ШӘКӘРІМ (ШАҺ-КӘРІМ) ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ

ШӘКӘРІМ (ШАҺ-КӘРІМ) ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ
(1858ж. 11 шілде, Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Шыңғыстау бөктері – 1931ж.)

– қазақтың рухани мәдениеті мен менталитетінде өшпес із қалдырған алып тұлға, гуманист әрі Абайдың немере інісі және ұлы ақынның ілімін жалғастырушы.
Ол арнайы оқу орнында оқымаса да араб, парсы, орыс және шағатай тілдерін өз бетімен үйренген. Абай сияқты Шәкәрім де Қазақ Елін қалай өркениетті, мәдениетті елдер қатарына қосамын деп талпынды.
Оның ойынша, бұл азаматтық өтеудің шарты – туған елдің бүкіл тарихи, мәдени құндылықтарын жоғалтпай, оларды заман талабына сәйкес қолдану.
Шәкәрімнің рухани ізденісінде ежелгі сақ-түрік заманынан қалыптасқан ғарыштық дүниетаным ерекше орын алады. Тәңірі, Нұр, Күн, Табиғат – ол үшін қасиетті, киелі ұғымдар. Шәкәрім «Үш анық» деп аталатын трактатын жазуға отыз жылдай уақытын сарп етіпті. Бұл ақынның ғылымға деген үлкен жауапкершілігі мен тазалығы болса керек. Ол мұнда батыс пен Шығыс мәдениетінің рухани қазына көздеріне бас қойып, жаратылыстану ғылымдары салты бойынша да көптеген Европа ғалымдарының еңбектерімен таныс болғанын көреміз. Шәкәрім өмір бойы өзін өзі жетілдірумен өткен адам. Ол әдебиет, тарих, философия, жаратылыстану ғылымдарымен де шұғылданды. Оккультизм, спиритуализм, магия мәселелерімен де шұғылданды. Ал философиялық дүниетанымында ежелгі антикалық классиктер – Пифагор, Демокрит, Эпикур, Платон және Аристотель басты орында болды. Ол сондай-ақ XIX — ғасырдың аяғы, XX-ғасырдың басындағы француз философы О.Конт, ағылшынның позитивист философы Г.Спенсер, идеалист Нелийдің, пессимист философ А.Шопенгауэрдің, т.б. философиялық еңбектерімен таныс болды.
Шәкәрім өзіне дейінгі рухани ұстаздары – Шоқан, Ыбырай, Абайға қарағанда, Грекия, соның ішінде Европа кәсіби философиясының тарихымен тікелей шұғылданып, оларды тек біліп қана қоймай, өз пікірлерін, ойларын ортаға салып айта отырып, өмірде қазақ кәсіби философиясының іргетасын қалап, өзі қазақтың алғашқы кәсіби философы атанды.

Философиялық көзқарастары:

Қазақ мәдениетінде бұрыннан келе жатқан идея – жанның мәңгілігі. Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Иассауи, Абай мен Мағжан, жалпы Шығыс ғұламалары бойынша, адамның дүниедегі тіршілік ету мағынасы жанның мәңгілігімен айқындалады. «Жан – дейді Шәкәрім, — менің айтқанымдай баста бар болса, тұрған денесі орын болуға жарамаған соң, денеден шыққанда біржола жоғалып кетпейді. Құр ғана өзгеретін болса, бұрыннан бар жанның жоғалуына түк дәлел жоқ. Олай болса, бір түрге түсіп, барлықтың ішінде бар болып жүреді».

Философиялық шығармалары:

