ӘОЖ 801.
ҚҰС АТАУЛАРЫНЫҢ СЕМАНТИКАСЫ
Үсен Н.П.
М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ.
Қазақ тіліндегі құс атаулары, халық дүниетанымындағы олардың мән-мағынасы, сипаты, номинативтік, терминологиялық жүйесі, ол атаулардың шығу негізі, уәждемесі, көркем мәтіндер мен мақал-мәтелдерде, нақыл сөздерде қолданысы, олардың этнолингвистикалық, лингвомәдени, дүниетанымдық (когнитивтік) сипаты мүлде зерттеуден тыс қалып отыр.
Құс атауының өзі iлкi формасы баба түрiк тiлiндегi нұсқасы qut “құт” болып, одан тiлдiк даму заңдылықпен құт > qus құс болып өрбiдi деуге келедi. Құт тұлғасы құс, құр, қыр+ғи, құз+ғын, қаз, сұң+қар, кез-құйрық т.б. атауларындағы ұқсас құрылымдарымен түбiрлес тектес, осы семантикалық өрісіне “құс, қос, қыз, қыр+қын” т.б. сөздері де төркіндес. Басқаша айтқанда осы атаулардың морфемалық мағынасы “ екі, қос, жұп қанатты, қос қанатты” дегенді білдіреді.
Қазақстанда құстын шамамен 512 түрі кездеседі екен. Демек, табиғат аясында өскен, әрі байқағыш, әрі сөз тапқыш қазақ халқы олардың бәріне атау беріп, айдар таққаны анық.
Әртүрлі ұжым бір затты өзінің күнделікті тәжірибесінде кездесіп қолданылатын жағынан танып, оны өзіне таныс құбылыстармен байланыстыратыны белгілі. Демек, ат қоюда өмір шындығы мен тұрмыс болмысы тіл фактілеріне айналып халықтың таным түсінігі атауыштық мәнде сөзбен бейнеленеді. Профессор Б.Қалиев ат қоюдың негізгі қағидаларын атап өткен болатын: «Ат қою дегеніміз не? Ат – белгілі бір затты, нәрсені, қоғам мүшелері жақсы білуі, тануы үшін, сол затқа тағылған сөздік белгі. Ол белгі бүкіл қоғам мүшелеріне ортақ болуы керек және заттың ең басты қасиеттерін қамтуы қажет». Осының негізінде сол затты танып біліп, басқалардан ерекшелігін анықтағаннан кейін барып ат қойылады.
Табиғатпен туа бiтiп, бiте қайнасқан аңшылық, малшылық шаруашылықты ерте дамыта бiлген далалық көшпелiлер үшiн көк аспанда қалықтап ұшқан қыран құстарды аңғара бiлiп, олардың қырағылығына, алғырлығына тәнтi болып, ежелден қолға қондырған сол дәстүр бүгiндерде өз заңды сабақтастығын жоғалтпай келе жатқанын айта кеткен абзал. Әрине қазақ халқының құсбегілігі дара тұрғандай. Шығыс халықтарының аңыз-ертегiлерінде феникс, грифон, сенмурв, самұрық, шойынқара т.б. ертегiлiк “арыстан денелi, бүркiт басты” алып құбыжықтар туралы жиi кездесiп жатады.
Қыр+ан, қыр+ғи, қар(ы)+ға=қар+ға, қар+шыға, қар+лығаш, қыр+ғауыл, сұң+қар деген атауларындағы қар, қыр тұлғалары да осы құт, құс түбiрлерiмен бiр желiлес ұқсас семантикалық өрiстi бiлдiредi. Бүр+кiт яки “бөрi+құт” дегенiмiз қасқырдай құс, көктiң құтты иесi болмақ.
Құс атауларына қатысты көпмағыналылық пен омоним сөздердің өзара жақындығы бар. Көпмағыналы сөздер әртүрлі заттың атауы болғанмен, олардың арасында мағыналық жақындық, ұқсастық болады. Ал омоним сөздер арасында ондай мағыналық жақындық, ұқсастық болмайды. Сондықтан құс атаулары өсімдік, құрал-сайман, үй-жай омонимдік қатар құрайды. Мысалы: Үкі 1 — түнде ғана ұшатын имек тұмсық, үлпілдек майда жүнді жыртқыш құс. Үкі 2 – қыста көлдің, өзеннің мұзын ойып жасаған суат. Құмай 1 -Таулы жерді мекендейтін ірі жыртқыш құс. Құмай 2 – тазы иттің ең жүйрік, шалымды түрі. Құмай 3 – тары тәріздес, көпжылдық арамшөп. Құмай 4 – оңтүстікте өсетін жүгері тәрізді малға жұғымды көк шөп. Қарға 1 – қара немесе сұр қауырсынды тамақ талғамайтын еті арам құс. Қарға 2– ойын картасының бір түсі. Қарға 3 – біреуге қарғыс жаудыру, нәлет айту. Құс атауларымен омонимдес келетін және бірнеше мағыналылық рең тудыратын атаушы сөздер мен сындық сипаттағы ұғымдар көптеп кездеседі.
Қазақ тіліндегі құс атауларының лингвистикалық және экстралингвистикалық болмысы ерекше. Дегенмен, қазақ тіліндегі өзге де мәдени – тұрмыстық атаулар, өсімдік, жануар, жәндік, аң атаулары сияқты адамның танып қабылдау тәжірибесінен жинақталған ақпараттардың ішіндегі ерекше белгіні айқындап, солайша атау дәстүрі құс атауларына да тән. Осыған орай, біз де құс атауларының уәждену жолдарын лингвистикадан тыс тану, қабылдау негізінде жинақталған белгілер уәжі жүйесінде қарастырамыз:
1) Сыртқы ерекшелігіне (түр, түс, көлем, пішін) қарай аталған құстар: кішкене сұқсұр, сары құтан, ақбас тырна, қара қарқылдақ, жасыл аражегіш, т.б
2) Жеке қызметіне қарай аталған құстар: сүңгуір, шыбыншы т.б.
3) Жеке болмысындағы ерекше көзге түскен белгісін басқа затқа ұқсату, теңестіру арқылы жасалған құс атаулары: бізқұйрық, қарабас шағала, ақсирақ құс, ементұмсық, тасшымшық, қайшауыз, мысықторғай т.б.
4) Қимыл-қозғалысының ерекшелігіне қарай аталған құс атаулары: айналғыш маңтанторғай, шыбжың тасшымшық, безгелдек, жүгіргіш балшықшы, тоқылдақ т.б.
5) Мекендейтін тіршілік ортасымен ерекшеленген құс атаулары: орман байғызы, өзен қарқылдақ, теңіз шағала, тау маңқысы, бұлақшы, балшықшы, тасшаралған, сутарта т.б
6) Қоршаған ортаға тигізетін пайдасы мен зиянына қарай ерекшеленген құс атаулары: жыланжегіш бүркіт, аражегіш, балықшы тұйғын т.б.
Құс атауларының уәжін осындай лингвистикадан тыс танымдық форма анықтауға болады дегенімізбен, атаудың адам таным-түсінігімен, тану ерекшелігімен қабылданған ақпараттары негізінде доминантты белгісін сараптау үшін де бір жүйенің қажет екенінен анық көзіміз жетті. Жалпы ұсынғалы отырған құс атаулары – уәжді атаулар. Уәжді атаулар дегеніміз – мағынасы түсінікті, айтуға жеңіл, атаудың өзі сол заттың болмысын таныта алатындай атаулар. Төменде біз танымдық уәж негізінде ат берілген құс атауларын ұсынып отырмыз. Олар:
Бүркіт – сұңқартәрізділер отряды, қаршыға тұқымдасының қырандар туысына жататын ірі жыртқыш құс. Латынша аты (Aquіla chrysaetos) «алтын қыран» деген ұғымды білдіреді. Түркі халықтарының көпшілігі бұл құстын «бүркіт» аталуы жемтігін бүріп ұстау тәсіліне сәйкес деп атайды.
Шырша қайшыауызы — тау өзенінен жағалай өсетін ағаштарда жиі кездесетін торғайдың бір түрі. Қоректері — қыста пісетін шырша тұқымдары. Шырша қайшыауызының тұмсығы атына сай айқасып тұрғандықтан, ол оның жемін оңай алуына көмектеседі.
Зымыран – суға сүңгігіш құстардың бірі. Халық танымында зымыран ерекше шапшаңдылығымен де белгілі. Оның шалт қимылы, суға оқтай зулап, судың үстінгі қабатында жүзіп келе жатқан балықты қас қағым уақытта іле жөнелуі осы құстың зымыран деп аталуына да негіз болса керек.
Қараторғай – аты айтып тұрғандай, түсі қара, жұдырықтай ғана құс. Өзге торғайлардан ерекшелігі, секеңдеп емес, жүгіріп, тез қозғалады, ұшқанда тік көтеріледі.
Аққу — қорғауға алынған, мойыны ұзын, сұлу жыл құсы. Наурыздың басы мен сәуірдің аяғында оралып, қазан айында ұшып кетеді. Қазақстанда дыбыс шығару ерекшілігіне байланысты сұңқылдақ аққу, сыбырлық аққу деген екі түрі кездеседі. Орыс тілінде лебедь — аққу сөзінің негізі, түбірі – леб; едь – жұрнақ; леб түрінің алғашқы мағынасы, этимоны – ақ (белая) деген сөз. Леб түбірінің арғы тегі – ертедегі славян тілі. Прас лавянша сөз түбірі – eld; грекше бұл сөз – alphos (белое пятно – ақ дақ) деген сөз; латынша albus – ақ; немісше – Эльба; чехша laba (ақ). Сонда бұл сөз ақ деген мағынадан аққудың ақ қауырсынды түсіне қарай атаудан шыққан болды. Бұл – құс атауларының семантикалық жағын ескеру үлгісінің бірер ғана мысалы.