ЖИЛЬ ДЕЛЕЗ

ЖИЛЬ ДЕЛЕЗ
(18 қаңтар, 1925ж, Париж – 4 қараша, 1995ж, сонда)

— француз арасынан шыққан философ-постмодернист, бірегей ойшыл. Постструктурализм бағытын ұстанушы.
Жиырмасыншы ғасырдың 60-жылдарындағы солшыл радикалдық саяси ағымдар сойылын соғушы. Ол ешкіммен салыстыруға келмейді. Оның философиялық тағдыры да бірегей. Делез философия, өнер, ғылым аумағында аралық тұлға іспетті гуманитар ғалым. Делез Гегель стиліндегі философиялық туындылармен айналысатын заман өткен деп ашық жазған. Оның себебі театрдың, киноның, әдебиеттің жаңаруы еді. Өйткені өнер философиясының көрнекі құралы емес. Ол оның ішкі жүйкесі.

Философиялық шығармалары:

«Ницще және философия» (1962), «Капитализм және шизофрения» (бірінші томы – «Анти-Эдип» (1972), «Ризома» (1976), «Номадология туралы трактат» (1980), «Айырмашылық пен қайталау» (1968), ал «Мәннің логикасы» (1969), «Кино-1» (1983), «Кино-2» (1985) кемеліне келген, концептісінің қалыптасуында маңызды болған кітап.
Делез философия тарихына деген дәстүрлі емес көзқарасты негіздеген тарихшы ретінде де белгілі. Ол Кант, Спиноза, Лейбниц, Бергсон, Ницше, Фуко туралы еңбектерді жазып, өзінің философиялық «менін», өзінің өзгешелігін айқындау үшін солармен сұхбат құрады. Сондықтан олар Делез үшін сөздің постмодерндік мағынасында жақын әрі басқа достар, олармен келісуге де, оларды жоққа шығаруға да болады, мысқылдап, қалжыңдауға не таңдануға болады, бірақ ең бастысы олармен бәсекелесіп, жарысуға болады.

Философиялық көзқарастары:

Делездің философиялық концептісі – қалыптасу, өзгешелік. Бұл ұғымдарда ескі философиялық адасушылық, яғни репрезентация мен оның категорияларын еңсерілуі көрініс табады.
Европалық ой тәжірбиесінің сипатын анықтайтын репрезентация қайсібір біріншілік, бастапқы нәрсенің екіншілік, туынды нәрседе көрінуін білдіреді (мәннің – құбылыста, ішкінің – сыртқыда). Репрезентацияның бір ғана орталығы және жалғыз ғана ұстатпайтын перспективасы, осыған байланысты жалған тереңдігі болады. Керісінше, қозғалыс көптеген орталықтардан, перспективалардың ығысуынан, көптеген көзқарастардан тұрады.
Репрезентациядан, тереңдіктен және оларға тән категориялардан арылу, симулякрлар әлеміне өту барабарлықтың жаншуынан тыс, барабарлыққа қызмет ететін терістеуге деген қатынастан тыс өзгешелік туралы айтуға мүмкіндік береді. «Симулякр – өзгеше нәрсенің өзгеше нәсемен ажырату арқылы сәйкесетін жүйесі».
Идеялар әлемі заттардың әлеміне, көшірме, бозарған көлеңкелер әлеміне жарық түсіреді. Онда тірек, үміт, сенімділік бар. Бірақ Платон «түпнұсқа – бірінші көшірме» және бірінші көшірме – екінші көшірме қатынасының әртүрлі болатынына, олардың қағидатты өзгешелігіне назар аударады. Делез мұнда болуы мүмкін симулякр әлеміне қатысты долбарды, қандайда бір алдын ала сезуді байқайды.
«Симулякрлар көшірмеге қарағанда, ұқсамауды жасайды», сондықтан да Платон «көшірмелердің симулякрларды жеңуін бекіткісі» келеді, ал Делездің пікірі бойынша, бірінші көшірмені ұлықтауды қойып, басқа кеңістікке, яғни «көшірме-көшірме» қатынасына өту керек. «Көшірме – ұқсастық тән болатын бейне. Симулякр дегеніміз ұқсастығы жоқ бейне. Құдай адамды өзінің бейнесіне ұқсастығын жоғалтып, бейнені ғана сақтап қалған».
«Симулякрды» түсіндіру үшін қарапайым мысал келтіретін болсақ, бәріміз Леонардо да Винчидің «Джаконда» картинасымен таныспыз. Бірақ сіз оны қайдан көрдіңіз? Сіз ол сақталатын Луврда, француз мұражайында болдыңыз ба? Сіздің көргеніңіз түпнұсқа емес, репродукция болар. Және ондай репродукция – түпнұсқаның бірінші көшірмесі емес (түпнұсқа-көшірме қатынасы), басқа сансыз көшірмелерден жасалған көшірме (көшірменің көшірмесі). Сіз көрген нәрсе түпнұсқадан көптеген көшірмелер арқылы алыстап кеткен «Джаконданың» көшірмесі, симулякр болады.
Неге «симулякр» термині постмодернизм үшін маңызды болады? Өйткені олпостмодерн мәдениетінің қазіргі түрін білдіреді. Нақтылық, яғни түпнұсқа бізден алыстап барады, әлем мен біздің арамызда көптеген делдалдар, «симулякрлар» пайда болады. Виртуальді Ғалам симулякрлардың Ғаламы болып табылады.
Делездің шығармашылығында «ризома» метафора ұғымы маңызды орынды иеленеді. Бұл терминге ботаникалық емес, этномәдени мағына үстесек, онда «ризоманы» көшпен, ал» ағашты» отырықшы өмір сүру салтымен салыстыруға болар еді. Делез бен Гваттари «Капитализм және шизофренияның» екінші «Номадология туралы трактат» томында дәл солай жасайды. Авторлар шығыстық және батыстық танымдық типтерін жерді, территорияны игерудегі ерекшеліктермен байланыстырады. Олар батыстық стратегияны «компарс» деп атайды және ол территорияны өлшеу, сызу, үлестіру практикасымен анықталады. Шығыстық стратегия – «диспарс» көшпелінің кеңістігімен анықталады. Ол жол траекториясындағы жеке кездесулер мен түйісулердің кеңістігі.
Сондықтан отырықшы мәдениет инварианттарды іздейді, ал көшпелілердің ғылымында айнымалылар үздіксіз өзгеру жағдайында болады. Батыстық ғылымның тәсілдері – индукция, дедукция, репродукция. Шығыстық тәсілдер – танылатын материалға бойлау. Батыстық тәсілдер бақылау обьектіге қатысты сыртқы көзқарастың сақталуын талап етеді: жағада тұрып, тасқынды бақылау болады. Көшпендінің қозғалысы – басқа нәрсе: біз өзеннің ағысын тамашалап, жағада тұрмаймыз, өзіміз сол ағында, қозғалыс үдерісінде боламыз.
Сонымен, постмодернизм философиясы жайында не айта аламыз?
Ең алдымен, постмодернизм ең қиын жұмысты, яғни философиялық білімнің табиғатын қайта пайымдау; нақтылыққа деген көзқарастың жаңа типін философиялық тұрғыда түйсіну, дәлірек айтсақ, нақтылық мәселесін виртуалды болашақпен байланыстыру, тіл мен жазудың басқа мүмкіндіктерін, кеңістік пен уақытты түсінудегі өзгерістерді анықтау; бүкіл батыстық дәстүрді «екіұдайылық» оптикасымен қоса деконструкциялап, қайта жинау; адам тұрмысының жағдайын «пост» кеңістігінде анықтау (пошталар, қиылысатын ақпараттар ағымдары) жұмысын атқарады.
Постмодернизмді жаһандану философиясы деп атауға негіз бар. Бүгінде жаһандану болмай қоймайтын нақтылыққа айналды, ол туралы, яғни ақпараттық революция, нарықтардың, технологиялардың, телекоммуникациялардың интеграциясы туралы көп жазылып та, айтылып та жүр. Постмодернизм жаһанданудың шарттарын философиялық тұрғыда анықтады, басқаша онтология мен антропологияны белгіледі, өздерінің шексіз ойынында түпнегіздерді, онтологиялық түпнұсқаларды жасырған «симулякрлардың, іздердің» өнімділік қуатын айқындады.

Философиялық афоризмдері:

 Маскүнемдік – құмардан шығуға емес, айрықша әсерленуге ұмтылады.
***
 Бағыныштылық – қатыгездіктің бір фигурасы ғана болуы әбден ықтимал, өйткені, онда фигура деген көп-ақ.
***
 Бар дүние – жұмыртқа.
***
 Кез-келген қаланың ішінде тағы бір қала болады.
***
 Өзі тапқан және өзі қайта көміп тастаған тұңғиыққа қайта оралу – міне, Ницщенің мүлдем өзінше өлген жері осы.
***
 Мәселе, биліктің не екенінде және қайдан шыққанында емес, қалай жүзеге асырылып жатқанында.
***
 Кімнің сөйлеп тұрғаны тілдің қандай мүмкіндіктері бар дегеннен кем маңызды мәселе емес.
***
 Мағынасы бар нәрсенің бәрінің мәні де болады, бірақ соңғысы алғашқысымен салыстырғанда мүлдем басқа негізде айқындалады.
***
 Кез-келген талдау – құбылыстың мәнін ашуға жатады.
***
 Дүниеде ойлануға мәжбүр ететін бірдеңе бар.
***
 Сократтың өлімінде естен танып, өзіне-өзі қол салудың бір белгілері бар.
***
 Пікір айту саласында мүмкін де, елес те ештеңе жоқ, мұнда бәрі – айқын.
***
 Ақмақтық – жануарға тән белгі емес. Жануар «ақымақ» болудан ерекше қорғалған.
***
 Міндет дегеніміз – сынау мен талдау.
***
 Білім – ғылым емес, тіпті, танымға да жатпайды.
***
 Идеялар дегеніміз – көп мағыналылық, әр идея – көп мағыналы, көп қырлы.
***
 Қартайып туатын құндылықтар бар.
***
 Жекені жалпыдан бөліп ала алмайсың.
***
 Ғылым да, поэзия да білімге жатады.
***
 Билік өмірді өз обьектісіне айналдырған кезде – өмір биліктің қарсыласы болып шығады.
***
 Кез келген ажалдың екі мағынасы бар.
***
 Кез келген дәуір өзінің айтқысы келгенінің бәрін айтып барып тынады.
***
 Бұзылған адамның әлемі – басқасы жоқ әлем, яғни, мүмкіндігі жоқ әлем.
***
 Өмір – ойға жан береді, ал өмірді оятатын – ой.
***
 Негіздеу дегеніміз – анықтау.
***
 Көбіне алғысөзді – артынан, соңғы сөзді – алдымен оқу керек деседі.
***
 Тіл – не түгел беріледі, не мүлдем болмайды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *