ГАНС-ГЕОРГ ГАДАМЕР

ГАНС-ГЕОРГ ГАДАМЕР
(11 ақпан, 1900ж, Марбург – 12 наурыз, 2002ж, Гейдельберг)

— неміс философы, XX-ғасырдың екінші жартысындағы атақты ойшылдардың бірі, «Философиялық герменевтиканың» негізін қалаушы ретінде ғылымда танымал.
Бреслау және Марбург университеттерінде философия, тарих, әдебиет теориясы, өнер тарихы және евангелиялық теологияны оқыған. 1922 жылы Пауль Наторптың жетекшілік етуімен докторлық диссертациясын қорғады. 1923 жылы Марбург университетінде дәріс оқыған Мартин Хайдеггермен танысады. Классикалық филологияны зерттеп 1929 жылы платондық «Филебе» жөнінде диссертациялық жұмысын қорғады. 1939 жылдан 1947 жылдар арасында – Лейпциг университетінде профессор (1946-1947ж. – ректор). Майндағы-Франкфуртте екіжылдық оқытушылық қызметтен кейін, Карл Ясперс басшылық жасаған Гейдельберг университетінде кафедра меңгерушісі болды. Ясперспен бірге 1953 жылы журнал шығарады («Philosophische Rundschau»). Зейнеткерлікке кеткеннен соң (1968) АҚШ университеттерінде шақыру бойынша профессорлық дәрежесінде дәріс оқиды (1989 жылға дейін).

Философиялық шығармалары:

«Ақиқат және метод» (1960), «Әдеміліктің өзектілігі», «Разум в времени науки» (1976) және т.б.
Тіл адам мәдениетіндегі ең жұмбақ, бірақ ең іргелі нәрсе», — дейді Гадамер. Ол европалық ой тарихындағы тіл ұғымының қалыптасуына сыни талдау жүргізеді. Архаикалық дәуірлерде сөз бен заттың ішкі бірлігі мойындалатын және әрбір зат аталатын, яғни өзімен мәндік байланысы бар атауды иеленетін. Бірақ грек философиясынан бастап логос сөзді жеңеді, сөз қандайда да бір екіншілік, аспаптық нәрсеге айналады және бұл кейінгі батыстық дәстүрдің тілге деген көзқарасы болады.
Бірақ Гадамер сөз таңбадан, құралдан гөрі әлдеқайда үлкен нәрсе дейді. Тіл – кез келген рухани тәжірбиенің ең алғашқы формасы. Онда ең алдымен дүние өз көрінісін табады. Біз коперникшіл теорияны білсек те, «күн батады» дейміз. Тілдің әлеммен, істермен, жағдайлармен байланысы оның деректілігінен көрініс табады. Кез келген тіл белгілі бір өмірлік әлемнің болуын меңзейді. Тіл – әлемнің баршаны қамтитын, алдын ала болатын түсінігі және бұл мәнде оны ештеңе алмастыра алмайды. Кез келген философиялық ойдан бұрын, әлем біз үшін тілде түсіндірілген әлем болады».
Бұған қоса, тіл қарым-қатынастың ортасын жасайды. Гадамер өз ойын аудармашының қызметін мысал етіп түсіндіреді. Аудармашы тілдердің арасында жатқан құзды еңсереді, бірақ барша реңктер мен өлшемдерді бере алмаған соң, үнемі бір нәрседен бас тартып, бір нәрсені құрбан етеді. Ол мағынаны қағып алып, оны басқа сөздермен, жаңа әлем контексінде жеткізуі тиіс. Мағына біреу, бірақ әрбір тілдік әлем оның әртүрлі көрінуін талап етеді.
Егер тілдік айтылым ескерілмей, тергеу хаттамасы сияқты таза мағына ғана ескерілсе, онда сол «таза мағына» әрқашан бұрмалау болып шығады. Түсінудің ортасы ретіндегі тілде қандайда бір айтылмайтын нәрсенің, тұспалдардың, реңктердің шексіз саны бар және олар толық болғанда ғана шынайы түсіну мүмкін болады. Лебіз әрқашан қандайда бір сұраққа қайтарылатын, қайта жасау керек болатын жауап. Сондықтан соттағы куәгерге жауап қайтару қиын болады – ол сұрақтардың қандай мақсатта қойылғанын білмейді және құрылған тұзақтан сақтанады. Лебіз әрқашан бір нәрсені жасырады. Дәлме-дәл мағына айтылмай қалған нәрсенің бұлтына оранады. Өзара түсіндіру айтылған нәрсе мен айтылмаған нәрсенің шексіздігін мағыналық бірлікте ұстап тұрады, сол арқылы оның түсінілуін мүмкін етеді.
Тілге әлемнің тәжірбиесі және герменевтикалық қарым-қатынастың ортасы ретінде қарайтын көзқарас тілге аспаптың бейшара тағдырын үстейтін батыстық дәстүрге қарсы тұрады. Гадамер философияның идеалы, оны құтқаратын нәрсе – тіл өмірінен безушілік емес, ойлау мен тілдің байланысын, тілде бар ақиқатты қалпына келтіру болуы тиіс дейді. Философия тіл арқылы көрініс табатын біздің әлемдік және өмірлік тәжірбиемізбен айналысады. Философиялық ойлау – әлемнің әуелгі тәжірбиесінің ары қарай пайымдалуы. Ол «біз сөйлейтін тілдің ұғымдары мен аңдауларының қуатын соңына дейін ойлауға талпынады».
Гадамер, тілді бұлайша түсінудің көкжиегінде шешендік өнер мен герменевтиканың арақатынасы туралы мәселені де басқаша қояды. Сөйлей білу және түсіне білу – адамның табиғи қабілеттері. Шешендік өнер де, герменевтика да – еркін өнер, бірақ қайсібір мамандық, машық мағынасындағы өнер емес. Бұл өнер адамның болмысына тән. Шешендік өнер – біздің өмірге ғылыммен салыстыруға келмейтін терең әсер ететін кез келген зерделі қатынастың мәнді қыры, адамдар байланысының әмбебап түрі. Шешендік өнер иландырушы әңгіме, онда логика да, эмоция да болады. Шешендік өнердің мәні тәсілдермен таусылмайды, ол жалаңаш техникаға да келтірілмейді. Нағыз шешендік өнерді ақиқаттың да, жанның да білімінен бөлуге болмайды.
Бірақ философ герменевтиканы шешендік өнермен ғана емес, поэзиямен де жақындастырады. Ол мынадай теңеуді жақсы көреді: поэзиялық сөз – бірдеңені білдіретін де, өзі де қандай да бір мәнді нәрсе болатын тайтұяқ алтын тәрізді. Таза коммуникативті сөз – қағаз ақша сияқты нәрсе, өзінің ішінде ол ештеңе де емес.
Қарым-қатынас – өміріміздің бір түрі. Біз өзімізбен, Құдаймен, өзара, дәуірлермен, көркем туындылармен ғана емес, заттармен де, әлеммен де сөйлесеміз. «Сұрақ-жауапты ілікпе сөздермен алмасу адами байланыстың негізінде жатқан құрылымды, сұхбаттың іргелі құрылымын табады. Бұл құбылыс адами түсінудің мәні болып табылады».

Философиялық көзқарастары:

Сонымен, Гадамер түсіну мен өзара түсіністікке, олардың алғышарттары, жағдайы мен құрылымына қатысты сұрақтарға жауап қайтарады. Түсіну қажетті түрде түсінгіміз келетін заттың тұтас бейнесін жобалаудан басталады. Осыдан кейін ғана жеке деректер мен оқиғаларды түсіну қолжетімді болады. Егер олар тұтас нәрсенің бейнесіне қайшы келмесе, онда ол дұрыс таңдалған және бұл бейне бірте-бірте толық әлі нақты бола бастайды. Егер тұтас нәрсенің бейнесі қате анықталса, ол жоққа шығарылады және оның басқа нұсқасы пайда болады. Бұл үдеріс уақыт аралығында жүреді және «герменевтикалық оралым» деп аталады, өйткені ол бүтін нәрсенің абстрактілі бейнесінен басталып, деректерді тану арқылы оны нақтылаумен аяқталады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *