КАРЛ ГУСТАВ ЮНГ

КАРЛ ГУСТАВ ЮНГ
(26 шілде, 1875ж, Кесвиль, Тургау, Швейцария – 6 маусым, 1961ж, Кюснахт, Цюрих, Швейцария)

— Психоанализдің жаңа бейнесін, бейсаналықтың басқа түсінігін («Ұжымдық бейсаналықты») ұсынған, швейцарлық психолог әрі мәдениеттанушы және Зигмунд Фрейдтің ең жақын шәкірті.
Фрейд пен Юнгтің қарым-қатынасы өзіне-өзі сенімді оқытушы мен кенеттен есейген, дербес ойлауға бел буған оқушының қарым-қатынасын қайталайтын сияқты. Юнг Фрейдтің асқан догматизмі мен позитивизіміне, оның оккультизм мен парапсихологияға деген ашықтан-ашық қарсы болуына, оның сексуалдылық догматына адалдылық сақтау керек деген шүбәсіз талабына көне алмады. Юнг үшін ауыр, тіпті, қайғылы болған ажырауға алып келген келіспеушілік терең психологиялық алауыздықтан басталады, атап айтқанда, оның бір жағында, Фрейдтің қасаң қағидаға үйір қыңырлығы, бұрын жасалған құрылымды сақтауға, оны «қамалға» айналдыруға тырысуы, екінші жағында
– Юнгтің шығармашыл болмысы, ашықтығы, мәдени-тарихи тақырыптарға, астрологияға, алхимияға, Шығыстың діни тұжырымдамаларына қызығушылығы, танымымыздың оғаштығын, тұрақсыздылығын, шарттылығын сезінуі тұрды.
Бейсаналыққа деген жаңа көзқарасты, оның мәнін, құрылымын, тұлғаның психикалық өміріндегі қызметін басқаша түсіндіруді – Юнгтің Шығыстың мәдени-тарихи тәжірбиесіне деген қызығушылығымен түсіндіруге болады. Көптеген жылдар бойы ол шығыстық медицина мен философияның жайын пайымдауға мүмкіндік беретін дереккөздерді зерттеумен болды. Астрология, оккультизм, парапсихология, йога сияқты Фрейдтің рухына жат («мұның бәрі сандырақ!» деген үкімін шығарды ол, Юнгпен болған әңгімеде) бағыттар жас ғалымның зерттеулеріне нәр бергендей еді.
Ең алдымен ол адам психикасының еңсерілмейтін жұмбақтығын тіркеді. Рухтың ең маңызды деген заңдары біз үшін құпия түрінде қала бермек. Юнг физикалық және психикалық нәрсенің бірлігі туралы шығыстық түсінікті негізге алды. Батыстық философия, психология, медицина жан мен тәннің әуелгі бірлігін, психикалық нәрсенің физикалық нәрсеге тигізген әсерін мойындаудан қалып, керісінше, олардың өзара тәуелсіздігі мен дербестігі туралы ойын нығайтады.
Ұжымдық бейсаналылықтың мазмұны архетип деп аталатын нәрседен көрініс табады. Бұл терминнің қандайда бір белгілі сюжеттерге қатысы жоқ, ол әуелгі форманы, әуелгі бейнені, ой бейнесін немесе үрдісті меңзейді; белгілі бір персоналиялар түрінде (Құтқарушы, Қаһарман) немесе типтік жағдайлар мен идеалдар түрінде (мәңгілік идеясы, күнәлі теке, алтын ғасыр бейнесі) тұлғаланатын бейімділікті білдіреді. Шығыс пен Батыстың қарама-қайшылығы Жер-Ана (Шығыс) және Аспан-Әке (Батыс) сияқты архетиптік бейнелерден көрінеді. «Материя» деген ғылыми ұғыммен салыстырғанда, «ана» архетипі, «әке» архетипі сияқты, терең эмоциялық мағынаны иеленеді.
Әрбір халықтың мәдениетінде архетиптер ұлттық киімдер киеді және мәдениеттің негізінде жатқан аңыздар жүйесі ретінде көрініс табады, яғни біркелкі жасалым болғандықтан, архетиптер алуантүрлі ұлттық форманы иеленеді, бірақ өзінің әмбебап сипатын жоғалтпайды. Осыған орай барша халықтардың ертегілері мен аңыздарының типтік жағдайлары мен сюжеттері ұқсас келеді және американдық зәңгінің түсінде ежелгі грек мифологиясының жағдайлары қайталануы мүмкін. Мифтер мен ертегілердің, шын мәніндегі терең әуелгі бейнелердің, тұлғасыз бейсаналықтың рационализациясы болады.
Ұжымдық бейсаналық туралы, тұлғаның екі орталығы – «эго» мен «өздік болмыс» туралы ілімге сүйенген Юнг тұлғалардың психологиялық типологиясын жасаған. Ежелгінің адамдары, дейді ол, тұлғалардың, мінездердің типологиясын ұсынған және оны аффективті өмірдің ерекшеліктеріне негіздеп, соңғысының жердің, судың, ауаның, оттың ғарыштық элементтерімен байланысын анықтаған. Адам ағзасында да сол элементтерге сәйкес келетін «сөлдер» жиналады және олардың қайсібірінің басымдылығы белгілі бір темпераментті қалыптастырады. Юнг өзінің алдында болғандардың еңбектерін бағаласа да, олардың ойлау жүйесіне ермейді, яғни ішкіден, психикалықтан сыртқы физикалыққа қарай жүруді негіздейді, психологиялық типологияны жасап, өткеннің көптеген философиялық ілімдерінде ұқсас нәрселерді табады.

Философиялық көзқарастары:

Философтың айтуынша, психологиялық бақылаулар кейбір адамдардың шешім қабылдап, өзінің тағдырын сыртқы жағдайды ескеріп жасайтынын, ал кейбірі, керісінше, ішкі, субьективті нұсқаманы басшылыққа алады. Бірінші жағдайда, обьект магнит тәрізді әрекет етеді, субьектінің мүддесін өзіне қарай тартады, екінші жағдайда субьектінің өзі магнит болады, обьектіден энергия сорады. Аталған екі қарама-қайшы нұсқама — экстраверсия мен интраверсия – әрбір адамға тән нәрселер және олардың біреуі басым болған жағдайда ғана қалыптасқан психологиялық тип туралы айтуға негіз бар.
Әрбір адамның ішінде екі типтің жанжалы болады: егер сана деңгейінде ол экстраверт болса, өтеуші қызметті атқаратын бейсаналық деңгейде ол интраверт болады және керісінше. Әйелдерді де, еркектерді де осы типке жатқызуға болады. Психологиялық нұсқамалары әртүрлі адамдар некеге отырғанда психологиялық проблема пайда болады. Сонымен, Юнг Шығыстың рухани тәжірбиесіне жүгіне отырып, психоанализдің жаңа үлгісін жасайды. Соның арқасында ол Фрейд жазған жеке бейсаналық деңгейінен басқа-онан да терең ұжымдық бейсаналық деңгейін ашады, оның архетиптері мен символдарын зерттейді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *