Қазақстан Республикасы
Байланыс және ақпарат министрінің
2010 жылғы 7 қыркүйектегі №220
бұйрығымен бекітілген
Интернет желісінің қазақстандық сегментінің
домендік кеңістігін тіркеу, пайдалану және тарату қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Интернет желісінің қазақстандық сегментінің домендік кеңістігін
тіркеу, пайдалану және тарату қағидасы (бұдан әрі — Қағида) «Ақпараттандыру
туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына
сәйкес әзірленген.
2. Осы Қағида Интернет желісі қазақстандық сегментінің домендік
кеңістігін тіркеу, пайдалану және тарату тәртібін анықтайды, сонымен қатар
жоғары деңгейлі қазақстандық домендік атауында домендік атауды және
барлық кіші домендерді бөлу туралы барлық сұраныстарға таратылады.
3. Осы Қағидада мынадай негізгі терминдер мен түсініктемелер
пайдаланылады:
1) ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi
орган) – ақпараттандыру және «электрондық үкiмет» саласындағы басшылықты
жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
2) бірінші деңгейлі домендік атау (жоғары деңгейлі) – домендік кеңістік
иерархиясында түпкілікті домендік атаудан бір саты төмен орналасқан және
түпкілікті домендік атаудың (RFC 882) тікелей тура кіші домені болып
табылатын домендік атау;
3) домендік атау – Интернет желісіндегі адресаттың ережелеріне сәйкес
қалыптастырылған, желінің объектісіне атаулы жолданымға арналған және
белгілі бір желілік мекенжайға сәйкес нышандық (әріптік-цифрлы) белгі;
4) домендік атау трансфері – тіркелушінің тіркеушіні ауыстыру үдерісі;
5) домендік атау туралы мәліметтерді өзгерту – тізілімдегі тіркелушінің
ауысуынан басқа домендік атау туралы кез келген мәліметтерді өзгерту үдерісі;
6) домендік атауды тапсыру – домендік атауды тіркелушінің ауысу
үдерісі;
7) домендік атауды тіркеу – тіркелушінің өтініміне сәйкес тіркеушінің
тіркелетін домендік атау туралы мәліметтерді тізілімге қосуы және тіркелушіге
домендік атау туралы мәліметтерді басқаруға уәкілеттік беру;
8) домендік атауды ұсыну – домендік атаудың жұмыс қабілетін домендік
атаулар жүйесіне (DNS) ол туралы мәліметтерді беру арқылы жүзеге асыру.
Ұсынудың шарты тізілімде кемінде екі DNS-сервер туралы мәліметтердің бар
болуы болып табылады;
9) домендік атаулар жүйесі (Domain Name System – DNS) – домендік
атаулар туралы ақпарат алу үшін таратылған деректер қоры. IP адрестер мен
домендік атаулардың сәйкестігі туралы ақпараттан тұрады және RFC-1034,
RFC-1035 сәйкес жұмыс істейді;
10) домендік кеңістік – домендік атаулардың құрылымдалған
иерархиясы;
11) екінші деңгейлі домендік атау – домендік кеңістік иерархиясында
бірінші деңгейлі домендік атаудан бір саты төмен орналасқан және бірінші
деңгейлі домендік атаудың (RFC 882) тікелей (тура) кіші домені болып
табылатын домендік атау;
12) жоғары деңгейлі қазақстандық домендік атау – Қазақстан
Республикасы мүдделері үшін пайдалануға ICANN (Internet Corporation for
Assigned Names and Numbers) халықаралық ұйымымен бөлінген бірінші
деңгейлі домендік атау;
13) жоғары деңгейлі қазақстандық домендік атаудың әкімшісі – жоғары
деңгейлі қазақстандық домендік атауының тұрақты жұмысын қолдайтын
басқарушы және қаржыландыратын ұйым ретіндегі уәкілетті органның өтініші
бойынша ICANN (Internet Corporation for Assigned Names and Numbers)
халықаралық ұйымымен аккредиттелген, коммерциялық емес қоғамдық ұйым;
14) қазақстандық Интернет желісі сегменті – жоғары деңгейлі
қазақстандық домендік атауларын пайдаланатын және Қазақстан Республикасы
аумағында орналасқан ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің
жиынтығы;
15) өтінім – өтініш берушінің тіркеушіге тіркеу (тіркеу мерзімін ұзарту),
бұған дейін хабарланған мәліметтерді тапсыру, трансфер немесе домендік
атаудың қолданыстағы тіркеуін жою үшін міндетті барлық мәліметтерден
тұратын өтініші;
16) түпкілікті домендік атау – домендік кеңістік иерархиясының басы.
