Қозғыш тіндердегі электрлік құбылыстар, ашылу тарихы. Мембраналық және әрекет потенциалдарының пайда болу механизмдері. Қозғыштықтың фазалық өзгерістері.
Дәрістің жоспары:
Мембраналық потенциал (МП) пайда болуының физико-химиялық механизмдері.
Әрекет потенциалы (ӘП) пайда болуының физико-химиялық механизмдері.
Қозудағы тіндердің қозғыштық қасиеттінің фазалық өзгерісі.
1786 жылы Болон университетінің профессоры Луиджи Гальвани бақаның, терісі сыдырылған, артқы сирақтарынан жасалған препаратпен екі тәжірибе орындады. Бірінші тәжірибесінде, препаратты шонданай жүйкесі арқылы жез сым ілгекпен балконға ілген. Сонда желмен шайқалған препарат балконның темір жақтауларына тиген кезде, оның еттері жиырылып, бақаның артқы аяқтарының қозғалғанын байқаған. Тура осындай тәжірибені Л. Гальвани зертханада қайталап (І-ші тәжірибесі), тағы да зерттеген. Ол, еттердің жиырылуы бұлшықет пен жүйке тіндері арасында пайда болған электрлік құбылысқа байланысты деп тұжырым жасады. Бірақ сол кездегі әйгілі итальян физигі А.Вольта (1792) Л. Гальванидің айтқан болжамына қарсы болды. Оның ойынша, бұл тәжірибедегі бақаның сирақ еттерінің жиырылуы, дымқыл тіндердің екі түрлі металл (мыс пен темір) арасында электр тоғын тудыру нәтижесінен болады, яғни бұл түрлі металдар арасында пайда болатын электрлік құбылыс. Л.Гальвани өзінің болжамының дұрыстығын дәлелдеу үшін металл қолданбай, жүйке-ет препаратын жасап, оның жүйкесін шыны ілмекпен балтыр (сан) етінің көлденең кесілген жеріне тигізген, сол сәтте бұлшықеттің жиырылғанын байқады. Сонымен
Л.Гальвани өзінің осы ІІ-тәжірибесінде тірі тіндерде (жүйке мен етте) электр тоғының болатынын және ондағы потенциал айырмашылығы (ток) тінді тітіркендіре алатынын дәлелдеп берді. Одан кейін басқа да ғалымдардың жасаған зерттеу нәтижелері Л. Гальванидің болжамының дұрыс екендігіне толық дәлелдеді және биопотенциалдарды тіркеу әдістерін тапты. К.Маттеучи (1838) гальванометрмен еттің кесілген жері мен кесілмеген жерінде потенциал айырмасы барын, еттің сыртқы беті оң зарядты, ішкі беті (кесілген жері) теріс зарядты болатынын ашты. Бұл кейін тыныштық тоғы деп аталды. Неміс ғалымы Дюбау-Реймон (1848) тінді тітіркендірген жерде пайда болған теріс заряд әрі қарай қозу түрінде тіннің бойымен тарайтынын, және ол қозған кезде тыныштық тоғының мөлшері азаятынын байқады.
Қазіргі кезде техниканың дамуына байланысты тіндердегі биопотенциалдардың пайда болуы, оның негізіне жататын мембраналық және иондық механизмдері жөнінде көптеген жаңа және бұрыннан белгісіз физиологиялық деректер мен негізгі заңдылықтар ашылды. Бұларға себебші болған тіндердегі электрлік потенциалдарды микроэлектродтық тіркеу әдістері (монополярлық, биполярлық, мультиполярлық). Оның жасушаішілік және жасушасыртқы тіркеу түрлері болады, электродтар шыныдан немесе металлдан (күміс, алтын, платина т.б. сымдардан) жасалған.