ЭЛЛИНДІК ЖӘНЕ РИМДІК ФИЛОСОФИЯ
– антика философиясындағы эллиндік кезең б.д.д. шамамен VIғ. ортасынан б.д.V-IVғ.ғ. аралығын қамтиды. Ұлы Александр Македонский құрған мемлекет ыдырап, формалды түрде орталық Македонияға бағынған, шын мәнінде, өзін-өзі басқаратын көптеген кішігірім патшалыққа (Египет, Сирия, Кіші Азия, Грекия, т.б.) айналды. Ал б.д.д.IIғ. күннен-күнге мемлекеттік күші өсіп келе жатқан Рим Македонияны оның бағынышты аймақтарымен қоса өзіне бағындырып, Рим империясының отарына айналдырды. Бұл саяси өзгерістер сол кездегі философиялық концепциялардың мәні мен мазмұнына әсер етпей қойған жоқ. Сонымен қатар эллиндік және римдік философияға ежелгі грек және Шығыс халықтарының (әсіресе Кіші Азия) өте бай рухани байлықтарының әсері зор болғандығы белгілі. Әсіресе Шығыс халықтарына тән мистикалық әдет-ғұрыптар, астрология, гороскоп, т.б. да сенімдерін, Шығыстың кейбір құдайларын (Исида – Даметра, Кабела (Жер-Ана) – Афродита, Артемида, т.б.) өз құдайлары ретінде мойындап, оларға табыну сияқты діни сенімдері Грекия, рим халықтарының сол кездегі мәдениетінің өзектілерінің бірі болды. Діндегі сияқты, философияда да жеке тұлға мәселесі алдыңғы шепке шығып, жалпы этикалық проблема ретінде көптеген ойшылдардың еңбектерінде көрініс тапты. Б.д.д. IV-IIIғ.ғ. осы проблемаларға жауап іздеген негізгі екі философиялық ағым пайда болды. Олар стоиктер мен эпикуршылардың философиялық ілімдері еді (Алтай Ж., Қасабек А., Мұхамбетәлі К. Философия тарихы/ Эллиндік және римдік философия, «Раритет»,—Алматы: 2006. 48-бет). Сөйтіп, философия өзінше бір сипат алып, жаңа бір деңгейге көтерілді, бұл көбіне сол кезеңдерде өмір сүрген философиялық тұлғалардың еңбектерімен, ондағы тың идеялармен, көзқарастармен байланысты болды.