ЖАК ДЕРРИДА

ЖАК ДЕРРИДА
(15 шілде, 1930ж.Эль-Биар (Алжир) – 9 қазан, 2004ж. Париж)

— француз философы және әдебиет теоретигі, деконструктивизмнің негізін қалаушы. Структурализм ағымының өкілі. Мәдениеттанушы ретінде де кеңінен танымал тұлға.
Эль-Биар елді-мекенінде дәулетті еврей отбасында дүниеге келді. Ол ата-анасының үшінші баласы болатын. Оның әуелгі есімі Джеки (голливудтағы атақты актерлердің бірінің есімі) болатын, кейін Парижға қоныс аударған соң барлық француздарға ортақ есім – Жак деген есімге ие болды.
1942 жылы екінші жылға көшкен кезінде Деррида лицейден қуылды, оған себеп –ұлтына қатысты жағдай еді.
1948 жылы ол Руссо, Ницше және Камю философияларын оқып, онымен шындап айналыса бастады.
19 жасында Алжирден Францияға келеді, 1952 жылы үшінші рет қадам жасағаннан кейін Жоғары Қалыпты мектепке (Ecole Normale Supérieure) оқуға түседі. Осында ол М.Фуко мен Л.Альтюссермен жақын танысады. Деррида көбіне М.Фуконың дәрісін тыңдайды, кейін атақты француз интеллектуалдарына айналған пікірлес достарын табады.
1960–1964 жылдары Сорбоннда ассистент болады.
1964 жылдан Деррида – Париждегі Grandes Ecoles-те философия профессоры. Кейін Жоғары Қалыпты мектепте және Әлеуметтік ғылымдар саласында зерттеулер жүргізу Жоғары мектебінде ұстаздық етті, Европа қалаларында дәрістер оқиды.
1966 жылы Р.Бартпен бірге Джонс Хопкинс (Балтимор) университетінде өткен «Языки критики и гуманитарные науки» атты Халықаралық коллоквиумға қатысады.
1968 жылдан 1974 жылға дейін Джонс Хопкинс университетінде оқытушылық қызметте болады.
1974 жылдан кейін – Йель университетінің оқытушысы.
1981 жылы чех интеллектуал-диссиденттеріне қолдау көрсеткен. Чехословакияға барған сапарында «наша өндіргені және оны сатқаны үшін» деген жаламен қамауға алынды. Одан Франция Президенті Ф.Миттеранның араласуының арқасында босатылды. 1988 жылы оккупацияланған аймақта Палестина зиялыларымен кездесіп, олардың азаттық жолындағы күресіне іш тартатындығын білдірді. Халықаралық философиялық колледждің (1983) негізін қалаушылардың бірі.
9 қазан 2004 жылы Парижде рак ауруынан қайтыс болды.

Философиялық шығармалары:

«Дауыс пен феномен: Гуссерль феноменологиясындағы таңба мәселесіне кіріспе» (1967), «Грамматология туралы» (1967), «Хат пен айырмашылық» (1967), «Диссеминация» (1972), «Философияның шекарасы» (1972), «Ұстанымдар» (1972), «Айқай» (1974), «Шпоры. Стили Ницше» (1978), «Почта қағазы: Сократтан Фрейдке дейін және одан да әрі» (1980), «Маңайлар» (1986), «Рух туралы: Хайдеггер мәселесі» (1987), «Психея: өзгені ашу» (1987), «И подписано: Понж» (1988), «Маркстің елестері» (1993), «Хора» (1993), «Сила закона» (1994), «Монолингвизм другого» (1996), «Прощайте – Эммануил Левинас» (1997), «Местопребывание. Морис Бланшо» (1998) және т.б.
Батыстың философиялық әлемінде француз философы Жак Деррида стандартқа сай келмейтін әйгілі тұлға ретінде белгілі. Студенттер оны «табынатын тұлға» деп атайды. Мұның бәрі атақ пен пирамидаларды жоққа шығаратын постмодерндік күйге қайшы келеді. Бірақ Деррида біздің қабылдауымызда мұндай стереотиптердің күшті болатынын білмесе де, қазіргі философияда ең көп сілтеме жасалатын философқа айналған. 1967 жылы автордың есімін әйгілі еткен өзара байланысы бар үш кітап бірден жарыққа шығады, олар: «Жазба хат және айырмашылық», «Дауыс және феномен» және «Грамматология туралы». Соңғы кітапты бағдарлық деп санауға болады.
Өзінің мәдениеттегі қызметін деконструкция деп атаған Деррида, өзінің ілімінің жоққа шығаруға негізделмей, терең дәлелдеуші және жағымды болатынын ескертеді. Деконструкция сөзі хайдеггерлік «деструкциядан» шығып, қандай да бір қозғалысты, қайта орналастыру, декомпозицияны, мәдени негіздерді қирату мен негацияны емес, ығысуды білдіреді. Бұл ашық, үнемі жаңа жолды іздейтін, жаңа құралды жасайтын деконструкция теориясы ғана емес, тәжірбие де, автордың қоғамдық институцияларды, ең алдымен, білім беруді деконструкциялауға байланысты өзінің теориялық идеяларын кітаптар мен қоғамдық акцияларда жүзеге асыратын жеке әрекеті. Бүгінде деконструкция философия мен әдебиетте ғана емес, лингвистикада, психологияда, әлеуметтануда, өнертануда, сәулет өнерінде тәсіл ретінде пайдаланылады. Дерриданың шығармашылығы жөнінде көптеген диссертациялар мен монографиялар жазылған.

Философиялық көзқарастары:

Постмодернист мәдениеттің жаңа философиясының туғанын айтады. Философия мен гуманитарлық ғылымдардың өзара әрекеттесу типі өзгеріп, біріңғай гуманитарлық білім жасалады. Егер Гегель үшін, тіпті, Гуссерль үшін де, философия гуманитарлық білім пирамидасының төбесі ретінде бақылау мен қадағалау қызметін атқарып, нүктеге, ешнәрсеге дейін өзгерсе, онда, Дерриданың ойынша, пирамидалық форманы көлбеуге ауыстыру қажет, бұл жерде философия барлық гуманитарлық ғылымдармен тығыз ынтымақтастықта билік етуші құзыры болмайтын жағдайға түседі. Философия демократияланады, бұрын кіруге рұқсаты болмаған ғылымның, қызметтің, өнердің әртүрлі салаларына кіруге рұқсат алады. Кез келген феномен, мысалы, көзге түскен ұмытылған жазулары бар пошта открыткасы философиялық толғануға себеп болады.
Деррида, тілдік нақтылықтың өзі классика үшін дәстүрге айналған тілді көмекші, қызметтік функцияға келтіретін, яғни сөз ойдың таңбасы, ал жазу таңбаның таңбасы деп есептеп, оны қандай да бір екіншілік, техникалық нәрсе деп қабылдайтын мәдениеттегі нақты жағдайға қарсы шығатынын байқайды. Бүгінде жазу өзінің дербестігін, жасырын мүмкіндіктерін, әлеуетін, онтологиялығын нығайтады.
Қазіргі жағдайда кез келген таңба (ауызекі де, жазбаша да) таңбаның таңбасы, іздің ізі, таңбалаушының таңбалаушысы, таңбаланушыға ешқашан жетпейтін сілтемелердің шексіз тізбегіндегі үзбе. Осының арқасында бәрі жазуға айналған. Адам мен әлемнің арасында делдалдардың құжынаған «үйірі», сондықтан болмыстың өзі көз жетпейтін қиянда қалады. Рас, ол «із» қалдырады, бірақ бізге «із» емес, «іздердің ізі», біз бен ақиқаттың арасына сынамалап, жанамалардың тізбегі кірігеді.
Дерриданың тұжырымдамасын қазіргі коммуникативті тәжірбиелер бұзатын сияқты көрінеді, оларда ауызекі мәдениет қайтадан өз орнын талап ете бастайды. Компьютер ауызекі лебізді түсінетін жағдайға жеткенде, жазуға ығысуға тура келеді. Ауызекі нақылдың дәстүрі Буддадан Сократқа дейін, шығыстық философиядан қазақ философиясына дейін ешқашан өлмеген, өйткені ауызекі лебіз әрқашан нанымды, шынайы әрі тірі көрінетін. Ауызекі тілдің тұтас мәдениеттері бар, оларға фольклордың аса бай мұрасын иеленетін қазақтың дәстүрлі мәдениеті де жатады. Ақпараттық технологиялармен байланысты, ауызекі мәдениеттің қазіргі түлеуі жаңа ғылыми мүмкіндіктерге жол ашады. Мысалы, АҚШ-та «ауызекі тарих» деген бағыт дамып келеді. Егер жазбаша тарихты қолында билігі бар, артына мемуар қалдыратын адамдар жазса, онда ауызекі тарих қарапайым адамдардың өмірі туралы баяндап, кәдімгі өмірдің түкпірлеріне шейін жетеді, мыңдаған көзқарастар мен өмірлік бағаларды табады.
Бірақ, біріншіден, ауызекі тарих жазбаша дереккөздерге емес, ауызекі әңгімелерге негізделсе де, сол әңгімелердің бәрін жазып алады. Екіншіден, ауызекі лебіздің жаңаруы Дерриданың жазу тұжырымдамасына қарсы дәлел болмайды. Деррида жазуды жазба (письменность) ретінде ғана емес, таңбаларды қолданатын ауызекі дәстүр де кіретін мәдениеттегі адамға тән болмыстың тәсілі ретінде сипаттайды.
Батыстық мәдениет әрқашан «жазуды екіншілік және аспаптық қызметке қамауды көздейтін», – деп атап өтеді Деррида. Ол кездейсоқ, екінші дәрежелі әрекет емес, тереңдік өлшемдегі болмыстың екі көрінісін: идеяны, қайсібір трансцендентті нәрсені және оның солғын көшірмелерін, көлеңкелерді; мән мен құбылысты; ішкі мен сыртқыны ажырататын батыстық метафизиканың басты ниетінің көрінісі еді. Категориялардың бүкіл жүйесі: біріншілік-екіншілік, анықтаушы-көмекші, таңбалаушы-таңбаланушы қағидасы бойынша жасалады. Бұл жерде тіл де ортақ сызба-нұсқаға кіреді.
Әңгіме батыс мәдениетіне тән, бір әріп бір дыбысты белгілейтін, дауыс пен қатынасудың (субьектінің) жазуға жүргізетін үстемдігі жүзеге асатын фонетикалық жазудың түріне қатысты болып отыр. Таңбаның құнсыздануы жалпы таңбаның құнсыздануы, абсолютті құнсыздану болып табылады, – дейді автор. Таңбаның қисынына нұқсан келтіргенде ол негізгі «шекті таңбаланушы-таңбалаушы» қарама-қарсылығын бұзады, сонымен бірге «жан мен тән», ішкі-сыртқы, ақиқат, субстанция, уақыт түсінігін де бұзады.

Философиялық афоризмдері:

 Із – тәннің бір бөлшегі.
***
 Ойынға айналған жерде ой да ештеңе айтқысы келмей қалады.
***
 Бар жерде барлық жағдайда тек айырмашылық пен ізден кейінгі із ғана бар.
***
 Кейде сырты қаншалықты сабырлы болса, іші соншалықты буырқанысқа толы құбылыстар кездеседі.
***
 Ара-тұра пысықтықтың да ішкі түйсікке сай тапқырлық танытып, дұрыс таңдау жасау білудей көрінетіні бар.
***
 «Иә» қайталауды қажет етеді.
***
 Оппазицияны қайта құру деген – алдыммен белгілі бір сәтте иерархияны аяғын аспаннан келтіріп айналдырып қою.
***
 Бір нәрсені қалпына келтіру үшін, жаңа құрылымды бұзу керек болатын кез де аз емес.
***
 Тілден де тыс бірдеңе бардай көрінетін бірдеңе бар екені анық: бәрі қалай айтуға байланысты.
***
 Өз тіліңде сөйлеу – тәржімә талап ету деген сөз.
***
 Кейде тура бастан ұрғандай дөрекі ұрандармен көшеге шығуға тура келеді.
***
 Кітаптың соңы – жазудың басы болмайды.
***
 Тәжірибие жинақталса болды, басқа бірдеңеге сілтеме жасау деген де сумаң етіп шыға келеді.
***
 Әдеби дәстүрдің тілдің өзімен таласып, оның сыртынан да бірдеңе тауып алғысы келгенінде тұрған ештеңе де жоқ.
***
 Ортақ ереже болмаса – ешкім ешкімге ешқашан ортақ кеңес бере алмайды.
***
 «Жекелеген қайта құру» деген болмайды: ол – барлық жерде бірдей жүзеге асуға тиіс құбылыс.
***
 Жай-жапсарын толық тәптіштеп әңгімелеу деген – маңызды деталь дегеннің бәрін сүзгіден өткізіп сұрыптауға жатады: яғни цензура жасау деген сөз.
***
 Бір мезгілде әрі талдап отырған мәтіннен көз жазып қалмау, әрі өзің тапқан дүние боларлық бірдеңе жазып шығу – мүмкін емес.
***
 Тілге бұйырған тағдырдың өзі – тәннен бөлініп шығу.
***
 Нүкте қашанда қалауыңызға қарай қойылады.
***
 Деректің өзі – теория: сипаттап берсең болғаны.
***
 Ең бір сөніп қалуға болмайтын нәрсе – тарихтың метафизикалық ұстыны.
***
 Оқырман не бәрінен хабардар, не ештеңе білмейтін болуға тиіс.
***
 Таза «иә» болмайтыны тәрізді, таза дарын деген де болмайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *