпы рух, праматерия, абсолюттік кеңістік және абсолюттік уақыт, міне, осылар әлем өмір сүруінің қажетті алғышарттары болып табылады.
Әл-Разидің пікірінше жан мен тән бір-бірімен ажырамас байланыста. Және адам ақыл-ойға ие болғандықтан табиғи құбылыстарды танып-білуге қабілетті. Адам тірі мақұлық ретінде білімнің қуанышын сезінуге құштар. Адамдар арасында ақиқатқа жетуге қабілеттілері философтар болып табылады.
Разидің ойынша философ жаратушыға ұқсас болуға тиіс, ол адамдарға әділетті және олардың қателіктеріне кешірімді болуы тиіс, себебі әркім ақиқатқа әртүрлі жолмен жетеді және шамасы келгенше жақындауға тырысады.
Әл-Рази өзінің пайымдау үдерісінде Алланың рөлін тек бастапқы түпнегізге ғана теліп, оның функциясын барынша азайтады, ал материалдық әлем өзінің қозғалысында салыстырмалы түрде жаратушыдан тәуелсіз және дербес.
Әл-Рази өз онтологиясының кейбір жағдайларында материяны өзінің атрибуттарымен қоса (кеңістік пен уақыт) жаратушымен тең бір қатарға қояды. Әл-Рази ғылымның жақтаушысы болып, дінді сынайды. Ойшылдың пайымдауынша, дін дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар арасында өмір сүреді, алдауға негізделеді, шыдамсыздық пен мағынасыз соғыстарға әкеледі.