МОХАНДАС КАРАМЧАНД «МАХАТМА» ГАНДИ

МОХАНДАС КАРАМЧАНД «МАХАТМА» ГАНДИ
(2 қазан 1869ж, Порбандар, Гуджарат – 30 қаңтар 1948ж, Нью-Дели)

— ұлы үнді ойшылы әрі саяси қайраткер, бейбітшіл қызметімен, зорлық жасамау және адамға қызмет ету мұраттарын дәріптеумен және Үндістанның азаттыққа жетуде атқарған қызметімен бүкіл әлемге танымал тұлға.
Гандидің идеяларының өзектілігі қазіргі заманда арта түсті, өйткені қазіргі әлемде зұлымдық пен зорлық, қан төгу әлі де өте көп кездеседі. Үндістанның ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы әрі идеологы болған Мохандас
Карамчанд (Махатма) Ганди 1869 жылы Порбандар балықшылар отбасында (қазіргі Үндістанның батыс бөлігіндегі Гуджарат штатында) дүниеге келген, ол саудагерлер кастасы – баньяға жататын. Гандидің әкесі Катхиявар түбегінің бірқатар княздіктерінде министр болған. Ганди индуизм дінінің салттары қатаң сақталатын отбасында өсті және бұл жағдай оның дүниеге деген көзқарасына әсерін тигізді. Жеті жасында Ганди атастырылып, он үш жасында Кастурбай Маканджиге үйленеді.
Үндістанда білім алған Ганди 1888 жылы Англияда заң оқуына (адвокаттар бөліміне) түседі. 1891 жылы оқуын бітірген Ганди еліне оралады да, 1893 жылға дейін Бомбейде адвокаттық қызметпен айналысады. Ол бірнеше ашрам – рухани коммуна ұйымдастырады, оның бірі Дурбанада феникс-фарм, басқасы Йоханнесбург маңында – Толстой-фарм деп аталатын. 1904 жылы ол Индиан Опинион апталық газетін шығара бастайды. Ганди 1893-1914 жылдары Оңтүстік Африкада гуджараттық сауда фирмасының юристконсульті болады. Бұл жерде ол үндістерді нәсілдік кемсітуге, оларды жәбірлеуге қарсы күресті ұйымдастырады, ол үшін бейбіт шерулер өткізіп, петициялар жазады. Атап айтқанда, 1906 жылы ол «сатьяграха» (санскритше – ақиқатты қолдау) деп аталатын азаматтық бойұсынбау кампаниясын ұйымдастырады. Сатьяграха кампаниясы үшін ол жиі тұтқындалады – 1913 жылы қарашада төрт күннің ішінде үш рет қамалады, өйткені ол Трансваальдағы екі мың үнді шахтерлерінің шеруін басқарған. Шеру сол кезде Оңтүстік Африкалық Одақтың қорғаныс министрі болған Смэтспен келісімге келгеннен кейін тоқтайды. Бірақ, нәтижесінде оңтүстіктегі үнді жұмысшылары кейбір кемсітетін заңдарды алып тастауына қолдарын жеткізеді. 1914 жылы Ганди Оңтүстік Африкадан еліне оралады. Отанына оралған соң Ахмадабадтың маңында жаңа ашырамды ұйымдастырады және Үнділік Ұлттық конгресс партиясына өтіп, Үндістанның ұлт-азаттық қозғалысының жетекші көшбасшыларының біріне, конгресстің идеялық басшысына айналады.
Ганди төменгі касталардың жағдайын жақсартуға, әйелдердің теңдігі мен саяси белсенділігін арттыруға, діни төзімділікке және халықтың қолөнер кәсібін, ең алдымен, отандық өндірістің символы ретінде тоқмашылық өнерді дамытуға үлкен мән берген. Ганди мен оның жақтастары үшін тоқмашылық жоралық сипат алып, ұршық ҮҰК (Үнді Ұлттық Конгресі) символына айналады.
Ганди 1918 жылы алғашқы рет аштық жариялау акциясын өткізеді. 1919 жылы ағылшындар үндістердің азаматтық бостандықтарын шектеу мерзімін ұзарту туралы Роулеттің заңдарын қабылдағанда, Ганди бүкіл жалпы үнді сатьяграханы жариялайды. Ганди мен оның жақтастары бүкіл Үндістанды аралады, халық көп жиналған митингілерде ағылшындардың үстемдігіне қарсы күресуге шақырып, сөз сөйлейді. Ганди мұндай күрестің зорлықсыз түрін ғана ұсынып, революциялық халықтың кез келген зорлық түрін айыптайды. Ол сондай-ақ таптық күреске де қарсы болып, әлеуметтік жанжалдарды қамқорлық негізінде сарапшылық сот арқылы шешуді ұсынды. Бұл ұстаным үнді буржуазиясының мүддесіне сай келді, сондықтан ҮҰК оны толығымен қолдады.
Халықтың ұлт-азаттық қозғалысына қатысуы Гандидің басты еңбегі болып табылады, сондықтан халық оны жақсы көріп, Ганд Махатма («Ұлы жан») деп атады.
Елдің мыңдаған тұрғыны наразылығын зорлыққа бармай білдірді, бірақ көптеген жерде көшелерде тәртіпсіздік орын алды. Ағылшындықтар репрессияға кіріседі, ол Амритсарда 379 адамның өмірін қиған қырғынға ұласады. Амритсардағы оқиға Гандиді Британия империясының қарсыласына айналдырады. Екінші жалпы үнді сатьяграханы Ганди 1920 жылы бастайды. Ол өз отандастарын британдық тоқыма тауарларына байкот жасап, қол станогында мата шығаруға шақырады. 1922 жылы ол бүлік шығаруға үндегені үшін тұтқындалып, оны алты жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарылады (ол 1924 жылы бостандыққа шығады).
Гани сатьяграхамен шектелмей, сындарлы деп аталатын бағдарлама жасайды. Ол касталық бөлінуге қарсы кампания ұйымдастырды, мұсылмандар мен индустарды бірлікке шақырады, әйелдердің қорғап, бастапқы білім беру үшін, алкогольдік ішімдіктерге тыйым салу үшін, адамның жеке гигиенасы үшін күреседі.
ҮҰК 1929 жылы 26 қаңтарда Ұлттық тәуелсіздік күні деп жариялайды және Ганди үшінші жалпы үнді сатьяграханы басқарады. Келесі жылы ол тұзға салынатын салыққа қарсы наразылық айтады. 1932 жылдың басында ол тағы да абақтыға жабылады. Ганди жақындауға болмайтындар кастасына қатысты саясатқа қарсылық білдіріп, алты күн нәр татпайды. 1933 жылы аштық жариялау 21 күнге созылады. Ағылшын билігі аштық жариялағанда оны түрмеден шығарады, өйткені Гандидің өліміне қатысты айыптаудан қорқады. Оның жұбайы Кастурбай да белсенді түрде саясатқа араласып, бірнеше рет тұтқындалады.
Ганди 1936 жылы өзінің ашырамын Севаграмға (Орталық Үндістан) көшіріп, сол жерде «Хариджан» (Құдайдың балалары) деп аталатын апталығын шығарады. Құдайдың балалары деп ол жолауға болмайтындар кастасын атаған. 1942 жылы ҮҰК «Үндістаннан кетіңдер» деген резолюция шығарады және Ганди соңғы жалпыұлттық сатьяграхи кампаниясының жетекшісі болады. Ол әйелімен бірге тұтқындалып, Пуна абақтысына жабылады. 1943 жылдың ақпан айында ол 21 күндік аштықты жариялайды. 1944 жылы оның әйелі қайтыс болады және Гандидің денсаулығы да нашарлайды. 1944 жылы мамыр айында ол бостандыққа шығады.
БҰҰ 2007 жылы Махатма Гандидің туған күнін, яғни 2 қазанды Зорлық жасамаудың халықаралық күні деп белгілейді, өйткені Ганди зорлық жасамау идеясын нақты саясатта жүзеге асырған адам болатын.

Философиялық көзқарастары:

Енді Гандидің негізгі идеялары мен өмірлік қағидаларына тоқталатын болсақ, Гандиде философиялық жүйе анық әрі жүйелі түрде берілген тұтас философиялық жүйе де, философиялық трактаттар да жоқ. Сонымен қатар, Ганди өзінің көзқарастарын ауыстырып отырған және оны ол ашық мойындаған, өйткені қатып қалған ақиқаттарды жақтамады. Осыған байланысты оның рухани қалыптасуы мен дамуындағы негізгі бағдарларды жеке қарастыру қажет болады.
Ең әуелі Гандидің көзі тірісінде де, қазір де оның тұлғасы мен шығармашылығына деген көзқарастың әртүрлі және қарама-қайшы болғанын атап өту қажет. Ганди қатты сынға да, келемежге де жиі ұшыраған адам.
Үнділік ілімдер, негізінен, рухы жағынан сананы кеңейтуге, супраменталдық, нирваналық және осыларға ұқсас күйлерге жетуді көздесе, Христос ілімі жанды кеңейтуге шақырады. Сана бір нәрсені білуге, тануға, дамуға және өзінің санадан тыс, супраменталдық қабілеттерімен тәңірмен теңесуге ұмтылады, ал христиандық ілімде жанды кеңейту туралы, яғни әлемге және адамға деген көзқарасты өзгерту туралы айтылады. Айтпақшы, Гандидің «махатма» деген есімінің екі мәні бар. «Маха – Атма», «Ұлы жан» деп бейнелі түрде Мохандас Гандиді Рабиндранат Тагор атаған. Бірақ, «Махатма» деп Үндістанда адамзаттың жерден тыс кураторларын, жерден тыс тәлімгерлерді, «Шамбала» деп аталатын нәрсенің өкілдерін атайды. Барша Агни Йога, Құпия Доктрина (Брахма Видья), Артур Синнеттің кітаптары – Махатмалардан аян арқылы бізге жеткен ілімдер.
Гандидің мұраты, оның негізгі идеясы – толстойдың мұраты сияқты, яғни өзін-өзі іштей, адамгершілік тұрғыда жетілдіру, өміріне махаббаттың, зорлық жасамаудың, зиян келтірмеудің қағидаларын енгізуге талпыну. Бұл адамгершілікке бүкіл адами өмірді, оның барлық салаларын, оның ішінде саясатты, әлеуметтік қатынастарды бағындыруға талпыну.
«Қоғамдық өмірдің жағдайлары адамдарда адамгершілік даму деңгейімен анықталады». Махатма Гандидің бұл негізгі ұстанымы, оған қарама-қарсы нәрсені, яғни қоғамдық өмірдің белгілі бір материалдық жағдайы жасалса, адамдар да жақсы болады-мыс дегенді айтатын тұжырымдамаларға, теорияларға, доктриналарға қарсы тұрады.
Маркстің «адам барлық қоғамдық қатынастардың жиынтығы» деген формуласын, қоғам нағыз адами қатынастардың жиынтығы болуы тиіс деп өзгерткен дұрыс. Махатма Ганди мәселені осы тұрғыда қарастырды. Ең алдымен адам өзгеру керек – сонда қоғам да өзгереді. Адамдар адам болмайынша немесе соған ұмтылмаса, қоғам өзгермейді. Адамгершілік даму жолында жасалатын алғашқы маңызды қадам – бұл, әрине, «сену» деген сөзбен белгіленетін нәрсе. Әдетте, сенімді бір нәрсенің бар болуына сенім деп түсінеді. Бірақ сенімнің мұндай қарабайыр түсінігі нақты, дәл емес. Бір нәрсенің бар болуына сенім – таза сенім емес, білім. Ал сенім (толық немесе киелі сенім) — шексіз сенім арту болады. Бәріне де сеніммен қарау: Құдайға, адамдарға, әлемге, қоршаған шындыққа.
Сондықтан Ганди былай дейді: «Адами мінез-құлықтың ең тиімді әрі лайықты тәсілі – адамдардың сөзіне сену. Басқаша айтқанда, ішкі рухани даму жолындағы маңызды қадамның бірі – өзінің нақтылыққа деген теріс көзқарасын оң көзқарасқа ауыстыру. Біз, ойша болса да, бір нәрсеге көңіліміз толмайды, өкпеліміз, қызғанамыз, көре алмаймыз, ыза боламыз, біреуді сыртынан жамандаймыз. Біз үнемі алаңдап, қорқып жүреміз. Енді алдымызда өте ауыр міндет пайда болады. Егер біз адам боламыз десек, өзіміздің нақтылыққа деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Мысалы, қорқынышты қуаныш, өмірге, адамдарға, айналадағы оқиғаларға деген ризашылық алмастыруы тиіс. Үрей қуанышқа өзгеруі тиіс. Қайталаймын, бұл, әрине, өте күрделі нәрсе, біз оның жалпы сұлбасын ғана беріп отырмыз. Бірақ, мынадай нәрсені түсінген абзал: бізге қатысы бар нәрселер, ауыртпалық әкелетін нәрселер – біздің осалдығымызды, осал тұсымызды көрсетеді. Бір жеріміз ауырса, сол жер осал және сол жерді емдеу қажет. Сонымен, айналадағы шындықтың барлық өткір әсерлері біздің нені түзеуіміз керек екенін көрсетеді, демек, біз ызаланбай, соларды бізге көрсеткен нақтылыққа риза болуымыз керек. Мұның бәрін философиялық тілмен айтқанда, біздің витальді мәніміз рухани бастауға толы болу керек. Психикалық нәрсе рухани нәрседен басым болуы тиіс. Басқаша айтсақ: жан ақылдан биік тұру қажет.
Ганди шығармаларында өмір сүруге үйрену керек, адам болуға үйрену керек дегенді үнемі айтатын. Адамдар өзімшіл талабынан, үрейден, өзімшілдіктен бас тартып, айналасындағы адамдарға зиянын тигізуді қойып, жасампаздықпен айналысу қажет.
Ганди өзінің өмірлік әрекеттерімен аталған ақиқаттарды тануға ұмтылады. Түйсіну арқылы немесе Бхагавадгитаның дүниетанымына сүйеніп, ол өмір бойы алға жылжуға, шынайы рухани дамуға ұмтылған. Оның адамзат үшін жасаған еңбегі зор. Сондықтан, Ганди XX-ғасырдың ең ірі тарихи тұлғасы ретінде даусыз мойындалу керек.

Философиялық афоризмдері:

 Өз тіліне әлі келмеген адамда шынайы шындық болмайды.
***
 Еріксіз пайда болатын ой – ақылдың сырқаты, оны ауыздықтау ақылды ауыздықтағанды білдіреді және бұл желді ауыздықтағаннан да қиынырақ.
***
 Егер біз өзіміздің барлық міндеттерімізді орындасақ құқықтарымызды көп іздемейміз. Ал өз міндеттерімізді орындамай, құқықтарымызға ұмтылар болсақ, олар бізден шалғайда жылтыраған шамдай алыстай түспек.
***
 Егер біз өз жақынымызды жақсы көрмесек, ешқандай өзгерістер, тіпті олар революциялық сипатта болсын, бізді жақсылыққа бастай алмайды.
***
 Зорлық – шын мәнінде ішкі әлсіздік сезімнің белгісі.
***
 Жек көруді – махаббатпен, жалғандықты – шындықпен, зорлықты – шыдамдылықпен жеңу керек.
***
 Үнемі жетілуге ұмтылу – әркімнің құқығы. Ол – оның жеке наградасы.
***
 Газет – ұлы күш, бірақ та ешбір кедергісі жоқ жойқын тасқынның жағадан асып, егінді жоятыны сияқты журналистің бақылауға бағынғысы жоқ жүйрік қаламы тек бүлдіруге, күйретуге әкеліп соқтырады. Сырттан бақылаудың себеп-салдары бақылаусыздықтан да бетер болады. Бақылау іштей жасалса ғана пайда әкеледі.
***
 Мәңгілік ақиқаттар өздерінің мәңгілік екендігіне қарамастан үнемі еске түсіріп отыруды қажет етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *