АҒАРТУШЫЛЫҚ КЕЗЕҢДЕГІ ФИЛОСОФИЯ

АҒАРТУШЫЛЫҚ КЕЗЕҢДЕГІ ФИЛОСОФИЯ

XVIII-ғасыр өзінің Ағартушыларын туғызды. Ағартушылық философия – антитеологиялық, антифеодалистік, қалыптаса бастаған буржуазиялық философия. Ол ағартушылық қызметпен бірге 1789-1794ж.ж. Ұлы француз революциясы идеологиясын дүниеге әкелді. Олар-П.Гассенди, Ф.Вольтер, Жан-Жак Руссо, Э.Кондильяк, Г.Э.Лессинг, И.В.Гете, т.б. Олардың пайда болуына ең алдымен капиталистік қоғамның қалыптасуы, соған сәйкес жаратылыстану ғылымдарының, математиканың, физиканың, механиканың, физиологияның, медицинаның, т.б. адам санасына материалистік ұғымдарды ұялату себепші болды. Бірақ оған үстемдік құрған діни идеологияға қарсы күрес Англиядағы, Франциядағы, Германиядағы ағартушылық істен басталды. Олар діни соқыр сенімге қарсы тұрып, ғылымның еркін дамуын, еркін ой болуын жақтады. Олардың басты мәселелерінің бірі – адам тағдыры, оны рухани қыспақтан босату, саяси еркіндік, гуманизм мәселелері еді.

Ағартушылық кезеңдегі философия үш бағытқа бөлінді:

1- бағыт: деистік («део» немесе «тео» — Құдай дегенді білдіреді) философиясының мәні – Құдайлық тұлға идеясын теріске шығарады; Құдай мен Табиғаттың барабарлық идеясын (пантеизмді) мойындамады; Құдай дүниені жаратқаннан кейін, басқа дүниеде болып жатқан өзгерістерге, процестерге араласпайды деп түсінді; Өкілдері – Ф.Вольтер, Ш.Л.Монтескье. Ж.-Ж.Руссо және Э.Кондильяк болды.

2- бағыт: атеистік-материалистік бағыт, ол Ұлы француз революциясының қарсаңында қатты даму үстінде болды; олар – ешқандай да тылсым күш (Құдай) жоқ; материядан тәуелсіз идея болмақ емес, жан да мәңгі емес; абсолютизмді құлату керек, жеке меншік пен мемлекетті жою керек деп санады; Мысалы, Ж.Ламетри – утилитаризмді қолдады, яғни адам өмірінің мәні – жеке бастың бақыты; жеке меншік – адам еркіндігінің кепілдігі; немесе, мемлекет мұраты – «зайырлы абсолютизм» деп есептеді. Өкілдері – Ж.Мелье, Ж.Ламетри, Д.Дидро және К.Гельвеций.

3- бағыт: утопиялық-социалистік (коммунистік) – бұл идея қарапайым халық санасында күшті қолдау тапты, әмбебаптық теңдік тұрғыда ұғынылған, әділеттілік идея салтанат құрған, қоғамдық меншікке негізделген жаңа қоғам құру арман болатын. Мысалы, олардың пікірінше, іс жүзінде коммунизм орнамайды, өйткені адам табиғаты солай, ол байи берсем, ала берсем дейді, сондықтан жеке меншік, тапқа бөлінушілік мәңгі, адам өзінің сорлылығынан биік көтеріле алмайды. Ал, Фурьенің ойы – идеалды қоғам – «гармония қоғамы», ол жаппай еңбек ету міндеттілігіне, экономиканың жоғары деңгейіне, махаббат пен әдептілік еркіндігіне, байлықты теңдей бөлуге, Құдайға құлшылыққа негізделген қоғам орнату болды. Өкілдері – Г.Мабли, Ф. Бабеф, К.Сен-Симон және Ф.Фурье болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *