ЖАН-ПОЛЬ ШАРЛЬ ЭМАР САРТР
(21 маусым, 1905ж, Париж – 15 сәуір, 1980ж, сонда)
— француз философы, атеистік экзистенциализмнің өкілі (1952–1954 жылдары Сартр марксизм позициясына жақын болды), жазушы, драматург әрі эссеист, педагог.
Жан-Поль Сартр Парижде отбасындағы жалғыз бала болып өсті. Оның әкесі Жан-Батист Сартр, Франция әскери-теңіз күштерінің офицері, шешесі
— Анна-Мария Швейцер. Сартр Ла-Рошели лицейінде білім алды, Париждегі Жоғарғы қалыпты мектепті («Эколь нормаль») тамамдады. Философиядан диссертация қорғады, Берлиндегі Француз институтында стажировкадан өтті (1934). Францияның бірнеше лицейлерінде философиядан дәріс оқыды (1929-1939 және 1941-1944); 1944 жылдан өзін толығымен әдеби жұмыстарға бағыттады. Студент болып жүрген жылдары Симона де Бовуармен танысады, кейін ол оның тек сүйікті жары ғана емес, сондай-ақ оның қолдаушысы болды. 1964 жылы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты (бірақ сыйлықтан бас тартқан). Ол адам өмірінің шектеулілігін, жалғыздығы мен өткіншілігін, сонымен қатар оның еркіндігін атап көрсетеді, өйткені оны шектейтін ешқандай обьективті нормалар мен қағидалар жоқ. Адамның өз еркіндігін сезінуі оның өмір сүруі үдерісінде жүзеге асады. Сартрдың ойынша, адамның кім және қандай тұлға болуы оның шешіміне, таңдауына байланысты.
Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары Сартр Қарсыласу қозғалысына қатысып, концлагерге түседі, кейін батыстық мәдениеттің онтологиялық негіздеріне, оның іргетасына қаланған үстемдік ету қағидасына қарсы шыққан солшыл студенттердің қозғалысына қатысады. Ол сырттан бақылайтын «таза философ» болмай, барынша саяси белсенділігін танытады.
Философиялық шығармалары:
Сартрдың басты философиялық еңбегі «Бытие и ничто» деп аталады, ол 1943 жылы нацистер басып алған Парижде жарық көрген. Бұл кітап еркіндікке, тұлғаның таңдауына, әркімнің әлемнің де, өзінің де тағдырына деген жауапкершілігіне арналған. Сартр енді Гуссерль мен Хайдеггердің теорияларына таңданатын шәкірт емес. Оның есімін бүкіл Франция біледі. Ол «Құса», «Еркіндік жолдарымен» деген романдардың, көптеген пьесалардың, эсселердің, әдеби-сын мақалалардың авторы, сол қырық үшінші жылы – «Шыбын-шіркейлер», «Жабық есіктердің арғы жағы», «Көмусіз қалған мүрделер», «Ібіліс пен Жаратушы Тәңірі», «Лас алақандар» атты пьесаларын жазады. Бұлар — философиялық, экзистенциялық мәнге толы көркем шығармалар.
Философиялық көзқарастары:
Сартрдың ойынша адам әлемдегі өз мәнін өзі жасайтын, олай болса өз болмысын да өзі таңдайтын әрі іске асыратын жалғыз құбылыс. Яғни оның онтологиялық негізінің өзі осында. Адамның дүниеде болу жолы, сол болудың өзіндік өзгеше тұрпаты оның өзінің туындысы. Яғни оның кім екендігін, қандай екендігін оның өзінен тыс бөтен күш анықтамайды, өзі анықтайды. Адам болмысы оның өзінің өзіне құрған жобасы. Адам өзінің іске асқан, яғни болмысына айналғанынан басқа ешнәрсе де емес. Адам еркіндігі оның түп қазығы. Ол өзін өзі таңдаудан ешбір бұлтара алмайды, таңдау ол үшін бір жазмыштай нәрсе.
Сартр үшін ең басты нәрсе – абсурд пен мәнсіздіктің жағдайындағы адамның тағдыры. Адамды түңілу, үрей, ажал аңдып тұрады, әлеуметтік әлем өзінің қорқынышты, ақылға ұстатпайтын иррационалдығын танытады, Құдай адамнан, адам Құдайдан безеді, бірақ абсолютке деген сағыныш, ностальгия адамды жібермейді. Сартр абсурд тұтқынынан шығу жолдарын іздестіреді. Адами шындық, экзистенция өзінің мәнсіз деректілігімен түсіндірілмейді. Экзистенция арқылы біз өзімізден тыс жерде боламыз, күнделікті нәрсенің шегінен асамыз, әлі келмеген болашаққа барамыз, яғни трансцендециямен айналысамыз.
Сартр қазіргі философиялық дискурста соншалықты бір жаңа мәселені көтеріп отырған жоқ. Тіпті, «минералдану» деген терминнің өзі Муньеден кездеседі. Сартрдың қосқан үлесі сол, ол матиматикалық формула деңгейіне дейін сериалдылықты терең талдап, серт феноменін, террорды, беделді зерттеген. «Минералдану» жағдайында экзистенцияның, адами нақтылықтың сақталу шарттары қандай болмақ? «Сериядан» шығуға, адами нақтылықтың төлтумалығын сақтауға, еркіндіктің сәулесін көруге үміт бар ма? Егер біз бұл сауалдарды адамның еркіндігі, ең әуелі, Құдайды таңдау дегенге сенген «Болмыс пен бейболмыстың» авторына қойғанда, ол персоналистер Макс Шелер, Мартин Хайдеггер сияқты жауап беретін еді. Бірақ кейінгі Сартр, «Диалектикалық зердені сынаудың» авторы, француз зияткерлері арасында сәнге айналған марксизммен одақ құруға ұмтылады (бұл ұмтылыстың күштілігі соншалықты, тіпті, 90-жылдары Жак Деррида марксистік идеологияның күйреуінен орын алған «зиятты шоқты» тіркейді).
Есейген Сартр енді Құдай туралы ештеңе айтпай, өзін «экзистенциализмнің атеистік қанатына» жатқызатын болды. Оған енді қалғаны бір-ақ нәрсе еді: «таптардың күресіне», «пролетариаттың күшеюіне» үміт арту, өйткені бұлар сериалдылықты ерітеді, еркіндік элементі мен шынайы ынтымақты енгізеді-мыс. Сартрдың ойынша, күрес пен зорлық экзистенциалды еркіндіктің шарты болады. Әлеуметтік таптардың зорлықшыл қуатына жүгінуге мәжбүр болған ойшыл шынайы руханилықтың ұстанымын тастап, дәл осындай күмәнді қорытындыға келеді.
Экзистенциализмнің философиялық тұжырымының ең барабар түрі Сартр атеистің кейінгі шығармаларында көрініс таппайды. Сартрдың нағыз экзистенциализмі адами нақтылықтың рухани өлшемдері, оның ең жоғары құндылығы, Құдайдың болмысына қарай өрлеу сипатталатын ертеде жазылған «Болмыс пен бейболмысында» ғана ашылған.
Сартр болмысты болмыс туралы ұғыммен теңестіретін классикалық философияның ауқымынан шығып, адамды еркіндіктің иесі, нағыз Болмысқа, рухани қайнарға ұмтылатын тірі экзистенция ретінде көрсетеді. Ол болмыс мәселесін руханилық мәселесімен байланыстырады және бұл оның тұжырымдамасына айрықша өзектілікті үстеп, Шығыспен болатын сұхбаттың болашағын ашады.
Әрине, біз марксистер ұнататын сынды қолдануымызға болар еді. Бірақ қазіргі зиялылар мұндайда аулақ тұрады. Ж.Делез бен Ф.Гваттаридің айтуынша, «философия дегеніміз – концептерді қалыптастыру, ойлап табу, жасау өнері». Сартрдың идеяларын сондай концептілерге жатқызуға болады. Сын, концепттерді игерудің орнына және солар арқылы нақтылы өмірлік мәселелерді қарастырудың орнына, оларды аяусыз қиратады, сондықтан сын пайдасыз әрі өнімсіз нәрсе болып шығады.
Сартрдың экзистенциалық тұжырымдамасы күн тәртібіне жоғары деңгейлі білімнің, машықтың, біліктің иелері болатын, ең бастысы, рухани-адамгершіл қадір-қасиеті жоғары болатын зиялы ұлтты қалыптастыру міндеті қойылған қазақстандық қоғам үшін аса қажет.
Философиялық афоризмі:
Жеңіліс тарихы кез келген өмірдің тарихына тән.