ПРОТАГОР
(б.д.д.шамамен V– ғасырдың 80-ші жылдары)
— гректердің арасынан шыққан ұлы ойшыл, ғылымда софизмнің қалыптасуына атсалысқан философтардың бірі ретінде танымал.
Философиялық шығармалары:
«Ғылымдар туралы», «Мемлекет туралы», «Құдайлар туралы», т.б. Протагор шығармалары бізге толық жетпеген.
Философиялық көзқарастары:
Протагор білімнің салыстырмалы екендігі туралы ілімін материяның абсолютті өзгермелі және тұрақсыздығы сияқты қасиеттеріне сүйеніп дәлелдемек болады. Егер табиғаттың өзі абсолютті өзгерісте болатын болса, онда оны танып-білуге бағытталған субьектінің білімі де өзгермейді, тұрақсыз. Олай болса, өзгермелі, қарама-қарсы екі пікір айтуға болады және сол пікірлердің екеуі де дұрыс болуы ғажап емес. Мұндай жағдайда адам әбден шатасуы мүмкін, сондықтан ол осы екі қарама-қарсы пікірдің біреуін қабылдап, екіншісін теріс пікір ретінде жоққа шығаруы керек. Осыдан келіп, Протагор «Адам – барлық заттардың өлшемі» деген қағиданы ең негізгі қағида ретінде қабылдайды. Бұл қағида бойынша, маған заттар қалай болып көрінсе, мен үшін олар солай болып, ал саған қалай көрінсе, сен үшін солай болып қалады.
Білімнің салыстырмалы екендігін Протагор өздігінен ештеңе өмір сүрмейді және пайда болмайды, олар басқаларға қатынасы арқылы айқындалады деген пікір төңірегінде дәлелдемек болады. Сондықтан: «Жел салқын ба? Немесе жел дегеннің өзі бар ма деген сұрақтардың өзі дұрыс емес. Себебі біреулер үшін жел болуы мүмкін, ал басқа біреулер үшін ол болмауы мүмкін, біреулерді ол теңселтіп-құлатуы мүмкін, ал енді біреулер оны елемеулері мүмкін. Олай болса, түйсіну субьективті құбылыс, бұдан шығатын қорытынды: әркімнің өз түйсінуіне байланысты айтқан пікірлері – өздерінше ақиқат, тек соны дәлелдей білу керек. Демек, ешкімде де теріс пікір жоқ, бірақ сол көп пікірлердің ішінде біреуі ақиқат болуы немесе дұрысырақ болуы ғажап емес. Данышпандардың пікірлері басқа адамдардікінен гөрі дұрысырақ келетініне талас жоқ.
Пікір таңдауда адамдар пайдалылық мөлшеріне сүйенуі керек. Ол жамандық пен жақсылықтың салыстырмалы болатындығын, ал обьективті нақтылықта олардың жоқ екендігін көрсетеді. Олай болса, ненің жаман, ненің жақсы екенін өз пайдаңа байланысты шешуің керек».
«Рақымшылдық (адамгершілік, ізгілік) дегеніміз не, оған адамдарды үйретуге бола ма?» деген сұраққа Протагор былай деп жауап береді:
«Ізгілікке, рақымшылыққа талпыну қабілеті барлық адамдарда бар, бірақ ізгіліктің, рақымшылықтың өзі туа біткеннен болмайды, сондықтан оған адамдарды оқыту, үйрету керек. Егер адамдар өздері соған талпынса, онда ізгілікті, рақымды адам болып шығады. Осыған байланысты мемлекет қоғамда ізгілік, рақымшылық сияқты қасиеттерді тәрбиелей алатын болғанда ғана қылмыскерлерді жазалауға болады, себебі жазалаудың өзі жамандықты болдырмау үшін қолданылатын шара ғой», — дейді Протагор.
Сократ та, Платон да, Аристотель де софистік ілімді, оның ішінде Протагордің ілімін сынға алып, софизм деген шын данышпандық емес, алдамшы данышпандық, ал софистер осының арқасында пайда тауып жүрген адамдар деп көрсетеді.