МАРКСИСТІК ФИЛОСОФИЯ

МАРКСИСТІК ФИЛОСОФИЯ

Бұл – бүкіл философия тарихындағы ерекше кезең (XIX — ғасырдың 30-40 жылдары), атап айтқанда адамзат ой-өрісінің жүйеленген, топталған, жіктелген, ғылыми ерекшеленген кезеңі болды. Бұл кезең Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің есімдерімен аталады. Әрине, басқа да философтар сияқты, екі алып ой иесінің дүниеге келуі де кездейсоқ емес.
Ең алдымен бұл Батыс Европа елдерінде капитализм дүниеге келген кезең болатын. Капитализммен бірге тарихта пролетариат пайда болды. Ол алғашқы кезде стихиялы күреске шықты. Оларды ұйымдастыру, саналы етіп дайындау, теориялық жағынан қаруландыру қажет болды. Бұл бір.
Екіншіден, жаратылыстану ғылымындағы ашылған үш үлкен жаңалық: а) клетка теориясы; б) энергияның сақталу және өзгеру заңы; в) Ч.Дарвиннің эволюциялық ілімі-дүниеге диалектикалық логика тұрғысынан қарауға мүмкіндік берді.
Үшіншіден, теориялық алғышарттардың әсері болды. Бұған ең алдымен адам баласының әлеуметтік теңдік болуын көксегені жатады. Осыған орай социализм туралы түрлі теориялық ілімдер пайда болды.
К.Маркс пен Ф.Энгельс осы жағдайлардың бәрін ой елегінен өткізіп, талдап, екшей келіп, жаңа ғылыми теорияның негізін жасады. Ол үшін олар Гегель мен Фейербахтың философиясын, Адам Смит пен Давид Рикардоның саяси экономиясын, Сен-Симон, Фурье, Оуэннің социализм туралы утопистік теориясын зерттеді, сөйтіп, олардың кемшіліктерін көрсетіп қана қоймай, социализм туралы ғылыми теория жасап, оны ілгері дамытты, философияда жаңа көзқарас туғызды. Социализмді утопиядан ғылымға айналдырған К.Маркстің екі ғылыми жаңалығы болатын. Олар тарихты материалистік тұрғыдан түсіну және қосымша құн құпиясы. Философияда К.Маркс пен Э.Энгелсьтің ашқан жаңалықтары мынадай еді:
Бұрынғы философия өкілдері тек үстем таптардың мүддесін қорғады. Демокрит, Лукреций Кар, ағылшын және француз материалистері Ф.Бэкон Дж.Локк, Р.Декарт, П.Гольбах, Д.Дидро, К.Гельвеций, Ж.Ламетри, неміс философтары Л.Фейербах, т.ю идеалистерді қоса алғанда олардың бәрі прогреске ұмтылғанмен үстем таптың көзқарастарын жақтады. Ал еңбекші бұқараның жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын ешкім болмады. Әсіресе, бұл капитализм тұсында мейлінше қажет болды. Бұған 1831 жылғы Лион қаласындағы Франция жұмысшыларының, Германиядағы Силезия тоқымашыларының көтерілісі, сондай-ақ, Англиядағы 1838-1842 жылдардағы чартистер қозғалысы дәлел бола алады. Стихиялық көтеріліске шыққан жұмысшыларға теориялық қару қажет болды. Бұл қозғалыстар әлемде жаңа тап-пролетариат пайда болғанын, оның бұрынғы езілген таптардан мүлде басқа шешуші күш екенін байқатты. Әрине, К.Маркс пен Ф.Энгельстің дәл осы кезеңде саяси аренаға шықпаса бұл жаңа теория дүниеге келмес еді деуге болмайды. Әрбір философиялық кезеңдер біріне – бір ізашар болып отырған. Сол арқылы олар күрделі сипат алып, дамып отырған. Философияда көптеген дүниетанымдық мәселелерді қайталануы жиі кездеседі. Бірақ олар әр дәірдің даму дәрежесіне, алға қойылған мәселесіне сәйкес жаңаша шешіліп отырады.
К.Маркске дейінгі философия көп жағдайда ақиқатқа сырттай, меңзей қарайтын философия болатын-ды. Олар табиғатты тек баяндап қана қоятын. Ол туралы К.Маркс өзінің «Фейербах туралы тезистерінде» айқын дәлелдеп берді. Осыған орай К.Маркстің ең алған көтерген мәселесі мынадай: француз материалистері айтқандай, адамдар объективті жағдай мен тәрбиенің жемісі болса, онда өзгерген адамдар өзгерген жағдайын жаңа тәрбиенің нәтижесі деп түсіну қажет. Сондықтан К.Маркс пен Ф.Энгельс ең бірінші бірігіп жазған «Қасиетті әулет» деген еңбегінде теорияны шындық өмірден, материалдық прақтикадан алшақтатқаны үшін идеализмге қатаң күрес ашты. Мәселен, Л.Фейербах христиан дінін сынады, бірақ ол сынды адамзат қоғамын сынауға айналдыра алмады.
Әрине, XVII ғасырдағы ағылшын XVIII ғасырдағы француз материалистері буржуазиялық революцияның идеологиялық алғышартын жасады. Бірақ олар азаматтық қоғамды, былайша айтқанда таптық антагонизмсіз тапсыз негізделген қоғамды мақсат еткен еді. Олар антагонизмсіз тапсыз қоғам орнатуды мақсат етпеді. Бұларға керісінше К.Маркс пен Ф.Энгельс қоғамды революциялық тұрғыдан қайта құру теориясын жасады. К.Маркс өзінің «Гегельдің право философиясына сын жөнінде» деген еңбегіне жазған кіріспесінде: басты мақсат – осы дүниенің ақиқаттығын айту – деп, түсіндіре келіп, көкті сынауды жерді сынауға, дінді сынауды құқықты сынауға, теологияны сынауды саясатты сынауға айналдыру болуға тиіс деп тұжырымдады. Адамға жат болып қалыптасқан неміс тәртібін сынай келіп, К.Маркс: «Сынау қаруы, әрине, қару мен сынаудың орнын баса алмайды. Материалдық күш материалдық күштен төңкерілуі қажет бірақ тоерия да бұқараны билеп алғаннан бастап материалдық күшке айналады» — деп жазды.
Сондықтан да, оның ойынша, «философия пролетариаттан өзінің материалдық қаруын тапқан болса, пролетариат философиядан өзінің рухани қаруын тапты». К.Маркс пен Ф.Энгельс философияны практикаға қарсы қоюды ғана жойған жоқ, сонымен қатар олар табиғат пен қоғам туралы философиялық ғылымдардың қарсылықтарын да жойды (Кішібеков Д., Сыдықов Ұ.Философия. «Қарасай»,—Алматы: 2008). Жалпы, марксистік философия әлемдік тарихтың дамуына пәрменді әсер етіп, өзіндік ізін қалдырды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *