Түйіспелердің физиологиялық қасиеттері мен жіктелуі
Түйіспе (синапс) деп қозуды немесе тежеуді жүйке талшықтарының ұшынан, онымен нервіленген (иннервация) жасушаға өтуін қамтамасыз ететін құрылымдық-әрекеттік (функциялық) жүйені айтады.
Түйіспенің құрылымы:
пресинапстық мембрана (ет жасушасымен түйіспе құратын аксон ұшының электрогендік мембранасы);
постсинапстық мембрана (түйіспемен ұласқан нервіленген жасушаның бетіндегі электрогендік мембранасы);
түйіспелік саңылау (құрамы қан плазмасы сияқты сұйықпен толтырылған пресинапстық және постсинапстық мембраналар арасындағы кеңістік).
Саңылау кеңдігі шамамен 200-300 ангстрем.
Түйіспелердің бірнеше жіктелуі бар.
1. Орналасуы бойынша:
1) орталық түйіспелер; 2) шеткергі түйіспелер.
Орталық түйіспелер орталық жүйке жүйесінде орналасады, сонымен қатар олар вегетативтік жүйке жүйесінің түйіндерінде болады. Орталық түйіспелер деп екі жүйке жасушаларының арасындағы арнайы ұласуды (контакты) айтады. Бұл ұласулар біркелкі емес, сондықтан бірінші нейрон аксоны екінші нейронның қандай құрылымымен түйіспе арқылы ұласуына байланысты, түйіспелер ажыратылады:
аксо-сомалық, бір нейронның аксоны мен басқа нейронның денесі арасында;
аксо-дендриттік, бір нейронның аксоны мен басқаның дендриті арасында; 3) аксо-аксондық, бірінші нейронның аксоны мен екінші нейронның аксоны арасында;
4) дендро-дендриттік, бірінші нейронның дендриті мен екінші нейронның дендриті арасында.
Шеткергі түйіспелердің бірнеше түрін ажыратады:
ет-жүйкелік (мионевральдық), мотонейрон аксоны мен бұлшықет жасушасының арасындағы ұласу (контакт);
жүйкелік-эпителийлік, нейрон аксоны мен сөл бөлетін (секреторлық) жасушалар арасындағы ұласу (контакт).
Түйіспелердің функциялық жіктелуі: 1) қоздырушы түйіспелер; 2) тежеуші түйіспелер.
Қозуды өткізу механизмдері бойынша түйіспелер:
химиялық;
электрлік (эфапстық).
Химиялық түйіспелердің ерекшелігі сол, мұнда қозуды өткізу ерекше химиялық заттар тобы – медиаторлар көмегімен жасалады. Химиялық түйіспелердің бірнеше түрлерін ажыратады:
холинергиялық, бұларда қозуды өткізу ацетилхолиннің көмегімен жүреді;
адренергиялық, қозуды өткізу катехоламиндердің көмегімен жүреді;
дофаминергиялық, қозуды өткізу дофамин арқылы жүреді;
гистаминергиялық, қозуды өткізу гистамин көмегімен жүреді;
ГАМҚергиялық, бұларда қозуды өткізу гамма-амин-май қышқылымен жүреді де, ол тежеу үдерісін тудырады.
Электрлік (эфапстық) түйіспелердің ерекшелігі сол, бұларда қозуды өткізу электрлік жолмен аса жоғары жылдамдықпен жүреді. Организмде мұндай түйіспелер сирек болады (мысалы, жүректе). Кейде аралас электрлікхимиялық түйіспелер де кездеседі.
Түйіспелердің бірқатар физиологиялық ерекшеліктері бар:
түйіспелердің қақпақша (клапан) тәрізді қасиетіне байланысты, олар арқылы қозу тек бір бағытта таралады, пресинапстық мембранадан постсинапстық мембранаға қарай;
түйіспелік кідіріс (0,2-0,5 мс) қасиетіне байланысты, қозуды өткізу жылдамдығы едәуір төмендейді, қозу баяу өтеді;
потенциациялау қасиеті (әрбір келесі импульстің өтуінде постсинапстық кідіріс азаяды). Оның себебі, пресинапстық және постсинапстық мембранада, бастапқы импульстер өткенде із қалдырады, шамалы мөлшерде медиатор қалады да, келесі импульстер жеңілдеу өтеді;
түйіспенің лабильдік (тұрақсыыздық) қасиеті төмен (100-150 имп/с).
Лабильдік – түрлі тіндердің қозғыштық дәрежесін көрсететін өлшемдердің бірі. Жүйке, бұлшықет тіндерімен салыстырғанда, түйіспелердің лабильдігі ең төмен болады. Осымен байланысты түйіспелер тез қажиды.
2.Түйіспелердегі қозудың өту механизмдері (мионевральдық түйіспеде) Мионевральдық (ет-жүйкелік) түйіспе мотонейрон аксонының ұшы мен ет жасушасы арасында болады. Нейронның қозғағыш (тригерлік) аймағында пайда болған жүйкелік импульс аксон бойымен нервіленген бұлшықетке қарай бағытталып, аксоның ұшына жетіді де, пресинапстық мембрананы деполяризация жағдайына келтіреді. Осыдан кейін натрий мен кальций арналары (каналдары) ашылады да, Са2+ иондары, түйіспені қоршаған ортадан, аксон ұштарына кіреді. Мұның нәтижесінде іші ацетилхолинге толы көпіршіктер (везикулалар) қозғалысы реттеліп пресинапстық мембранаға қарай жылжиды. Са2+ иондары везикулалардың қозғалысын күшейтеді. Пресинапстық мембранаға жеткеннен кейін көпіршіктер жарылады да, ацетилхолин босап шығады (4 кальций иондары 1 квант ацетилхолинді босатады). Түйіспе саңылауы арқылы ацетилхолин диффузиялық жолымен пресинапстық мембранадан постсинапстық мембранаға таралады. Диффузиядан кейін ацетилхолин постсинапстық мембранада орналасқан холинорецепторлармен (ХР) және холинэстеразамен (ХЭ) өзара әрекеттесуге түседі. Холинорецепторлардың ацетилхолинмен әрекеттесуі нәтижесінде, постсинапстық мембрананың Na+ионына деген өтімділігін күшейтіп, мембрананы деполяризациялайды. Постсинапстық мебранада пайда болған жергілікті (миниатюрлық) ток жинақталып постсинапстық қоздырушы потенциалға (ПСҚП) айналады. Постсинапстық мембрананың беткей жағы теріс зарядталады, ал көрші ет талшығында (ХР-лар жоқ аймақта) оң заряд болады. Сөйтіп деполяризация (қозу) ет талшығының бойымен жылжып таралатын ӘП тудырады.
Постсинапстық деполяризациядан кейін болатын реполяризациясы кезінде мембранадан Na+ ионының сыртқа шығуымен бірге оның К+ ионына өтімділігі күшейеді. Бұдан соң калий-натрий тартқышы МП-ды қалпына келтіреді. Ацетилхолиннің артық бөлінуі оны ыдрататын холинэстераза ферментімен реттеледі. АХ + ХЭ = холин мен сірке қышқылына ыдырайды.
Салыстырмалы тыныштық жағдайда түйіспе белгілі бір биоэлектрлік белсенділікте болады. Мұндай белсенділік түйіспенің әр уақытта жүйкелік импульсті өткізуге дайындығын күшейтеді.