Шәкәрімнің «Үш анық» атты шығармасы негізгі философиялық шығармалардың бірі болып табылады. Мұнда философия тарихына байланысты көп мағлұматтар бар. Оның бұл шығармасындағы сөз болатын басты мәселе: «Адамдағы ынсап, әділет, мейірім – үшеуі қосылып ұждан деген шығады. Шәкәрімнің ұжданы ежелгі гректердің «каллокагатия», И.Канттың «кесімді императив» ұғымдарымен астас.
Оның толғамаған тақырыбы, проза, эссе, дастан, аударма, хроникалық шығармалар, т.б. Сондай-ақ, Шәкәрім мұрасында эпостық жанрдың бір түрі – белгілі бір оқиғаны өлеңмен баяндайтын, сюжетке құрылатын шығармалар, поэмалар ерекше орында тұр. Шәкәрімнің көзі тірісінде жарияланған шығармалары: «Қазақ айнасы» (1912, Семей), «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Қодардың өлімі», «Нартайлақ –Айсұлу», «Мұтылғанның өмірі» поэмалары, «Қазақтардың кітабы» (этнофилософиялық), «Мұсылмандық шарты», «Әділ-Мария» көлемді романы, «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» тарихи шығармасы.
Бұдан басқа, ақын Пушкиннің, Толстойдың, Шығыс жұлдыздары – Физули, Хафиз, Науаи, өзінің сүйікті ақындары – Лермонтов, Некрасов, Байрон шығармаларын көптеп аударған.
Шәкәрім жалқаулық, енжарлық өте зиянды әдет деп әшкерелеп, жастардың бойында ғылымды меңгеру, халық ағарту ісі мен туған елдің прогрестік дамуы жолындағы барлық қиындықтарды жеңу үшін күш-жігер, ерік, еңбек сүйгіштік қасиеттердің мол болуын уағыздайды. Ол Меккеге барғанда, шариғаттың мұсылмандарға міндет еткен бес парыздың бірі – қажылық борышын өтейін және «қажы» деген атақ-дәреже алайын деген оймен бармаған. Анығы «Шәкәрім тіршілік, тағдыр туралы сауалдарына жауап іздейді. Оқу іздеу аймағын кеңейте түседі. Дін тану емес, ел тану, жер көру мақсатында қажылыққа барып қайтады». Негізгі көздеп барған жері, үлкен мәдениет орталығы, бай кітапханалары бар Париж, Стамбұл қалалары болған. Әдейілеп іздеп барғанда, ақын өзіне керегін сол жерлерден тапқан.
Шәкәрім дін мәселесінде фанатик емес, ол схоластик, дінді тіпті мойындамаған, діни соқыр сезімнен мүлде аулақ, сыншыл еркін ойдың, өз сөзімен айтқанда, «ноқтасыз ойдың», «сау ақылдың» адамы болған.
Жалпы, тұжырымдап айтсақ, Шәкәрім Құдайбердіұлының философиялық, әлеуметтік, этикалық, эстетикалық ойлары XIX — ғасырдың аяғы, XX — ғасырдың басындағы осы бір күрделі кезеңнің барлық күшті және осал жақтарын бейнелеген көрсеткіші және сол кездегі мәдениеттің, жалпы дүниежүзілік мәдениеттің синтезі болып табылады.
Шәкәрім шын мәніндегі өзінің ұстазы Абайдың дүниеге деген көзқарастарын, ойларын, жалпы дүниетанымын алға жетелеуші, өміршең философиялық ойды ағартушылық бағытта әрі қарай дамытқан нағыз қазақ арасынан шыққан ойшыл болды.
Оның ойлары және ілімі сол кездегі кең таралған діни догмаға үлкен соққы болып тиді.
Шәкәрім өмір бойы ақылдың туын жоғары көтеріп өтті. Рационалды әдісті (адамның танымдық қасиеттеріне негізделген) жақтады. Ғылыми ойды діннің әсерінен босатуға, қорғауға, философиялық мәселелерді теологиядан бөліп алуға, философия мен жаратылыстану арасында тығыз байланыс орнатуға тырысты. Ол бүкіл адамзат қауымы жете алатын барар жол мен тәсілдерін іздестірді.

