БҰҚАР-ЖЫРАУ ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

БҰҚАР-ЖЫРАУ ҚАЛҚАМАНҰЛЫ
(1668ж. Орталық Қазақстан, Баянауыл төңірегі – 1781ж. Баянауыл, Далба тауының етегі)

— қазақтың рухани тарихындағы ең үлкен ойшылдардың бірі әрі атақты жырау.
Әкесі белгілі батыр болған. Тәуке және Абылай хандар билік еткен тұста аса ықпалды би, қара қылды қақ жарған әділ кеңесші болған. Ақылды да, өзінің жалынды жырларымен хан билігіне араласып, ел мүддесін қорғаған. Қазақ сөз өнерінің тарихында өзгеше із қалдырған тұлға. Философиялық толғаулары ел ішінде кеңінен тараған.
Жырау алпыстан асқанша осы жарлы, кембағал халде өмір кешеді. Алайда, өмірінің соңғы кезеңінде Бұқар жай ғана арқалы жырау, ақылшы аға емес, мемлекет істеріне елеулі ықпал етіп, қабырғалы биге, өз заманының ұраншысына айналады. Мәшһүр Жүсіптің айтуынша, Бұқар жырау атанған қария тоқсан үш жасында Абылай ханның алдында жыр толғаған. Сонда Абылай ханға: «сенен бұрын жеті ханды жебеледім. Еңсегей бойлы Ер Есім ханға да жолдас болдым. Сен оның түстігіне де жарамайсың», — деген екен. Абылай хан жорыққа аттанбақшы болса, Бұқар жырауды алдырып:
«Жұлдызым оң ба?» — деп, айдың, күннің сәтін сұрайды екен. «Сары бура келгеннен туыңның түбінде шөгіп, мойнын жерге жабыстырып, жатып алды» десе, аттанбайды екен», — деп Мәшһүр Жүсіп Бұқарды әрі жырау, әрі көріпкел әулие етіп суреттейді.

Шығармалары:

