Гаухар БАЛТАБАЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты,
ҚазМҚПУ-дің доценті
ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ӘҢГІМЕСІНДЕГІ ИСЛАМИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ КӨРІНІСІ
Қазіргі қазақ прозасындағы көңіл аударар келісті мәселенің бірі — тұмшаланып келген дін тақырыптарының көрініс табуы. Мәселен, Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с), сахабалардың өмірі мен ізгілікті істерін арқау еткен көркем шығармалар тобы бір шоғыр. Ұзақ жылдар үстемдік еткен кеңестік жүйенің тұсында мұсылмашылдықты дәріптеу, пайғамбарлар өмірінен мөлтек сыр шерту екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние еді. Бұған, біріншіден, социалистік қоғамда үстемдік құрған атеистік тәрбиенің ықпалы болса, екіншіден, қалам тартып жазғысы келгенімен мұсылмандық сауаты, мағлұматы аз болғандық себеп болса, ал үшіншіден, бұл тақырыпқа бел шешіп кірісу үшін исламдық діні берік, мұсылмандық махаббатқа толы үлкен жүрек иесі болуы шарт еді. Бұл өзі көзге көрінбейтін, жүрекпен ғана сезілетін жайт. Сондықтан да поэзиямен салыстырғанда, прозада бұл тақырыпқа қалам тербеу анағұрлым күрделі болатын. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас!» — деп ұлы Абай жырлап кеткендей Аллаға, Мұхаммед пайғамбарымыздың атын дәріптеп, құрметтеп жазған шығармалар санаулы-ақ.
Ой-сана еркіндігі, тәуелсіз рух қаламгерлердің тың тынысын ашты. Бұл исламдық тақырыпқа қалам тербеген туындылардан анық байқалады. Мәселен, А.Кемелбаеваның «Ғибадат» [1. 104] әңгімесі де исламдық тақырыпқа өзіндік тұрғыдан келуімен ерекшеленеді. «Асыл пана Алланың нығметтері есепсіз болатын» бұл әңгіменің лейтмотиві -Аллаһқа мадақ пен Жаратушы Иеге деген шексіз махаббат. «Ғибадат» – адам баласының Құдайды қалай іздеп тапқаны туралы әңгіме, шынайы құлшылық, сүйіспеншілік. Мұнда ислам дінінің негізгі қағидалары сақталады. Адамзаттың жаратылысы туралы ойлар қасиетті Құранда бар шындыққа қиғаш келмейді. Мұсылман дінінде Аллаһ тағаланың 99 көркем есімі бар. Автор Аллаһты «Асыл пана» деп атаса, Құрандағы сүрелердің басталуында бар сөз: аса мейірімді, рақымды Аллаһ. Аллашылдық идеясы қалай ашылады? Қазақтың өз аңыздарынан алынған идеяны автор шебер пайдаланады. Ол — исі мұсылманға ортақ тажал туралы ой. Ақырзаман болғанда жер бетіне тажал шығып, тіршілік атаулыны жалмап қояды. Ақырзаман азан даусы естілмегенде болады. Әңгімедегі жасөспірім қыз баланың ауылда намаз оқитын кемпір-шал азайған сайын шошынатыны туралы ой — бұл гуманизм мұраттарын биік қоятын үлкен әдебиеттің өз еншісі. Егер осы бір көркем ойдың түбін қазса, мәңгүрттікке қарама-қарсы ұлы идеяның тап өзі болып шығар еді. Бұл кейінгі көркем прозада сирек кездесетін құбылыс. Әдебиеттанушылар мен философтардың терең зерттеуін қажет ететін таңғажайып бір мезет осы. Әңгіме мәтінінің тіпті, діни трактатқа ұқсап тұратын тұстары мол. Автор ислам дінін шала білетіндерден емес. Себебі діннің ғылыми негізі көркем прозада сақталады, долбар мен жаңсақтық жоқ. Адам санасы мен психологиясы туралы терең иірімдер бар. Ал әңгіменің Құран сүрелерінің аяттарымен аяқталуы дүниежүзілік әдебиетке тән тәсіл. Исламдық сарын аталмыш автордың «Тобылғы сай» атты әңгімесіне де етене тән. Ұлы дене бәрін аңдауы құдайшылдық идеясы. Бұл әңгімедегі «әңгіме ішіндегі әңгіме» тәсілімен берілетін төрт әңгіменің түпкі ой, сарыны да осы Құдайдың құдіретін ұлықтау болып табылады. Алмұрт ағашы-өмір ағашы туралы аңыздың желісіне сәйкес. Бұл фәниде киелі заттар болатын себебі, оны Аллаһ жаратқаннан деп түйіндейді автор. Ал «Мұнара» атты романның тұтас сюжетін Аллаһқа деген сенімімен көмкерген. Сонымен қатар, қаламгердің «Қияда» әңгімесінде ажал тақырыбы құдайшылдық сеніммен берілген. Сырғауыл тиелген арбаның астында бір түн басылып жатқан жас жігіт Аллаһты қарғамайды, себебі жақсылық тек Аллаһтан, жамандық адамның өзінен деп дүние таниды.
Қаламгердің «Тобылғысай» [1.87] әңгімесіндегі исламдық сарын мүлде бөлек. Бұл әңгіменің сипаттары: «Нәресте жержүзін анасындай аймалап, жарылқап тастайды» – күнге теңестірілген. Әңгіме кейіпкері Бижан − ауыл жігіті. Ол терең сайлардан шөп шабады. Адам мен табиғат үндестігі тұнып тұр. Әңгіме идеясы туған жердің қасиет-киесі адамды жамандықтан қорғап қалуы, ұлы Жатарушының пенде атаулының ғана емес, тіршілік атаулының қорғаны екендігін еске салуы. Ол қазақ халқының өзіне тән өмір философиясымен астасып жатыр.
«Беймәлім ұлы дене адам ұланын күтіп жатқандай, көзінің астымен әр қимылын бағып, бұға қалғанға ұқсайды. Көзге мұқтаж емес, бірақ көреді, одан таса жер жоқ. Ауасы балдай даланың шегірткесі шырылдауық, құсы сайрауық болған соң, ұлы дене һәм сергек, қауіпшіл, һәм кінәмшіл қарауыл екенін ұғыну қиын емес. Табиғатты меңіреу деп қабылдау адасқанды жарға жығады», – бұл Құран сүрелеріндегі аяттардан алшақ кетпейді. Исламда Аллаһтың өзіне тән көру, есту қабілеттері бар, ол көрнеуді де, көмескіні де көреді делінген. «Сондайда көкек шақырады сайдан. … уызы кеппеген мынау момақан тыныштықтың астарында асқан мейірім құпия сырдай, тұңғиық судай тұнып тұрғаны» – аят басы «Аса мейірімді, рақымды Аллаһ тағаланың атымен бастаймын», – деп басталады.
Мұсылмандық құндылықтардың көркем прозадағы бедері кейінгі жас толқын қаламгерлердің де қуатты тегеурініне айнала бастаған сыңайлы. Мәселен: Ерболат Әбікенұлының «Тақуа» атты әңгімесі әзәзіл-шайтанның сан түрлі қыспағымен шырғалаңында сыр берілген жанның төзімділігімен сабырын алғы кезекке шығарады. Ең аяулы жандарынан балаларынан айырылса да, тілі мен жүрегіне медет тілеген Аю пайғамбар Жаратушының ықыласына бөленеді. Өйткені тіл – Жаратушы Аллаһқа мадақ айтушы, зікір етуші, дұға айтушы құрал болса, жүрек иман мен мейірім орыны ретінде дәріптеледі. Жас талапкер исламдық уағыздың ең мәнді де мағыналы тұсын таңдай білген. Кейіпкерін жан азабы мен тән азабының ауыр сындарынан өткізіп, адам иманының қалыптасуы, оны ұстап тұрудың оңай еместігін аңғарта білген. Яғни, мұсылмандық ілім жаттанды жалаң идея емес, терең тағылымды, жан сілкінісін қажет ететін тағылым екендігін меңзеген.
