Дарынды балалармен жұмыс


Дарынды балалармен жұмыс
Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан -2030 » бағдарламасында «Білім беру жүйесінің басты міндеті-тұлғаның ұлттық және жалпы азаматтық, құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде қалыптасуы, дамуы және кәсіптік тұрғыда жетілуі үшін қажетті жағдайлар жасау»- деп көрсетті.[1] Бұл мақсатқа жету үшін біздің оқу үрдісіміз алдына жаңа маңызды талаптар қояды. Жеткіншек ұрпақтың саналы азамат болып қалыптасуы бүгінгі күнде аса зор үміт күттірер жол болып отыр. Білім жүйесін жетілдіру және сапалы деңгейге көтеруді алға тартып отыр. Өз жауапкершілігін сезіне алатын, өздігінен әрекет етуге және қабілетті қайшылықтарды ашуға мейлінше жетілген, оны түрлі өзгерістерге дамытуға қабілетті,шығармашыл, барлық істі сауатты шеше білетін тұлғаны тәрбиелеу- мақсаттың бірі болып отыр.
Қазақстан Республикасының Білім туралы заңына сәйкес «әр баланың жеке бас ерекшелігіне қарай интеллектуалды дамуы жеке тұлғаның дарындылығын, талантын, қабілетін дамыту» сияқты өзекті мәселелер қарастырылып отыр. Әр оқушының болашағы оның қазіргі алған білімінің сапасына,көлеміне, дәрежесіне тікелей байланысты. Сондықтан, мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік, үлкен міндет жүктелді.
Мұндай міндеттерді шешу үшін мектептерде :
1. Оқушыға берілетін білім негіздерін олардың болашақ іс-әрекетінің берік негізі әрі тірегі болатындай етіп оқыту.
2. Оқу-тәрбие үрдісін , білім мазмұнын түбірімен жаңарту
3. Оқытудың әдіс-тәсілдері мен әр алуан құралдарын қолданудың тиімділігін арттыру
4. Педагогикалық жаңалықтарды тәжірибеге енгізуді жүзеге асыру қажет[2]
Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасында білім беруді инновацияландыруға сай икемдеу үшін білім беру жүйесін ақпараттандыру, жаңа талапқа сай дамыту талабы қойылып отыр.[1] Осы талапқа сай бүгінгі таңда білім беруде жеке тұлғаны дамыту, дана және дара ойлай алатын дарынды баланы оқыту мен тәрбиелеу жолдарын айқындау қажеттігі айқын.
Қай елдің болмасын өсіп-өркендеуі, өнуі, әлемде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің қалыптасуына, даму бағытына тікелей байланысты. Сондықтан да, мемлекет басшысы болашақта қазақ елінің көсегесін көгертіп, ғылымын көркейтер деген үмітпен жас дарындарға үлкен назар аударуда, қолдау көрсетуде. Осы орайда қандай да болмасын білім беру мекемесі оқушыларға мемлекеттік білім стандартына сай білім берумен шектеліп қалмай, оларды ғылыми — ізденіс жұмыстарға тартып, шығармашылық, дарындылық қабілеттерін дамыту бағытында жұмыс жүргізуі тиіс.
«Жалпы орта білім берудің ұлттық деңгейдегі басты мақсаты – Қазақстан Республикасының әлеуметтік және саяси өміріне белсенді қатысуға дайын, құзіретті тұлғаның қалыптасуына ықпал ету. Жалпы орта білім берудің негізгі міндеттерінің бірі – жеке және қоғам өміріне қажетті әрі қарай кәсіби білім алуы мен жұмысқа орналасуының негізі ретінде сапалы білім алуына оқушыға мүмкіндік беру болып табылады» — деп, көрсетілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Жалпыға Міндетті Білім Беру стандартында. [3]
Мектеп – білім берудегі бар мүмкіншілікті қамтамасыз ететін білім ошағы. Өз ұлтын, тілін сүйіп, қастерлейтін адам ғана, сонау әлімсақтан мирас болып келе жатқан ата-ананы, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, мейірбандық, инабаттылық көрсету сияқты ізгі қасиеттердің иесі бола алады. Қазақ жастары осындай ұлтжандылығымен, өздеріне тән ұлттық болмысымен және рухани тазалығымен ерекшеленуі тиіс. Ар-намысын жоғары ұстаған ел ғана басқа ел алдында әрдайым абыройлы, сыйлы болмақ.Міне осы тұрғыда мектеп мұғалімдерінің алдындағы басты назар аударатын міндеттердің бірі білімді де тәрбиелі тұлға тәрбиелеуге бар күштерін жұмылдыру.
Бүгінгі жаһандану жайлап бара жатқан қоғамның мектепке әлеуметтік сұранысы бүгіндегі білім беру үрдісінің мақсаты мен міндетін түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Қоғамдағы адамдар кез-келген жағдайға дайын, өзіндік пікірі қалыптасқан проблемалық әрекеттен жол таба білетін тұлға болуы қажет. Осы тұрғыда білім берудегі негізгі мақсат әрбір оқушыға өзіндік қабілетіне қарай бабын таба оқута білу мен жеке-дара көмек көрсету болып табылады. Жеке қабілеттің дамуы әр оқушының тұлғалық қалыптасуына әсер етеді. Қазіргі білім беру үрдісі бойынша логикалық ойлау қабілетін дамыту жағын ойластыру қажет. Дәстүрлі оқу үрдісі оқушыға негізінен, дайын, өңделген, оқу материалдарын ұсынады. Оның белсенділігі мен шығармашылығының дамуына қолайлы жағдай жасала қоймайды. Ал, жаңа талаптар бойынша оқушы өзінің дербестігінің, соны ойлай білу қызметінің, шығармашылық әрекеттерінің нәтижесінде біліктілікке қол жеткізуі тиіс. Қазіргі таңдағы әлемдік ғылым мен білім беру саласындағы жетістіктерге негізделген жаңа жүйе еліміздің білім беру саласына терең енгізіліп отыр. Бұл өзгерістер өз кезегінде болашақ интеллектуалды ұлтты қалыптастырудың кепілі болмақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Интеллектуалды ұлт-2020» ұлттық жобасы идеясына «оның басты мақсаты — жаңа қалыпта қазақстандықтарды тәрбиелеу, сондай-ақ Қазақстанды бәсекеге қабілетті адамдық капиталы бар мемлекетке айналдыру» деп, нақтылаған болатын. Елбасы негізгі үш аспектісін нақтылаған.Олар:
1. Білім беру үрдісіндегі инновациялық даму;
2. Ақпараттық даму;
3. Жастарды рухани тәрбиелеу. [4]
Білім беру саласындағы бүгінгі таңдағы өзгерістер осы ұсынылып отырған үш аспекті негізінде дамуы білім алушылардың өзіндік көзқарасы қалыптасқан тұлға болып қалыптасуына жұмылдырылады.Адами ойлау, іздемпаздық –табиғаттың адамзатқа берген тамаша сыйы . Бұл қабілет барлық адам бойынан табылары сөзсіз. Қабілет іс-әрекеттің белгілі бір түрін ойдағыдай нәтижелі етіп орындауда көрінетін адамның жеке қасиет. Дегенмен табиғат оны бәріне бірдей етіп бөлмей,біреуге көптеу, біреуге аздау, ал үшіншілеріне мүлдем жарытпай тарататыны да анық.Қазірге дейін ғылым мен тәжірбиеде дарындылық туралы екі түрлі көзқарас бар. Біреулері кез-келген бала дарынды ,тек уақытында нақты қабілетін анықтап , дамыту керек дейді. Ал қарсы көзқарастағылар дарындылық өте сирек құбылыс, жалпы адамдардың өте аз тобына ғана тән. Сондықтан дарынды балаларды іздеу алтын түйірін іздегенмен бірдей дейді. Бұл көзқарастар тұқым қуалаушылық пен тәрбиенің дарындылықтың дамуындағы рөлін талқылаудағы жауабы . Біз дарынды деп — белгілі бір қабілеті көпшіліктің орташа қабілетінен ерекшеленетінін айтып жүрміз.Өмір сүретін орта, берілетін тәрбие осы ерекшеліктің одан әрі дамуына көмектеседі. Қолайлы ахуал , тамаша кәсіби ұстаздық ерекше қабілетті оқушыны дарынға айналдыра алады . Көптеген ғалымдар дарындылықты генетикалық нәрсе деп қарастырып оны белгілі бір даму сатысының соңғы нәтижесі деп түсіндіреді. Педагогикалық энциклопедияда дарындылық дегеніміз – адамдардың қабілеттіктерінің жете жақсы дамуының жоғарғы сатысы. Осы қабілеттілік арқылы адамдар көптеген жақсы жетістіктерге жете алады. Дарындылық – сапалы қабілеттердің өзіндік бірлесуі; оның арқасында іс-әрекет жақсарады. Көптеген ғалымдардың ойынша дарындылық, қабілеттілік және талант бір ұғымды білдіреді деді. Оларды бірдей негізде сәтті іс-әрекетте топтастыруға әрекет жасады.
-нышандардың іс-әрекеттік негізінде қабілеттілік қалыптасады;
-әдейленген дарындылық ,- сапалы өзіндік қабілеттердің бірлесуінде іс-әрекет сәттілік құрылады;
-жалпы дарындылық –қабілеттілік кең шеңберіндегі іс-әрекеттер;
-іс-әрекеттер сәттігін белгілейтін жеке адамның басқа адамдардан айыратын ерекшеліктер.[5]
Дарынды балаға тән қасиеттер де болады. Көп жағдайда олар көрсеқызарлық, алған әсері бойынша жаңа ақпарат іздеуі, мақсатына жетуі, ойын айта білуі және т.б. Алайда, кейбір дарынды бала көлеңкеде байқалмай қалып та шығармашылық жұмыспен айналысады, ол оқытушы назарынан тыс қалмауы керек. Қабілетті балаларды оқыту топта немесе жеке жұмыс беру арқылы жүзеге асырылады. Өз қабілетін сабақ уақытында көрсете білген, жақсы көрсеткішке жеткен оқушыларды ғылым мен мәдениетті шығармашылық жолмен тануға дайындау керек. Оларды шығармашылық жолға бағыттап, оны іске асыра білу және ғылыми-білім кеңістігінде қалыптасқан жеке тұлға үшін мына талаптар мен міндеттерді оқытушы ескеруі керек.
Міндеттері:оқу процесін тиімді ұйымдастыру;өзін- өзі бақылау мен өз білімін жетілдіру; жеке тапсырмалар беру арқылы оқыту; жеке тұлғаның қасиеттерін,қабілетін анықтау.
Осы міндеттерді орындау үшін және оқушылардың дарындылығын анықтауға қойылатын талаптар:
1. Шығармашылық: ойлау; қабілет.
2. Мотивация:күрделі тапсырмаларды шешуге ұмтылыс; пәнге қызықтыру.
3. Оқушылардың әлеуметтік үйренуі: сөйлесуде; тәртібінде.
Дарынды оқушыны анықтау мектеп жұмысында бастауыш сыныптан бастау алады. Бұл жұмыстың жүйелі жүргізілуі психологтар мен мұғалімдердің және ата-аналардың біріккен жұмысы негізінде іске асады. Білім алушының дарындылығын анықтауда ең алдымен оқушының отбасы жағдайы зерттелінуі тиіс. Ата-анасымен танысып, отбасы деңгейі анықталған жағдайда баланың табиғатына жақын шығармашылық қабілеті анықталады. Ата — ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете біледі. Осы тұрғыда ата-ананың көмегімен баланың білімін дамытуға жағдай жасауға мүмкіндік жасалынады. Ата-анасымен баланың табиғатындағы ерекше қасиеттері туралы, шығармашылық қабілетінің даму сипатын талқылау оқушыны жете тануға септігін тигізеді. Дарындылықты анықтау мақсатында арнайы сауалнамалар және психодиагностикалық тренингтер жүргізу қажет.[6]
«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген ұлағатты сөзге сүйеніп, К. Шакенов атындағы орта мектебінде дарынды балалармен жұмыс жақсы жолға қойылған. Әр бастауыш сынып мұғалімі, орта және жоғарғы буын сынып жетекшілері дарынды балаларды анықтап, жұмыс жоспарын, сонымен қатар дарынды баламен жұмыстың даму жоспарын жасайды. Жоспарға сәйкес жұмыс атқарылады 2009 жылы мектеп директоры Р. Ж. Нұрғалиевтің «Оқу – тәрбие жұмысының жаңа технологиялары арқылы оқушылардың дарындылық қабілеттерін дамыту» деген жұмысы ШҚ аймақтық «Дарын» орталығының «Дарындылықты дамыту бойынша инновациялық – педагогикалық қызмет» атты жинағына және «Инновациялық білім және қазіргі қоғам» атты республикалық ғылыми – әдістемелік конференцияның материалдар жинағына енді. 2012 жылы бастауыш сынып бірлестігі мұғалімдері «Логика әлемі» атты авторлық әдістемелік жинақ жазды. Әдістемелік жинақ-бастауыш сынып мұғалімдері мен оқушыларына арналған құрал. Әдістемелік құралда оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, ойлау қабілеттерін жетілдіруге және дамытуға арналған жаттығулар мен қызықты есептер берілген. Жинақта әр сынып бойынша тапсырмалар мен жұмбақ есептер қарастырылған.
Өз іс – тәжірибемде инновациялық технологияларды, ақпараттық технологияның барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, оқушылардың шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуға ұмтыламын . Әр сабақта деңгейлік тапсырмалар, логикалық тапсырмалар орындату арқылы өздігінен ойлау қабілетін дамытып отырамын. Пәндік олимпиадаларға, пікір сайыс ойындарға, сырттай өтетін интеллектуалдық сайыстарға баланы дайындау дарындылықты дамыта түседі. Дарынды оқушымен жұмыс жасау барысында оқыту сипатын мұғалім мен оқушының өзара шығармашылық қарым-қатынасы ретінде қабылдау қажет. Дарынды оқушының алдына нақты бір мақсат қою арқылы оның берілген тапсырмаға деген қызығушылығын оятуға болады. Аталмыш жұмыстар мұғалімді инновациялық тәжірибесін шығармашылық ынтамен дамытуымен қатар білім беру үрдісіне жаңа тұрпат ендіруіне көмегін тигізеді. Осы тұрғыда жаңашыл идеяны ұстанған педагог оқушының жеке тұлғалық қасиетін барынша құрметтеуге, оның шығармашылық қабілеттері мен бейімділіктерін дамытады. Өз түлектеріме келетін болсам, К. Шакенов атындағы мектептің тұңғыш алтын белгі иегері, 2005 жылғы түлегі Нұрмұхамбетова Мейрамгүл, Алматы қаласындағы КБТУ –ді бітіріп, Өскемен қаласында ТЖ басқармасында бас маман қызметін атқарады, 2013 жылғы «Болашақ» стипендианты. Сол сияқты Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде екі оқушым білім алуда. Олар 11 сынып оқушылары: Жолдаспекова Айсұлу, Қайырбекова Балжан. Жолдаспекова Айсұлу 2011 жылы Түркия еліндегі Анталья қаласында өткен халықаралық математика пәнінен өткізілген олимпиаданың жеңімпазы.2012 жылы Астана қаласында Қазақстан Республикасындағы Назарбаев зияткерлік мектептері арасындағы Қазақстанның тәуелсіздігіне арнайы өткізген сайыста ағылшын пәнінен І орынға ие болып, эссесі жинақ кітабына еніп,. Қасымхан Алтынхан республикалық Жәутіков атындағы физика – математика мектебінің сырттай бөлімінің оқушысы.
Ел боламын деген мем¬ле¬кет ұрпақ тәр¬бие¬сін бірінші кезекке қояды. Біз – бала тәрбиесіне аса көңіл бөлген халықпыз. Тілдің дамуы да, ұлттық рухани құндылық¬тардың баланың бойына сіңірілуі де – тәрбиемен келеді. Ал тәрбие¬нің өзегі – ананың құрсағынан басталады. А.Байтұрсынов: «Ба¬лам деген жұртым болмаса, жұр¬тым дейтін бала қайдан шыға¬ды» дейді. «Интеллектуалды ұлт -2020» жобасының басты мақсаты ретінде жастарға рухани тәлім-тәрбие беру аталғаны белгілі. Яғни, әлемді жаулаған жаһандану үрдісіне біз мықты ұлттық, мәдени құндылықтарымызды, ұрпағымыздың имандылығын қарсы қоюға тиіспіз. Демек, терең білім, кәсіби алғырлық, жоғары біліктілік ұлттық мүддеге қызмет етпесе, ел алдындағы парыз ұғымына сүйенбесе, рухани құндылықтарға негізделмесе, жасампаз күшке айнала алмайды екен. Бүгінгі білім беру саласында тәрбие мен білімді әр қырынан дамыта отырып оқыту және білім алушыны интеллектуалды түрде дамыту жолдары негізге алынады.Сол себепті де дарынды оқушылармен жұмыс жасай отырып, танымдық біліктілікті арттыру мен қатар өзіндік ізденімпаздыққа баулиды. Баланың өзіндік көзқарасының қалыптасуына әсер етіп, білімді де тәрбиелі болып шығуына зор әсерін тигізеді. Ізденген ұстаздан ғана шығармашыл, дарынды шәкірттің шығары анық.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы 2008ж
2. «ҚР Білім туралы заңы» 2007
3. «ҚР мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты» Астана 2007.
4. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Интеллектуалды ұлт-2020» ұлттық жобасы
5. Н. Кударова «Дарынды балалармен жұмыс істеудегі оқу-тәрбие үрдісінің рөлі» Бастауыш мектеп журналы №7 2007 жыл
6. К. Бекбаева «Ауыл мектебіндегі дарынды балалармен жұмыс » Дарын журналы №7 2007 жыл

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *