ЭДМУНД ГУСТАВ АЛЬБРЕХТ ГУССЕРЛЬ

ЭДМУНД ГУСТАВ АЛЬБРЕХТ ГУССЕРЛЬ
(8 сәуір, 1859ж, Просниц, Моравия (Австрия) – 26 сәуір, 1938ж, Фрайбург)

— неміс философы, феноменологияның негізін қалаушы.
Математикадан философияға, жаңа тәсілдер мен революциялық шешімдерге қарай жүретін бағыт таңдалды. Лейпциг университетін тәмамдаған жас математик математика ғылымындағы ең қызық нәрсе философия екенін біледі. Нәтижесінде, философияға көңіл бөлген ол Ф.Брентано (Вена университеті) деген философ әрі психологтің шәкірті болады. Онан соң Гуссерль Гетинген университетінде дәріс оқиды, Фрайбург университетінде философия кафедрасын басқарады. Бірақ феноменология оның шынайы тағдырына айналады және оның маңына көптеген дарынды жас зерттеушілер шоғырланады. Нацизм жылдары Гуссерль қашу мен эмиграцияны өзіне лайықты көрмей, Германияда қалады. Бірақ даңқ пен лауазым оны құтқармады. 1933 жылы сәуірде ол Рейхскомиссардан өзінің «арийлік емес тегіне» байланысты жұмыстан босатылуы туралы хабарламасын алады. Дәл сондай себеппен оның ұлы Герхард та дәріс оқу құқығынан айырылады. Осылайша Германия оның басқа ұлының бірінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқанын естен шығарып, ірі ойшылды «құрметтеп» жатты. Гуссерль 1938 жылы 29 сәуірде «жабық» жағдайда жерленді.

Философиялық шығармалары:

«Картезиандық ой-тоғамдар», «Таза феноменологияның идеялары» «Европалық ғылымдардың дағдарысы» және т.б.
Гуссерльдің негізгі идеясы көптеген батыстық ойшылдарды, ең алдымен, Декартты мазалап жүрген идея – философия мен ғылымның қас жауын, зұлым әрі айлалы скептік пен релятивисті жеңу, скептицизмнің шабуылына төтеп беретін мәдениеттің тұрақты және берік негіздерін табу болатын. Бірақ бұл классикалық мәселені Гуссерль бейклассикалық тәсілдермен шешеді. Ол батыстық философияның классикалық қағидатынан, яғни психиканы санамен, ал сананы таныммен барабар деуді жоққа шығарады (Онымен қатар дәл сондай қиратушы жұмысты оған бейтаныс Зигмунд Фрейд жүргізеді, ол психикалық концепті бейсаналық бөліктерді енгізу арқылы кеңейткен).
Эдмунд Гуссерль өзінің имиджін өзгертуден арланбай, күрделі, қайшылықтарға толы жолды таңдаған. Ол философиялық аренаға «Логикалық зерттеулер» деп аталатын екітомдық еңбегімен шығады, онда ол кез-келген психологизмге қарсы тұратын қатаң, жүйені сүйетін рационалистің кейпінде болды. Философияның міндеттері бірмәнде анықталады: «Егер ғылым теорияны өз мәселелерін жүйелі түрде жүзеге асыру үшін жасаса, философ сол теорияны жалпы мүмкін ететін қандай нәрсе деген сұрақты қояды және т.с.с.». демек, философия тек қана негіздеумен айналысу керек, яғни ғылымға қызмет етуі тиіс. Бұл классикалық рационализмнің рухына толығымен сай келетін ереже болатын.
Бірақ өзінің кейінгі шығармаларында – «Философия қатаң ғылым ретінде» деген бағдарлы мақаласында, әсіресе «таза феноменологияның идеялары» еңбегінде Гуссерль мүлде басқа көзқарасты ұстанады, классикалық философияның алаңын тастап, жаңа көкжиектерге ұмтылады. Ол енді ғылымның алдында бас июден бас тартады да, философияға мүлде басқа рөл үстейді, яғни оның қызметі нәтижесінде шексіз жұмыс өрісі ашылады және математикалық тәсілдерсіз, ой-тұжырым мен дәлелдеу аппаратынсыз құнды материалды алатын ғылымның негізі қаланады. Психологизмнің бұрынғы қарсыласы болған ол, енді, тек жеке санада ғана абсолютті мәндер әлемінің кілті бар дегенді дәлелдейтін болады.

Философиялық көзқарастары:

Ең ақыры, өмірінің соңғы кезеңінде Гуссерль бар ынтасын батыстық мәдениеттің болашағына алаңдап, өзінің «Европалық ғылымдардың дағдарысы» деген еңбегінде бұл ғылымның біздің өмірлік сауалдарымызға ешқандай жауап қайтара алмайтынын қынжыла мойындайды. Философ батыстық мәдениеттің трагедиясын жақсы түсінген: ғылым, рацио қауіпті дербестікті иеленіп, адамгершіл құндылықтар мен адами мәнді ұмытады. Батыстық мәдениеттегі адам тіршілігінің парадоксы – оның тірі адами субьективтілік ретіне, заттардың арасындағы затқа, обьектіге айналуы еді. Енді Гуссерль ғылымға емес, ғылымнан бұрынғы тәжірибиеге, «өмірлік әлемге» арқа сүйейді: ол бұрыннан сенімге ие болған және адам өмірінде маңыздылығы даусыз, іс жүзінде тексерілген «айқын нәрселердің», түсініктердің жиынтығы» – пікірлер, түсініктер, өмірлік тәжірибиенің даналығы.
Гуссерль классикалық дискурста сыртқы ықпал мен жетістікті көздейтін сананы – қайғылы жиырмасыншы ғасыр жоғалтқан ең басты адами мәндерді өзіне қарай, ішкі өмірге қарай бұрады, сол арқылы Батыс пен Шығыстың философиялық тәжірибиесін жақындатады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *