ХИЛОН СПАРТАНСКИЙ
(шамамен б.д.д. VI – ғасырдың бірінші жартысында, б.д.д. 556/5ж.ж.)
— көне грек ойшылы әрі мемлекет қайраткері, әйгілі жеті данышпанның бірі атанып, өз заманында адамзат ақыл-ойының заңғарына көтерілген асқақ тұлға.
Лакедомондық атақты Дамагета әулетінде дүниеге келіп, ерте бастан мемлекет ісіне араласады. Ұзақ жыл Спартадағы жоғарғы биліктің бел ортасында жүріп, басқару жүйесінде әділдік, адамгершілік қағидаларының қалыптасуына зор ықпал етеді. Евфидем патшаның тұсында Хилон Спартадағы жоғарғы билік алқасының мүшесі, яғни эфор болады. Туған ағасы оған сен эфор болдың, мен неге болмаймын деп ренжігенде Хилон: «Мен қиянатқа төзе білемін» деп жауап беріпті.
Замандастары Хилонның биік парасатына, кісілігіне қылау түсірмеген бекзаттығына үнемі тәнті болған. Мансаптың бас айналдырар биігінде жүрсе де, мемлекеттік тәртіп пен ізгілік тізгінін тең ұстаған. Қартайған кезінде Хилонның өзі де: «Осы өмірімде заңға қайшы келген жерім жоқ» деп шүкіршілік еткен екен. Тек өзінің бір ғана әрекетіне шүбә келтіріпті. Бір жолы қылмысты болған бір досын өзі заң бойынша жазаға тартыпты да артынша екінші бір жолдасына жалынып, оны ақтаттырып жіберіпті. Сөйтіп ол заңның да ала жібін аттамаған, достыққа да адалдығын сақтап қалған.
Философиялық шығармалары:
Хилонның сан қырлы дарын иесі болғаны тарихи деректерден мәлім. Диоген Лаэрцийдің мәліметіне жүгінсек, оның өз заманында әйгілі ақын болғанын көреміз. Түрлі тақырыпта көптеген өлең жазған. Екі жүз жолдан астам элегиялық жыры сақталып кейінгі ұрпаққа жеткен.
Ал атақты Геродот оның аруақ қонған көріпкелділік қасиетін мысалға келтіреді. Көне грек жеріндегі діни наным бойынша Гиппократ Олимпия тауына апарып құрбан шалғанда, оның қазаны өз-өзінен қайнап кетіпті. Соны көрген Хилон Гиппократқа «үйленбе, үйленген болсаң, әйеліңді таста, балаларыңнан бас тарт» деп кеңес беріпті. Бұл жерде данышпан Хилон тарих Писистрат сияқты жауызға толғатып жатқанын күні бұрын болжап білген болса керек. Айтқанындай, Гиппократтың кіндігінен жаралған Писистраттың кейін патша болып, Афинаға шексіз үстемдік жүргізгені, грек демократиясының атасы атанған кемеңгер Солонның өзін қуғынға ұшыратып, ізгілік мұраттарын аяусыз таптағаны тарихтан мәлім.
Сондай-ақ тағы бір мысал ретінде оның Кифер аралы туралы айтқан сәуегейлігін атауға болады. Лакедондықтардың иелігіндегі Кифер аралын көргенде Хилон: «Бұл аралдың болғанынан болмағаны жақсы еді, су астына батып неге кетпейді!» деп басын шайқап күңіреніп қоя беріпті. Айтқаны айдай келіп, күндердің күнінде Кифер аралы Грекияның сорына айналады. Қуғында жүрген Спарта патшасы Демарат парсылар гректерге қарсы соғыс ашқан кезде Ксеркспен ымыраласып, оған әскерді Кифер аралына түсіруге кеңес береді. Парсы патшасы бұл ақылды тыңдағанда, Грекия жау табанында тапталары сөзсіз еді. Кейін Афинаның билеушісі Никий Пелопоннес соғысы кезінде Кифер аралын тартып алып, ұзақ уақыт онда өз бақылауын орнатып лакедомандықтарға қатты қысымшылық жасайды.
Гермиптің айтуынша, Хилон әбден жасы жетіп, қартайған шағында қайтыс болған. Писа қаласында жұдырықтасу сайысынан олимпия жеңімпазы атанған ұлын құттықтап тұрып, қартайған әлсіз жүрек зор қуанышқа шыдай алмай, көз жұмыпты. Олимпия салтанатына жиналған қара-құрым халық данышпанды құрметпен ең соңғы сапарға шығарып салады. Осы оқиғаға атақты Диоген Лаэрций мынадай өлең жолдарын арнаған:
Баһадүрлік бұл сайыста Хилон ұлы жеңіпті,
Соны көріп бақытты әке қуаныштан өліпті.
Қайғы жұтып өкінудің бар ма бұған керегі?
Тағдыр мұндай өлім берсе, арманым жоқ дер едім!
Хилонның қабіріндегі құлыптасқа былай деп қашалып жазылыпты:
Көк найзалы Спарта ұл өсірді қайырлы,
Даналардың данасы боп даңқы әлемге жайылды.
Философиялық афоризмдері:
Хилоннан не нәрсе қиын деп сұрағанда: «Құпияны ішіңе сақтау қиын; бос уақытты орнымен жұмсау қиын; қиянатқа төзу қиын» деп жауап беріпті.
***
Өзіңді-өзің таны, сонда Құдайды да, Дүниені де танып-білу оңай.
***
Тіліңмен ақылдың алдын орама.
***
Ашуыңды ауыздықтай біл.
***
Басқаның қасіретіне күлме.
***
Досыңның бар қасына, Іс түскенде басына.
***
Некеңді қи, даңғаза той жасама, Одан сенің берік болмас босағаң.
***
Аруаққа ғайбат айтпа.
***
Әлің келмеске әлектенбе.
***
Уақытты бағалай біл.
***
Жол үстінде асықпа.
***
Кәрінің ал батасын, Сен де кәрі боласың.
***
Көп сөйлеп қадіріңді қашырма, Әсіресе дастарқанның басында.
***
Айбат шегіп, бос даурықпа, жалынам, Келеді ондай қатынның да қолынан.
***
Жақыныңды жамандама, өзің болып тым адал, Ол да сенің қоқысыңды тіміскілеп шығарар.
***
Заңға мойын ұсын.
***
Өзіңді-өзің сақта.
***
Қолын сермеп сөйлейді екен кей кісі, Бұл – әдепсіз есерліктің белгісі.
***
Әуелі өз үйіңе дұрыс билік құрып үйрен.
***
Өзі күшті адам өзгеге қайырымды болады.
Жұрт сенен қорықпасын, қадір тұтып сыйласын.
***
Арам пайдадан адал шығын артық: Ондай шығыннан бір-ақ рет өкінерсің;
Ал арам пайдадан қадіріңді біржолата кетірерсің.