ФРИДРИХ ВИЛЬГЕЛЬМ НИЦШЕ

ФРИДРИХ ВИЛЬГЕЛЬМ НИЦШЕ
(15 қазан, 1844ж, Рёккен, Пруссия – 25 тамыз, 1900ж, Веймар, Германия)

— неміс ойшылы, өзіндік философиялық ілімді (өмір философиясын) құрушы. «Билікке ұмтылған жігер» деген концепцияны құрушы.

Философиялық шығармалары:

«Уақытылы емес ой-толғамдар», «Тарихтың өмір үшін пайдасы мен зияны», «Адами, тым адами», «Көңілді білік», «Ізгілік пен зұлымдықтың ту сыртында», «Ар-ұждан шежіресіне байланысты», «Антихрист», «Музыка рухынан трагедияның туындауы», «Заратуштра осылай деген», «Билікке ұмтылған жігер», «Жақсылық пен жамандық сыры» және т.б.

Философиялық көзқарастары:

Ницшенің пікірінше, өркениет (цивилизация) пен мәдениетте құлдырау процесі басталды. Бұған кінәлі тек буржуазиялық қоғам ғана емес, жалпы қоғамтану ілімінің қоғамда болып жатқан құбылыстарды дұрыс түсіндіре алмауы – басты себептердің бірі. Осы тұрғыда, Ницше өз концепциясының негізі етіп, Дарвиннің «Өмір дегеніміз – күрес» заңын алды. Бұл идеяны әрі қарай дамыта отырып, Ницше: «Өмір дегеніміз – күрес арқылы билікке ұмтылу» деген тұжырым жасады. Осы концепция негізінде ол жоғарғы дәрежедегі биологиялық тип – «аса күшті адам» идеалын қалыптастыру керектігін дәлелдеуге тырысты. Оның ойынша, өмірдің қиыншылықтарына, тоқпақтарына қарсы тұра алатындай «аса күшті адамдар» басқалардың тәрбиесімен немесе өзін-өзі тәрбиелеу арқылы емес, өзінде туғаннан бар өмірлік күштің арқасында қалыптасады. Тек осындай «аса күшті адамдар» ғана өмір сүруге немесе билікке ұмтылуға құқықты, сондықтан олар өздерінің жігерін тежейтін қоғамда қалыптасқан моральдық өлшемдерді мойындамай, жақсылықтан да, жамандықтан да аулақ жүреді. Егер олар қарапайым адамдардан ерекшеленгісі келсе, өздерінің жалқаулықтарынан арылып, ар-ождандарының дауысын тыңдап, өзімен–өзі болуы керек, әйтпесе, манекенге айналып, жұрттың ойлағанындай ойлап, солардың істегенін істейді.
Оларды тобырлардан (қарапайым адамдардан) ерекшелендіретін қасиеттер – алғырлық, жан-жақты дамыған әдемілік және билікке ұмтылдыратын өмірлік күш пен жоғары дәрежелі жігер. Билікке жету, өз мақсат-мүдделерін жүзеге асыру үшін, олар қоғамдағы кездесетін алдамшылыққа, қиыншылыққа, өзіне бағытталған қастандыққа қарсы қажымас күрес жүргізулері керек. Осы тұрғыдан Ницше «құлдық мораль» негізінде қалыптасқан дінді де, «жалған» моральді уағыздайтын буржуазияны да, барлық игілікті және құндылықтарды құртатын тобырды да сынға алып, жалпы адамзаттың мақсаты қоғамның ұлы адамдары – «аса күшті адамдарды» дүниеге келтіру болып табылатыны жайлы тұжырым жасайды. Ницшенің «аса күшті адам» туралы ілімінің философиялық негізі төмендегідей идеяларға саяды. Барлық өмір сүретін денелер мен құбылыстар, соның ішінде адам танымы да, билікке ұмтылған жігердің түрлері ғана. Абсолюттік болмыс жоқ. Болмыс дегеніміз – бұрын болған, сансыз қайталанған құбылыстардың «мәңгілік айналымда» болып, қалыптасуы. Осы тұрғыдан Ницше Гегельдің абсолюттік идеясын, таза ақыл-ойын сынға алып, адамның иррационалдық қасиеттеріне зор көңіл бөледі. Олар – инстинкт пен жігер. Себебі, ол – әрі әмбебап жалпылық, абсолют, әрі барлық денелердің түпнегізі. Демек, материалдық денелердің өмір сүруі осы түпнегіз бен абсолют жігерінің арқасы.
Мәселен, Ф.Ницшенің пікірінше, дүние заңсыз құбылыс, тобыр. Оны тәртіпке келтіру, реттеу, жобалау, бағдарлау мүмкін емес. Шымшытырық дүниені уақытша бастайтын «шектен тыс жоғары адам», жол сілтейтін де сол. Ондай адамдар мағынасыз, мақсатсыз, бір орында айналсоқтап, ақыр-соңында сөніп, бататын дүниені сақтап, оған рухани дем береді. Тек шектен тыс, құдіретті адам ғана дүниені жаңғыртып, оның құндылығын белгілеп, бүтіндей бір кезеңге мән беріп, билікке жету еркін жүзеге асырады. Ондай адамға жәй қарапайым адам — «кесіп, әрлейтін ұстасын күтіп тұрған жәй тас, түрсіз материал ғана. Тарихты жасайтын да «шектен тыс жоғары адам». Сондықтан да оны үшінші Рейх басшылары, әсіресе Гитлер мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерді, ол Ницшенің ілімін өзінің іс-әрекеттерінің теориялық негізі деп есептеді. Оның идеялары кейінгі кездегі саяси ойлар мен практикаға да үлкен әсерін тигізді.

Философиялық афоризмдері:

 Неғұрлым өзіңді ұмыта алсаң, соғұрлым көбірек іс тындырасың.
***
 Ештеңесін көлегейлей білмейтіндерді жек көремін: жалаңаштанудан қорқуға осы да жеткілікті.
***
 Дәм-тұзы жараспаған жұбайлардан асқан кекшілді көргенім жоқ.
***
 Болашақты ақтап, өткенді қорғаушылар – бүгіннің қолынан мерт болғысы келетіндер.
***
 Арамдық жара тәрізді: қышытады, қысады немесе сыртқа жарып шығады, әйтеуір, ақ сөйлейді.
***
 Өзіне-өзі сенбейтіндер өтірікке құмар келеді.
***
 Біз жақсылықты қолпаштап жүріп, жамандыққа да жол ашып беретінімізді ескере бермейміз.
***
 Данышпандардың жолы даңғыл болмайды, өйткені оларға өз заманымен қайшылықта жүріп, өз заманымен күресуге жазған.
***
 Басшының ақылсыз екенін білсең де, оны құрметтеп, аяғына жығылу керек. Ізеттілік соны талап етеді. Билік біткен қамыт аяқпен қисаңдап жүргеніңді қалайтын болса не істейсің енді?
***
 Адамды ақыл билейтін кезден гөрі кездейсоқтық билейтін кез әлдеқайда жиірек кездеседі.
***
 Үлкен жеңіс – үлкен қатер де.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *