ОРТА ҒАСЫРДАҒЫ ХРИСТИАН ФИЛОСОФИЯСЫ
Құлиеленушілік қоғам күйреп, оның орнына Батыс Европа елдерінің қай-қайсысында да феодалдық қоғамдық қатынастар қалыптасып, христиан дінінің етек алуына байланысты, «шіркеу әкейлері» мен «пұтқа табынушылар» философиясының арасындағы мәмлеге келмес күрестің өрбу деңгейіне байланысты, ортағасырлық философияны негізгі үш кезеңге бөліп қарастырады.
Апологетика – (латын тілінен аударғанда «апологема» – қорғаймын, ақтаймын) – II-ші және III-ші ғ.ғ. пұттық политеизммен күресте христиандық догматика негіздерін қорғаған, уағыздаған ілім. Немесе б.д.II-ғ. бастап алғашқы христиандық ойшылдардың ілімдерін жинақтаушы діни-философиялық бағыт. Басты өкілдері – Юстин Мученик (100-167ж.ж.), Тациан (IIғ. жартысы), Тертуллиан Квинт Септимий Флоренс (160-222ж.ж.) және т.б. Олар өз ілімдерінде христиан діні ежелгі грек философиясы смяқты жалпы адамзат алдында тұрған маңызды да күрделі мәселелерді көтеріп, оларға ежелгі грек философтарынан гөрі тереңірек, ауқымды және ұтымдырақ жауап береді, сондықтан да оларды христиан дініне сенбейтін билеушілер мен ғалымдардың сынауы негізсіз деген пікірді басшылыққа ала отырып, жаңа грек философиясының орнын басатын христиандық діни философия жасауға бар күштерін салды. Барлық нақтылықтың денесі бар. Жалпы нақтылықтың уақыттық бастамасы жоқ (Тертуллин). Осы тұрғыдан апологеттер платоншылар мен гностиктердің тән және жан туралы ілімдерін сынға да алады. Апологеттердің христиан дінінің өнегелік қағидаларының артықшылығын ескере отырып, оны мемлекеттік дінге айналдыру қажет деген идеясы, құдайдың мәні мен табиғаты, әлемнің жаратылуы, адам табиғаты және өмір сүру мақсаты туралы көтерген мәселелері ортағасырлық философияның келесі сатысы – патристика, схоластика кезеңдерінде өз көріністерін тапты.
Патристика – (латын тілінен аударғанда – «падре/әкей») III–VIғ.ғ, шіркеу әкейлерінің діни-философиялық ілімдері немесе ертедегі христиан құдай сөзін сөйлеушілердің жалпы атауы. Басты өкілдері: Климент Александрийский, Амворсий, Майландский (340-397ж.ж.), Августин Блаженный (III-VIғ.ғ) т.б. III-IVғ.ғ. жүйеленген бұл діни ілімде алғашқыда Христостың табиғаты туралы пікірлер (құдайлық немесе адамдық табиғаты туралы), ал 323ж. император Ұлы Константин христиандықты мемлекеттік дін ретінде қабылдағаннан кейін, саяси-шіркеулік мәселелер – алдыңғы қатарға шығып, шіркеу әкейлерінің көзқарастарында өз көріністерін тапты.
Схоластика (латын тілінен аударғанда – мектептік ілім) – ортағасырлық философияның схоластика деп аталған кезеңі Европа тарихында Рим империясының күйреуінен бастап, Қайта жаңғыру дәуіріне дейінгі 600-700 жылдай уақытты қамтиды. Бұл кезеңде егемендік алған көптеген Европа елдерінде (Италия, Франция, Англия, Германия және т.б.) феодалдық қарым-қатынастар қалыптасып, христиан діні қоғамдық өмірдің барлық салаларында өктемдік көрсетіп, шіркеудің сауаттылық, қолжазбалар сақтау ісінің ошағына айналған мезгілі болатын. Осындай мемлекеттік билік қолдаған қатал діни үстемдік жағдайында философия өзінің бар ақыл-ой күшін христиан догматтарын негіздеуге жұмсап, дін ілімінің күніне айналған-ды.
Осы кезеңдегі философиялық ілім «схоластика» деген атқа ие болып, негізгі үш кезеңнен өтті: бірінші – балауса схоластикалық кезең (XI-XIIғ.ғ). Ғылым, философия, теология (дін ілімі) әлі бір-бірімен біте қайнасып, ажырамаған, бірақ ақыл-ой әрекетінің жемісі мен құндылығын түсінуді, универсалилерге (жалпылық) байланысты пікірталас негізінде ақыл-ойға діни сенімнің үстемдігін жүргізуді және сол үстемдіктің «заңдылығын» дәлелдеуді (Аристотельдің формальдық логикасы тұрғысынан) өзіне мақсат қойған схоластикалық тәсіл қалыптасты. Оның негізгі өкілдері — Рабан Мавр, Ноткер Немецкий, Гуго Сен-Викторский, Алкуин, Иоанн Скот Эриугена, Аделард Батаиский, Иоанн Росцелин, Пьер Абеляр, Гильберт Порретанский, Иоанн Сольсберийский, Бернард Шартрский, Амальрик Бенский, Пётр Дамиани, Ансельм Кентерберийский, Бонавентура, Беренгар Турский, Гийом Шамполийский, Давид Динанский, Пётр Ломбардский және т.б.
Екінші – кемеліне жеткен схоластикалық кезең (XIII-ғасыр). Аристотельдің еңбектері латын тілінде болса да, көпшілік арасына тарап, ғылым мен философияның теологиядан бөлініп (әл-Фараби мен ибн Рушдтың «екіұдай ақиқат» теориясы негізінде), философиялық-теологиялық ілімінің қалыптасып, кең етек алған кезең болды. Негізгі өкілдері: Ұлы Альберт, Фома Аквинский, Дунс Скот, Августин Блаженный, Аверроэс, Витело, Дитрих Фрейбергский, Ульрих Энгельберт, Винсент Бовелийский, Иоанн Жандунский, Роджер Бэкон, Роберт Гроссетест, Александр Гэльсский, Эгидий Римский, Роберт Кильвордби, Раймунд Луллий, Марсилий Падуанский және т.б.
Үшінші – схоластиканың құлдырау кезеңі (XIV–XVғ.ғ). Шынайы ғылыми және философиялық тез қарқында дамуының арқасында теологияның тек бедел мен атаққа бағынған, тәжірибиеден, өмірден алшақ, керенаулық сарыны басым мистикалық ілімге айналуына байланысты схоластика мүлде нәтижесіз тіл безеген ғылымсымақ ретінде қалыптасты. Негізгі өкілдері: Альберт Саксонский, Уолтер Берли, Николай Кузанский, Жан Буридан, Николай Орезмский, Пётр д’Альи, Уильям Оккам, Данте, Марсилий Ингенский, Лерэ, Франсуа және т.б.
Феодализм дәуірінде Батыс елдерінен Шығыс елдерінің едеуір ерекшеліктері болды. Орта ғасырда Батыс Европа елдерінде ғалымдарға қатаң шабуыл жасалды. Оларды инквизаторлар түрмеге отырғызды, тірідей отқа жақты, адам айтқысыз азапқа салды. Осының бәрі христиан діні атынан жүргізілді. Крест жорықтарын ұйымдастырды. Мақсаты – ислам дініне қарсылық көрсету еді. Өйткені, Шығыс елдерінде дамыған ғылымдар ислам елдері арқылы батыс елдеріне жетіп жатты.