Аталмыш тақырып идеясын ашуда әрбір қаламгердің өзіндік өрнек нақышы бар екендігіне И.Құттықожаевтың «Тасбақаның тағдыры» атты әңгімесін талдау арқылы көз жетізуге болады. Шығарма он екі мүшесі сау, жалғанды жалпағынан басқандай күй кешіп, тәубәсінен жаңылып жүрген жанды қиын халде қалдыру арқылы иманын оятуды суреттейді.Тірі тасбақаны жәбірлеп, үй шатырына тірідей қамауы, оны шағаланың асырап-күтуі, апаттан арбаға таңылған жанның тырбаңдаған тасбақа тіршілігіне қызығып, ата өсиетін есіне алуы, тағдырына налуы, Жаратушыдан жалынып кешірім тілеуі шығарма өрімінде шеберлікпен орын тапқан. Бұл денсаулықтың қадірін сау кезінде біл, әрбір игілік Жаратушыдан деп ұқ дейтін исламның адамгершілік қағидалармен астасып жатыр. Яғни, жазушы осы идеяны айтуға өзіндік көрермендік жол таңдаған. Аллаһтан кешірім өтіну, бақыт пен бақытсыздық жайлы хадистерді автор ұтымды пайдалана білген. Ол көбіне ата өсиеті, уағызы арқылы беріледі. Мұсылмандық сенім арқылы тәубесіне ғана келтіріп қоймайды. Болашағына үмітін оятады. Мәселен, атасының:
«Пайғамбар (с.ғ.с) айтты: «Аллаһты есіңнен шығарма, сонда оны алдыңнан табарсың, Аллаһты бақытты шағыңда ізде, ол да сені бақытсыздыққа душар болғанда табады. Саған кезігу керектің жолықпай, ал жолыққанның сені айналып өтуі мүмкін емес екендігін біл. Сондай-ақ, көмек – сабырдан соң, қуаныш – қайғыдан соң, ал жеңілдік – қиындықтан соң келетіндігін ұғын» деген әңгімесінің жадында жатталып қалғандығы шығарманның негізгі лейтмотиві.
Д.Рамазанның «О дүниенің қонағы» атты әңгімесінің кейіпкерлері – бірі кезіндегі аюдай ақырған әкім, екіншісі қатардағы мұғалім. Автор әдейі кейіпкерлерінің екі түрлі қайшылықты болмысын ала отырып, тағдыр-талайлары таусылған кезде терезелері тең болып о дүниге бірге аттанбақ. Суреткердің айтпағы, адам қаншалықты тоқтық пен барлықта немесе жоқ-жітік өмірі сүргенімен дүние есігін ашқан кезде және бұл фәнидің есігін жабар сәтте ғана терезелері теңеледі. Бүкіл ғұмырларын екі түрлі өмір сүріп келген екі қарияның дүиеден өтер сәттері де екі түрлі. Қаламгер біздің танымымыздан тысқары жатқан о дүниенің, адам бақи дүниеге сапар шеккен кездегі о дүние заңдылықтарын суреттей отырып, өмірі біреудің ала жібін аттап, тірі пендеге ешбір қиянатын тигізіп көрмеген кейіпкерінің Аллаһтың ризығы мен періштелердің қолдауына тап болғандығын өте нанымды суреттеген. Жазушы шеберлігінің өзі «ақ» түр-түсті қолдануы. Жалпы қазақ әдебиетінде, соның ішінде, прозаға қарағанда поэзияда түр-түсті қолдану жиі кездеседі және бұл жеке сындарлы зерттеуді қажетсінетін тақырып. Автор бұл жерде «ақ» түсті қолданып отыр. Қазақы танымда «ақ» сөзінің ақ тілек, ақтық сапар, ақ ниет, ақ көңіл, ақ жол, ақиық, т.б. қолданыстар бар. «Ақ кебін» сөзі өліммен ассосацияланып алынса да «ақ» сөзінің мөлдірлігі мен тазалығына шүбә келтірмейді.Өйткені «ақ кебін» мұсылман қауымның о дүниеге киіп барар таза киімі. Бұл туындыда әрбір адамды еріксіз терең ойланып, толғануға итермелейтін, Аллаһ тағаланың құлдарынан құпия ұстаған – ақирет күні жайлы әңгімеленеді. Сонымен қатар, ақирет күніне сену иман тіректерінің бірі, ол күнге иман келтіруге үндеу – барша пайғамбарлардың дағуаты, оған сенбейтіндерге айтар ақыл-кеңестер, ақирет күніне сенбейтіндердің ақыл-ойына түрткі салады.
«Иман тіректерінің бірі – ақирет күніне сену. Иман дегеніміз – Аллаһқа, (оның) періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақирет күніне, тағдырға және ондағы жақсылық пен жамандықтың тек Аллаһтан екендігіне сену. Демек, ақиретке сену-иманның ажырамас бір бөлшегі. Онсыз иман кәміл болмайды. Ал ақирет күні дегеніміз – Аллаһ тағаланың адамдарды есеп-қисап үшін қайта тірілтіп, қабірлерінен тұрғызып, олардың арасына төрелік етіп, іс-амалдарының қарымтасын беретін күн.Аллаһ тағала өзінің кітабында: «Бірақ кім Аллаһқа және ақирет күніне иман келтірсе, сол игі (іс)» (Бақара, 177). Автордың мақсаты әрбір мұсылман ақирет күніне сенудің діндегі орнын, маңыздылығын және онсыз иманының толық болмайтындығын әрдайым жадында сақтап, бұл күн жайлы мағұлматтарды алдын ала ізденіп, оқып-білуге тырысқаны жөн. Өйткені адамзат баласына жіберілген барша пайғамбарлардың міндеті өз үмбетін бір Аллаһқа құлшылық етуге шақыру және жасаған амалдарының қарымтасын алар ақирет күніне иман келтірумен ескерту еді.
Суреткердің адамзат пендесінің өміріндегі беймәлім, белгісіз ең қорқынышты сәтін сюжет желісіне айналдыра отырып, о дүниеге таза қалпында аттану концепциясын ұсынады. Қалай болғанда да суреткердің қолданып отырған «ақ» түсі бұл жерде тазалық пен мөлдірліктің, имандылықтың рәмізі болып тұр.
Қаламгер алған «Қара» түс тағы да шығарма идеясына қызмет етіп тұр, Көңілі, ниеті қара адамның шығар жаны да қара болады екен. Жалпы осы бір-біріне қарама-қарсы «ақ пен қара» түс әрдайым қатар жүргенімен, екеуі қатарласса жарасымды контраст беретіні де рас. Автордың сюжет желісіне арқау етіп алып отырған періштелер, ажал періштелері аңыздық, мифологиялық танымға байланысты шығып отыр. Мәселен, адамның екі жағында екі періштесі − жасаған жақсылық, ізгілік ісін оң жағындағы періштесі, ал сол жағындағы періштесі барша жасап отырған жаманшылық, арам оймен істеген істерін амал дәптеріне барлығын тізіп жазып отырады дейді қазақ мифологиясы. «Жазушы періштелер» жөнінде Құранда: «Оның оңына да солына да екі (сөздері мен амалдарын) байқаушы отырады» (Қаф, 50/17) (53),- делінген.
Аллаһ тағала осы Кирамун Катибун періштелеріне: «Егер де құлым жамандық істегісі келсе, оны жасағанша күнә жазбаңдар. Ал жасаса, бір күнә жазыңдар. Ол істі Мен үшін тәрк етсе, бір сауап жазыңдар. Ал жақсылық істегісі келіп, істемесе де бір сауап. Жақсылық істесе, он сауаптан жетпіс мыңға дейін сауап жазыңдар», (Бухари, Риқақ, 31; Таухид, 35; Муслим, Иман, 203-204), – деп бұйырған. Яғни жасамаса да адамның жақсылыққа ниет етуі – сауап, ал жамандық жасалғанда ғана күнә болып жазылуын Аллаһтың құлдарына деген мархабаты, рақымы деп түсінуге болады.
Суреткер о дүниеде істеген ісіңе, жасаған жақсы-жаман қылықтарыңа және ең негізгісі Аллаһқа деген адалдығың жайлы Аллаһтың алдында жауап бересің деп ескертетін тәрізді. Автор кейіпкерін егер құдай жолымен жүрмей, Ібілістің айтқанын істеп, азғыруына ілессе, жалын атқан тозаққа түсер еді. Ал міне, о бастан мәңгілік мекенін өзі таңдап алып отыр. Адам баласы қалай өмір сүрсе, о дүниеде де сондай өмірге тап болады. Мәселе, суреткерлік таныммен байлықпен, барлықпен шалықтап өмір сүруде емес, иманын жоғалтпауда деп ой салады. Тіршілікте жасаған бір түйір жақсылығы бақи дүниеде таудай болып алдыңнан шығады деп уағыз айтқандай болады.
Жазушы Ақ пен Қараны біріне қарсы қойғандай, бұл жерде екі түрлі өмір кешіп, екі түрлі тіршілік еткен екі қарияның Ар алдындағы жауаптары да екі түрлі болып шығуының өзі табиғи заңдылық деп ой түйдіреді. Тіршілікте екі жолмен жүрсе де, қазіргі бара жолы бір болып, бірі жұпыны ғана қоңыр тірлік кешсе, екіншісі, бастық боп жалғанды жалпағынан басса да өлім алдында бірдей, Аллаһтың алдында тең болып тұр. Тіршіліктегі өмірлері тәрізді о дүниедегі өмірлері екі жолмен басқаша жалғасын тапты. Тек керісінше, біреуі жұмақта, екіншісі тозақта… Бұл қалай? Себебі неде? – дейді авторлық таным. Жалғанды жалпағынан басып, Құдайдан қорықпай, иманын ұмытқан пайғамбар жасындағы қарияның өз жауабы өзіне үкім кестіреді. Бірде хазірет Суфиян ибн Уйайнадан бір адам келіп: «Егер адам жақсы амалға ниеттеніп, оны жасай алмаса, Кирамун Катибун періштелері не жазбақ?» – деп сұрағанда, Суфиян ибн Уйайна: «Адамның жақсылығы мен жамандығын жазатын періштелер ғайыпты білмейді. Бірақ адам ізгі амалға ниеттенсе, ол адамнан жұпар иіс шығатын көрінеді. Сол жұпар иісті сезетін періштелер ол адамның ізгі амалға ниеттенгенін біледі. Ал теріс амалға ниет етсе, жағымсыз иіс шығады екен. Ізгі ниетті іске асырмаған күннің өзінде де періштелер сауап жазады. Ал теріс, зиянкес іске ойы кетсе де оны жасамайынша күнә жазбайды. Бұл Аллаһтың бізге деген мейірімділігі», – деп жауап берген екен.
Кез келген адамның жасаған жақсылығы, күнәсі, қылмысы еш уақытта із- түзсіз кетпейді, сондықтан қаламгер ар мен Аллаһ алдында жауап беруге әр пенде даяр болса деген тілек иесі болып көрінеді. Жазушының тағы бір шебер қолданып отырған көркемдік шеберлігінің бірі – иіс болғанда жағымсыз теріс пендені тыжырынтатын иіс. Адам фәни дүниеде қанша арамдық істеп, қараулықпен байыса да істеген ісінің бәрі майдай жаққандай, айы оңынан туғанмен әр нәрсенің өз орны барлығын меңзейді. Жасаған барша жамандықтары, арам ойлары пендешілік іс-әрекеттері бойына еріген қорғасындай жайылып, сіңгенмен ертеңгі күні бақи дүниеге аттана салысымен, екі дүниенің аралығында тұрып-ақ адам төзгісіз сасық иіс болып қайта шығатынын ескерткендей болады автор. Неғұрлым адамның күнәлары көп болса, соғұрлым иісі сасық келеді, яғни иісінен-ақ оның қандай адам болып өмір кешкені бесенеден белгілі болады. Сонымен суреткер иісті шартты түрде алғанымен, ар өлшемі қызметін атқарып тұр.
Бұл жағдайда автордың басты мақсаты – жағымсыз иісті жоюдың мүмкін еместігін және одан құтыла алмайтындығын көрсету. Әңгіменің ерекшелігі болып нарративті ракурсты таңдау табылады. Негіз ретінде таңдалған объект – иіс оқырмандардың алдында ерекше психологиялық тұрпатта беріледі. Иіс – бұл кез келген тәннің сипаты.
Қаламгер кейіпкерлерінен бойынан шығатын иісті жасырын мүмкіндіктерін ерекше манипулятивті сапа ретінде көрсетеді. Бұл жерде постмодернистік әдебиеттерге тән әдістер қолданылғаны анық: Иіс рухтың, яғни, жанның эквивалеті ретінде қарастырылады. Кейіпкердің өзіне тән иісінің болмауы оның рухының жоқтығын білдіреді.
Ольфакторлық агрессия, яғни, бүкіл кеңістікті жайлап алған және адамдар амалсыздан иіскеуге мәжбүр болған иістің қатты шығуы.
Әңгіме белгілі мұсылмандық шарттарға құрылғанымен жазушы шеберлік таныта білген. Тылсым дүниенің сыры көп. Адамзат санасынан тысқары тұрған жұмбақ әлем ол – жұмақ пен тозақ. Адам өмірге келгенен бері жасаған ісі мен қаракеттері, қандай тіршілік кешсе сонша өмірі жақсылық пен күнәға толы болады. Мейірімді Аллаһ мен жаратқан ие өзі жаратқан пенделерімен амал сұрақтарын сұрайды. Адам санасынан тысқары жатқан әлемді танып білуге, сырын ашуға деген талпыныс қай заманда, қай кезде болса да адамзаттың құштарлығын, оятқан. Сонысымен адамның білсем, танысам деген ойлары көркем әдеби шығармашылық арқылы жүзеге асып отыр. Сонымен адамзаттың санасы, қолы жетпеген «тысқарыға» енді өрісі жетіп жығылатын дәрежеге жетті. «Алланың өзі де рас, сөзі рас» дегендей Аллаһтың шарапатымен берілген дүниенің бәрі тылсым. Сол тылсым дүниенің есігін ашуға көркем әдебиетте қадам басып отыр. Ол қадам мейлі, үлкен прозада, повесть немесе әңгімеде болсын оны өздерінің тар шеңберімен шығарып тастай алмайды. Алтын ғасырдың алтын адамы іспетті кез келген салмақты ой иесі өзінің өткені мен бүгініне баға беруі тиіс. Алдымен ол бағаны − Аллаһ береді. Алла бағасын жай бермейді, өлшеп, таразылап несебесіне қарай береді. Аллаһтың атын жамылып, күнәкарлық жасаған пенделер тозақтан, ал Аллаһтың ризығы үшін өмір сүрген ақ адал адамдар жанға жайлы жұмақтан орын алады. Жалпы жұмақ пен тозақ ұғымы адамзат пендесі өмірге келгенен бастап пайда болады. Жақсы адам − жұмаққа, жаман адам −тозаққа дегендей, ақ пен қараны ажыратып, әділ бағасын да берер кез – о дүниенің есігінің алдында тұрып есеп береміз. Ол есептің ақ-қаралығы, біздің сүрген тірлігімізге тікелей байланысты. Ақ пен қараның өзара байланысы тәрізді, бірін — бірі толықтырып тұратын, бірінсіз-бірі тұл соншалықты сұлулық болмағанымен жиған-тергеніңді бір күнде тәрк етіп, о дүниеге аттанып жүре береміз. Тірі пенденің барлығының тұз-дәмі таусылар тұсы барлығын еске салу арқылы тәубеге шақыру шығарманың негізгі идеясы.
Бізге беймәлім дүниенің есігі қалай ашылатыны да әрқашан өзімізге байланысты екендігі ешуақытта естен шығармайтын заңдылық екенін және Аллаһ тағаланың құдіретіне сену керектігін ескерту әңгімелері деп айтуға болады. Қай автор не туралы жазбасын, айтпақтары біреу-ақ. Ол – Аллаһ алдында жауап беруге дайынсың ба? — деп жалғыз сауал ғана.
Ислам дінінің негізі – Аллаһқа деген сенім, ал Аллаһқа деген сенімнің негізі – Аллаһтың жалғыздығын мойындау болып табылады.
О дүниедегі есебіміз ақ па қара ма, әйтеуір бір жауапқа ие болады. Сондықтан Аллаһтың атына лайық, күпірлік жасамағанға не жетсін. Қазір заманауи мәселелерге байланысты қаламгерлер қиын да күрделі тақырыпқа қалам тартып отыр. Бұл өте ауыр да киелі тақырып болғанымен аса қызықты да жұмбақ тақырып. Бұл тақырыптың аясын кеңіте айту үшін, үлкен білім, жай білім емес мұсылмандық білім қажет. Бірақ дегенмен, мұсылмандық білім барлығында болмаса да, мұсылмандық иман мен таным, түсінік болуы қажет. Осының барлығын жинақтай келе ғана аталмыш тақырыпқа баруға болады. Бұл тақырып аясы кең суреткерлік жауапкершілікті талап етеді деп тұжырымдауға болады.
Жазушы Д.Ахметұлының «Пайғамбардың оралуы» атты әңгімесі діни тақырыпқа, аңызға құрылған. Жазушы әңгімесінің кейіпкері етіп Нұқ пайғамбарды алған. Әңгімеде Аллаһ сөйлейді, оның періштелері де кәдімгі адамдар тәрізді сөйлеседі, сөйтіп тұлғаландыруға бой ұрады. Алайда, жазушы діни сарынның құпия астарын толық аша алмағаны айқын, себебі мұндай күрделі тақырыпты ашу тек талант қана емес, терең тарихи-діни танымды да қажет етеді. Өйткені шығармаға негізгі өзек етіп, арқау етіп алып отырғанымыз − Аллаһтың пайғамбарлары мен сахаббалары. Бұл тарихи тақырып болмағанымен, біздің санамыздан тысқары, болмысымыздан биік жоғары тұрған көзге көрінбейтін шындық, сезілмейтін шындық. Ол шындықты тек о дүниеге аяқ басқанда ғана сезіп, біліп, танисыз. Сондай жұмбақ, ғаламат әлемді жазу, суреттеу деген сөз Аллаһтың құрметіне бас ие, оның жалғыздығы мен құдіреттілігіне мадақ айту деген сөз. Бұл кез келгеннің қолынан келе бермейтінін іс. Шариғатқа, мұсылмандық танымға жат, қайшы жайттарды жазу Аллаһтың алдында күнәға бату болып саналады. Сондықтан қазіргі қазақ прозасындағы исламдық сарын үлкен мәдени құбылыс. Біздің әдебиетіміз аяқ басқан ұлттық таным, ұлттық рухани сарын өзіміздің ел-жұртымыздың рухани құндылығын ұмытпауға, қадірлеуге шақырады. Ұлттық құндылық дегенде бағзы заманнан ел санасына сіңген Аллаһтың құдіреттілігіне бас иген халықтың жадынан шығарған мифологиялық, діни аңыздардың жетегімен шығару болып табылады. Құран Кәрімде жазылған барша аяттардың өзі − ел санасындағы аңыз болып табылады. Аллаһтың сөзі әрқашанда хақ, рас. Жаратқан Аллаһтың құдіреттілігіне басымызды ие отырып, ислами құндылықтардың қазақтың ұлттық прозасынан көрініс беруі өте үлкен ыждағаттылықты талап етеді. Суреттеп отырған кейіпкері жай адам емес жалғыз Жаратушы Аллаһтың сөзін растаушы оның пайғамбарлары мен сахабалары емес пе? Бір жерден мүлт кетіп, жалған жазу үлкен күнә болып есептеледі.
Сондықтан Аллаһтың алдында өзі де аз емес пендешілік күнәлардың үстіне одан да екі есе үлкен күнәны жамап алып жүрмейік ағайын дегім келеді.
Сонымен қорыта келгенде, Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасындағы үлкен бір жаңалық − дін тақырыбы. Бұл – туған әдебиетімізде үлкен шектеуге ұшырап, әдебиет ішінен өз орнын ала алмай жүрген тақырып. Міне, осындай рухани мешеулік жайлаған атмосферадан кейін С.Досанов, Т.Ахметжан, Д.Амантай, А.Кемелбаева, Д.Рамазан, Е.Әбікен, т.б. қазақ қаламгерлері өте жаңашыл, ірі қадам жасады. Қаламгерлердің бірқатары – А.Кемелбаева мен Д.Амантайлар өздерінің дінге бет бұруын жалған бояулармен әсірелемей, ішкі болмысты таза қалпында көрсетулері құптарлық жайт. Ал, Д.Рамазан сынды жазушыларымыз дін тақырыбындағы сонылықты Құраннан тікелей аударма жасап, интерпретация әдісіне жүгінеді. Сонымен қатар, Құранның ең қадірлі, ірі маңызды сүрелеріне үлкен мән беріп, Құранға үстірт мойын бұрмай, үлкен суреткерлікпен қарап жазған көркемсөз шеберлері де баршылық. Құран сүрелерінен үзінді келтіру арқылы дүниеге келген туындылар − автордың бар идеялық-эстетикалық тұжырым, байлауын көрсетеді.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Кемелбаева А. Тобылғысай. – Астана: «Елорда», 2001. -120 бет.
2. Рамазан Д. О дүниедегі кездесу. – «Жас Алаш», 30 наурыз, 2010, ж.