Философиялық афоризмдері:

 Молдалар: «Жан денеден шыққанда қатты қайғырады» дейді. Өтірік айтады. Неге десеңіз: жан ақылмен бірге шығатын болса, дене тұтқыннан құтылғанына қуанса керек. Егер ақыл жоғалатын болса, қайғыруды білмесе керек.
***
 Дүниенің қайғысы ақ жауындай үзілмей жауса, қуаныш анда-санда найзағайдай жарқ етеді де өшеді – бұл неліктен? Бұл – адам баласының қиянаты көптігінен, мейірімнің аздығынан.
***
 Арыстан көрнеу келеді. Қарақұрт пен шаян жасырынып шағады: уыты аса зиянды.
***
 Осы өмірден басқа өмір жоқ болатын болса, жаралыспен жағаласып, адамдармен арпалысып өмір сүргенше, жасамаған артық емес пе?
***
 Мен жастықта балалыққа қызықтым, одан бозбалалықты бақ деп білдім. Одан әрі адамшылық атты баққа қызметкер болдым. Ақырында баққа құл болдым. Себебі, жасаған сайын алдыңғы бұзылып, артқы бақ түзу сықылданды. Енді ойласам: өлмегім хақ. Жә сол бақтарымның ең жарамдысын ұстап қана өлгеннен басқа не бар деп ойладым. Байқасам: жас бала күнімдегі бағымның артығы жоқ. Себебі – қайғы да жоқ, ар — иманнан тайғызатын ісі де жоқ.
***
 Адамның бұл дүниеде, бұл табиғатта жоқ нәрсені ойлануының өзі мүмкін емес, болуға мүмкін істі ғана ойлай алады. Бұл – бір. Екінші – сол қиял, болмайтын нәрсе деп отырғанымыз ұлғайтылып, өзгертіліп, ауыстырылып айтылған болашақ болуы мүмкін.
***
 Біреулер адам өмірі жаратқан иесін танумен түзеледі десе, кейбіреулер үкімет жойылса, әркім өз бетімен өмір сүрсе түзеледі дейді. Ал енді біреулер оқу-біліммен, халықты ағартумен адам өмірі түзеледі деп ойлайды. Тағы біреулер бай-кедейді теңеумен түзеледі десе, біреулер тәрбиемен түзеуге болады дейді. Біздіңше, бұларды жекелей алғанда, ешқайсысы да адам өмірін түзей алмайды
***
 Оқу-білім үйренген адам өнерлі келетіні рас. Бірақ оны қандай іске, оны қай мақсатқа жұмсамақ? Үйренген ғылымымен түрлі қару жасап, улы газдар тауып, басқа адамдарға аң есебінде оқ атып, әлсізді құл етіп, жердің бетін адам қанына бөктірушілер де бар ғой! Ең өнерлі, білімдіге саналатын Америка, Англия елдеріне қараңыз.
***
 Бай мен кедейді теңеу, байдың малын кедейге бөліп беру – кедейді еріншектікке, еңбексіз мал табуға дағдыландырып жіберетін жол.
***
 Бет сұлулығы – тән сыйы емес пе, дауыс пен сөз сұлулығы – жан сыйы ғой. Әрине, тән сыйынан жан сыйы артық екенінде дау жоқ. Бірақ бет сұлулығын әркім-ақ таниды, ал сөз бен ән сұлулығын танушы аз.
***
 Өтіріктің тілін тия алмаған адам – адамдықтың ындынын тия алмайды.
***
 Мен зияны тиер деп күдіктенген кісіме жылы жүзбен қараймын: мұным – пішініммен айтқан өтірік.
***
 Мен тарыдай жақсылық қылсам, таудай зұлымдығымды жасырғалы қыламын: сөйтіп жүріп адам атануға ұяламын.
***
 Адамдар мал-мақтан үшін соғысып, өзі жек көретін өлімге жан тапсырады.
***
 Қызыл гүлге қызығып сайраған бұлбұл – гүл соларын білгенде зарламай қайтсін?
***
 Егер ақылым да, жаным да менімен жоғалатын болса – онда мен жанып-өшкен от қанамын: дүниені өртесем де, мені ешкім жазалай алмайды.
***
 Терең ой, түзу тәжірибиесі бар адам ғайыптан хабар береді – әулие деген сол болса керек.
***
 Дүниеге қызығатын көзімді топырақ баспай тұрып, бейнеттен құтыла алмаймын: осынша тәтті көретін өмірден гөрі татпай тұрып ащы деген өлім жақсы болса керек.
***
 Тәтті сөз тауып айта алмайтын ақын, сен мені неге күндейсің? Мені – сен, сені – мен жаратқаным жоқ қой.
***
 Ақынның дуанасы – мақтаншақтың басын он тиынға алмайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *