ГАБРИЭЛЬ ОНОРЕ МАРСЕЛ
(7 желтоқсан, 1889ж, Париж, Франция – 8 қазан, 1973ж., сонда)
— француз философы, драматург, әрі сыншы, католиктік экзистенциализмнің негізін салушы.
Философиялық шығармалары:
«Метафизикалық күнделік», «Опыт конкретной философии», «Болу және иемдену», «Кезбе адам», «Болмыс тылсымы», «Бұзылған дүние» және т.б. да еңбектері бар.
Марсель өзінің философиясын «неосократизм» немесе «христиандық сократизм» деп атады, оның философиясы жүйелілікке қарсы.
Философиялық көзқарастары:
Ол болмысты жеке адам тіршілігінің, жекелік тәжірибиенің жемісі деп білді. Марсель еркіндікке тек Құдайда ғана жетуге болады, — дейді. Болмыс «Ол» емес, «Сен», сондықтан адамның болмысқа қатынасының бейнесі Құдай алдындағы адамның басқа адамға қатынасы.
Габриэль таным субьекті мен обьекті, «Мен» және «Мен-емес» арасындағы қатынас формасы емес, уайымданатын және уайымданушы арасындағы қатынас формасын қарастырды. Олар бір-бірінен бөлінбейді: уайымданатынсыз уайымданушы жоқ, сол сияқты уайымданушысыз уайымданатын жоқ.
Дүниедегі – болмыс «құпиясына» өтудегі Құдайға құлшылықты Марсель «кейіптену» ілімі деп, оны психологиялық-физикалық мәселелерді қойып – шешу орнына қолданды. Бұл ілім «болу» және «иемдену» («болмыс» және «иелену») категорияларын ажыратып қарастырумен тығыз байланысты.
«Иемдену» – ол заттарға, обьектке, яғни менен бөтен, бөлек, маған қатысы жоқ қатынастарды көрсетеді. Керісінше, «болу» дегеніміз ол маған қатынасты, менен бөлінбейді. Осы тұрғыдан алғанда «мен бармын» мен «менде бардың» айырмасы аспан мен жердей. Менің тәнім – «болу» мен «иемденудің» арасындағы шекара, өйткені тәннің болуы – барлық иемденудің шарты.
Марсель «кейіптену» идеясын барлық табиғатқа аударып, оны абсолюттік «менің» кейпіне айналдырады. Мен дүниеге қандай қатынаста болсам, ол сондай өлшемде өмір сүреді, мен өз тәнімді қалай сезініп – білсем, солай дүниеге қатынастамын, басқаша айтқанда, мен кейіптенемін.