Халық «Өнер алды – қызыл тіл» десе, Бұқар бұл мақалдың даналығын әбден түсінген адам. Ол сөз өнерінің қиындығын да, құрметтілігін де білген. Сондықтан да жырау:
«Ел бастау қиын емес, шабатын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бастаудан қиын нәрсені көргенім жоқ», — деген екен.
Бірде Абылай: «Қазына қайда?», — деп сұрағанда жырау: «Басы жеткен жігіттің екі езуі қазына: бір езуі – алтын, бір езуі – күміс» депті.
Бұқардың өзі осы қазынаны – сөз өнерін жеріне жете меңгерген еді.
«Өз заманындағы жандар бұл кісіні Көмекей әулие деседі екен, — деп жазды Мәшһр Жүсіп. – Қара сөз білмейді, сөйлесе, тек көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен».
Бұқар мұрасынан біздің заманымызға жеткені 1100 жол жыр-толғау шамасында. Бұл, сөз жоқ, жыр туғызған көл-көсір жырлардың бір бөлігі ғана.
«Бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұқтың өмірі, Аюбтың сабыры…, Афлатонның ақылы керек», — деген еді Мәшһүр.
Шоқан Уәлиханов өзінің «ХVІІІ – ғасырдың батырлары жайында тарихи әңгімелер» деген мақаласында Бұқарға қатысты біраз мәліметтер береді. Соның бірі – жыраудың Абылай алдында айтылған екі өлеңі. Шоқан бұл өлеңдердің жолма-жол тәржімесін жасайды. Бұл Бұқардың орыс оқырмандары алдына тұңғыш шығуы еді.
Сол сияқты Г.Потаниннің жазғандарынан белгілі «Төртуылдың төрт ұлы тауды жайлай» деп басталатын өлең ұмытылған. «Алайда Бұқар шығармаларының сақталып, ұрпақ алдына тартылған бөлігінің өзі – жыраудың әдебиет тарихынан құрметті орын алуы үшін әбден жеткілікті қомақты мұра».
Кезінде, Шоқан «Бұқардың Абылайға айтқаны» деп аталатын өлеңдерін қағаз бетіне түсіріп, кітабында келтірген. Енді біраз өлеңдерін Г.Потанин жыраудың өз елінен Имантай Сәтбаевқа жинатып алды. Бұқар шығармаларының түпнұсқасы ретінде Мәшһүр Жүсіп қолжазбалары алынуға тиіс. Абай үшін Мүрсәйіт көшірмелерінің маңызы да соншалық. Мәшһүрде Бұқар жырлары екі дана етіп көшірілген. Екі нұсқаның да құндылығы бірдей дерлік. Соның бірі – жыраудың Абылай алдында айтылған екі өлеңі. Абылай ажал жастығына бас қойғанда:
Қайғысы ұйқы ұйықтатпаған ханым-ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған ханым-ай.
Қалыңсыз қатын құштырған ханым-ай,
Үш жүзден үш кісі құрбан қылсам,
Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай?! –
деп зар айтқан Бұқар, әміршісі дүниеден өткен соң, оның басында отырып жас төгеді, шын көңілімен жоқтайды. Жырау осы ретпен Абылайдың тіршілігінде істеген істерін мадақтай еске алады. Марқұмның ерлігін, салтанатын, байлығын сөз етеді. Бұқардан қалған мұрасының ішіндегі ең көркем туындылардың бірі болып есептелінуге тиіс осы жоқтау жыры. Бұқар бұл жерде Абылай хан өмірі арқылы, сол кездегі әлеуметтік-тарихи жағдайларды үлкен философиялық толғаныспен шын көрсете білген.
Бұқар шығармашылығында өзі өмір сүрген заман келбеті, тарихи оқиғалар бар шындығымен дәл түсірілген.
Ол көрші елдермен, соның ішінде орыс халқымен достық қарым-қатынас жасау қажет екендігін түсінді. Ойшыл, саясаткер Бұқар қазақ халқының болашақтағы мүдделері үшін осындай саясатты ұстанады.
Бұқар көзі көрген Тәуке хан, оның ар жағындағы Қасым, Хақназар, Есім хандар заманының идеяларымен өмір сүрген адам еді. Ол үш жүздің басы қосылып, бір орталыққа бағынған күшті мемлекет болуын армандады.
Бұқар өмір сүрген, ескі қазақ мемлекеті әлсіреп, ыдыраған заманда әмір жүргізуші хандардың ішіндегі ең әулеттісі Абылай еді. Абылай бір орталыққа бағынған күшті мемлекет құруға тырысты. Сондықтан да Бұқар оны өзінің армандарын жүзеге асырушы деп есептеп, іс жүзінде де, сөз жүзінде де мейлінше қолдайды.
Абылай жүргізген саясаттың жақтаушысы болған жырау реті келген жерде ханды мақтап, биікке көтеріп отырады:
Алтын тақтың үстінде
Үш жүздің басын құрадың.
Жетім менен жесірге
Ешбір жаман қылмадың.
Әділетпен жүрдіңіз,
Әдепті іске кірдіңіз.
Бұқар ұғымындағы Абылай – осындай әмірші. Жырау Абылай саясатына, ел ішіндегі Абылай беделіне тамашалай қарайды, Абылай үкіметінің салтанат құрғанына масаттанады.
Бұқар шығармаларындағы өзекті мәселелердің бірі – елдің бірлігі.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» дегендей, жырау халықты ынтымаққа, бірауыздылыққа, елді қорғауға шақырады. Қазақ руларының бір-бірімен тату тұруларын, өзара қырқыс елді жақсылыққа алып келмейтіндігін насихаттайды. Руаралық тартыс елді елдігінен айырады, ел басына қиын күндер туғанда, әркімнің талауына ілігіп, ел тағдырын мүшкіл халге алып келуі мүмкін деп, елді бірлікке шақырып, елдің қорғаныс қабілетін күшейту, Абылай хандығын нығайту саясатын ұстанады.
Өлетұғын тай үшін,
Қалатұғын сай үшін
Қылмаңдар жанжал-ерегес, —
деп, мал-жан үшін, қоныс-қыстау үшін өзара бет жыртысып, бос қырқыспауға шақырады.
Алауыздықтың, өзара қырқыстың неге әкеп соғатынын дұрыс түсінген Бұқар жер бетінен жойылып кеткен Жоңғар мемлекетінің тағдырын мысалға келтіреді:
Кіші қара қалмақ бүлерде,
Бозылардың билігі
Бұлт бұрқан болысты,
Уағдадан жылысты,
Буыршындай тіздесті,
Жамандықты іздесті,
Бірін бірі күндесті.
Жаулаған ханның қара оңбас,
Хан қисайса, бәрі оңбас.
Ханын қалмақ жаулаған,
Сөйткен қалмақ оңбаған.
Сол қалмақтың жұрты еді-ау
Үш Қарқара, Көктөбе,
Иттей ұлып қалмаған, —
Деп елді сақтандырады, бірлікке, ынтымаққа, ханды қолдауға, сыйлауға шақырады. Бұқар жырлары нақыл сөздерге, философиялық ойлы тебіреністерге толы. Өз заманының көкейкесті мәселелерін көтеріп отырған азамат ақын:
Шашырап шыққан қандар көп,
Шашау жатқан малдар көп.
Қайсібірін айтайын,
Айта берсең, сөздер көп, —
Деп, бар ішкі жан-дүниесімен бір күйзеліспен толғайды. Бұқар толғауларынан жыраудың өмірге, өзін қоршаған ортаға деген философиялық көзқарасы аңғарылады.
«Абылай тұсы осының алдындағы Тәуке заманынан мүлде өзгеше еді. Үш жүздің жігі ыдырап, ескі бірлік жойылды, хан-сұлтандар бас-басына би болып кетті, рулық, руаралық тартыс, өзара қырқыс күшейді. Қазақ даласында болып жатқан өзгерістердің енді бір алуаны оның Ресейге қосылуына байланысты еді.
Сондықтан, Бұқар өзі өмір сүріп отырған заманға оншама ризашылық білдіре қоймайды». Ол өз заманы туралы:
Ай, заман-ай, заман-ай,
Басты мынау тұман-ай,
Істің бәрі күмән-ай!
Баспақ, тана жиылып,
Пада болған заман-ай!
Құл-құтандар жиылып,
Құда болған заман-ай!
Арғымағын жоғалтып,
Тай жүгірткен заман-ай!
Азаматын құлатып,
Жұрт талық болған заман-ай!
Арғымақтың жалы жоқ –
Жабылар жалыменен теңелер.
Жақсылардың малы жоқ –
Жамандар малыменен теңелер! –
Деп, өзінің өмір сүрген заманына наразылығын білдірсе, сол Бұқар заманының, жырау наразылығының бүгінгі заманымызға дәл келіп отырғаны да таң қаларлық.

Философиялық көзқарастары:

Ол — өмірі шектеулі адам түгілі, жансыз табиғаттың өзі өшіп, өніп, қайта жаңғырып отырады дегенді айтқан.
Бұқар заманның мұндай аумалы-төкпелі болып келуін заңды құбылыс деп санайды. Заманның аумалы-төкпелі болғанын, саналы ой емес, санасыздықтың бел алып бара жатқанын, адам болмысының азып, танымның таусылып бара жатқанын, біріншіден, қынжылып наразылықпен жырласа, екіншіден, өткенге өксіп қарамай, ескіні аңсамай, болашаққа да назар салмай, өз тұсындағы заманның мән-мағынасын түсінуге ғана тырысып, өзіндік танымы жеткен құбылысты жалпы халыққа да таныту бар.
Жырау дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ екендігін, өмір күнделікті өзгерістерге ұшырап отыратынын атап көрсетеді. Мұндай өзгерістерге тек тұрмыста ғана емес, адамды қоршаған орта – табиғатта да жүріп жатады.

Айналасын жер тұтқан
Айды батпас демеңіз.
Айнала ішсе, таусылмас
Көл суалмас демеңіз.
Құрсағы құшақ байлардан
Дәулет таймас демеңіз.
Жарлыны жарлы демеңіз,
Жарлы байға теңеліп,
Жайлауға жарыса көшпес демеңіз…
Құландар ойнар қу тақыр,
Қурай бітпес демеңіз…
Осы толғаудың өзінен жыраудың өмірге, өзін қоршаған ортаға деген философиялық көзқарастары айқын аңғарылады. Көзқарас – білімнің толықтырылған, қорытылған, күнделікті өмірді байқаудан, өткенді талдаудан, келешекті болжаудан туындайды. Бұқар қарапайым тілменен емес, белгілі бір табиғат құбылысының нақты көрінісімен оны дұрыс қорытындылай отыра, адам санасына обьективтік шындық дүниені бейнелеп жеткізеді. Бейнелі тіл саналы ойдың жемісі, міне, осы тұрғыдан қарағанда да, Бұқардың болмысы ойшыл философ, азамат ақын екендігіне көз жеткізеді. Бұқардың ақындық қуаты, азаматтығы қазақ тарихындағы үлкен іс атқарған ірі тұлғалардың бірі екендігін көрсетеді.

Философиялық афоризмдері:

 Әсіре пысық залымның тіліне еруге жазбасын.
***
 Ардақталған аяулың күндердің күнінде басқаға олжа болмағай.
***
 Төрең тақтан таймасын.
***
 Тоқсандағы қарт бабаң топқа жаяу бармағай.
***
 Анаң аңырап қалмағай.
***
 Құрсағы құшақ байлардан дәулет.
***
 Қу таяқты кедейге дәулет бітпес демеңіз.
***
 Жалғыз көпке теңеліп, кегін бір алмас демеңіз.
***
 Қара қылды қақ жарған әділді айт.
***
 Алла деген зар болмас, ақтың жолы тар болмас.
***
 Пейілі кең – кемімес, пейілі тар – кеңімес.
***
 Берік байлаған шешілмейді.
***
 Шын жаратқан ұл болсаң – құдай тағалам өзі берер нәсіпті.
***
 Ұрғашының жақсысының – боз жорғадай бұлғаңы, Ұрғашының жаманының – өсек болар құрғаны.
***
 Бауырыңнан қашқан күзен көрінбес.
***
 Аспаннан биік тау болмас.
***
 Қызда қылық болмаса, құр шырайдан не пайда.
***
 Іштегі сыр – аллаға мағлұм: сырттағы құлақ – амал емей немене.
***
 Қара арғымақ арыса – қарға адым жер мұң болар. Есіл көзден нұр тайса – бір көруге зар болар.
***
 Қайырсыз итке мал бітсе – аңқау құрып келгенде саумал бермес ішерге.
***
 Ақ сұңқар құстың баласы – ұяда алтау болмас па,
Ұяда алтау болғанмен, оның ішінде біреуі – ең алғыры болмас па.
***
 Ежелгі дұшпан – ел болмас, етектен кескен – жең болмас.
***
 Өзіңнен тумай – ұл болмас, сатып алмай – құл болмас.
***
 Екі жақсы дос болмас – сіріне үстіне хаты бар,
Ежелгі дұшпан ел болмас – көңілінде кір, даты бар.
***
 Айтқаныңа көнбесе, айдауыңа жүрмесе: көңілінде болғаны аласы.
***
 Абысынның арызы – ағайын сәнін келтірер, Ағайынның аразы – елдің сәнін келтірер.
***
 Жар басына қонбаңыз – дауыл соқса үй кетер, Жатқа тізгін бермеңіз – жалменен бас кетер.
***
 Дін мұсылман болмаса, тіл мұсылман не пайда?
***
 Әкелі бала – жаужүрек, әкесіз бала – сужүрек.
***
 Мал араға түспесе, құр айтқаннан не пайда?
***
 Айтқан сөзге тұрмаған – жаман емей немене, сұрағанды бермеген – сараң емей немене, кісі ақысын көп жеген – арам емей немене, сыртыңдағы қулығың – амал емей немене, сусағанда берген су – шекер емей немене, ынжық ерге біткен мал – бекер емей немене?!
***
 Қарттарыңды сыйлай біл: күндердің күні болғанда кімдердің белі бүгілмес.
***
 Ханға жауап айтпасам – ханның көңілі қайтады, Қандыра жауап айтпасам – халқым не деп айтады.
***
 Мінген атың арыса – қатарға ену күн болар,
Қара көзден нұр тайса – қарға адым жер мұң болар.
***
 Тірнектеп жүріп іс қылған жарлыны жарлы демеңіз, Жарлы байға тең келіп, жайлауға көшпес демеңіз.
***
 Жалғызға зорлық қылмаңыз, жағасынан алмаңыз.
***
 Өзіңе еркіндік бермесе, азат бастан не пайда.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *