ПЛАТОН (АРИСТОКЛ)
(б.д.д.428 немесе 427 ж.ж., Афина (немесе Эгинде) – б.д.д.348 немесе б.д.д. 347 ж.ж.)
— көнегрек философы, Сократтың шәкірті, Аристотельдің ұстазы.
Афина мен Спарта арасындағы Пелопонес соғысы жүріп жатқан тұста өмір сүрген. Шын аты – Аристокл (денесі ірі болғандықтан «плато», яғни – дәу деп аталып кеткен). Адамзаттың ұлы ойшылы, диалектика, таным теориясы, педагогика, эстетика, өнер, мемлекет теориясы, обьективтік идеализм философиясының негізін салды.
Философиялық шығармалары:
«Сократ апологиясы», «Софист», «Лахес», «Кратил», «Той», «Федон», «Горгий», «Мемлекет», «Парменид», «Тимей», «Теэтет», «Заңдар» және т.б.
Сезімнен тұратын шындықты Платон нақты шындық емес, ол тек шындықтың көлеңкесі, шын өмір идеяда деп түсіндіреді. Таным дүниені білу емес, еске түсіру деп уағыздады.
Философиялық көзқарастары:
Платонның пікірінше, шын болмыс ақылмен ғана білуге болатын денесіз идеялар әлемі. Платонның болмысы Парменидтікіндей біртұтас болмыс емес, керісінше, өздеріне тән идеялары бар рухани көпшілік. Әр идея өз алдына мәңгі және өзгермейді, ол өзіне-өзі тән. Идеялардың саны көп, бірақ шексіз емес. Әлемде қаншама бір тектес, бір-біріне ұқсас заттар, құбылыстар, процестер, қатынастар, т.б. көп болса, соншама идеялар бар. Идеялар бір-бірімен тек қарым-қатынасты емес, сонымен бірге бір-біріне бағынышты немесе бірнеше түрлі идеялар бір ортақ идеяға бағынышты қатынастардв болады. Платон рухани әлемнің жеке-жеке идеялары туралы айтқанда, көбінесе «эйдос» деген ұғымды қолданады. Ежелгі грек тілінде идея да, эйдос да бір-біріне ұқсас мағына береді: түр, пішін, кейіп, тәсіл, т.б. Эйдостар сезімдік заттар үшін бір мезгілде әртүрлі міндет атқарады: 1-себептілік, 2-заттардың жаратылу кескіні үшін үлгі, 3-заттардың түпнегіз бейнелейтін ұғымы.
Материалдық денелер өзгермелі, құбылмалы, ал эйдостар (идеялар) мәңгі, өзгермейді, сондықтан Платон оларға қосымша тағы бір ұғым-«хораны» (материя) кіргізді. Хора-материя көрінбейтін, түрсіз, еленбейтін, өзіне-өзі тең құбылыс. Бірақ ол кез-келген түрді қабылдап, пішінделген (түрленген) материя болуға қабілетті. Оны денелі немесе денесіз деп айтуға болмайды. Платонның материясын танып-білуге болмайды, ол-бейболмыстың бір түрі. Осыған қарамастан, материя – көп түрліліктің, жалқылықтың, заттанудың, өзгерістердің, туу мен өлімнің, табиғи қажеттіліктің, жамандықтың және еріксіздіктің қайнар көзі. Материя мәңгі, ол өмірге идея (эйдостар) арқылы келмейді.
Платон материяның бұл түрінен физикалық материя түрін ажыратып қарастырады. Физикалық материя антикалық көзқарастарда қалыптасқан төрт түпнегіз: от, жер, су, ауа түрінде өмір сүреді. Сезімдік заттар – заттандырылған идеялар мен материяның туындылары.
