ҚОРҚЫТ-АТА

ҚОРҚЫТ-АТА
(VIII – ғасыр, Сыр бойындағы Жанкент)

— ұлы ойшыл, жыршы, ақын, күйші, бақсылардың қамқоршысы, қобыз атасы. Оғыз тайпасынан шыққан, қыпшақтың жиені.
Түркі дәстүрін, салтын, әдетін, сенімдерін қоғамдық мінездемесін ертегілерінде айтқан, оны бүгінге дейін әдемілеп жеткізген ұлы өнерпаз.
Қорқыт-Ата ертегілері мен дастандары-түркі мифологиясының қайнар көзі. Сонымен бірге ол туралы көптеген аңыздар сақталған. Ел аузындағы аңыздарда
Қорқыт ата мәңгі өлмейтін өмір іздеуші, мәңгілік өмір үшін қайтпас күрескер сипатында айтылады. Бірақ ол өмірінің соңында өлмейтін нәрсе жоқ екен деген пікірге келеді. Енді Қорқыт-ата мәңгілік өмірді қобыз сарынынан іздейді екен. Ұлы күйшіге өзі іздеген мәңгілік өмір оның өнерінде сияқты көрінеді. Ол күйлерін толласыз тартып, дүниеден өтеді.

Шығармалары:

Өзі өлгенмен артында күйлері, ұлғатты сөздері қалды. Ал әдебиет тарихында деректі түрде «Қорқыт-Ата» кітабы бар. Қорқыт-ата кітабы осы күнге дейін Германияда (Дрезден қаласында) он екі жырдан тұратын қолжазба күйінде және Италияда (Ватикан кітапханасында) алты жырдан тұратын қолжазба күйінде сақталып келеді. Қорқыт ата кітабын VIII ғасырларда және одан да бұрын туған аңыздардың жинағы деуге болады. Оларды жыр түрінде жазған – Қорқыт-ата. Онда философиялық дүниетанымның негізінде өлім мен өмір туралы далалық мәдениет құндылықтарын паш ететін өміршеңдік идеялар жатыр, сондай-ақ онда қазақтың құрылуына тікелей қатысы бар, тарихта белгілі оғыз тайпаларының тағдырына байланысты оқиғалар да баяндалады. Жалпы, «Қайда барсаң да – Қорқыттың көрі» афоризімінің астарында – пессимистік дәрменсіздік емес, қайта реалистік көзқарасқа негізделген өміршең оптимизм бар.
Қорыта айтқанда, Қорқыт ата кітабы — әр түрлі жырлардың жинағы болса да, ерлік жасау мен ізгілік көрсетуді біртұтас өріп отырады. Қорқыт ата кітабында тәрбиелік құнары мол қанатты сөздер көптеп ұшырасады.
«Қорқыт-ата кітабы» әдеби ескерткішінен (IX-Xғғ.) Қорқыт-атаның Оғыз мемлекетінде билік құрған оғыз тайпасынан шыққандығын білуге болады. Оны Ш.Ш.Уәлиханов қазақтың алғашқы шаманы, алғашқы ақыны деп атайды. Қорқыт жайындағы аңыз әңгімелер Ә.Науаи арқылы белгілі болып, түркі халықтары, әсіресе қазақтар арасында кең тарады. Аңыздарда Қорқыт қобыз жасаған. Ол қобыздың музыкалақ дыбысталуынан үшкіру, ауа, сиқыр өткізген.

Философиялық көзқарастары:

Қорқыт қайда барса да, өзінің желмаясына мініп, ел кезіп жүреді. Қайда барса да, алдынан екі адам кездесіп, көр қазып жатады. Қорқыт оларға: «бұл кімнің көрі» деп сауал қойса, олар: «Қорқыттың көрі», — деп жауап қатады. Ақыры, ол суда ажал жоқ деп Сырдарияға кілем төсеп, қалған ғұмырын су үстіне өткізбек болады. Бірде Қорқыт қалғып кеткенде, оны жылан шағып өлтіріпті дейді. «Қайда барса да Қорқыттың көрі» дегенде, Қорқыттың өз басының ғана емес, сол өз заманындағы аталық қоғам арасындағы қайшылықтар, әділетсіздіктер Қорқытты осындай пессимизмге алып келді деп түсінуіміз керек. Яғни, адам өмірін мәңгілік жасау аңсары өзекті идея іспетті. Бұл өте бір философиялық астарлары бар ұғым. Адам өлген соң қайта өмір сүреді деп ойлаған болса, бақсылар Қорқытты дүниеге өлмей, тірі кетті деген. «Өлі десем — өлі емес, тірі десем — тірі емес» деген сөз осыдан қалған.
Сонда ата-баба күшіне сыйынған Қорқыт «пендеге өлім парыз» дейтін ислам идеясымен келіспегендігін көрсетеді. Қорқыттың өлімге қарсы күресуі, одан құтылудың жолдарын іздеп:
«Көкке ұшқан құс жылайды,
Көп жасаған қарт жылайды,
Аспандағы ай жылайды,
Алты жасар бала жылайды»,
— деп айтуынан біз өлімге дауа іздеген Қорқыт философиясын танимыз.
Қорқыттың пайымдауынша, адамдар адамилық қасиеттерін сақтап қалу керек. Адам үшін ең қауіптісі – адамилықты жоғалту. Сол аңыздарда Қорқыт жер-жаһанды кезіп, «басқа елден әркімге өз елінде жақсы» деген ой түйіндегенін байқауға болады. Оның айнымас досы сиқырлы Желмаясы болды.

Философиялық афоризмдері:

 Өлгендер қайтып келмейді, шыққан жан қайтып енбейді.
***
 Ажал жетпей – өлмек жоқ.
***
 Алыс жолды көзбен көр, көкейге түй.
***
 Қанша тасып-тулағанмен, су теңізді толтыра алмайды.
***
Қанша қалың жауғанмен,
Қар көктемде қалмайды,
Гүл жайнаған шалғын да,
Қара күзге қалмайды.
***
 Құстың қонар жерін – су білер, малдың барар жерін ну білер.
***
 Топырақ тау болмайды.
***
 Айтар сөзді ойлап айт.
***
 Ат аяғы – ақсауық, ақын тілі – қақсауық.
***
 Ескі киімнің биті ащы, жетім баланың тілі ащы.
***
 Көк шүйгінін киік білер.
***
 Жайылымның жақсысын жылқы менен құлан білер.
***
 Сүрлеу сырын түйе білер.
***
 Іннің аузын түлкі білер.
***
 Керуеннің түнгі жүрісін торғай білер.
***
 Ердің батқанын ат білер.
***
 Ауыр жүктің михнатын тұғыр емес, тұлпар білер.
***
 Саз орайын бөкен білер.
***
 Қапелімде бас ауырғанын ми білер.
***
 Ер жомартын, кісі ақылын жырау білер.
***
 Бас аман болса – бөрік табылады.
***
 Ауырған жерін ауру біледі.
***
 Қанша байлық жисаң да, бұйырғанынан артық жей алмайсың.
***
 Шіріген мақтадан – мата шықпайды, ежелгі дұшпаннан – дос шықпайды.
***
 Көп қорқытады, терең батырады.
***
 Қыз анадан үйренбей өнеге алмас, Ұл атадан үйренбей сапар шекпес.
***
 Ұл ақылды хош көрмес – ата үлгісін көрмесе, Қыз жарылқап ас бермес – ана үлгісін көрмесе.
***
 Ұл – атаның сыры, екі көзінің нұры.
***
 Түбі жат бала туғандай болмас: ішер, жер, киер де кетер, бірақ «көрдім» демес.
***
 Дүние-мал шашылмай, «мырза» деген атақ жоқ.
***
 Жалған сөздің – болғанынан болмағаны игі.
***
 Жалғыз жігіт қол болмас.
***
 Ат арытпай жол болмас.
***
 Ер жомартын, кісі ақылын жырау білер.
***
 Ұлдың күні күн емес – атадан мал қалмаса, Ата малы пұл емес – баста ақыл болмаса.
***
 Дәулетті ұл – ошақтың қоры, Дәулетсіз ұл – атаның қоры.
***
 Сауыттың қасиеті – қылышпен ұрғанда, аттың қасиеті – жаудан алып шыққанда көрінер.
***
 Тебегеннің таңын – сүзеген айырады.
***
 Ат жемейтін ащы шөптің – шыққанынан шықпағаны игі, Адам ішпес ащы судың – аққанынан ақпағаны игі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *