Аллаһ Тағаланың көркем есімдері
Аллаһ (ﺍﷲ ) – (Аллаһ). Бүкіл жаратылыстың Құдайы және Раббысы (тәңірлік және раббылық ерекшеліктер Оған ғана тән). Ол – пенделер құлшылықтарын арнап, оған кішірейе бойсұнатын, әміріне құлдық ұратын, бас иіп, сәжде жасайтын Құдай. Құлшылықтың барлық түрлері тек Ол үшін орындалады.
1. әр-Рахман – Аса Мейірімді. Бұл есім Оның мейірімінің кең екенін және барша жаратылғандарды қамтитынын білдіреді. Ол есім Аллаһтың өзіне ғана тән, онымен басқаны атауға болмайды.
2. әр-Рахим – Ерекше Рақымды. Мүмін пенделерін бұл дүниеде және Ақыретте мейірімге бөлеп, кешіруші, оларды Өзіне құлшылық жасауға бастап, Ақырет күні Жәннатпен сыйлаушы.
3. әл-’Афу – Ғафу етуші. Күнәні өшіріп, оны кешіруші, пендесін жазалауға құдіреті жете тұрып, оны жазасыз қалдырушы.
4. әл-Ғафур – Кешіруші. Пенденің күнәсін жасырып, абыройын сақтаушы және жазаламастан жайына қалдырушы.
5. әл-Ғаффар – Өте Кешірімді. Күнә жасап, кешірім сұраған пендесіне мол кешірім иесі.
6. әр-Рауф – Мейірбан, Есіркеуші. Бұл – мейірімнен де артық қасиет. Аллаһтың есіркеуі бұл дүниеде барлық жаратылысты қамтығанымен, ақыретте Өзіне иман келтіріп, жақын болған құлдарына айрықша түрде бұйырады.
7. әл-Хәлим – Байсалды. Пенделерін жазалауға құдіреті болса да, оларды жазалауға асықпайды. Керісінше, оларға кеңшілік жасап, жарылқау сұрағанды кешіреді.
8. әт-Тәууаб – Тәубені қабыл алушы. Пенделері арасынан Өзі қалағанын тәубеге келтіруші және олардың тәубелерін қабыл алушы.
9. әс-Ситтир – Кемшілікті жасырушы. Пенденің кемшіліктерін жасырып, оны басқаларға жария етпейді. Сондай-ақ Ол пенделердің өз кемшіліктері мен әурет жерлерін және басқалардың кемшіліктерін жасырғанын ұнатады.
10. әл-Ғани – Бай, Мұңсыз. Өзі де, сипаттары да кәміл болғандықтан, Өзінің жаратқандарынан ешкімді, ешқашан қажет етпейді. Керісінше, бүкіл жаратылыс Оған әрдайым мұқтаж болып, Оның игіліктері мен көмегін қажет етеді.
11. әл-Кәрим – Жомарт. Қайыры мол, сый-тартулары көп, Ол қалаған затын қалағанына Өзі қалаған түрде (мөлшерде) сұраса да, сұрамаса да бере алады. Ол күнәларды кешіріп, кемшіліктерді жасырады.
12. әл-Әкрам – Ең Жомарт. Бұл жомарттықтың асқан шегі. Осы тұрғыдан оған ешкім де тең келе алмайды. Бүкіл жақсылық Одан. Ол Өз кеңшілігімен мүміндерге қайтарым сыйларын беріп, қарсы келгендерге мұрсат береді де, оларды Өз әділдігімен есепке тартады.
13. әл-Уәһһаб – Сый беруші. Сыйы мол. Әрі оны әншейін (орнына еш нәрсе сұрамай), еш нәрсе көздемей тарту етеді. Нығметтерді адамдар сұрамаса да береді.
14. әл-Жәуад – Бергені көп, Жомарт. Пенделерге игіліктер беріп, оларға кеңшілік жасаушы. Бұл игіліктер мен кеңшіліктен мүміндердің үлесі басым болады.
15. әл-Уәдуд – Жақсы көруші. Өзіне жақын болған құлдарды жақсы көріп, кешірімі мен игіліктерімен сүйіспеншілік етеді, олардан разы болып, амалдарын қабыл алады әрі оларға жер бетінде басқалардың сүйіспеншілігін нәсіп қылады.
16. әл-Муътый – Беруші. Қалаған пендесіне Өз қазыналарынан Өзі қалағанынша беруші. Бұл бергенінен Өзіне жақын болған құлдары көбірек алады. Ол — әрбір нәрсеге денесі мен сыртқы көрінісін беруші.
17. әл-Уәсиъ – Кең, Дарқан. Сипаттары кең, ешкім Оның сипаттарының есебіне жетіп, түгендей алмайды. Оның ұлылығы мен билігі, кешірімі мен мейірімі кең, Оның жомарттығы мен игіліктері кең.
18. әл-Мухсин – Жақсылық жасаушы. Оның Өзі, есім-сипаттары мен әрекеттері көркем, Ол әрбір нәрсені көркем түрде жаратқан және барлық жаратылысқа жақсылық жасады.
19. әр-Разиқ – Ризық беруші. Бүкіл жаратылысқа ризық беруші, олардың ризығын әлемдерді жаратудан бұрын белгілеп қоюшы және оны кейін болса да толықтырып беруді міндетіне алушы.
20. әр-Раззақ – Ризықты мол етіп беруші. Бұл есім Ол пенделердің ризығын молымен беруші екенін білдіреді. Аллаһ Тағала ризықты пенделерге Өзінен сұрауынан бұрын да, тіпті Өзіне бойсұнбаса да береді.
21. әл-Ләтиф — Өте Қырағы. Барлық істің мән-жайын бүге-шігесіне дейін толық білуші. Одан ешнәрсе жасырын қала алмайды. Ол пенделеріне жақсылық пен пайдалы нәрселерді жасырын жолмен, олар күтпеген (ойламаған) жерден жеткізіп тұрады.
22. әл-Хабир — Әр нәрседен Хабардар. Оның білімі барлық нәрселердің сыртқы жағын қалай қамтыса, олардың ішкі жағы мен құпия тұстарын дәл солай қамтыған.
23. әл-Фәттах – Қайыр есіктерін Ашушы. Ол өзінің патшалығы, мейірімі және ризығының қазыналарынан қалағанын өз хикметі және білімі бойынша ашып беруші.
24. әл-Ъалим – Білуші. Ол барлық нәрселердің сырты мен ішін, ашығы мен жасырын болғанын, өткені мен қазіргі жағдайын және болашағын толық біледі, еш нәрсе Оның білімінен тыс қала алмайды.
25. әл-Бәрр – Пенделеріне жасаған жақсылықтары көп. Ол береді, бірақ ешкім Оның пенделерге берген игіліктерін есептей алмайды. Ол уәделерін бұлжытпай орындайды. Пенделеріне кеңпейілдік танытып, қолдап-қорғайды және азғантай амалдарын қабыл етіп, (сауабын) өсіреді.
26. әл-Хаким – Дана, Хикмет иесі. Ол әрбір нәрсені өз орнына қояды. Оның басқаруында ешбір ақау да, қателесу де болмайды.
27. әл-Хакам – Үкім етуші. Ол пенделердің арасына Өз үкімін әділдікпен шығарады., олардың ешқайсысына әділетсіздік қылмайды. Ол Өзінің Қасиетті Кітабын адамдар арасында үкім ету үшін түсірді.
28. әш-Шәкир – Құлдардың қадірін білуші. Өзіне бойсұнған пенделерін мақтап, мадақтаушы. Амал азғантай болса да, ол үшін қайтарым сый беруші. Пенделердің берілген нығметтерге шүкір еткенін бұл дүниеде ризық-несібелерін арттыруымен, ал ақыретте сауап беруімен сыйға бөлеуші.
29. әш-Шәкур – Шүкір етуші. Пенделерінің азғантай амалын көбейтіп, ол үшін берілетін сауапты еселеуші. Аллаһтың шүкір етуі – пендесін шүкір етуге бағыттауы әрі одан бойсұнғанын қабыл алуы.
30. әл-Жәмил – Сұлу. Оның Өзі, есімдері мен сипаттары және барлық істері кәміл түрде сұлу. Жаратылғандардың сұлулығы Оның ғана тарапынан беріледі.
31. әл-Мәжид – Даңқты. Ол жер мен көкте даңқ, жомарттық, үстемдік пен биік мәртебе Иесі.
32. әл-Уәли – Қамқоршы. Ол жаратылыстардың істерін басқарып тұрушы, Өзіне жақын болған пенделеріне Қорғаушы да Жақтасушы.
33. әл-Хамид – Мақтаулы. Оған Оның есім-сипаттары мен істері үшін мақтаулар арналады. Оған мақтаулар кеңшілік пен таршылықта, кез келген сәтте айтылады. Ол кәміл сипаттар иесі болғандықтан мақтау мен мадақтың ең кәміл түрлеріне лайық.
34. әл-Мәула – Жақын құлдарына Қамқоршы. Ол Өзіне жақын болған құлдарының Раббысы, Патшасы, Мырзасы, Көмекшісі әрі Қолдаушысы.
35. ән-Насир – Көмектесуші. Ол қалаған пендесін Өз қорғауымен (жәрдемімен) қолдайды. Ол қорғағанды ешкім жеңе алмайды, ал Ол тастап кеткенді ешкім қорғай алмайды.
36. әс-Самиъ – Естуші. Оның естуі барлық сырлар мен сыбырды (құпия әңгіме-сұхбаттарды), әрбір ашық немесе жасырын айтылған нәрселерді, барлық үлкен-кішілі дыбыстарды қамтиды әрі Ол Өзінен сұрап, дұға жасағандарға да жауап береді.
37. әл-Басир – Көруші. Оның көруі ашық және жасырын (ғайып) әлемдеріндегі көрінетін және көрінбейтін, үлкен-кішілі бүкіл нәрселерді қамтиды.
38. әш-Шәһид – Куә. Ол Өз жаратқандарын бақылап тұрады. Өзінің жалғыз әрі әділеттілікті сақтап тұратынына куәлік берді. Өзін бір деп білген мүміндерге куәлік береді және елшілер мен періштелерге куәлік береді.
39. әр-Рақиб – Бақылаушы. Ол Өзі жаратқандарын қарап тұрады да, олардың амалдарын жазып, сақтап қояды. Ешбір ой, ешбір әрекет Оның назарынан тыс қалмайды.
40. әр-Рафиқ – Дос, Жұмсақ. Өз істерінде жұмсақ, Ол жарату ісін бірте-бірте атқарып, бұйрықтарын бірте-бірте береді. Ол Өз құлдарына жұмсақтықпен мәміле жасап, оларға шамасы келмейтін нәрселерді жүктемейді және құлдарынан жұмсақ болғандарды жақсы көреді.
41. әл-Қариб – Жақын, Таяу. Ол Өзінің білімі және құдіретімен бүкіл жаратқандарына жақын болса, мүмін құлдарына қамқорлығы мен қолдауымен ерекше түрде жақын. Сонымен қатар Ол Өз аршысының үстінде болып, жаратқандарымен араласпайды.
42. әл-Мужиб – Жауап қатушы. Ол өзінің білімі мен хикметі бойынша Өзінен сұрап, дұға қылғандардың тілегін қабыл етуші.
43. әл-Муқит – Азықпен қамтамасыз етуші. Ол жаратылыстың ризық-несібесін жаратып, оны оларға жеткізіп беруді міндетіне алған. Ол пенделерінің азығы мен амалдарын кемсітпестен сақтайды.
44. әл-Хасиб – Жеткілікті, Есеп алушы. Ол пенделерін дүние-ақырет істерінде болатын уайымдардан айықтырып, сақтаушы. Бұл қасиет мүмін құлдарға ерекше түрде болады. Сонымен бірге Аллаһ пенделерін дүниеде істеп өткен амалдары үшін есепке тартады.
45. әл-Му’мин – Сенімді, амандық беруші. Елшілері мен оларға ергендердің шыншыл екеніне өзінің куәлік беруі және шыншыл екенін дәлелдейтін айғақтар арқылы растаушы. Дүние-ақыретте қандай да бір амандық (тыныштық) болса – Оның сыйы. Ол өзіне иман келтірген пенделерін қандай да әділетсіздіктен, азаптан және Қиямет күнінің қорқынышынан аман сақтайды.
46. әл-Мәннан – Игілік Беруші. Пенделерге беретін сыйлары мол, игілігі зор және жақсылықтары көп.
47. әт-Тайиб – Игі, Таза. Ол барлық кемшілік атаулыдан таза. Оның сұлулығы мен кемелдігі мүлтікіз. Оның пенделерге берген жақсылықтары өте көп. Ол пенделердің амалдарынан тек тазасын, адалын және Оған ғана арналып жасалғанын қабылдайды.
48. әш-Шәфи – Шипа беруші. Ол жүректер мен денелерді (тән мен жанды) дерттен айықтырушы. Пенделердің қолында Аллаһ нәсіп еткен түрлі дауалар (емделу жолдары) бар. Алайда шипа тек қана бір Аллаһтың қолында.
49. әл-Хафиз – Сақтаушы. Аллаһ Өзінің пенделерін және олардың амалдарын Өз кеңшілігімен сақтап қоюшы. Ол бүкіл жаратылысты өз құдіретімен асырап сақтайды.
50. әл-Уәкиль – Сенімді уәкіл, тәуекел қылынушы. Ол әлемдерге қамқорлық жасаушы, оларды жаратуды және басқаруды Өз міндетіне алушы. Ол пенделерді жаратып, оларды қажеттіліктерімен қамтамасыз етеді. Мүміндер болса, істерін әрекет жасаудан бұрын Оған тапсырады. Мүміндер еңбек еткенде одан жәрдем сұрайды. Істеріне сәттілік берсе, шүкірлік етіп, оған мақтаулар айтады. Сыналғаннан кейін өздеріне жазылған тағдырға разы болады.
51. әл-Халлақ – (Жаратылыс түрлерін) Жаратушы. Бұл есім Аллаһ жаратқан нәрселердің көптігін білдіреді. Аллаһ Тағала әлі де жаратуда және осы ұлы сипатқа ие болып қала береді.
52. әл-Халиқ – Жаратушы. Барлық нәрсені алдыңғысына ұқсатпай пайда етуші.
53. әл-Бәри’ – Жоқтан бар етуші. Өзі белгілеп, Өзі ұйғарған жаратылыстарды (жоқтан) бар етіп, оны болмысқа келтіруші.
54. әл-Мусаууир – Бейне (кескін-келбет) беруші. Бүкіл нәрселердің кескін-келбетін өзінің хикметі, білімі және мейірімі бойынша Өзі қалаған кейіпте бейнелеуші, сомдаушы.
55. әр-Рабб – Ие. Жаратылысты Өз игіліктерімен бірте-бірте өсіруші. Ол Өзінің сүйікті құлдары — әулиелерін олардың жүректерін түзейтін нәрселер арқылы тәрбиелейді. Ол Жаратушы, Патша, Қожайын.
56. әл-’Азим – Ұлы. Ол – Өзі, есімдері мен сипаттары ұлы болған Аллаһ. Сондықтан да жаратылғанның Аллаһты және Оның бұйрықтары мен тыйымдарын ұлықтауы міндетті.
57, 58. әл-Қаһир және әл-Қаһһар – Бағындырушы, Өктем. Құлдарды бағындырып, жаратылғандарды Өзінің құлы еткен, олардан жоғары (үстем). Ол Жеңуші (барлығына күші жетуші), бүкіл нәрселер оған бағынады. «Әл-Қаһһар» — «әл-Қаһир» есімінің асырмалы райы.
59. әл-Муһәймин – Басқарушы. Бүкіл істі басқарып, оны Сақтаушы, оған куә болып, бақылап тұрушы.
60. әл-Ъазиз – Үстем. Оған бүкіл үстемдік атауы тән. Ол күш жағынан Үстем, ешкім Оны жеңе алмайды. Ол байлық жағынан Үстем, ешкімді қажет етпейді; Ол бағындыруда үстем, Оның рұқсатынсыз еш нәрсе қозғала алмайды.
61. әл-Жәббар – Қалағаны орындалушы. Оның қалауы міндетті түрде орындалады. Барлық жаратылыс Оның ырқында, Оның ұлықтығына бас иіп, үкіміне бағынады.
62. әл-Мутәкәббир – (Басқалардан) Жоғары тұрушы. Ол Өзі Ұлы әрі бүкіл жамандық пен кемшіліктен жоғары. Ол құлдарға әділетсіздік етуден жоғары. Ол жаратылғандар ішінен Өзіне қарсы шыққандарды үкіміне көндіреді. Оған ұлылық тән. Кімде-кім Онымен ұлылықта тартысса, оны жазалап, азаптайды.
63. әл-Кәбир – Үлкен, Ұлы. Оның Өзі, сипаттары мен істері ұлы, Одан үлкен еш нәрсе жоқ. Оның қасында Одан басқасы жай ғана кішкентай нәрселер болып есептеледі.
64. әл-Хайий – Ұятты. Өзінің ұлықтығына лайықты түрде ұялушы. Аллаһтың ұяты Оның жомарттығын, ізгілігін, кеңшілігі мен ұлықтығын білдіреді.
65. әл-Хайй – Тірі. Әрдайым жалғасатын мәңгі де, толыққанды тіршілік Иесі. Ол тіршіліктің бас-аяғы жоқ. Болмыстағы кез келген тіршілік Аллаһ Тағаланың тарапынан ғана болады.
66. әл-Қайюм – Өз-өздігінен тұрып, басқаларды Тұрғызушы. Ол өз-өздігінен тұрады да, ешбір жаратылысты қажет етпейді. Ол көк пен жердегі барлық нәрселерді тұрғызып, барлығы Оған бағынады.
67. әл-Уәрис – Мирасқор, (жаратылғандардың артынан) Қалушы. Жаратылғандардың ешқайсысы қалмаған соң Өзі ғана қалушы. Бүкіл нәрсе иелері қалмаған соң Оған қайтады. Біздің қолымызда бар болған әрбір зат күндердің күні өз Иесіне қайтатын аманат болып табылады.
68. әд-Дәйян – (Құлдардың) бойсұнатыны. Бүкіл жаратылыс Оған бойсұнып, бағынады. Ол құлдарға істеген амалдарына қарай сыйын немесе жазасын береді. Егер істегендері жақсылық болса, оны көбейтеді; ал жамандық болса, жазалайды немесе кешіреді.
69. әл-Мәлик – Патша. Бұйрық беріп, тыйым салу және басымдылық Оныкі. Ол жаратылғандарды Өзінің бұйрықтары және істері арқылы басқарады. Патшалығы мен қарамағындағыларды басқаруда Одан асқан ешкім жоқ.
70. әл-Мәлик – Барлық нәрселердің Иесі. Аллаһ барлық нәрселердің Иесі, бүкіл нәрселер Оған тән. Жаратылысты жаратпастан бұрын оған қалай Ие болса, олар жойылып, ешқайсысы қалмаған кезде де Иесі боп қала бермек.
71. әл-Мәлик – Барлық нәрселердің бірегей Иесі (яғни жалпылама патша сипатына дәлел болатын есім). Бұл есім – «Патша» сөзінің асырмалы райы.
72. әс-Суббух – Пәк. Кемелдік және сұлулық сипаттарға шартсыз түрде ие болғандықтан, барлық кемшілік атаулыдан пәк.
73. әл-Қуддус – Таза. Әрбір айып-нұсқаннан барлық жағынан пәк әрі таза. Ол Өзінің кәміл сипаттарында Дара, Оған ұқсас келтіру мүмкін емес.
74. әс-Сәлам – Сау, Мінсіз. Өзі, есім-сипаттары мен істері барлық айып-нұсқаннан сау. Дүние-ақыреттегі кез келген мінсіздік (немесе бейбітшілік) Оның ғана тарапынан.
75. әл-Хаққ – Хақ, Шын. Оның бар екендігінде, Оның есім-сипаттары мен құлшылыққа лайықты Құдай екендігінде күмән да, күдік те жоқ. Ол пенделердің құлшылық жасауына лайық, Одан басқа құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқ.
76. әл-Мубин – Анық. Оның жалғыз, дара екені анық. Оның үкімі мен мейірімі де анық. Ол Өз құлдарына соған ілессін деп тура жолды және сақтанып, аулақ болу үшін теріс жолды көрсетеді.
77. әл-Қауий – Қуатты, Күшті. Кәміл қалауымен бірге бүтіндей күш-қуат Иесі.
78. әл-Мәтин – Мықты. Күш-құдіретінде қатты. Оның істерінде машақат, ауыртпашылық және шаршау-шалдығу болмайды.
79. әл-Қадир – Бәрін, жасай алушы. Ол бәрін жасай алады. Көк пен жерде еш нәрсе оған қарсы тұрып, оны әлсірете алмайды. Сондай-ақ Ол әрбір нәрсені белгілеуші.
80. әл-Қадир – Құдіретті, бәрін жасай алушы. Бұл есім жоғарыдағы мағынаны қамтығанымен, «әл-Қадир» (ﺍﻠﻘﺪ ﻴﺭ) есімі «әл-Қадир» (ﺍﻠﻘﺎﺪﺭ) сөзінің асырмалы шырайы болып, Аллаһқа қолдану жағынан әлдеқайда лайықты.
81. әл-Муқтадир – Тағдырды белгілеуші. Бұл есім Аллаһтың Өзі тағдыр еткенін орындауға және оны Өзінің алдын-ала білуі бойынша жаратуға құдіреті шексіз екендігін білдіреді.
82, 83. әл-’Али және әл-Әълә — Биік, ең Жоғары. Оның Өзі де, мәртебесі де бәрінен биік, жоғары. Әрбір нәрсе Оның билігі астында. Еш нәрсе Одан жоғары бола алмайды.
84. әл-Мутаъал – Асқақ. Оның асқақ екендігін барлық нәрселер бас иіп мойындайды. Одан жоғары еш нәрсе жоқ, бәрі де одан төмен, бәрі де оның билігіне бағынады.
85. әл-Муқаддим – Ілгерілетуші, Алға Шығарушы. Ол бір нәрселерді алға шығарып, оны қалауы және хикметі бойынша өз орындарына қояды, сондай-ақ өз білімі және кеңшілігімен жаратылғандардың бірін-бірінен артық қылады.
86. әл-Муаххир – Кейіндетуші, Артта Қалдырушы. Ол әрбір нәрсені өз орнына қояды. Өзінің хикметі бойынша қалаған нәрселерді алға шығарып, қалағанын артта қалдырады. Сондай-ақ пенделер тәубеге келіп, Өзіне қайтулары үшін олардан азапты кешіктіреді.
87. әл-Мусаъъир – Бағалаушы. Ол – заттардың бағасын, орны-дәрежесін және әсерін арттырып, кемітуші. Барлық нәрселердің қымбаттауы мен арзандауы (бағалардың өзгеруі) Оның хикметі және білімімен жүзеге асады.
88. әл-Қабид – Ұстап тұрушы. Ол – рухтарды ұстап алушы және пенделерді сынау мақсатында өзінің хикметі және құдіретімен қалағандарынан ризықты (бермей) ұстап тұрады.
89. әл-Басит — Жайып қоюшы. Ол Өзінің жомарттығы және мейірімімен пенделерге ризықты жайып қояды. Сөйтіп, оларды Өз хикметі бойынша сол ризықпен сынайды. Ол күнә жасағандардың тәубеге келуі үшін қолдарын жаяды.
90. әл-Әууал – Бірінші, Алғашқы, Әуелгі. Одан бұрын ешнәрсе болған емес. Керісінше, бүкіл жаратылысты Ол жоқтан бар етті. Аллаһ Тағала әуелден бар.
91. әл-Әхир – Соңғы, Ақырғы. Аллаһтан кейін ешнәрсе болмайды. Ол мәңгі қалушы (әл-Бақи), жер бетіндегі барлық нәрселер пәни болып, бір кезде таусылады, кейін Оның алдына қайтады. Аллаһ Тағаланың аяқталатын жері жоқ.
92. әз-Заһир – Анық, Үстем. Ол бәрінен де биік, Одан жоғары еш нәрсе жоқ. Ол барлық нәрсені Өзіне бағындырып, баурап тұрушы.
93. әл-Батин – Жасырын. Одан бері (жақын) еш нәрсе жоқ. Ол Жақын, Қамтып тұрушы, жаратылғандардың назарынан тыс, ешкім Оны бұл дүниеде көре алмайды.
94. әл-Уитр – Дара. Ол біреу-ақ, Оның серігі жоқ. Ол Дара, Оның теңдесі жоқ.
95. әс-Сайид – Мырза, Қожайын. Ол бүкіл жаратылыстың бірегей Қожасы, олардың Иесі һәм Раббысы, ал жаратылыс болса, Оның жаратқаны әрі құлдары.
96. әс-Самад – Мұңсыз. Ол – басқаруы шегіне жеткен Басқарушы, жаратылыс Оған өте мұқтаж болғандықтан, бүкіл қажетін Одан тілейді. Ол адамдарды тамақтандырып, Өзі тамақты қажет етпейді.
97, 98. әл-Уахид және әл-Әхад – Бір, Жалғыз. Кемелдіктің барлық түрі жалғыз Оған ғана тән. Бұл тұрғыда Оған ешкім ортақ бола алмайды. Еш нәрсе Оған ұқсамайды. Демек, құлшылық ешбір серігі болмаған Аллаһқа ғана арналуы тиіс.
99. әл-Иләһ – Құлшылыққа лайықты Құдай. Пенделердің құлшылығы Оған ғана тән. Пенделердің қүлшылығына басқа емес, Ол ғана лайық.
Мажид Абдуллаһ әл Химди «Мұсылманның өмірінде кездесетін маңызды сұрақтар», араб тілінен аударған С.Андарбаев, «Райян-Нұр» баспасы, 2010 ж. Алматы қ. тел.: 87272904916.