Материалдық денелер өзгермелі: уақытша дүниеге келіп, мәңгі жоғалып жатады. Заттар идеялармен үш түрлі байланыста болады. Біріншіден, заттар өзінің идеяларына ұмтылады, сол идеяларға ұқсауға тырысады. Екіншіден, әрбір затта идеяның бөлшектері бар, сондықтан заттар өз идеялары сияқты болады. Бұл пікірді былай деп түсіндіруге болатын сияқты: егер заттар өз идеяларынан басқа болса, онда олардан бөлек және жоғары сатыда тұрған, заттар мен идеяларды біріктіретін тағы бір идея болуы керек. Мысалы, адам идеясы мен адамнан басқа, осы екеуін біріктіріп қамтитын үшінші адам идеясы болуы керек. Үшіншіден, сезімдік әлемдегі заттар ой идеяларымен бірігіп кетеді. Себебі заттар-идеялардың көлеңкесі, олардың бейнеленуі, ал идеялар – заттардың алғашқы түрлері, пішіндері. Өзінің осы ілімін түсіндіру үшін, Платон «үңгір» туралы аллегориясын келтіреді: адамның өмірі үңгірде өмір сүретін адамдардың қоршаған ортаны танып-білуімен өте ұқсас. Үңгірдегі адам заттардың өзін емес, тек олардың көлеңкесін ғана көріп, таниды және оларды табиғаттың шын құбылысы екен деп есептеп, үңгірден сыртқа шыққанда шынайы құбылыстарды көріп, оларды шын мәніндегі заттар ретінде мойындамайды, осы пікірдің қате екендігін түсіндіріп айтқан адамды жынды санап, өлтіруге дейін барады.
Платонның ілімі бойынша, идея мен материядан басқа үшінші бастама – әлемдік рух немесе космос рухы шығармашылық күштің, қозғалыстың, тіршіліктің, жанның, сананың және таным процесінің қайнар көзі ретінде идеялар әлемі мен заттар әлемін қосып, байланыстырады, ол заттарды идеяға ұқсауға, ал идеяларды заттарда болуға көндіреді. Осы екі әлемді біріктіріп, байланыстыру үшін, космостық рухтың өзі қарама-қайшылықта болуы керек. Шынында да, ол қарама-қарсы үш бөліктен тұрады: бірінші – өзіне өзі тең бөлік (идеялар әлемі), екіншісі – өзгермелі бөлік (материя) және үшіншісі – сол екеуінің қосындысынан тұратын бөлік (сезімдік заттар әлемі). Космосқа рух беретін – демиург. Ол космостың мәңгі бастамасы, себебі және жүйеге келтіруші. Әлемдердің пайда болу себебі — демиургтің жігері. Олай болса, космос–демиург жігерінің материя арқылы заттандырылуы және сол әлемнің тірі организмдерге айналуы. Космостың тіршілік иелерінікі сияқты ақылы мен жаны бар.
Космостық денелер материядан (от, жер, ауа, су) тұрады. Бұл түпнегіздер әртүрлі пішінді болғандықтан, өзара байланыса келіп, көп түрлі денелер құрайды және жоғарыда айтылғандай, өзіне-өзі тең бөлік (идеялар әлемі) пен өзгермелі бөлікті (материя) қосып, космос рухын дүниеге келтіреді. Космос рухы немесе әлемдік рух екі түрлі (ішкі және сыртқы) қозғалысты тудырады. Сыртқы қозғалыспен Күн, Ай планеталары қозғалады. Бұл – әлемдік рухтың бірінші қызметі.
Космос рухының екінші қызметі – танып-білу. Ол өзіне-өзі тең бөлігінің біріккен бөлігі арқылы заттар әлемін танып-біледі. Ал адамдардың денесі төрт түпнегіздің қосылуынан жаралғандықтан, өлгеннен кейін олар космосқа қайтып оралады. Дененің басты міндеті – жан орналасатын қорған болу ғана, сондықтан ол жанға тәуелді, оның құлы. Жан тіршіліктің (өмірдің) идеясы ретінде мәңгі. Дене өлгеннен кейін ыдырап, космосқа кері қайтса, жан аспанға он мың жылдан кейін (әлемдік бір жыл) ғана оралады. Жанның өзі әртүрлі болады. Бір түрі – философия арқылы тазарып, денесіз өмір сүретін жандар болса (бұл жандар қатарынан үш рет философтардың денесіне енуі мүмкін), екіншісі – өз өмірін қиянатсыз, бірақ философтардан бір саты төмен өмір сүрген адамдардың жандары және үшіншісі – күнәһар өмір сүрген адамдардың жаны.
Демиург жаратқан жандар аспанда болған кезінде идеялар әлемін көріп, танып-біледі, бірақ жерге түсіп, адамдардың денесіне орналасқанда көрген-білгеннің бәрін ұмытып қалады. Осыдан келіп, Платон таным процесін – ол жанның ұмытып қалған идеялар әлемін еске түсіруі деп қорытынды жасайды. Материалдық денелер идеялардың бейнесі болғандықтан, жан оларды көргенде ұмытып құалған идеялар әлемі туралы білгенін еске түсіреді. Жанның осы жолмен алған білімі нағыз ақиқатқа жатады. Аспан әлемінің гармониясын зерттейтін ғалымдар арқылы алған білім ақиқатқа жақын, себебі олар идеялар әлемі туралы тікелей білім бермесе де, соған жақындатады. Ал сезімдік денелер туралы күнделікті тәжірибиелер арқылы алған білім шындыққа жанаспайды, себебі ол болмыс (идеялар әлемі) туралы білім емес, олардың көлеңкесі туралы алынған білім. Осыдан келіп, Платонша, сезімдік танымның ақиқатты тану жолында ешқандай маңызы жоқ, себебі түйсіктер арқылы алған деректер заттардың өзіндегі құбылыстар туралы білім емес, тек адамдардың пікірінде ғана қалыптасқан ұғымдар. Ал заттардың көзге көрінбейтін шын мәнін (идеясын) тек ақыл-ойдың (жанның) күші арқылы білуге болады. Сондықтан шын ақиқатты түсіндіріп білу үшін, ол заттар әлемінен аластатылып, жанның идеялар әлемінде көрінгендерін есіне түсіруге мүмкіндік алуы керек. Бұл жолда оған Эрос көмектеседі, себебі ол адамдарды шығармашылыққа жетелейтін құдіретті күш.
Идеяны, эросты басшылыққа алған өмір өнегелілік идеясын (игілік, қайырымдылық) жүзеге асырады. Ол тек рухани махаббат (Платонша, махаббат дегеніміз осы) негізінде ғана мүмкін. Игілік (қайырымдылық) дегеніміз – жанның реттілігі мен гармониясы. Платонның түсінігінше, данышпандық, естелік және әдеттілік. Бұл игіліктер адамдардың бәріне бірдей дарымайды. Осы игіліктердің даруына қарай қоғамдағы әлеуметтік топтарды үш топқа бөлуге болады. Олар: игіліктердің төрт түрі дарыған философтар, сондықтан олар мемлекетті басқарулары керек, данышпандықтан басқа, қалған үш игілік дарыған әскербасылар, т.б. Ал игіліктің соңғы екеуі ғана дарығандар қолөнершілер, шаруалар, саудагерлер, т.б. Осы аталған әлеуметтік топтардың әрқайсысы мемлекетке пайдалы және өте қажет. Сондықтан мемлекет өз тарапынан азаматтарын игілік рухында қалыптастыруға, тәрбиелеуге жағдай жасауы керек. Идеалды мемлекетте жоғарыда аталған үш әлеуметтік топ бір-бірімен жарасып, әрқайсысы өз ісімен айналысады да, мемлекетте қайырымдылық (игілік) орнайды. Өзінің идеалды мемлекет идеясын жүзеге асыруға (Дионасияда, яғни қазіргі Сицилияда) тырысқан Платонның іс-әрекеті сәтсіз болды.
Платон – мәдениет тарихында өшпес із қалдырған ұлы ойшыл. Оның көптеген ой-пікірлері кейінгі ұрпақ философтарға үлкен ықпалын тигізіп, күні бүгінге дейін өміршеңдігін көрсетіп келеді.
Философиялық афоризмдері:
Барлығынан надан қалмау үшін, барлығын білуге талаптанба.
***
Жақсы басталған іс – жартысы біткен іс.
***
Ақылсыздықты екі белгісінен білуге болады: ол өзіне пайдасы жоқ сөзді айтады, не біреудің ісіне жөнсіз араласады.
***
Әсемдіктің жолы ауыр.
***
Меніңше, әрбір есті адам өзінен жақсы кісінің қасынан табылуға тырысады.
***
Басқа адамға да ашулануға мүмкіндік беріңіз. Егер сіз дауыс көтерсеңіз, оның да дауыс көтеруге құқығы бар.
***
— Менің, — деді Агафон, — сенімен дауласуға шамам жоқ, Сократ. Сенің айтқаның болсын.
— Жоқ, сүйікті Агафон, сенің ақиқатпен дауласуға шамаң жоқ, ал Сократпен айтысу – оңай шаруа.