ИММАНУИЛ КАНТ

ИММАНУИЛ КАНТ
(22 сәуір, 1724ж, Кёнигсберг, Пруссия – 12 ақпан, 1804ж, сонда)

— неміс философы, неміс классикалық философиясының көшбасшысы, Ағартушылық және Романтизм кезеңдерінің бел ортасындағы философ.

Философиялық шығармалары:

«Әлемнің әмбебаптық табиғи тарихы мен теориясы», «Практикалық ақыл-ойды сынау», «Таза ақыл-ой шеңберіндегі дін» және т.б.
Әдетте, Кантты «сыни кезеңге дейінгі» және «сыни кезеңдегі» деп екіге бөліп қарайды.
Сыни кезеңге дейінгі Канттың Күн жүйесінің аса зор газ тектес тұмандықтан пайда болғандығы туралы идеясы тек астрономияға ғана қосқан үлесі емес, жалпы дүниетанымдық методологиялық маңызы бар жаңалық болды. Біріншіден, қозғалыс – материяның өзіне тән тартылыс және серпіліс сияқты қарама-қарсы күштердің арқасында, ешқандай да сыртқы күштің әсерінсіз пайда болған құбылыс. Қозғалыс пен тыныштықты салыстырмалы түрде түсінуге болады. Екіншіден, осы күштердің әсерінен әртүрлі әлемдер жүйесі қалыптасып, күйреп, одан шашыраған бөлшектерден қайтадан жаңа денелер пайда болып жатады. Сөйтіп, әлем ылғи да даму үстінде болады. Үшіншіден, әлем құрылымына енетін үлкенді-кішілі жүйеленген денелер өзара сатыланған бағыныштылықта болады. Өзіне кішігірім жүйелерді бағындырған үлкен жүйе өзінен де ауқымды басқа жүйеге кіреді, сөйтіп шексіз кете береді. Демек, әлемдегі денелер жүйесі өзара әмбебаптық байланыста болады. Сыни кезеңдегі Канттың пікірінше, философияның болмыс, әдептілік және дін туралы мәселелерін қарастырмастан бұрын, адамның танып-білу мүмкіндігінің шекарасын белгілеп алуымыз керек.
Таным процесі күнделікті тәжірибиеден, сезімдік түйсінуден басталады. Бірақ олар бізге «өзіндік заттар» туралы емес, олардың көріністері (феномендері) туралы деректер береді. Мысалы, қазір қар жауып тұр. Осы секілді деректерде ылғи да кездейсоқтық элементі басым болады да, бізге толық білім берілмейді (қазір қар жауып тұр, шамалы уақыттан кейін тоқтауы мүмкін). Мұндай білімдер жекелеген тәжірибиеге сүйенгендіктен, апостериорлы бағытта болады. Ал шынайы әмбебаптық және қажетті білімдер осындай фактілерге негізделе алмайды. Олай болса, шынайы білім тәжірибиеге қатысы жоқ, әуел бастан-ақ адам санасында априорлы (тәжірибиеге дейінгі) қалыптасқан сезім мен ақыл-ойдың түрлеріне байланысты болуы керек. Сезімдік түйсінудің априорлы сыртқы түрі – кеңістік пен ішкі түрі – уақыт түйсіктің көп түрлі «материяларын» реттеп отырса, ақыл-ойдың априолы түрлі категориялары реттелген материяларды заңдылықтар жүйесіне келтіреді. Олай болса, танып-білетін субьект заттарды зерттегенде дайын «туа біткен идеяны» пайдаланбайды, керісінше, ол тек танымдық «құралдарды» ғана пайдаланады.
Жалпы алғанда, таным процесі, Канттың пікірінше, үш сатыдан өтеді.
Олар: сезімдік түйсіну, сараптаушы парасат және таза ақыл-ой.
Сезімдік түйсіну сатысында біздің сезім мүшелерімізге «өзіндік заттардың» көріністері әсер етеді де, осы деректер негізінде түйсіктердің бей-берекет жиынтығы пайда болады. Олар сезімдік түйсінудің априорлы түрлері – кеңістік пен уақыттың арқасында белгілі бір жүйеге келіп, реттеледі.
Танымның келесі – сараптаушы парасат сатысынааприорлы категориялар: себептілік, сапа, сан, қажеттілік, т.б. арқасында жаңа ғана реттелген түйсіктер жиынтығы қорытындыланып, тұжырымдалып, өзіне тиесілі заңдылыққа бағынып, жаңа білім пайда болады.
Кант таным процесінің осы екі сатысының негізінде алынған білімді трансценденталдық білім деп атайды. Трансценденталдық таным дегеніміз – таным процесінің заттың өзіне емес, априорлы танып-білу мүмкіндігінің осы затты қандай деңгейге дейін біле алатындығы.
Танымның үшінші сатысы – трансценденттік танымда таза ақыл-ой заттардың көрініс әлемімен шектеліп қалмай, олардың ар жағында не бар екенін білуге, басқаша айтқанда, «өзіндік заттардың» табиғатын, мәнін түсінуге ұмтылады да, шешілмес қайшылықтарға (антиномияларға) тап болады. Айталық, рух өле ме, өлмей ме, әлем қалай пайда болды, Құдай бар ма, жоқ па, т.б. да осы сияқты сұрақтар антиномияларға толы. Осы мәселелерді көтеріп, оған жауап беріп жүрген схоластикалық, онтологиялық, рационалистік, діни, т.б. ілімдер жалған ғылымға жатпайды. Себебі бұл аталған идеялардың не дұрыс, не теріс екендігін теория жолымен дәлелдеу мүмкін емес, олай болса, «өзіндік заттарға» тән оның ішкі заңдылығын, мәнін біз танып-біле алмаймыз, сондықтан оған талпыну – бос әурешілік.
Керісінше, таза ақыл-ой адамның ерік-жігерін, практикалық іс-әрекетін айқындауға мүмкіндік береді. Айталық, адам тұлға ретінде табиғат заңдылықтарынан төмен тұрғандықтан, сыртқы әлемнің әсерінен шыға алмайды, сол себепті ол ерікті де емес, ал даралық қасиеттерінің ерекшеліктеріне, өзінің ылғи да танып-білуге ұмтылу қабілетіне қарасақ, ол өзінің практикалық ақыл-ойына сүйеніп, ерікті іс-әрекет жасайды. Бұл жағдайда адам барша жұртқа бірдей әдептілік заңы – әдептілік императивін басшылыққа алады. Әдептілік императиві бойынша, игіліктерге, бақытқа жетуге ұмтылу немесе сүйіспеншілік, жақсы көру сияқты қылықтар адамның іс-әрекетін әдепті қылмайды, керісінше, қоғамда қалыптасқан әдептілік заңдарын сыйлап, өз міндетіңді өтесең, сол өнегелі іс болып саналады. Мұндай этикалық міндеттілік адамдарға теория жүзінде емес, практика жүзінде әдептілік бостандығы тұрғысынан іс-әрекет жасауға сенім туғызады. Сөйтіп, адамның ар-ождан өлшемдері адамгершіліктің ең жоғары қағидасы – әдептілік императивінің талаптарына сай келеді.
Әдептілік діни жатсынуға тәуелді емес, себебі ол өз заңына сүйеніп, өзінше өмір сүреді. Ал дін – Құдайды ең жоғары идеал немесе Құдай алдындағы парыз ретінде түсінетін біздің барлық міндеттілігіміздің жиынтығы. Осыдан келіп, Кант: «құдайға жағамыз деп сақтап жүрген діни институттардың тіпті де қажеті жоқ, тек әдептілік императиві негізінде тақуалы өмір сүрсең болғаны» деген тұжырым жасайды.

Философиялық көзқарастары:

Әдептілік императиві тұрғысынан Кант құқық, мемлекет, саясат мәселелерін де қарастырады. Оның пікірінше, қоғамдық өмірде әлеуметтік қарама-қайшылық елеулі орын алады. Ал осындай қоғамда әркім өзінше шексіз бостандыққа ұмтылғандықтан, олардың бостандықтары бір-бірімен қарама-қайшылыққа түседі де, әр азаматқа тән табиғи қасиеттерінің дамуына мүмкіндік туады. Осы негізде қалыптасқан мәдени өркендеу кейбір жеке адамдарға қайғы-қасірет, жамандық әкелуіне қарамастан, жалпы адамзат үшін ілгері басып, үдей түсуі қажет, онсыз прогресс болмайды.Ал мемлекет болса, қолына шоғырланған билікке сүйеніп, адамдардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасай бермейді. Сондықтан мемлекеттік билікті әдептілік императиві негізінде қалыптасқан құқық арқылы шектеу керек. Осының арқасында мемлекет дами келе, онда құқықтық, азаматтық қоғамның қалыптасуына жағдай жасайды.
Канттың бірбеткей міндеттілік этикасының кейбір пікірлері XIX-шы және XX-ғасырлар философиясының дамуына зор әсер етті. Ал XIX-шы ғасырдың ортасынан бастап Францияда, Германияда Кант ілімін жаңартып, дамытқан ілімдер пайда болды.

Философиялық афоризмдері:

 Халық өз тілінен айырылған кезде харекетінен де айырылады.
***
 Мінез – принцип бойынша әрекет етуге қабілеттілік.
***
 Әділдік жоғалған кезде адамдар өмірін мәнді ететіндей ештеңе қалмайды.
***
 Сұлулық – жалпы жұрттың ешқандай ұғым түсініксіз рахатына айналған нәрсе.
***
 Жалғандық, даңққұмарлық, жұлымырлық, билікқұмарлық! Бұлар болмаса адам бойындағы ең ізгі табиғи қасиеттер де ұйқысынан оянбас еді.
***
 Мемлекет құзырындағы күш біткеннің ішінде ақшаның күшінен асқан сенімдісі жоқ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *