АЗАМАТТЫҚ АЙНАЛЫМҒА, ТАУАРЛАРҒА ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУЛЕРГЕ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫ ДАРАЛАНДЫРУ ҚҰРАЛДАРЫ

АЗАМАТТЫҚ АЙНАЛЫМҒА, ТАУАРЛАРҒА ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУЛЕРГЕ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫ ДАРАЛАНДЫРУ ҚҰРАЛДАРЫ
Азаматтық айналымға, тауарларға және қызмет көрсетулерге қатысушыларды дараландыру құралдарына фирмалық атау, тауар белгісі және тауар шығарылатын жердiң атауы жатады.
Фирмалық атау. ҚР Азаматтық кодексінің 38-бабында заңды тұлғаның оны басқа заңды тұлғалардан айыруға мүмкiндiк беретiн өз атауы болады делінген. Заңды тұлғаның атауы оның қалай аталатынын және ұйымдық-құқықтық нысанын көрсетудi қамтиды. Ол заңдарда көзделген қосымша мағлұматты қамтуы мүмкiн. Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғаның атауы заңды тұлға тіркелгеннен кейін оның фирмалық атауы болып табылады. Заңды тұлғаның атауы оның құрылтай құжаттарында көрсетiледi. Заңды тұлғаның атауында заң талаптарына немесе қоғамдық мораль қалыптарына қайшы келетiн аттарды, егер жеке адамдардың есiмдерi қатысушылардың есiмдерiне сәйкес келмесе не қатысушылар бұл адамдардың есiмiн пайдалануға олардан (олардың мұрагерлерiнен) рұқсат алмаса, олардың есiмдерiн пайдалануға жол берiлмейді. Заңды тұлға белгілі бір атаумен Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгізіледі. Заңды тұлғаның атауы Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлғалардың атауын толық немесе оның елеулі бөлігінде қайталамауға тиіс, өйткенi мұның өзi тиiстi заңды тұлғалардың ұқсап кетуiне, сондай-ақ олар шығаратын тауарлар немесе көрсететiн қызметтер жөнiнде жаңылыстыруға әкеп соғуы мүмкiн. Заңды тұлғаның фирмалық атауды тек қана өзі пайдалануға құқығы бар. Бөтен бір фирмалық атауды заңсыз пайдаланатын тұлға фирмалық атаудың құқық иесінің талап етуі бойынша мұндай атауды пайдалануды тоқтатуға және келтірілген залалдың орнын толтыруға міндетті. Заңды тұлғаның фирмалық атауды пайдалануға байланысты құқықтары мен міндеттері Азаматтық кодексінің 56-тарауында белгіленеді. Заңды тұлғаның ресми бланкiлерде, баспа басылымдарында, жарнамада, маңдайша жазуларда, анықтамалықтарда, шоттарда, интернет-ресурстарда, тауарлар мен олардың қорабында және заңды тұлғаны даралауға қажеттi өзге де жағдайларда фирмалық атауды пайдалануға айрықша құқығы бар. Заңды тұлғаның фирмалық атауы оның жарғысы бекiтілген кезде айқындалады. Тiркелiп қойған заңды тұлғаның фирмалық атауына ұқсас фирмалық атауды пайдалануға болмайды. Егер бiр заңды тұлғаның фирмалық атауы кәсiпкерлiк қызметті жүзеге асыратын басқа заңды тұлғаның немесе жеке тұлғаның тауар таңбасына (қызмет көрсету таңбасына) ұқсас немесе онымен араласып кету дәрежесiне дейiн бiрдей және осындай ұқсастық пен бiрдейлiктiң нәтижесiнде тұтынушыларды жаңылыстыруы мүмкiн болса, онда айрықша құқығы бұрын (ерте) пайда болған дараландыру құралы (фирмалық атау, тауар таңбасы, қызмет көрсету таңбасы) басымдыққа ие болады. Осындай дараландыру құралының иеленушісi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен біртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге арналған тауар таңбасына (қызмет көрсету таңбасына) құқықтық қорғау берудi жарамсыз деп тануды немесе фирмалық атауды пайдалануға тыйым салуды талап етуге құқылы. Заңды тұлғаның фирмалық атауы оған тиесілі тауар белгісінде пайдаланылуы мүмкiн. Шет мемлекетте тiркелген немесе кеңiнен танымал фирмалық атауға Қазақстан Республикасының аумағындағы айрықша құқық заң актiлерiнде көзделген жағдайларда қолданылады, мысалы, франчайзинг келісім шарты бойынша. Заңды тұлғаның таратылуына және оның фирмалық атауының өзгертiлуiне байланысты фирмалық атауға құқықтың қолданылуы тоқтатылады. Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған және кәсiпорын тұтасымен иелiктен шығарылған жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғаның фирмалық атауын құқық иелiгiнен алуға және ауыстыруға жол берiлмейдi. Фирмалық атауға құқықтың иесi басқа тұлғаға шартта келісілген әдістермен өз атауын пайдалануға рұқсат етуі (лицензия беруі) мүмкiн. Бұл орайда лицензиялық шартта тұтынушыны жаңылыстыруға жол бермейтiн шаралар көзделуге тиiс
Тауар белгiсi субъектінің дараландыру құралы ретінде
Тауар белгісі – ол бір кәсіпкердің (заңды немесе жеке тұлғаның) тауарларын немесе көрсететін қызметтерін екінші бір кәсіпкердің (заңды немесе жеке тұлғалардың) осы тектес тауарларын немесе көрсететін қызметтерінен ажыратуға мүмкіндік беретін таңба. Тауар белгісі бойынша қоғамдық қатынастар ҚР Азаматтық кодексімен қоса, «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 26 шілдедегі Заңымен реттеледі. Тауар таңбасы ретiнде кез келген бояулы түсте немесе бояулы түстер үйлесiмiнде орындалған бейнелеу, сөз, әрiп, цифр, көлем белгiлерi және өзге де белгiлер немесе бiр тұлғалардың тауарлары мен қызметтерiн басқа тұлғалардың бiртектес тауарларынан немесе қызметтерiнен ажыратуға мүмкiндiк беретiн олардың аралас үлгiлерi тiркелуi мүмкiн. Тауар таңбасын тiркеуге келесі жағдайларда жол берілмейді: 1) тауарлардың белгiлi бiр түрiн белгiлеу үшiн жалпыға ортақ қолданысқа енген тауар таңбалары; 2) жалпыға ортақ қабылданған рәмiздер мен терминдер болып табылатын тауар таңбалары; 3) тауарлардың түрiн, сапасын, санын, қасиетiн, мақсатын, құндылығын, сондай-ақ олардың шығарылған немесе өткiзілген жерi мен уақытын көрсететiн; 4) тауарларды немесе көрсетiлген қызметтердi белгiлеу үшiн пайдаланылатын олармен тiкелей сипаттық және (немесе) ұқсастық байланысы бар тауар таңбалары. Мемлекеттiк елтаңбаларды, тулар мен эмблемаларды, халықаралық ұйымдардың қысқартылған немесе толық атауларын және олардың елтаңбаларын, тулары мен эмблемаларын, ресми бақылаулық, кепiлдiк және сынамалық таңбаларды, мөрлердi, олимпиадалық рәмiздердi, наградаларды және басқа да айырым белгiлерiн, сондай-ақ араласып кеткен дәрежеге дейiн оларға ұқсас белгiлердi бейнелейтiн белгiлер тауар таңбалары ретiнде тiркелмейдi. Егер белгi солардан ғана тұратын болмаса және егер оларды пайдалануға тиiстi құзыреттi органның немесе олардың иесiнiң келiсiмi бар болса, мұндай белгiлер қорғалмайтын элементтер ретiнде пайдаланылуы мүмкін. Сондай-ақ, тауар таңбалары немесе олардың элементтерi ретiнде: 1) тауарға немесе оның жасаушысына қатысты жалған болып табылатын немесе жаңылыстыруы мүмкiн белгiлердi, оның iшiнде тауар шығарылған жерге қатысты жаңылыстыруы мүмкiн географиялық объектiнiң атауларын; 2) тауар шығарылған нақты жердi үстiрт түрде көрсететiн, бiрақ тауар басқа аумақтан шығарылғаны туралы қате түсiнiк беретiн; 3) минералды суларды, шараптарды немесе күштi спирт ішімдiктерiн бiрыңғайландыратын географиялық объектiнiң атаулары болып табылатын немесе оларды қамтитын белгiлердi, осы жерден шығарылмаған сондай тауарларды белгiлеу үшiн, сондай-ақ егер аударма пайдаланылса немесе белгiде «түрiнде», «үлгiсiнде», «стилiнде» деген немесе басқа да осындай сөздер қоса жазылса, сол белгiлердi; 4) өзiнiң мазмұны жөнiнен қоғамдық мүдделерге, адамгершiлiк пен iзгiлiк принциптерiне қайшы келетiн белгiлердi тiркеуге жол берiлмейдi. ҚР Азаматтық кодексінің 1024-бабына сәйкес, тауар белгiсiн құқықтық қорғау оны тiркеудiң негiзiнде не Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың негiзiнде тiркеусiз берiледi. Тiркелген не халықаралық шартқа орай тiркеусiз қорғалатын сөзбен жазылған, бейнеленген, көлемдiк белгiлер немесе бiр тұлғаның тауарларын немесе көрсететiн қызметтерiн екiншi тұлғаның бiртектес тауарлары мен қызметтерiнен ерекшелеу үшiн қолданылатын басқа да белгiлер тауар белгiсi (қызмет көрсету белгiсi) деп танылады. Егер кәсiпкерлiк қызметті жүзеге асыратын бiр заңды тұлғаның немесе жеке тұлғаның тауар таңбасы (қызмет көрсету таңбасы) басқа заңды тұлғаның фирмалық атауына ұқсас немесе онымен араласып кету дәрежесiне дейiн бiрдей және осындай ұқсастық пен бiрдейлiктiң нәтижесiнде тұтынушыларды жаңылыстыруы мүмкiн болса, онда айрықша құқығы ерте пайда болған дараландыру құралы (фирмалық атау, тауар таңбасы, қызмет көрсету таңбасы) басымдыққа ие болады. Осындай дараландыру құралының иеленушісi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен біртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге арналған тауар таңбасына (қызмет көрсету таңбасына) құқықтық қорғау берудi жарамсыз деп тануды немесе фирмалық атауды пайдалануға тыйым салуды талап етуге құқылы. Тауар белгiсi ретiнде тiркеуге жол берiлмейтiн белгiлер, тауар белгiлерiн тiркеу, олардың қолданылуын тоқтату және тiркелуі жарамсыз деп тану тәртiбi, сондай-ақ тiркелмеген тауар белгiлерiн құқықтық қорғауға жол берiлуi мүмкiн болатын жағдайлар «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңымен белгiленедi. Тауар белгiсiне құқық куәлiкпен куәландырылады. Тауар белгiсiне құқық өтiнiм тiркелген кезден бастап он жыл бойы күшiнде болады. Тауар белгiсiне құқық иесiнiң тауар белгiсi қолданылуының соңғы жылы ішінде патенттік органға берген арызы бойынша тауар белгiсiнiң қолданылу мерзiмiн он жылға ұзартудың тiркелуi мүмкiн, ұзарту шектеусiз сан мәрте жүргiзiлуi мүмкiн. Тауар белгiсiне құқық иесiнiң өзiне тиесiлi белгiлердi қолдануға және билiк етуге айрықша құқығы бар. Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар таңбасын оның иесiнiң келiсiмiнсiз ешкiм де пайдалана алмайды. Тауар белгiсiн кез келген айналымға енгiзу: дайындау, қолдану, әкелу, сақтау, сатуға ұсыну, тауар белгiсiн немесе осы белгiмен белгіленген тауарды сату, маңдайшадағы жазуда, жарнамада, баспа өнімдерінде немесе өзге де іскерлік құжаттамада пайдалану — тауар белгiсiн пайдалану болып саналады. Тауар белгілері және тауар белгілерімен белгіленген тауарлар жарнамасының ерекшеліктері Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасымен айқындалады. Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының патенттік органы немесе Қазақстан Республикасының бекiтiлген халықаралық шартына орай халықаралық ұйым тiркеген тауар белгiсiне құқықтық қорғау берiледi. Тауар таңбаларына, қызмет көрсету таңбаларына арналған құқықтарды беру туралы шарттарға, лицензиялық (қосалқы лицензиялық) шарттарға сараптама жүргізу, қорғалатын тауар таңбаларының, қызмет көрсету таңбаларының мемлекеттік тізілімдерін жүргізу, куәліктерді беруге дайындау жөніндегі қызметтер мемлекеттік монополияға жатады және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған сараптама ұйымы жүзеге асырады. Қазіргі таңда бұл ұйым «Ұлттық зияткерлік меншік институты» деп аталады. Сараптама ұйымының негiзгi қызметiмен технологиялық байланысты қызметке өтінімнің (басым құжаттың) көшірмелерін куәландыру, төлемдерді қайта есепке алу және растау жатады. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. Тауар белгісіне күәлік беру үшін оған алдын ала саратама және толық сараптама жүргізіледі. Алдын ала жасалған сараптама нәтижелерi бойынша өтiнiш берушiге өтiнiмнiң қарауға қабылданғаны, оған тиiстi нөмiр берiлгенi, берiлген күнi және басымдық күнi белгiленгенi туралы не өтiнiмдi қарауға қабылдаудан бас тартылғаны туралы дәлелдi қорытынды түрiнде хабарланады. Өтiнiш берушi өзiне толық жасалған сараптаманың алдын ала қорытындысы жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде дәлелдi қарсылық беруге құқылы, оны қарау нәтижелерi бойынша сараптама жасау ұйымы қарсылық келiп түскен күннен бастап үш ай iшiнде түпкiлiктi қорытынды шығарады. Толық жасалған сараптаманың нәтижелерi бойынша уәкiлеттi орган он бес жұмыс күнi iшiнде тауар таңбасын тiркеу туралы немесе тiркеуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды. Тiркеу туралы шешiм тауарлар мен көрсетілетін қызметтердiң бүкiл тiзбесiне не олардың бiр бөлiгiне қатысты болуы мүмкiн. Tayap таңбасына куәлік бере отырып, сараптама жасау ұйымы тауар таңбаларының мемлекеттік тізіліміне келесі мәліметтерді енгізеді: 1) тауар таңбасының бейнесiн; 2) оның иелерi туралы мәлiметтерді; 3) тауар таңбасын тiркеудiң нөмiрi мен күнiн; 4) тауар таңбасы тiркелген тауарлар мен қызметтердiң тiзбесiн; 5) сараптама жасау ұйымына берiлген өтiнiмнiң нөмiрi мен күнiн; 6) егер конвенциялық басымдық белгiленген болса, алғашқы өтiнiм берiлген ел, оның нөмiрi және берiлген күнiн; 7) қорғалатын тауар таңбасына құқық беру туралы мәлiметтердi қоса алғанда, тауар таңбасын тiркеуге қатысты басқа да мәлiметтер енгiзiледi. Тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлімi жалпыға ортақ болып табылады. Мүдделi тұлғалардың өтiніші бойынша сараптама ұйымы Тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлiмiнен көшiрме бередi. Тауар таңбасына куәлік иесі тауар таңбасына қатар тұстан пайдаланылып отырған белгі — Қазақстан Республикасында тіркелген тауар таңбасы екенiн көрсететiн латынның (R) әрпi түрiндегi ескертпе таңбалауын не «тауар таңбасы», «товарный знак» немесе «тiркелген тауар таңбасы» деген сөз белгiлерiн соға алады. Тауар белгiсiн иеленуші дәлелсiз себептермен оны үш жыл бойы үздiксiз пайдаланбаған жағдайда кез келген мүдделi тұлғаның талап етуi бойынша оның тiркелу күшiнiң жойылуы мүмкiн. Тауар белгiсiн пайдалануға Азаматтық кодекстің 966-бабына сәйкес лицензиялық шарт жасасу оны пайдалану болып есептеледi (1028-бап). Құқық иесi куәлiкте көрсетiлген барлық тауарлар мен қызмет көрсетулер сыныптарына не олардың бiр бөлiктерiне қатысты тауар белгiсiне құқығын шарт бойынша басқа тұлғаға беруi мүмкiн. Лицензиатқа тауар белгiсiн пайдалануға рұқсат ететiн лицензиялық шартта, лицензиат тауарларының немесе көрсететiн қызметiнiң сапасы лицензиар тауарларының немесе көрсететiн қызметтерiнiң сапасынан төмен болмайтындығы және лицензиардың осы шарттың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға құқығы бар екендiгi туралы талапты қамтуға тиіс. Тауар белгiсiне құқықтың қолданылуы тоқтатылған жағдайда лицензиялық шарттың қолданылуы тоқтатылады. Тауар белгiсiне құқықтың басқа тұлғаға ауысуы лицензиялық шарттың тоқтатылуына әкеп соқпайды. 197 Тауар белгiсiне құқық беру туралы шарттар мен лицензиялық шарттар жазбаша нысанда жасалып, патенттік органда тiркелуге тиiс. Жазбаша нысан мен тiркеу туралы талапты сақтамау шарттың жарамсыздығына әкеп соғады. Егер тауар белгiсiне құқық тауарға немесе оны дайындаушыға қатысты жаңылыстыруға себепкер болса, ол белгiге құқықты беруге жол берiлмейдi. Тауар белгiсiне құқықтың ауысуы, соның iшiнде оның шарт бойынша немесе құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен берiлуi патенттiк органда тiркелуге тиiс. Тауар белгiсiне құқықты бұзғаны үшiн жауапкершiлiктің жалпы ережелері Азаматтық кодексінің 1032-бабында келтірілген. Тауар белгiсiн не оған араласу дәрежесiне дейiнгi ұқсас белгілеудi заңсыз пайдаланушы тұлға тәртiп бұзуды тоқтатуға және тауар белгiсiнiң иесiне келтiрiлген залалдарды Азаматтық кодекстiң 9-бабына сәйкес өтеуге мiндеттi. Тауар белгiсiн заңсыз пайдаланушы тұлға тауар белгiсiнiң дайындалған бейнелерін жоюға, тауардан немесе оның қорабынан заңсыз пайдаланылған тауар белгісін немесе олармен араласу дәрежесiне дейiн ұқсас белгiлеудi алып тастауға мiндеттi. Ал мұндай талаптарды орындауға мүмкiндiк болмаған жағдайда тиiстi тауар жойылуға тиiс.
Тауар шығарылатын жердiң атауы
Тауардың шыққан жерiнiң атауы (шыққан жерiн көрсету) деп айрықша қасиет ерекшелiгiмен немесе негiзiнен географиялық объектiге тән табиғи жағдайлармен немесе өзге де факторлармен, не табиғи жағдайлардың және сол факторлардың ұштасуымен айқындалатын тауарды белгiлеу үшiн пайдаланылатын елдiң, елдi мекеннiң, жердiң немесе басқа да географиялық объектiнiң атауы танылады (1033-бап). Тауар шығарылатын жердiң атауы географиялық объектiнiң тарихи атауы болуы мүмкiн. Географиялық объектiнi бiлдiретiн немесе оның атауын беретін, бірақ Қазақстан республикасында тауар әзірленген жерге байланыссыз белгiлi бiр тауар түрiнiң белгiсi ретiнде жаппай қолдануға енiп кеткен белгi тауар шығарылатын жердiң атауы деп танылмайды және ол құқықтық қорғау мақсаты үшiн тiркелуге жатқызылмайды. Алайда бұл мұндай атауды адал пайдаланбаудан құқықтары бұзылған тұлғаға оларды заңнамаларда көзделген өзге де әдістермен, соның iшiнде терiс пиғылды бәсеке туралы ережелердің негiзiнде қорғау мүмкiндiгiн береді. Тауар шығарылған жердiң атауы ретiнде елдiң, өңiрдiң, елдi мекеннiң, жердiң немесе басқа да географиялық объектiнiң қазiргi немесе тарихи, ресми немесе бейресми, толық немесе қысқартылған атауы, сондай-ақ осындай атаудан шыққан белгi және олардың тауардың көрiнiстік атауымен тiркесi тiркелуi мүмкiн. Географиялық объектiнiң атауын бiлдiргенiмен немесе қамтығанымен, бiрақ Қазақстан Республикасында тауардың өндiрiлген жерiмен байланысты емес оның белгiлi бiр түрiнiң белгiлерi ретiнде жалпы қолданысқа енгiзiлген белгiлер тауар шығарылған жердiң атауы болып танылмайды. Тауарлар шығарылған жерлердiң атаулары ретiнде: 198 1) тауар шығарылған жерге қатысты жаңылысуға әкеп соқтыратындай географиялық объектiлердiң атаулары болып табылатын; 2) тауар өндiрiлген нақты жердi үстiрт түрде көрсететiн, бiрақ тауардың басқа аумақтан шығарылғаны жөнiнде қате түсiнiк беретiн белгiлер; 3) тауарлардың шығарылған жерiмен байланысты емес, географиялық объектiлердiң атауын қамтитын белгiлер тiркелмейдi. Тауар шығарылатын жердiң атауына, заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, оны тiркеудiң негiзiнде құқықтық қорғау берiледi. Тауар шығарылатын жердiң атауын тiркеудi патенттiк орган жүзеге асырады. Тiркеудiң негiзiнде тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығы туралы куәлiк берiледi. Куәлiк патенттiк органға өтiнiм түскен күннен бастап есептегенде он жыл бойы қолданылады. Куәлiктiң қолданылу мерзiмi оның иесiнiң куәлiк қолданылуының соңғы жылы iшiнде берген өтiнiшi бойынша атауды пайдалануға құқық беретiн талаптардың сақталуы жағдайында он жылға ұзартылуы мүмкiн, ұзартылу шектеусiз сан мәрте жүргiзiлуi мүмкiн. Тiркеудiң және куәлiк берудiң, оларды жарамсыз деп танудың және тiркеу мен куәлiктiң қолданылуын тоқтатудың тәртiбi мен талаптары тауар белгiлерi, қызмет көрсету белгiлерi және тауар шығарылатын жердiң атауы туралы заңнамалармен белгiленедi. Сараптама жасау ұйымы тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығына куәлік берумен бiрге Тауарлар шығарылған жер атауларының мемлекеттiк тiзiлiмiне тауар шығарылған жердiң атауын, тiркелу нөмiрi мен күнiн, тауардың айрықша қасиеттерiнiң сипаттамасын, тұрғылықты жерлерiн (орналасқан жерлерiн), өтiнiмнiң нөмiрi мен берiлген күнiн көрсете отырып тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығының барлық иелерi туралы мәлiметтердi және көрсетiлген мәлiметтердегi одан кейiнгi барлық өзгерiстердi, сондай-ақ тiркеуге қатысты басқа да мәлiметтердi енгiзедi. Тауар шығарылған жер атауын пайдалану құқығының иесi тiркеу туралы мәлiметтерге қатысты өзгерiстер жайында сараптама жасау ұйымына хабарлап отыруға мiндеттi. Өзгерiстер туралы жазбаны сараптама жасау ұйымы Тауарлар шығарылған жер атауларының мемлекеттiк тiзiлiмiне және куәлiкке түсiредi. Тауар шығарылатын жердің атауын пайдалану құқығын иеленушi тұлға осы атауды тауарға, оның қорабына, жарнамада, анықтамалықтарда, шоттарда орналастыруға және осы тауарды азаматтық айналымға енгiзуге байланысты оны өзге де түрде пайдалануға құқылы. Заң талаптарына сай келетiн тауарды белгiлеу үшiн тауар шығарылатын жердiң атауын бiрнеше тұлға бiрлесiп те, бiр-бiрiне тәуелсiз де тiркетуi мүмкiн. Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығы мұндай тұлғалардың әрқайсысында болады. Тауар шығарылатын жердiң тiркелген атауына бара-бар немесе ұқсас географиялық белгiлеудi ол алғаш тiркелген күнге дейiн кемiнде алты ай бұрын адал ниетпен пайдаланған тұлға патенттiк орган (ұйым) белгiлеген мерзiм iшiнде, бiрақ аталған тiркеу күнiнен бастап санағанда кемiнде жетi жыл бойы одан әрi пайдалану құқығын сақтайды. Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығын иелiктен алуға, оны беру туралы өзге де мәмiлелерге және оны лицензия негізінде пайдалануға беруге жол берілмейді. Қазақстан Республикасында республика аумағында орналасқан тауарлар шығарылатын жердің атауларына құқықтық қорғау берiледi. Басқа мемлекеттегi тауар шығарылатын жердiң атауын құқықтық қорғау, егер осы атау тауар шығарылатын елде, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тіркелген болса, Қазақстан Республикасына берiледi. Тауар шығарылатын жердiң атауын заңсыз пайдалану үшiн жауапкершiлiктің жалпы ережелері АК-ң 1037-бабында белгіленген. Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалануға құқығын иеленушi тұлға, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ұйымдар бұл атауды заңсыз пайдаланушыдан оны пайдалануды тоқтатуды, тауардан, оның қорабынан, бланкiлерден және басқа да құжаттамадан заңсыз пайдаланылған атауды немесе олармен араласу дәрежесiне дейiн ұқсас белгiнi алып тастауды, атаудың немесе олармен араласу дәрежесiне дейiн ұқсас белгiнiң дайындалған бейнелерiн жоюды, ал егер бұл мүмкiн болмаса, тауарды және (немесе) оның қораптарын алып тастау мен жоюды талап ете алады. Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығын иеленушi тұлға осы құқықты бұзушыдан Азаматтық кодексінің 9-бабына сәйкес келтiрiлген залалдарды өтеудi талап етуге құқылы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *