ЗЕНОН КИТИЙСКИЙ (ЗЕНОН-СТОИК)
(б.д.д. 346/336/333 – 264/262 ж.ж.)
— көнегрек философы. Киниктер мектебінің түлегі, б.д.д.300ж. бері — философиялық стоиктер мектебінің көшбасшысы.
Осы мектептің өкілдерін стоиктер деп атап кеткен. Басты өкілдері: Зенон, Сенека, Эпиктет, Марк Аврелий және т.б.
Философиялық көзқарастары:
Стоиктердің пікірінше, әлем – біртұтас дене. Біртұтас денелі әлем құдаймен пара-пар деп қарастырады.
Оны өзін жандандыратын тынысы (пневма) жайылған. «Пневма» – идеалды немесе абстракция емес, ол – материалды (ұсақ) бөлшек. Ол – әлемнің жаны, ақыл-ойы. Ал денелер – оның модификациясы. Әлемде болып жатқан өзгерістер қатал қажеттілік заңына бағынғандықтан, ол мақсаттылық жолымен дамиды, ал жеке заттар, заттардың бөлшектері, құбылыстардың өзгеруі, дамуы біртұтастыққа, оның жетілуіне тікелей байланысты. Стоиктер Гераклит сияқты әлем оттан жаралады және ол әлсін-әлсін қайтадан отқа айналады дей отырып, бұл құбылыстың себебі біртұтас әлемнің өзінің логос заңына бағынғандығында жатыр жатыр деп есептеген.
Біртұтас әлемге тән қажеттілік заңын стоиктер қоғамдық өмірге де таратады. Осыдан келіп, олар бостандық және адам өмірінің ең жоғары мақсаты сияқты мәселелерді өз ілімдерінің өзекті проблемалары деп санаған. Бостандық ұғымын стоиктер қажеттілік ұғымы арқылы түсіндіруге тырысады. Қажеттілік («тағдыр») талассыз айқын болатын заңдылық болғандықтан, бостандықтың болуы мүмкін емес. Адамдардың іс-әрекеттері бір-бірінен ерікті немесе еріксіз жасалғандығына қарап ажыратылмайды. Себебі олардың тек қажеттілікке байланысты болатындығы белгілі, керісінше, олар бір-бірінен болмай қоймайтын, заңды қажеттілікті өз еркімен немесе амалсыздан (зорлықпен) орындауларымен ажыратылады. Қажеттілік заңына байланысты тағдыр біреулерді алға жетелесе, оған қарсы болғандарды сүйрелейді.
Ал адамдар, бір жағынан, қоғамдық жандар, екінші жағынан, біртұтас әлемнің бір бөлігі болғандықтан, олардың өзін-өзі сақтауға талпынысы, айналып келгенде, мемлекеттік игілік үшін қамқорлық деңгейіне дейін, кейбір жағдайда әлемдік біртұтастық алдындағы өз міндетін түсінуге дейін көтереді. Осы себепті данышпандар өз игілігінен гөрі мемлекеттік игілікті жоғары қойып, қажет болған жағдайда, ойланбастан өз өмірін қиюға дейін барады. Стоиктер білімнен данышпандықты жоғары қойып, білімді данышпандыққа жетудің бірден-бір жолы деп уағыздады.
Қандай да болсын әдептілік іс-әрекеттер өзін-өзі сақтауға бағытталғандықтан, жаман әдепсіздік іс-әрекеттер адамның өз табиғатын құртуға жетелесе, дұрыс, жақсы, әдепті іс-әрекеттер адамды тағдырға көнбеуге, ешқандай сырт күш алдында бас имеуге бастайды, сөйтіп, адам бақытының кепіліне айналды.