ГЕОРГ ВИЛЬГЕЛЬМ ФРИДРИХ ГЕГЕЛЬ

ГЕОРГ ВИЛЬГЕЛЬМ ФРИДРИХ ГЕГЕЛЬ
(27 тамыз, 1770ж, Штутгарт – 14 қараша, 1831ж, Берлин)

— неміс философы, неміс классикалық философиясының және романтизм философиясының жасаушысы. Диалектикалық идеализмнің универсальді жүйесін және диалектикалық логиканы (диалектикалық әдісін) құрды.

Философиялық шығармалары:

«Рух феноменологиясы» (1807), «Құқық философиясы» (1821), «Дін философиясы», «Философия ғылымының энциклопедиясы» (1816), «Табиғаттың философиясы», «Рухтың философиясы», «Тарих философиясы», «Лекции по эстетике», «Лекции по истории философии», «Логика ғылымы» (1812-1816) және тағы басқа да ғылыми еңбектердің авторы.

Философиялық көзқарастары:

Гегель өз философиясының бастамасы етіп абсолют идеясын алды. Абсолют – Құдай барлық заттарда бар, бірақ тек таза ақыл-ойда ғана өзіне өзі тең болады. Абсолюттік идея – нағыз шындық, болмыс және барлық материалдық денелердің түп-негізі және мәні. Оның негізгі атрибуттарының бірі – әмбебап жалпылық. Ол тұрақты және мәңгі. Абсолюттік идеяға әрекетшілдік тән, себебі ол – таза ақыл-ой, ақыл-ой әрекетшіл болмаса, өмір сүре алмайды. Осы қасиетінің арқасында ол жай ақыл-ой болып қалмайды, материалдық денелерге айналады. Бұл процесс төменде көрсетілгендей жүзеге асады: рух өзінен табиғат туралы таза ойын босатып, заттандырады және сол заттандырылған табиғаттың өзінде өзінің басқа болмысы ретінде сақталады. Сөйтіп, ол өзінің диалектикалық мәнін көрсетеді. Таза ақыл-ой дамуының диалектикасы табиғаттың, қоғамның, адамның ойлау қабілетінің жалпы заңы болып табылады. Осыдан келіп, Гегель табиғаттың, қоғамның, адам ақыл-ойының әртүрлі даму кезеңі абсолюттік идеяның әртүрлі даму сатысына саяды деген тұжырым жасайды. Даму процесі, Гегельдің пікірінше, белгілі бір кестемен жүзеге асады: тезис (нақтылану), антитезис (нақтылануды теріске шығару) және синтез (терістеуді терістеу). Айталық, материалдық денелердің пайда болуы тезис болса, олардың күйреуі – антитезис, ал күйреп бара жатқан денелердің өзінің кейбір элементтерін сақтай отырып, басқа бір материалдық денелерге айналуы синтез болады. Табиғат пен қоғам дамуының қайнар көзі – абсолюттік идеяның өзіндік дамуы.
Дамудың белгілі бір сатысына жеткенде, өзін-өзі заттандырған абсолюттік идея ұйқыдан оянып, табиғаттағы өзін философия, ғылымдар арқылы танып-білуге бел байлайды. Бұл процесс абсолюттік идеяның мақсаттылыққа құштарлығын көрсетеді. Өйткені абсолюттік идеяның әуел бастан-ақ негізгі мақсаты – ақиқатқа жету, ал ақиқаттың өзі абсолюттік идеяның өзі болғандықтан, бұл мақсатын жалпы дүниежүзілік тарихтың даму процесіндегі адамдардың іс-әрекеті негізінде жүзеге асырады. Демек, таным процесі дегеніміз – антропологиялық адамдарға «таза ақыл-ой санасының енуі» (феноменология дегеніміз осы) арқасында адамдар танып-білуші – субьектіге айналып, обьектіні (өзінің басқа түрін) тануға ұмтылады да, өзімен (абсолюттік идея субьект ретінде) табиғаттың (абсолюттік идея обьект ретінде) арасында ешқандай айырмашылықтың жоқ екенін байқайды. Ал обьект табиғат үстіндегі жамылғысын ысырып тастап, өзінің ақылды екенін түсініп, ақиқат тілімен сөйлей бастайды. Сөйтіп, танып-білуші рух та, танылуға тиісті рух та өзгереді. Бір жағынан, танылған заңдылықтар, қасиеттер обьектіні абсолюттік идеяның бұрынғы, «өзінде болған» кезінен басқаша қылып өзгертсе, екінші жағынан, танымның өзі байып, жаңа сатыға көтеріледі.
Гегельдің пікірінше, сезімдік тәжірибие арқылы кездейсоқ, бір-бірімен байланыссыз нақты құбылыстарды ғана танып-біле аламыз. Ал заттарға тән жалпылықты, мәнді біз тек ақыл-ой күші арқылы ғана білеміз. Онда да, адамдардың емес, олардан тыс, обьективті рухтың, басқаша айтқанда, жалпы рухани тәжірибиенің арқасында ғана біле аламыз. Себебі жеке адамның өсіп-дамуы – жалпы адамзат тарихының рухани дамуы белгілі заңдылықтарға (таза ақыл-ойдың логикасына) сәйкес өрбіп отыратындықтан, оны жеке адамдар танып-біле алмайды. Адамзат тарихы, оның заңдылықтары дегеніміз – қоғамның ілгері қарай дамуы негізінде жеке тұлғалардың ең жоғары принципі – бостандық идеясына үздіксіз ұмтылуы. Олай болса, дүниежүзілік тарихтың даму бағытын айқындап, оны жетелейтін ұлы тұлғалар емес, бостандық идеясы. Гегельдің бұл концепциясы бойынша, бостандық сәулесі бозарып келе жатқанда тарих басталады. Ол алғаш рет Шығыста көрінді, бірақ бұл әлі де болса бостандық сәулесі емес еді, ол тек оның бастамасы, оны сезіну ғана. Себебі азиаттық деспотияда бір адамның (деспоттың) ғана бостандығы болатын, ал қалған адамдардың ерік-жігерлері, бостандықтары сол деспоттың ерік-жігеріне, бостандығына бағынышты еді. Бұл – бостандық идеясының бірінші сатысы.
Бостандықтың екінші сатысында әлемдік рух Шығыстан Эллада жағына қарай ауысады. Ежелгі Грекияда бостандықты құндылық ретінде саналы түрде түсініп, соған ұмтылу және бостандыққа, ерікті адамға табыну ерекше орын алады. Бірақ бұл кезде тек құл иеленушілер ғана бостандыққа ие болды да, құлдарда бостандық болмады. Басқаша айтқанда, біреулерінің бостандығы екіншісін одан айырудың арқасында ғана мүмкіндік алды. Шындап келгенде, мұндай бостандық басқалардың бостандығын жаншудың жамылғысы еді. Сондықтан олардың бостандығы көп ұзаққа бармады.
Бостандықтың үшінші сатысы – герман халықтарының арасында христиан дінінің таралуынан басталады. Әлемдік Рух Германия шекарасын өткеннен бастап өзін үйдегідей сезінді. Себебі Германияда адам бостандықтан бостандыққа ие, ал рухтың бостандығы оның табиғатының негізгі қасиеті болып саналады деген қағида мойындалады. Бірақ дейді Гегель, бұл басты қағида әзірше сана арқылы түсінілуде, ал оны жүзеге асыру тарих деп аталатын ұзақ уақытты талап етеді. Сайып келгенде, Гегельдің түсінігінше, тарих «кездейсоқтықтың құрбаны» емес, оны таза ақыл-ойда болған белгілі бір жоспармен әлемдік рух басқарады. Осыдан келіп, философияның негізгі міндеті – осы жоспарды біліп, тарихтың ішкі логикасын анықтау. Ұлы жеке тұлғалар өз уақытының жасырын шындығын алғашқылардың бірі болып, білгендіктердің арқасында ұлы болады. Ал халық жүйеленбеген қара тобыр. Ол өз мақсатын, мәнін тек мемлекетте ғана табады. Мемлекет – «Құдайдың қоғамдық әлемдегі іс-қимылы», саналы түрде жүзеге асатын Рух. Басқаша айтсақ, «таза ақыл-ой» өзін қоғамда мемлекет арқылы жүзеге асырады. Сондықтан мемлекет – «бостандылықтың нақтылығы», өзін-өзі қалайтын бостандық. Адамның құндылығы, оның барлық рухани нақтылығы тек мемлекетке байланысты ғана өмір сүреді.
Адам өмірі өз билігінде емес, себебі ол мемлекет меншігі, сондықтан мемлекет кез-келген уақытта оның өмірін өзіне қайырып ала алады. Мемлекет түрлерінің ішіндегі құндысы – конституциялық монархия. Монархия – ұлт бірлігінің символы, халықтың ерік-жігерінің бейнесі. Мемлекетті билеуде монархтың жеке басының қасиеттері ешқандай рөл атқармайды. Одан гөрі, көптеген көмекші шенеуніктерге сүйенген бюрократиялық сатылап басқару тәсілінің дұрыс істеп тұрғаны әлдеқайда маңыздырақ. Осы тұрғыдан алғанда, Гегельдің бұл ілімі жалпы тоталитарлық басқару жүйесінің қалыптасуына тікелей әсер етті ме деп қаласың.Гегель түсінігінше, «жеке адамдардың бостандығы дегеніміз – жеке меншіктің бостандығы. Меншіктің мөлшері – жеке тұлға өлшемінің куәсі, оның еңбегінің, талантының салдары. Сондықтан меншікті теңестіруге болмайды. Жеке меншік міндетті түрде «аластату» сияқты қоғамдық құбылысты тудырады, оны біз Германияда қалыптасқан қоғамда өздері өсірген тұқымдарына, тіккен маталарына, салған суреттеріне ие бола алмай, билік жүргізе алмай жүрген шаруалардан, жұмысшылар мен суретшілерден көре аламыз. Олай болатын себебі – олардың өздері шығарған өнімдері билік-төстейтіндердің меншігі».
Мұндай тығырықтан шығуға бола ма? Гегельдің пікірінше, бостандыққа ие болу да, қаналу да әр адамның, халықтың ерік-жігеріне байланысты. Егер олар бостандық үшін күреске шығып, өз құқығңын қорғауға ұмтылса – ол өз еріктері. Жалпы алғанда, философ тек әлемдік Рухтың ішкі логикасының қозғалысын ғана танып-білуге тырысады, ол ешқандай да тығырықтан шығу жолын көрсетпейді.
Гегельдің ілімі XIX-XX ғасырлар философиясына үлкен әсер етіп, осы кезеңге дейін өз маңызын жойған емес.

Философиялық афоризмдері:

 Өз еркі жоқ адамға басқалар да бодан болып көрінеді.
***
 Адамның ісі қандай болса, өзі де сондай.
***
 Білімділіктің ең басты факторы туған тілінде сөйлеу мен оны сыйлаудан басталады.
***
 Махаббаттың шын мәні өз басыңның қамын ойлаудан бас тартуда, сол арқылы өзіңді-өзің билеуде.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *