МАКС ШЕЛЕР
(22 тамыз, 1874ж., Мюнхен – 19 мамыр, 1928ж. Франкфурттағы-Майнде, Германия)
— неміс философы және социологы, философиялық антропологияның негізін қалаушылардың бірі.
Макс Шелер Мюнхенде және Берлинде – медицина, философия және психологияны зерттеді. Бұдан басқа Берлинде Шелер социологиямен айналысты, ал Йенде этика және таным теориясы саласында неокантиандықты зерттеді. Диссертацияны 1897 жылы Рудольф Эйкеннен қорғады. 1905 жылға дейін Йен университетінде оқытушылық қызметте болды. 1919–1928 жылдары Кёльн университетінің профессоры, 1928 жылдан – Франкфурт университетінің профессоры.
Философиялық шығармалары:
«Соғыс данышпаны және неміс соғысы» (1915), «Соғыс және құрылыс» (1916), «Адам бойындағы мәңгілік құндылықтар туралы» («О вечном в человеке») (1921), «Білім формалары және қоғам» (1926), «Сущность человека, новый опыт философской антропологии» («Философиялық антропология»), «Положение человека в Космосе» (1927) және т.б.
Ол феноменологияға өзінің жолымен келген, оған этика, құндылықтар жүйесі, феноменологиялық тәсілдермен дінді негіздеу кіретін. «академиялық психологиялық одақ» құрылып, журнал шығара бастағанда, оның «О самообмане», «О раскаянии», «О любви и ненависти» деп аталатын мақалалары көп пікірталас тудырды. Арада біраз уақыт өткен соң, шелер енді көтеріліп келе жатқан философиялық жұлдыздың, яғни Эдмунд Гуссерльдің ең жақын үзеңгілес серігі ретінде танылды. Ол үшін де, сол жылдардың ең басты оқиғасы – Хайдеггердің «Болмыс пен Уақыт» кітабының жарық көруі еді. Автор кітапты өзінің үзеңгілес жолдасына бірінші кезекте салып жібереді. Ол кезде Шелер өзінің «Сущность человека: новый опыт антропологии» деп аталатын іргелі еңбегін жазу үстінде болатын.
Шелердің пікірінше, ақыл мен жүректі қарама-қарсы қою қолдан жасалған дүние. Мұндай қарама-қарсылықта ақыл ретінде қандайда бір заңға сай келетін, қатаң, реттелген нәрсе алынады, ал жүрек деп жанның ретсіз жағдайлары танылады. Бірақ Шелердің білуінше, «жүрек» ақылды да, соқыр да болуы мүмкін. Августин мен Паскальдің тәжірибиелерге сүйенген Шелер жүректің математикасы мен қисыны болатынына сенімді. Жүректің де өз қисыны, уәжі болады, олар дедуктивті логиканың ережелері мен қорытындылары сияқты абсолютті әрі бұлжымайтын болады, өйткені жүрек-хаостық жағдайлардың мекені емес және оның өзіндік заңға сәйкестігі бар. Дегенмен де пайым жүректің дәлелдерін, уәждері мен қалауларын көрмейді де, естімейді де. Тұтас дәуірлер жүректің логикасымен санаспаған, бірақ «ортағасырда пайым мәдениетінен мүлде тәуелсіз, дербес жүрек мәдениеті ретіндегі мәселе мәлім болған». Мұндай ұмыт қалудың себебі сезімге, махаббат пен жек көруге, өмірдің тереңіне қатысты жалпы салақтық, сонымен қатар, өмірдің бетінде ғана қалқыған заттардың қамын жеу сияқты күлкілі әрекет орын алады.
Шелер философиялық антропология тұрғысынан XXI-ғасырда да өзекті саналатын білім беру мәселесін де талқылайды. Ол – өмірді, мінез-құлықты, адамның ойлау жүйесін анықтайтын эфир сияқты нәрсе. «Білім беру-адамның жиынтық бейнесі, нақышты формасы». Шелердің пікірінше, білім беруде тұлғаның құндылықты бейнесі маңызды. Бұл – жағымды ықпал жасау мүмкіндігі, ал адамгершіліктің жалпыға бірдей заңдар –әрқашан жағымсыз және бас тартатын нәрселері туралы айтады.
Шелер тұлғаның мінсіз типтерінің бірнеше деңгейлерін анықтайды, олар: әулие, данышпан, қаһарман; өркениеттің рухын анықтайтын адам; рахаттанудың суреткері. Даналар қатарына ол ұлы философтарды қосады және жеке тұлғаларға арнап, жеке эссе жазады.
Философиялық көзқарастары:
Элитаның тәрбиелеу, билік пен рухтың трагикалық қарама-қарсылығын еңсеру – ерекше міндет. Элита – қаны бірлердің категориясы емес, сондай-ақ таптық немесе кәсібі де категория емес. Элита халықтың құпия қойнауында – «көшбасшы тұлғалардың айналасында пайда болған «шеңберлердің» баяу қосылу жолымен» өзі пісіп-жетілуі тиіс. Шелердің ойынша, билік нақ осындай рухани элитаның қолында болу керек (бұл жерде ол Платонның философ-билеуші туралы ескі идеясын қайталайды). Таңдаулы жақсы-жайсандар – өзін-өзі астамшылдықпен жоғары санайтындар, өзіне ешқандай талап қоймайтындар, өмірден ойсыз ләззат алатындар емес, олар-рухани-адамгершілік қағидаларын басшылыққа алатындар және шамасы жетпесе де өзіне қатаң талап қоятындар.
Сонымен, Макс Шелердің философиялық антропологиясы – адам туралы біріңғай идеяны жасауға, көптеген ғасырдан келе жатқан тартысты доғарып, жаңа идея негізінде адам туралы бүтін іргелі ғылымды жасауды көздеген талпыныс. Бұл өзекті болмаса да, күні бүгінге дейін шешілмеген мәселе.
Философиялық афоризмдері:
Кез-келген іс-қимылдың астарынан адамның ішкі жан дүниесіндегі ахуалды аңғаруға болады.
***
Кез-келген адамдық даму, іс жүзінде, барған сайын күшейіп келе жатқан дәстүрді ығыстыруға негізделген.
***
Адамның өмірі жеке өзінің мұраттарынан да, жалпыға бірдей маңызды шарттардан да ауытқып кетуі мүмкін. Өзімшілдік жағдайын да біз бәріне, яғни өзімізге де, дүлейлік, мақтаншақтық, даңққұмарлық пен өркөкіректіктен тоқылған елестің ала жабуының астында адасқан күйде қараймыз.
***
Білімділікпен мақтану, білімнің өркөкіректігі а приори білімсіздік.
***
Жануарларды зерттеумен айналысып көріңіз: сонда адам болудың қаншалықты қиын екенін жақсы түсінесіз.
***
Европадағы дағдарыс – әлі тіпті де адамзат ажалының, ол түгіл «Европаның күні өткендігінің» де белгісі бола алмайды.
***
Адамның бойындағы тұлғалық қасиеті – тәңірлік рухтың таңғажайып оқшаулануы.
***
Нағыз тұлға ешқашанда «жайлы» немесе «пайдалы» болуы мүмкін емес.
***
Заттарды мүмкіндігіне қарай құдай сүйгендей сүю – адамның қабілеті жететін нәрсенің ең зоры.
***
Махаббат – әркімнің өзінің рухы мен ақыл-ойының анасы.
***
Махаббат сүйген сәтінде өзінің қол астындағыдан, өзінің толық иелігіндегіден гөрі біршама әріректегі көз салады.
***
Метафизика – әлсіздерге, қолдау көрсетуге мұқтаж адамдарға арналған сақтандыру қоғамы емес.
***
Біздің жүрегіміз әуелден-ақ жек көруге емес, сүюге жаралған: жек көру – белгілі бір мағынада алғандығы жалған махаббатқа жауап қана.
***
Қаншама ғылыми мектеп болса сонша ғылыми пікір бар.
***
Тек адам ғана – тұлға болғандықтан – тіршілік иесі ретінде өзінен де биікке көтеріле алады.
***
Шын сүйе алмаған адам – шын жек көре де алмайды.
***
Ойшыл қалың көпшіліктің құлшылық ететін әрі образдық және рәміздік қауашақта көруді ұнататындарының бүкіл ақиқатын сығып алады да, үкілеп ой әлеміне қосады.
***
Адам – тіршілік тәсілінің өзі әлі айқындала қоймаған, не болғысы келетіні жөнінде де өнді шешім қабылдана қоймаған жан иесі.
***
Адам білімнің үш түріне қабілетті келеді: олар – билік құруға немесе табысқа жетуге қажетті білім, оқуға керек білім және құтқару үшін пайдаланылатын білім.