Қозғыш тіндердің тыныштық және белсенді жағдайлары. Қозу және тежелу туралы түсінік.
Қозғыш тіндерге сыртқы және ішкі орта тітіркендіргіштерінің әсері болмаса, олар тыныштық жағдайда тұр деп айтуға болады. Бұл кезде тіндердегі зат алмасу (метаболизм) деңгейі салыстырмалы тұрақты болып, көрінетін іс-әрекет байқалмайды. Тіндер белсенді жағдайда болу үшін, оған әсер ететін тітіркендіргіш зат алмасу деңгейін өзгертіп, тіндерді әрекеттік деңгейге жеткізуі керек. Қозғыш тіндердің белсенді жағдайының негізгі түрлері – қозу және тежелу.
Қозу – бұл тіндегі тітіркендіргіш әсерінен пайда болатын белсенді физиологиялық үдеріс, осы кезде тіннің тіршілік қасиеттері өзгереді және әрекеттік қызметтері байқалады. Қозу бірнеше белгілерімен сипатталады:
белгілі тіндердің тек өзіне тән нышандарымен;
бүкіл тіндер түрлеріне тән телімсіз нышандарымен (жасуша мембранасының өткізгіштігі әртүрлі иондарға өзгереді, зат алмасу (метаболизм) деңгейін өзгертетін әрекет потенциалы (ӘП) пайда болады, тіндерде оттегін пайдалану және көмірқышқылын шығару үдерістері күшейеді).
Қозудың электрлік жауап беруіне байланысты екі түрі болады: 1) жергілікті, таратылмайтын қозу (жергілікті жауап). Оның сипаттамасы: а) қозудың жасырын кезеңі болмайды;
б) кез келген тітіркендіргіштің әсер етуінен пайда болады, яғни тітіркендіру табалдырығы жоқ;
в) қозу пайда болған кезде тіннің қозғыштығы жоғарылайды, яғни қозбаушылық (рефрактерлік) кезеңі болмайды.
г) қозу қысқа қашықтыққа таралып, кеңістікте тез өшіп қалады.
2) серпінді (импульсті), таратылатын қозу. Оның сипаттамасы: а) қозудың жасырын кезеңі болады;
б) тітіркендіру табалдырығы бар;
в) қозу секірмелі өтеді;
г) қозу сөнбей (декрементсіз) таратылады;
д) қозбаушылық (рефрактерлік) кезеңі бар (тіндердің қозғыштығы төмендейді).
Тежелу – тіндерге тітіркендіргішпен әсер еткенде пайда болатын белсенді үдеріс, ол басқа қозуды басу арқылы көрінеді, яғни тіндердің әрекеттік қызметтері тоқталады. Тежелу тек жергілікті жауап түрінде дамиды.
Тежелудің екі түрін ажыратады:
біріншілік тежелу, оның пайда болуы үшін арнаулы тежегіш нейрондар болу керек. Мұнда алдан ала қозусыз біріншілік тежелу байқалады.
екіншілік тежелу, оның пайда болуы үшін арнаулы тежегіш нейрондар қажет емес. Бұл тежелу кез келген қозғыш құрылымдардағы әрекеттік белсенділігінің өзгерістері нәтижесінде байқалады.
Қозу және тежелу үдерістері бір бірімен тығыз байланысты, бір мезгілде өтеді және біртұтас әрекеттік жағдайдың әртүрлі көрінісі болып саналады. Қозу және тежелу ошақтары жылжымалы, нейрондар жиынтығының азды немесе көпті аймақтарына таралып, әр түрлі болып байқалуы мүмкін. Қозу міндетті түрде тежелумен алмасады, және керісінше, яғни қозу мен тежелу арасында өзара әрекеттесу (индукциялық) қатынас болады.