ШАЛГИІЗ-ЖЫРАУ (ШАЛГЕЗ) ТІЛЕНШІҰЛЫ

ШАЛГИІЗ-ЖЫРАУ (ШАЛГЕЗ) ТІЛЕНШІҰЛЫ
(1465ж. Батыс Қазақстан өңірі, Жайықтың шығыс беті – 1560ж.)

— ұлы жырау, ойшыл, қазақ жыраулық поэзиясының атасы.
Онда әміршіге тікелей арнау да, мадақ өлеңдер де, болмыс туралы философиялық толғаныстар да, өзі туралы ойлар да, дидактикалық толғаулар да бар. Шалкиіз Ноғайлының ұлы биі Мұсаның қызынан туыпты. Әкесі Тіленші – қазақ арасындағы көп шонжарлардың бірі. Үш айлығында анасынан айырылып, нағашы әжесінің қолында тәрбиеленген. Ер жетіп, атқа қонған кезінде Ноғайлы ханы Темірдің ықпалды билерінің бірі болады. Келіспеген тұстарында ашық та қатты айтып, елдікке шақырған.
Оның шығармаларының өзіндік ерекшелігі – ондағы философиялық толғаныстардың көптігі. Көркем шығарма қашан да сол заманның , сол кездің ой-өрісімен салыстырыла бағаланбақ. Шалкиіздің философиялық ойлары ұзақ толғанып, өз заманын нәзік түсінуінің жемісі. Бұл ерекшеліктер жыраудың шалқар даналықтың, терең ақылдың иесі болғандығын көрсетеді. Осыдан келіп, біздер Шалкиіз ойларының, шығармаларының өміршеңдігін, арада төрт жарым ғасырдай өтсе де, ұрпақ жадында ұмтылмас сақталуының сырын ұғамыз.
Белгілі ғалым әрі жазушы Мұхтар Мағауин: «Шалкиіз новатор еді — дейді. Ол қазақ поэзиясындағы философиялық бағыттың негізін салды. Бұл тұрғыдан алғанда, Шалкиізді қазақтың барлық жырауының атасы деуге болады. Өзінің философиялық-афористік – толғауларында Шалкиіз ойлылықтың, көркемдіктің шыңына шықты. Қиыннан қиыстыру, нақтылық, ықшамдылық, ойнақылық, сонымен қатар тереңдік – Шалкиіз поэзиясының ерекшелігі. Бұл жағынан алғанда, қазақ жырауларының ешқайсысы да онымен теңесе алмайды».
Қазақ ақын-жырауларының шығармалары, негізінен, көшпелілер болмысы, атақоныс, адам, сол кездегі әлеуметтік жағдайларға, батырлық, көркемдік, адамгершілік өмір мәселелеріне байланысты болып келді.
Шалкиіз шығармашылығында бір қалыпқа түскен философиялық көзқарас жоқ. Бұл Шалкиіз шығармаларының біздерге дейінгі ұрпаққа толық жетпеуі себепті болар деп ойлаймыз. Дегенмен, қолда бар толғаулардың өзі адам, қоғам, өмір, табиғат жайында терең түсініктер береді.
Дүниеде тұрақты, мәңгілік ештеңе жоқ дейді жырау. Өмір қысқа екен, бұл жалған басы жұмыр пенденің бәрінен де өтеді екен, демек, осы аз ғұмырды дүниедегі бар қызықты тегіс көріп, думандатып өткізу керек деп, жырау өмір мен өлім мәселесі жайында философиялық толғаныстар жасайды. Жырау өмірдің бар қызығы, бақыты, қуанышы о дүниеде емес, адамның бар бақыты бұл дүниеде екенін айтып кетеді.
Шалкиіз жырау «көп түкірсе – көл» деп, елді ұйымшылдыққа, бірлікке шақырады. Оның пікірінше, көптің , елдің қолынан бәрі келеді. Ол жауға айбар, елгеқорған дейді. Сондықтан да Шалкиіз жырау: «Жалғыздың тартатұғын жоғы жоғалса – табылмас, рулының оғы қалса – табылар», «Жағаға дұшпан қолы тимеске – артында туысқанның көбі игі», «белуардан саз кешсең, тобығыңнан келтірмейтін», «қамалаған қалың туғанның арқасы», — деп, ағайынның, туғанның көп болғанын қалайды.
Шалкиіз жырау жамандық пен жақсылық жөнінде де айта келіп, «Көрінгеннің бәрі бірдей емес», «Қырға шықпас жаманның барынан да жоғы жақсы», — деп, адам бойынан үлкен адамгершілік, игілік, тереңдік іздейді.
Жауынды күні көп жүрме,
Жар жағасы тайғақ-ты.
Жаманға жақыным деп сыр айтпа,
Күндердің күні болғанда,
Сол жаман өз басыңа айғақ-ты!
В.Радловтың жазуы бойынша, нәзік жанды ақындығымен қатар, Шалкиіз батыр, жауынгер де болған көрінеді. Мұның дәлелін мына бір жолдары көрсетеді:
Қатты бір тартып бек атсаң,
Қайырылып барып тез сынар
Қайың оқтың жаңқасы…

Болмаса:

Көктеп мінген еріңнің
Астында көп жүгірер көлік бар,
Көп садақтың ішінде
Көбе бұзар жебе бар, —

деген сияқты жолдар өте көп кездеседі. Бұдан біз байқағанымыз, Шалкиіз толғауларының рухы – батырлық, ерлік, өз Отанын сүю, оған қызмет ету.
Қорыта айтқанда, Шалкиіз мұралары бізге әлі толық жетпегенімен, оның рухани мұрасы өте бай. Оның өз өнері, дүниеге деген көзқарасы төл ойлау мәдениетіміздің қалыптасуына, сөз жоқ, айтарлықтай ықпал етті.

Философиялық афоризмдері:

 Жаманнан туған жақсы бар – адам айтса нанғысыз, Жақсыдан туған жаман бар – бір аяқ асқа алғысыз.
***
 Жақсының өзі өлсе де – сөзі өлмейді.
***
 Жақсының жақсылығы сол болар – жаманменен қосылып сөйлемекке ар етер, жаманның жамандығы сол болар – сөйлесе бетін қара етер.
***
 Жез қарғылы құба арлан қорашыл төбет болған күн.
***
 Тең атаның ұлы едің: дәрежеңді артық етсе – тәңірі етті.
***
 Тұсында болған мәртті қорлама – табылмайды керекте.
***
 Бар күшіңді сынамай – балуандармен күреспе.
***
 Жоғары қарап оқ атпа – жақын түсер қасыңа.
***
 Жақсы да келер бұл көпке, жаман да келер бұл көпке.
***
 Саған дұшпан – маған жау.
***
 Шағырмақ бұлт жай тастар, әділ жігіт – ел бастар.
***
 Шешен жігіт – жол бастар, батыр жігіт – қол бастар.
***
 Айдын сулар, аймақ көл – тасыса дөңбек келтірер, Көп өтірік, жаман сөз – басыңа бәле келтірер.
***
 Жаманға беліңді шешіп иланба – илантып тұрып өлтірер.
***
 Теңеу: ертеңнен салса – кешке озған, ылдидан салса – төске озған.
***
 Алға сап жауап бермеңіз – арғы түбін ойламай.
***
 Теңеу: боз үстінде от жағып, бұзбай бұлан пісірген мен иемнің бөрілі ала тасы едім, жау көрген күн –жүрегінің басы едім, көз үстінде қасы едім.
***
 Жүк тиесең – кетерсің, ниет етсең – жетерсің.
***
 Асқардан биік тау болмас – басына балапан ұшып қона алмас, Бүркіттен қыран құс болмас – бауыры жайылмай бөрі алмас.
***
 Жүйрікпін деп жалданба – жолығарсың арланға.
***
 Еріккенде қызыл тілін тыймаған бір пәлеге жолығар.
***
 Жағаңа дұшпан қолы тимеске – артыңда туысқанның көбі игі.
***
 Арғымақ атқа көп міндім – садаға кетсін буданнан, Азаматқа көп ердім — садаға кетсін туғаннан.
***
 Жайыңды білмес қарындас – өзі дұшпан, өзі қас.
***
 Атаның ұлы жақсыға – малыңды бер де, басың қос: бір күні болар керегі.
***
 Күле кіріп, күңіреніп шыққан достан сақтасын.
***
 Есендікте – малыңды бер де батыр жи, басыңа қиын-қыстау іс түссе – дұшпанның қолы жете алмас.
***
 Жалаңаш барып жауға ти – тәңірі өзі біледі ажалымыз қайдан дүр!
***
 Ақылсыз достан ақылды дұшпан артық.
***
 Жаманға сырыңды қосып сөз айтпа.
***
 Жаманның жалаңдаған тілі жау.
***
 Бір жақсымен дос болсаң – азбас-тозбас мүлкі етер, Бір жаманмен дос болсаң – бар ғаламға күлкі етер.
***
 Жаман туған бар болса, жақсы жолдас зар болса –жазаны сонда көрерсің.
***
 Түлкідей құйрық тастаған жаман тағылық жетер басыңа-ай.
***
 Тәңірі өзі білмесе – «менмен»-сіп жүрген ер жігіт кісіден тартып ала алмас.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *