МИШЕЛЬ ПОЛЬ ФУКО

МИШЕЛЬ ПОЛЬ ФУКО
(15 қазан, 1926ж, Пуатье – 25 маусым, 1984ж, Париж, Франция)

— француз философы, мәдениет тарихшысы, археолог, психолог әрі жарқын тұлға. Өмірде де, шығармашылықта да солай. Постструктурализм өкілі.
Оны дәстүрлі мәндегі идеялардың тарихы емес, олардың археологиясы қызықтырады. Ол билік ұғымын емес, оның мәдениеттегі қызметінің нақты тарихи тетіктерін, оның технологиясын зерттейді. Ол сексуалдықтың теориялық мәселелерімен емес, «адам» ойлап табатын өмірлік тәжірбиелермен айналысады.
Ол Пуатьеде хирургтер әулетіне жататын отбасында дүниеге келген. Дүниеге келген ұл бала әкесі мен атасы сияқты болашақ хирург, есімі Поль болуы керек еді. Болашақ философ отбасылық дәстүрді бұзып, Мишель деген есімді алады. Ол Францияның ең мәртебелі оқу орнын, яғни еколе нормал супериер бітіріп, философ және психолог мамандығын алады.
Фуконың өмірі өзінің кітаптары сияқты мазасыз, қайғылы, өмірлік жолды іздеуге толы болды, өмірінің сахналық сәндемелері жиі ауысып отырады, ол Лилль, Коллеж де Франс, Тунис, Бразилия, Жапония, Канада, АҚШ университеттерінде дәріс оқиды, Упсалада (Швеция), Варшавада, Гамбургте француз мәдениеті орталықтарында жұмыс істейді. Фуко өзінің өмірінде өзінің экзистенциализмге қарсы бағытталған тезисін, яғни «мен» өзін сарқылтты, енді кейіпсіз «бар» дегеннің заманы келді дегенді жүзеге асырған сияқты. Мұндай кейіпсіз күш Фуконы билеп оны жаңқа тәрізді оқиғалардың иіріміне тастайтын сияқты әсер қалдырады.

Философиялық шығармалары:

«Сөздер мен заттар» (1966), «Білім археологиясы» (1969), «Бақылау және жазалау» (1975), «Классикалық дәуірдегі ақылсыздық тарихы» (1961), «Клиниканың пайда болуы» (1963), «Гуманитарлық ғылымдар археологиясы» (1966), «Білімге құштарлық» («Воля к знанию») (1976) және т.б.
Фуконың шығармашылық қалыптасуында үш кезеңді бөліп алуға болады. Бірінші кезең «Білім археологиясымен» байланысты – XX-ғасырдың 60-шы жылдарындағы еңбектері: Классикалық дәуірдегі ақылсыздықтың тарихы», «Клиниканың туылуы», «Сөздер мен нәрселер», «Білімнің археологиясы». Фуко ғылыми білімнің қалыптасуындағы әртүрлі тарихи кезеңдерді немесе археологиялық қабаттарды қарастырады.
Екінші кезең «Билік генеалогиясы» деп аталады 70-ші жылдардағы мәтіндер: «Бақылау және жазалау», «Білімге деген ерік» («Сексуалдылықтың тарихы» 1-томы). Бұл еңбектерде европалық адамның денесі мен психикасының мақсатты қалыптасу үдерісі қарастырылады.
Үшінші кезең – «Тіршілік эстетикасы», 80-ші жылдардағы соңғы еңбектері: «Ләззатты пайдалану» және «Өзіңе деген қамқорлық» («Сексуалдылықтың тарихы» 2-3 томдары).
Фуко ежелгі грек әлемінен «рахат аралын» табады, онда тұлғалар өздерінің ерекше сексуалдық қызетке құқығы бар екендігіне көз жеткізеді. Ол мұның өзі қазіргі адам үшін өте тәлімдік мысал деп есептейді. Біздің әрқайсымыз өзімізден өзіміз босауымыз керек, барлық үйреншіктіден, көрінбейтін болып кеткен мен сезінбейтіннен бас тартып, өмір сүру, сезу, мүлде басқаша қарау мүмкіндіктеріне еніп, жат, бөтен тәжірбие арқылы өзімізді өзіміз табуға үйренуіміз керек. Шынында, философия дегеніміздің өзі, ең алдымен, өзіңді өзің түсінуге талпыныс, ойлаудың сыни жұмысы, басқаша ойлау мүмкіндіктерінің қалай және қандай шегі болуы мүмкін екендігін анықтауға ұмтылыс. Бұл – өзіңмен өзің ойнау, танымдағы бөтенмен жаттығу.

Философиялық көзқарастары:

Фуконың философиялық көзқарастарын түсіну үшін оның структурализммен күрделі қатынастарын анықтап алу керек. Фуконың «Сөздер мен нәрселер» (1966) кітабы жарыққа шыққаннан кейін Францияда структурализмнің айналасындағы жағдай ерекше шиеленісе түседі. Автор өзінің тұлғасыз «жүйенің» билігін орнатуға талпынатын идеялар шеңберін қолдайтынын жасырмаған.
Бірақ 1968 жылғы постмодерн дәуірінің басын белгілеген студенттік шерулерден кейін (Фуко Тунистегі студенттердің толқуын, олардың жаншылуын өз көзімен көрген) оның көзқарасы күрт өзгереді. Ол енді өзін структуралистпін деуден бас тартады және тұлғасыз құрылымның басымдылығын жақтамайтын болады. Студенттердің белсенділігі академиялық әділділіктің мұзын ерітіп жібереді. «Мен ешқашан фрейдист болған жоқпын және ешқашан марксист болған жоқпын және ешқашан структуралист болған жоқпын» – дейді ойшыл. Бұдан кейін ол постмодернизмге апаратын жолға шығады.
Фуконың басты идеясы постмодернизмнің де негізгі анықтаушы идеясына айналады. Бұл – бүкіл мәдениеттің және адами тұлғаның «орталықсыздануы» (децентризация).
Классикалық Батыс мәдениеті орталықтарды барлық деңгейде қалыптастыратын: географиялық, әлеуметтік, тұлғалық. Бұл үрдіс адам тұлғасы мысалында айқын көрініс табады.
Шығыс адамы әлемде өзінің физикалық және психикалық белгілерін толық көрсетеді, зерденің танымдық қажеттіліктерін ғана емес, жаны мен жүрегінің талаптарын жүзеге асырады. Адамда әуелгі болмыспен рухани байланысқа негізделген терең бірлікті сақтайтын көптеген орталықтар болатын.
Батыста адамның басқа түрі қалыптасты және сол мәдениеттің жалпы сипатына сай әлемді билеу мақсатында әлемді тану көзделген. Адам үстемдік етуге бағытталған ақыл қабілеттерін дамытуға ерекше, біржақты көңіл бөлген. Мұндай кембағал интеллект европалық тұлғаның «орталығына» айналады. Ал рухани өмірдің бүкіл байлығы – махаббаттың, нәзіктіктің, қамқорлықтың, сенімнің рухани әрекеттері екінші орынға ысырылды, өйткені олар табиғатқа және адамға үстемдік ету ісінде кедергі келтіреді деп есептелген.
Мұндай адамның жалғыз ғана орталығы бар. Нақ осы адам қазіргінің экологиялық және әлеуметтік апатына кінәлі. Нақ осы адам туралы Фуко жұмбақтап айтады. Тарихтың толқындары ол бейнені шайып кетуі тиіс. Оның орнына жаңа, «орталықсызданған», яғни Рухтың ең биік қағидатымен, яғни шынайы Сеніммен қосылған интеллект, жан, жігер, жүрек, сезім, махаббат, шабыт сияқты көптеген орталықтары бар адам келеді.
Бұл орталықсызданған адам Шығыстың тәжірбиесіне қайта оралу, виртуалды мегаполистер жобаланып, салынатын болашаққа ұмтылу болады және адам Ғаламтордың ғаламында тіркеледі.
Қорытындылап айтсақ, Фуко структурализмнен постмодернизмге өтті, сөйтіп ол адамды түсіндіруде классикалық дәстүрдің бұғауын алып тастайды. Фуко психикалық өмірдің бүтіндігін қалпына келтіреді. Егер Фрейд бесаналық құрылығын ашса, онда Фуко көптеген өзге жағдаяттардың маңыздылығын анықтады, соның ішінде ессіздікті таңдайды. Ол алғашқылардың бірі болып денені зерттеді, европалық дененің қалыптасуындағы әдістер тарихын жасады. Ол сексуалдық тақырыбын талқылап, оның адам өміріндегі маңызын тапты.
Мұның бәрін ол мәдениет пен адамның «децентриализациясы» туралы тезисті негіздеу үшін және ашып көрсету үшін зерттеді. Батыстық мәдениетте адам үшін ең маңыздысы билік пен үстемдікке бағытталған интеллект деп, ал қалған адам өмірінің барлық көріністері жанама деп есептелді. Фуко үстемдікке ұмтылған интеллект сияқты орталық жалған болады деп жария етті. Адамдық тұлға «орталықсызданады», көп өлшемді болады. Міне, бұл Шығыс пен Батыстың кездесуі, онда тек интеллект қана мойындалмайды, сонымен бірге рухани қағидалармен бірлескен жүрек, жан, сезім мойындалады.
Ұлы Абай адамның қандай болуы керектігін айтқанда, ол дәл осындай толық адамды меңзейді, оны бастайтын өмірлік қағида пайда мен тиімділікке бағытталған зиялылық емес, жүрек пен ақылдың бірлігі, бұл екеуі шын Сенімді шыңдайды.
«Адам құмдағы бейнедей жоғалады, жағалаудағы толқындай шайылады», — деп Фуконың нақыл сөзін қайталаймыз. Билік пен байлықты ғана ойлап алаңдаған адам рухани адамгершілік талаптарын білмейді. Абай армандаған толық адам бейнесі де пайда болады.

Философиялық афоризмдері:

 Биліктің бармайтын жері жоқ: бәріне қолы жете бергендіктен емес, барлық жерден бірдей бастау алатындықтан.
***
 Сөз алудың орнына, ол мені өз құшағына орап алып, барлық мүмкін-ау деген бастаулардың бәрінен арыға апарыптастағанын қалар едім.
***
 Қиялға сиятынның, білімге айналатынның бәрі – сөзден табылады.
***
 Орта ғасырларда ақымақтық күнделікті тіршіліктің бір бөлігі саналатын.
***
 Шығармашылық бар жерде ақылсыздыққа орын қалмайды.
***
 Сөйлеу – әлде бірдеңені білу және маңайындағылар таңған үлгіні басшылыққа алу.
***
 Заң қашан да найзаның ұшында жүреді.
***
 Кітаптың дүниеге келуі – шағын оқиға: ол – біреудің қолындағы зат іспеттес. Ол сол сәттен бастап қайталану деген шексіз ойынға қосылады да кетеді.
***
 Дәрігерлер қай қоғамда болмасын мүлдем өзгеше жағдайда болмақ: ол барлық жерде де қоғамның айрықша назарында және ешқашан дерлік олардың орнын ешкім баса алмады.
***
 Дүние мәні ашылуға тиіс белгілерге толы.
***
 Ойдың да өз тарихы бар.
***
 Бақылау – көрумен шектелу.
***
 Жаратылыс тарихы – тілдің замандасы.
***
 Кітап жазу – қашанда белгілі бір тұрғыдан алғанда, оның алдыңғысын жоққа шығару деген сөз.
***
 Ғылыми білім мен философиялық тақырыптарға еш қатысы болмаса да, сәулет өнерінің өн бойы тұнған оң білім.
***
 Жалпы, еркін, қалай болса солай немесе тәуелсіз пікір дегендер болмайды. Басқа пікір тудырмайтын да пікір болмайды.
***
 Интеллектуалдың рөлі – басқаларға не істеу керектігін айтып беру емес.
***
 Түс – алдамшы: ойыңды бұзады, қияли етеді. Бірақ ол қате болмайды.
***
 Құштарлық пен ессіздік классикалық дәуірге дейін де қол ұстасып қатар жүрген, қазір де қатар келеді, тегі, алда да солай қатар жүре беретін болуы керек.
***
 Құштарлыққа айналған басы айналған сандырақтың негізгі үздіксіз үйкелістегі сезімталдықта жатыр.
***
 Қазіргі философияны ойдың өзін-өзі жеген жансебіл жұмысы дегеннен басқа қалай атауға болады?

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *