ШРИ АУРОБИНДО ГХОШ
(15 тамыз, 1872ж. Калькутта (Британдық Үндістанда) – 5 желтоқсан, 1950ж.)
— үнділік философ, ақын, революционер әрі Үндістанның ұлт-азаттық қозғалысын ұйымдастырушы, йогин, гуру және интегралдық йоганың негізін салушы.
Шығармалары:
Философтың шығармаларында йога мәселесі үлкен орын алады, соған байланысты арнайы трактат жазды, ол «Йога синтезі» деп аталады.
Ол бес жасында Дарджилингтегі ирландық монастырлық мектепке барады. Екі жылдан кейін (1879ж.) ол Англияға аттанады да, жиырма жасында Кембрнидждегі Корольдік колледжді бітіреді. Ол батыстық білім алып Үндістанға 1893 жылы оралады. Шри Ауробиндо санскрит, қазіргі үнді тілдерін, Үндістанның философиялық жүйелері мен ежелгі киелі кітаптарын
– Упанишада, бхавад Гита, рамаяна, веданы зерттеумен айналысады. Келесі он үш жылдың ішінде Шри Ауробиндо Бароды қаласының (қазіргі Вадодара) әкімшілігінде әртүрлі қызметте болады, жергілікті университетте ағылшын және француз әдебиетінен сабақ береді. 1906 жылы ол Калькуттадағы Ұлттық колледждің ректоры болады. Үндістанға келген кезден бастап Шри Ауробиндо елдегі саяси ахуалды байқап жүреді. 1905 жылы Бенгалияны бөлуге қарсы наразылықтан кейін Шри Ауробиндо ашық түрде ұлт-азаттық қозғалысқа қосылады. Сегіз жыл бойы (1902-1910ж.ж.) ол елдегі саяси өмірге белсенді араласады, сол үшін екі рет тұтқындалып, ақталады. Екінші рет тұтқындалып, алипор абақтысына қамалғанда (1908-1909ж.ж.) Шри Ауробиндо рухани нұрлануды бастан кешіреді, содан оның өміріндегі жаңа бір кезең басталады. 1910 жылы Шри Ауробиндо саяси және қоғамдық белсенділікті қойып, рухани қызметпен айналысады. Ондай «қызметтің» мәнісі сананың кәдімгі адами ақылдан тыс жататын деңгейлерін (өлшемдерін) зерттеу және адам табиғатының саналы эволюциялық өзгерісін дайындау болатын. Ол йогамен айналысу үшін Үндістанның оңтүстігіндегі француз колониясы болған Пондишерриге қоныс аударады. Шри Ауробиндо 1950 жылы өмірден өткен соң, оның жұмысын Ана ретінде белгілі Мирра Альфасса (1878-1973ж.ж.) жалғастырады.
Философиялық көзқарастары:
Ауробиндо Гхоштың философиялық жүйесі «синтез» ұғымының төңірегінде құралған, яғни ол «синтез» ұғымын барлық салада қолданады. Батыс пен Шығыстың мәдениетін салыстырғанда, материя мен рухты салыстырғанда қарастырады. Яғни ол өз жүйесін «интегралды йога» деп анықтайды. «Интегрализм» оның дүниетанымдық мәселелерінің басқарушы принципі болып табылады.
Оның ойынша, өмір – материя мен рухтың күресі. «Өмір материямен ұдайы күрес жағдайында болады және ол күрес өмірдің жеңілісімен аяқталып отырады. Араздық ақыл пайда болғаннан бастап тереңдей түседі, себебі бұл араздық өмірмен де, материямен де жауласады. Олардың тар шеңбері, түптеп келгенде, ақылдың аздаған жеңісіне де әкеледі».
Бірақ, Ауробиндоның философиялық жүйесінде интегрализмнің негізгі обьектісі болып үндінің діни-философиялық дәстүрлері, оның ішінде веданталар мен йогаға ерекше көңіл бөледі.
Бұл мәселелерге көңіл бөлген себебі, веданта мен йога «интегрализмнің» негізгі бастамасы болып табылады. Соның ішінде йога мәселесі үлкен орын алады, соған байланысты Ауробинда арнайы трактат жазды. Ол «Йога синтезі» деп аталады. Бұл «синтез» ең алдымен «йога» ұғымының этимологиясына негізделген (үнді тілінен аударғанда, «йога» — бірлік, одақ дегенді білдіреді). Сондықтан Ауробиндоның бүкіл философиялық-діни жүйесі «интегралды йога» деп аталады. Бұл жүйенің негізгі мақсаты – адам өмірінің барлықсаласында құдыреттілік, қасиеттілік орын алып, тұрақтануы, яғни адамның табиғатын, іс-әрекетін, ақыл-парасатын рухани дамытып, тазарту.
Рухани тазарту арқылы адамдар абсолютпен жақындасады. Ол абсолют, Ауробиндо бойынша, абстрактылы, (безличный) Брахман. Брахман-барлық жерде өмір сүретін субстанционалды басталыс. «Барлық шындық, олардың барлық бөліктері мен көріністері – Брахман. Брахман – бұл абсолют, трансценденттік байланыстан тысқары, космостан жоғары болмыс, ол космостың тірегі, космикалық «Мен» өмір сүруінің негізі».
Сонымен қорытындылай айтсақ, Ауробиндо Гхоштың қарастырған мәселелері – адамның рухани тазалығы, Пара-Брахманмен жақындасып, өзін-өзі жетілдіруі.