Түпкілікті домендік атау нүктемен «.» (RFC-882) белгілейді;
17) тіркелуші – тіркеушіге домендік атауды тіркеу үшін өтінім мен
міндетті құжаттарды (ұзарту, өзгерту, тапсыру, трансфер, жою) жолдаған және
тіркеу кезеңінде оның меншік иесі болып табылатын, тіркелген домендік атау
туралы мәліметтерді басқару бойынша құқықтар мен міндеттерге ие жеке
немесе заңды тұлға;
18) тізілім – құрамында тіркелушілердің өтінімдеріне сәйкес барлық
міндетті мәліметтер бар, жоғары деңгейлі қазақстандық домендік атауларда
тіркелген барлық домендік атаулардың деректер қорының
орталықтандырылған жиынтығы;
19) тізілімді жүргізу – домендік атаулар тізілімінің қызметін қамтамасыз
ету, тіркеушілердің тізілімге өзгерістер енгізу мүмкіндіктері, домендік
атауларды ұсыну, WHOIS-сервер арқылы тіркелген домендік атаулар туралы
барлық ағымдық мәліметтерді ұсыну;
20) тіркеу орны – жоғары деңгейлі қазақстандық домендік атау әкімшісі
уәкілетті органның және ICANN (Internet Corporation for Assigned Names and
Numbers) халықаралық ұйымының келісімі бойынша белгілейтін, Интернет
желісінде жоғары деңгейлі қазақстандық домендік атаулардың тізілімін
жүргізуді жүзеге асыратын ұйым;
21) тіркеуді бұзу – тізілімнен домендік атау туралы ақпаратты толығымен
алып тастау;
22) тіркеуді тоқтату – домендік атаудың жұмыс қабілетін тізілімнен
домендік атау туралы ақпаратты алып тастамай уақытша тоқтата тұру
(ұсынуды тоқтата тұру);
23) тіркеуді ұзарту – домендік атауды тіркеу әрекеттерінің мерзімін
кезекті мерзімге ұзарту;
24) тіркеуші – тіркелушілерге домендік атауды тіркеу бойынша
қызметтер көрсететін, тіркеу орны мен тіркеуші арасында жасалған келісімге
(шартқа) сәйкес ақпаратты тізілімге енгізуді қамтамасыз ететін және
тіркелушінің тіркеу орнында домендік атауды басқару жөніндегі құқықтарын
іске асыратын жоғары деңгейлі қазақстандық домендік атау әкімшісімен
аккредиттелген Қазақстан Республикасының резиденті, заңды тұлға;
25) үшінші деңгейлі домендік атау – домендік кеңістік иерархиясында
екінші деңгейлі домендік атаудан бір саты төмен орналасқан және екінші
деңгейлі домендік атаудың (RFC 882) тікелей (тура) кіші домені болып
табылатын домендік атау;
26) DNS–сервері – RFC-1032, RFC-1034, RFC-1035, RFC-1122, RFC-1133,
RFC-1591 сәйкес жұмыс істейтін домендік атаулар жүйесіне (Domain Name
System) қызмет көрсетуге арналған мамандандырылған бағдарламалық
қамтамасыз ету (бұдан әрі — БҚ), сондай-ақ БҚ орындалатын құрал-жабдық;
27) RFC құжаты – Интернет желісі жұмысының техникалық және
ұйымдастырушылық жұмысын анықтайтын және Internet Engineering Task Force
(IETF) және Internet Engineering Steering Group (IESG) қоғамдық ұйымдарымен
қабылданатын стандарт;
28) WHOIS-сервер – RFC-3912 сәйкес жұмыс істейтін, тіркелген домендік
атаулар туралы мәліметтер алуға арналған мамандандырылған БҚ, сондай-ақ
БҚ орындалатын құрал-жабдық.
2. Интернет желісінің қазақстандық сегментінің
домендік кеңістігін тіркеу тәртібі
4. Домендік атауды тіркеу үшін тіркелуші осы Қағиданың қосымшасына
сәйкес электронды немесе жазбаша түрде шынайы және толық ақпаратты
өтінім береді. Серверлік жабдыққа қойылатын талап оның физикалық
орналасқан жері Қазақстан Республикасының аумағы болуы болып табылады.
Тіркелушілердің барлық өтінімдері тіркеу орны немесе тіркеушіге түсу тәртібі
бойынша қаралады.
5. Тіркеушінің интернет-ресурсында жарияланған, тіркеушімен жасалған,
домендік атауды тіркеу бойынша қызмет көрсетудің толық шарттарын
қамтитын домендік атауды тіркеу туралы келісімнің мәтініне тіркелуші өзінің
келісуін өтінім мәтінінде растайды.
6. Тіркеуші тіркелушінің домендік атауды тіркеу өтінімін оны алған
күннен 10 күнтізбелік күн аралығында қарайды және тіркелушімен домендік
атауды тіркеу үшін қызмет көрсетудің толық шарттарын қамтитын домендік
атауды тіркеуге келісім жасайды. Домендік атауларды тіркеу туралы келісім
тіркеушінің интернет-ресурсында орналастырылады.
7. Домендік атау тізілімге ол туралы ақпарат енгізілген кезден бастап
тіркелді деп есептеледі.
8. Домендік атауды тіркеуден мынадай жағдайларда бас тартылады:
1) егер тіркелушінің тіркеуге берілген өтініміндегі мәліметтері толық
емес және/немесе дәйексіз болып табылса;
2) егер өтінім берілген домендік атау өтінім беру уақытында бұған дейін
тіркелген болса;
3) RFC-1032, RFC-1034, RFC-1035, RFC-1122, RFC-1133, RFC-1591
Интернет стандарттарының сұрауларына сәйкес болмаса;
4) домендік атау осы Қағиданың 18 тармағында көрсетілген резервке
сақталған домендік атаулар тізбесінде бар болған жағдайда;
5) домендік атауды пайдалануға тыйым салу туралы заңды күшіне енген
сот шешімі бар болса;
6) өтініш берген домендік атауды қолданатын интернет-ресурстың
серверлік жабдығы Қазақстан Республикасынан тыс жерде орналасқан болса.
Осы тармағында қарастырылған жағдайларда, тіркеуші тіркелушіге 10
күнтізбелік күн мерзім ішінде домендік атауды тіркеуден бас тартудың
себептері мен дәлелдері баяндалған хабарлама жібереді.
9. Тіркеу орны немесе тіркеуші домендік атауды тіркеуді мынадай
жағдайларда тоқтата тұрады:
1) өтінімдегі домендік атау туралы мәліметтер толық емес немесе
дәйексіз екендігі анықталғанда;
2) домендік атаудың тіркеуді тоқтату туралы тіркелушінің өтінішінің
болуы;
3) тіркелген домендік атауды қолданатын интернет-ресурстың серверлік
жабдығы Қазақстан Республикасынан тыс жерде орналасқан болса;
4) заңды күшіне енген сот шешімінің болуы.
Осы тармағында қарастырылған жағдайларда, заңды күшіне енген сот
шешімімен үлкен мерзім белгіленбеген болса, тіркеуші аталған доменді
тіркеуді кемінде 10 күнтізбелік күн мерзімге тоқтата тұру туралы хабарлама
жолдаумен тоқтатады. Аталған мерзім өткеннен соң тіркелуші қосымша
мәліметтер ұсынады немесе тоқтата тұрудың болған себептерін жояды.
10. Тоқтата тұру себептері жойылған жағдайда немесе тіркеуді жаңғырту
туралы заңды күшіне енген сот шешімі бойынша домендік атауды тіркеуді
жаңғырту жүргізіледі.
11. Домендік атауды тіркеуді жою мынадай жағдайларда жүргізіледі:
1) домендік атауды тіркеуін тоқтату жүргізілген себептерін жоймау;
2) заңды күшіне енген сот шешімі бойынша.
Осы тармағында қарастырылған жағдайларда, тіркеуші тізілімге тиісті
мәліметтерді енгізе және тіркелушіні ескерте отырып, шұғыл түрде тіркеуді
жояды.
12. Домендік атауды пайдалану «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан
Республикасы Заңына және осы Қағидаға сәйкес тіркелушімен жүзеге
асырылады.
13. Домендік атауларды пайдалану туралы барлық тіркелушілер мен
үшінші жақтың арасындағы домендік атаудың тіркелуіне қатысты даулар сот
тәртібімен шешіледі.
14. Домендік атауларды пайдалану кезінде ықтимал бұзушылықтарды
болдырмау мақсатында тіркелуші Қазақстан Республикасы Конституциясына,
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, «Бұқаралық ақпарат
құралдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қайшы келетін ақпараттар,
оның ішінде Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп
өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді,
соғысты насихаттау және үгіттеу, экстремизм немесе терроризмді насихаттау
немесе үгіттеу, сондай-ақ есірткі құралдарын, психотроптық заттарды,
әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық басымдықты
насихаттау, сондай-ақ, қатыгездiк пен зорлық-зомбылықты насихаттауға
бағытталған ақпараттарды құрайтын ресурстарды құру үшін домендік атауды
пайдаланбау.
15. Тіркеу жүйесін тарату негізінде үш деңгейлі өзара қарым-қатынас
үлгісі жатады:
жоғары деңгейлі қазақстандық домендік атау әкімшісі, тіркеу орын;
тіркеуші;
тіркелуші.
16. Интернет желісінің қазақстандық сегментінің домендік кеңістігін
тарату кезінде жоғары деңгейлі қазақстандық домендік атау әкімшісі өзара
қарым-қатынас жасайды:
1) жоғары деңгейлі қазақстандық домендік атауын әкімшілендіру және
дамыту мәселелері бойынша уәкілетті органмен;
2) жоғары деңгейлі қазақстандық домендік атауын әкімшілендіру
мәселелері бойынша ICANN (Internet Corporation for Assigned Names and
Numbers) халықаралық ұйымымен;
3) жоғары деңгейлі қазақстандық домендік атаудағы домендік атауларға
қатысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік
органдарымен (оның ішінде құқық қорғау және сот);
4) жоғары деңгейлі қазақстандық домендік атауын әкімшілендіру мен
дамыту мәселелері бойынша тіркеу орнымен, оның жұмысын бақылайды және
тіркеушілерді аккредиттейді.
17. Жоғары деңгейлі қазақстандық домендік атау әкімшісі Интернет
желісінің қазақстандық сегментінің әкімшілігінің қызметін тіркеу орнына және
тіркеушіге бермейді.
18. Белгілі бір арналуы бар, резервке сақталған домендік атауларына
мыналар кіреді:
1) COM.KZ – коммерциялық ұйымдар үшін үшінші деңгейлі домендік
атауларды тіркеуге арналған;
2) EDU.KZ – білім қызметіне лицензиясы бар Қазақстан Республикасы
резиденттерінің ұйымдары үшін үшінші деңгейлі домендік атауларды тіркеуге
арналған;
3) GOV.KZ – Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары үшін
үшінші деңгейлі домендік атауларды тіркеуге арналған;
4) MIL.KZ – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің
органдары үшін үшінші деңгейлі домендік атауларды тіркеуге арналған;
5) NET.KZ – уәкілетті органның тиісті лицензиялары бар деректерді беру
бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымдар үшін үшінші деңгейлі
домендік атауларды тіркеуге арналған;
6) ORG.KZ – коммерциялық емес ұйымдар мен жобалар үшін үшінші
деңгейлі домендік атауларды тіркеуге арналған.
Белгілі бір арналуы бар, резервке сақталған домендік атаулары уәкілетті
органның келісімі бойынша жоғары деңгейлі қазақстандық домендік атау
әкімшісімен анықталады. Бұл ақпарат көпшілікке арналған және тіркеу
орнының интернет-ресурсында орналасады.
19. Тіркеу орны және тіркеушілер Интернет желісінің қазақстандық
сегментінде тіркелушілерге домендік атауларды таратады.
20. Резервке сақталған домендік атаулардан басқа екінші деңгейлі және
үшінші деңгейлі домендік атауларды тарату домендік атауларды тіркеу тәртібі
бойынша жүзеге асырылады.
Интернет желісінің
қазақстандық сегментінің
домендік кеңістігін тіркеу,
пайдалану және тарату
Қағидасына қосымша
Нысан
Тіркеушіге
(Тіркеушінің аты)
Тіркелушінің өтінімі
1. *домендік атаудың аты;
2. *домендік атауды тіркеу кезеңі;
3. *төрт байланыс туралы мәліметтер:
1) *тіркелуші;
2) әкімшілік байланыс;
3) техникалық байланыс;
4) қаржылық байланыс;
4. *әрбір байланыс келесі мәліметтерден тұруы қажет:
1) *байланыс тұлғасының Т.А.Ә. (егер байланыс жеке тұлға болса);
2) *ұйымның аты (егер байланыс заңды тұлға болса);
3) *пошталық мекен-жай;
4) *қала;
5) *облыс;
6) *пошталық индекс;
7) *елдің 2 әріптік коды;
8) *телефон;
9) факс;
10) *электрондық пошталық мекен-жайы;
5. *DNS-серверлер туралы мәліметтер:
1) *алғашқы DNS-сервердің желілік мекенжайы;
2) *бірінші DNS-сервердің желілік мекенжайы;
3) қосымша DNS-серверлердің мекенжайы.
5. *өтініш берген домендік атауды қолданатын интернет-ресурстың
серверлік жабдығының орналасқан жері:
1) *пошталық мекен-жай;
2) *қала;
3) *облыс.
Осымен тіркеушінің интернет-ресурсында жарияланған, домендік атауды
тіркеу бойынша қызмет көрсетудің толық шарттарын қамтитын домендік
атауды тіркеу туралы келісімнің мәтініне өз келісімімді растаймын.
Ескертпе:
Тіркелуші мәліметтерді тіркеушіге ұсынады және бүкіл тіркеу мерзімі
бойы тіркелімде сақталады.
Жұлдызшамен белгіленген тармақтар міндетті болып табылады.
Барлық мәліметтер латын транскрипциясында беріледі.
Техникалық және қаржылық байланыстар туралы деректер жоқ болса,
олардың қызметін автоматты түрде әкімшілік байланыс орындайды.
Әкімшілік байланыс туралы деректер жоқ болса, оның қызметін
автоматты түрде тіркелуші орындайды.
Серверлік жабдыққа қойылатын талап оның физикалық орналасқан жері
Қазақстан Республикасының аумағы болуы болып табылады.